ТАШКЕНТ­тЕ ҰЛЫ АБАЙДЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
26.08.2025
183
0

Орталық Азия Халықаралық институты (ОАХИ) және Өзбекстандағы Қазақ­стан Республикасының елшілігі ұйымдастыруымен Ташкент қаласында «Орталық Азия халықтарының мәдени жақындасуын нығайтудағы Абай Құнанбаевтың рухани мұрасының рөлі» ат­ты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өт­ті.

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңдері мен қара сөздері туған халқының ғана емес, тұтас түркі әлемінің, дүниежүзі халықтары әдебиетінің жауһар туындыларының қатарына қосылуға лайық екендігі уақыт сынынан өте дәлелденуде. Абай өзінің 14 жасында жазған өлеңінде Шығыстың ұлы шайырлары Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз есімдерін ерекше атағанын білеміз. Гетенің, Лермонтовтың, Пушкиннің, Крыловтың, Буниннің өлеңдерін қазақша сөйлет­ті. Батыс Еуропа әдебиеті мен философиясын жақсы білді. Мұхтар Әуезов Абайдың Науаиды өзіне ұстаз тұтқанына назар аудартқан болатын. «Абайдың Батысынан Шығысы басым» деген сөзді де айт­қан сол ғұлама.
Конференцияда Орталық Азия Халықаралық институтының директоры Жавлон Вахабов, Өзбекстандағы Қазақ­стан Республикасының елшісі Бейбіт Атамқұлов, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Минхожиддин Хожиматов, Өзбекстан Республикасы мәдениет министрінің бірінші орынбасары Авазхон Таджиханов және Қазақ­станның құрмет­ті жазушысы, Жазушылар одағы поэзия кеңесінің төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Әділғазы Қайырбеков құт­тықтау сөз сөйледі. Конференция екі секцияда жұмыс істеді. Абайтануға өз үлестерін қосып жүрген Өзбек­стан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан ғалымдарымен қатар, Қазақ­станнан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Абайтану орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы, Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерт­теу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан мемлекет­тік университетінің Шыршық қаласындағы филиалының ректоры, академик Дария Қожамжарова баяндама жасады.
Абайдың өлеңдер жинағы өзбек тілінде алғаш рет 1945 жылы жарық көрген екен. Одан соң 1961, 1970, 1995 жылдары шыққан. Қазақтың ұлы ақынын өзбек тіліне аударғандар қатарында Ұйғын, Міртемір, Мақсут Шайхзаде, Жұманияз Жаббаров, Асхад Мұхтар, Мұхаммед Әлі т.б ақындар аталады. Абайдың «Қара сөздерін» өзбек тіліне Нәсір Фазылов, Қазақбай Юлдошов аударған.
Конференцияға қатысушылар үшін Абайдың өзбек және қазақ тілдерінде шыққан кітаптарының көрмесі де ұйымдастырылған екен.
Абай – адамзатқа ортақ тұлға. Өзбек бауырларымыздың қазақтың ұлы ақынына көрсеткен құрметі мен ілтипаты бірліктің, ынтымақтың, туыстықтың тамыры тереңде жатқанына дәлел.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір