ТЕРЕҢ БІЛІМ МЕН ТАҒЫЛЫМДЫ ТӘРБИЕ ОШАҒЫ
Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген ойының шынайылығына бүгінде әбден көз жеткізіп отырмыз. Сол себепті, бала бойына біліммен қатар тәрбие негізін сіңіру күн тәртібіндегі басты мәселе десек, жалған болмас. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ Білім беру саясаты және бағдарламалар департаменті директорының орынбасары, PhD Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВАМЕН арадағы әңгімеміз зияткерлік мектептердегі тәрбие жұмыстарының ерекшелігі мен ұлттық тәрбиеге деген бетбұрыс тақырыбында өрбігені де сондықтан еді.
– Жалпы білім беретін мектептердің тәрбие жұмысынан Сіздердің мектептердегі тәрбие жұмысының ерекшеліктері неде?
– «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы негізінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тәрбие жұмысын ұйымдастырудың негізгі бағыттары, принциптері, оны жүзеге асыру тетіктері және күтілетін нәтижесі анықталған. Бұл Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасының 89 қадамымен үндесіп тұр. Зияткерлік мектептердегі тәрбие жұмысының басты мақсаты – оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімін, ел болашағы үшін жауапкершілік, еңбексүйгіштік, адалдық, халыққа қызмет етуге тәрбиелеу. Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі тәрбие жұмысының басты ерекшелігі: Зияткерлік мектептерде білім мен тәрбие біртұтас процесс ретінде жүргізіледі. Сабақтан тыс уақыттағы жобалар қазақ тілінде ұйымдастырылады. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүзеге асырылатын тәрбие жұмысының мазмұны оқушылардың шығармашылығын, әлеуетін дамытуға бағытталған.
Оқушының бойында сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі патриоттықты тәрбиелеу маңызды, күрделі әрі өзекті мәселе. Баланы тек мектеп тәрбиелейді деген жалаң ұстанымнан аулақ болған жөн. Егер бала тәрбиесіне педагогикалық ұжым, ата-ана, қоғам жұмылып, атсалысса ғана оқу-тәрбие жұмысы жүйелілігімен, нақтылығымен, мазмұндылығымен ерекшеленбек. Тәрбие жұмысының жүйелі жобасын дайындау барысында отандық ағартушы, этно-педагог ғалымдардың зерттеу еңбектері, сондай-ақ Еуропа, Америка, Азия мемлекеттерінің, әсіресе, Корей, Сингапур, Жапон мемлекеттерінің тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы тәжірибесі сараланды. Мектепте тек дәстүрлі шараларды өткізу жеткіліксіз. Бұл тәрбие жұмысына формальды сипат беретіндігі анық. Міне, сондықтан тәрбие жұмысының жүйесін жасақтағанда қазіргі заманның қажеттіліктерін ескеріп, оқушының бойында интеллектуалды, шығармашылдық және еңбексүйгіштікті дамытуға ерекше мән бердік.
Бір ғана мысал, «Шаңырақ» ұғымының қазақ халқы мәдениетіндегі орны ерекше. Зияткерлік мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқаруы «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы негізінде ұйымдастырылған. Мектептегі оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар арасында ауызбірлік, креативті орта, өзара құрмет, командалық рух қалыптастыруға ықпал етеді. Бір «Шаңырақ» қауымдастығына әр түрлі жастағы екі сынып бірігеді. Әр «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының өзін ерекшелендіретін: төс белгі, девизі болады. «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығына педагог-ұйымдастырушы-кураторлар жетекшілік етеді. Жыл бойы академиялық, интеллектуалды, мәдени және спорттық шараларға бірге атсалысады. Бүгінгі таңда 20 Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 280-нен астам «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы бар. «Мәңгілік Ел» идеясы Шаңырақ жиындарында кең көлемде талқыланады. Сонымен қатар, «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы 20 минуттық таңғы жиындар өткізеді, өз кезегінде ұстаздарымен жаңалықтар және өзекті тақырыптарды талқылайды, осы негізде татулық және ұжымдық сана қалыптастырады.
– Қазақта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Ұрпаққа уақыт талабына сай әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып саналы тәрбие берудің жолдары қандай?
– Зияткерлік мектептердің түлегі – белсенді патриоттық ұстанымы қалыптасқан, жауапкершілігі жоғары, адал, өмір бойы білім алуға құштар, еңбексүйгіш, сын және шығармашылық тұрғысынан ойлайтын, түрлі пікірлерге құрмет көрсететін, жаңашылдыққа ашық, іскерлігі мен әлеуметтік белсенділігі жоғары азамат. Осы нәтижеге қол жеткізу үшін құндылықтарға негізделген білім мен тәрбиенің біртұтастығы, ашықтық, барлық қатысушыларды білім беру процесіне тарту және жауапкершілік, күтілетін нәтижеге бағытталу, қоршаған ортаны біртұтас қабылдауды қалыптастыру, академиялық шыншылдықты жүзеге асыру білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі ерекшеліктері болып табылады. «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтары «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының интеллектуалды, патриоттық шаралары арқылы жүзеге асырылады.
Оқу жылында ең белсенді болған «Шаңырақ» қауымдастығы «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясына жолдама алады.
«Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы оқушылардың кең байтақ жерімізді, ерекше мәдениетімізді, біртуар тұлғаларды танып-білуге бағытталған жоба. Аталған экспедиция арқылы «Тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы», «Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы» құндылықтары жүзеге асырылады. Экспедицияның маршруттары оңтүстікте тұратын оқушылар солтүстікке, шығыста тұратын оқушылар батыс өңіріне барып сол жердің географиялық ерекшелігін, флора, фаунасын зерттеуге, мұражайларда, мұрағаттарда, университеттердің зертханаларында болып, археологиялық қазба жұмыстарына қатысуға, индустриалды объектілермен танысуға мүмкіндік береді. Экспедиция 7 күн және екі бағытта: ғылыми-зерттеу және танымдық бағытта жүзеге асырылады. Экспедиция аясында 152 тарихи, географиялық, индустриялық, мәдени нысанмен танысып, тақырыптық зерттеулер жүргізілді, 355 оқушы yvision.kz сайтына блог жүргізді, 15 археологиялық нысанда далалық зерттеу жүргізілді.
– Мектеп бағдарламасынан бөлек әдеби кітаптар оқуға балаларды баулу жағын қалай қолға алып жатырсыздар?
– Біздегі ауқымды жобалардың бірі – «Зияткерлік мектептердің оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» деп аталады. Жобаның мақсаты – оқушыларға қазақ әдебиетінің, әлем классикасының алтын қорындағы құнды шығармаларды оқыту, сол туындылардың рухани маңыздылығын түсіндіру. Күнделікті мектептің сабақ кестесінде екінші үлкен үзіліс кезінде 20 минут кітап оқу уақыты белгіленген. Бұл уақытта мектептің барлық қызметкерлері оқушылармен қатар кітап оқиды. Сондай-ақ, оқушылар үйінен әкелген сүйікті кітаптарын бір-бірімен алмасады, оқыған кітаптарын жинап жалпы білім беру мектептеріндегі құрдастарына «Білімнің көзі кітапта» буккросинг акциясы аясында сыйға тартады. Бүгінгі таңда осы буккроссингпен 39 ауыл мектебіне 8701 кітап берілді.
«Kitap.kz – Қазақстанның ашық кітапханасы» жобасында арнайы «Зияткерлік мектеп оқушыларының оқуына ұсынылған 100 кітап» айдарында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі электронды кітаптарды оқуларына мүмкіндік туғыздық. Зияткерлік мектептердің оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап тізімі әзірленді. Аталған тізімде 60 қазақ әдебиетінің, 40 әлем әдебиетінің классикасы, оның ішінде 20 ағылшын, 20 орыс әдебиеті қамтылды.
Сондай-ақ, оқушылар өздері оқыған шығармаларын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің радиостудиясында дыбыстап, жобаның аудиохрестоматиясын дайындады.
– Баланың жасырын жатқан қабілеттерін байқап, оны ұштай түсу нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін шаруа. Зияткерлік мектептерде оқушылардың қабілет-қарымын ескеріп, жазу-сызуға немесе өнерге, я болмаса өз икемі бар ісіне бағыттау, еңбекке баулу істері жүргізіле ме?
– Дұрыс айтасыз. Жақсылап көңіл бөліп, жігерін ұштай түссең, әр баланың бойынан бір ерекше қабілет табылады. Бұл бағытта бізде біраз шаралар жүргізіледі.
«Мәңгілік Ел» идеясындағы «Тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы» құндылығы «Wikipedia клубы» және «Қазақ әндері» жобалары арқылы жүзеге асырылады. 2012 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан «Wikipedia клубы» жобасы баланың түрлі тақырыпта мақала жазуына, ойын нақты, әрі ғылыми негізге сүйене отырып жеткізуді үйренуіне мүмкіндік береді. Жоба аясында:
1) Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы және қазіргі заманғы жетістіктері тақырыптарында Wikipediaға мақала жаз – «WikiCamp» акциясы;
2) Wikilessons – Wikipediaға қалай мақала жазуды үйрететін Youtube каналы ұйымдастырылды.
«Қазақ әндері» жобасы қазақ тілін жетілдіру, ұлттық музыка арқылы патриоттықты дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда қазақ тілінде патриоттық, отбасылық, адамгершілік құндылықтарын насихаттайтын сөзі мағыналы, музыкалық әуені жеңіл, әрі сазды 100 ән іріктеліп, оқушылар арасында насихатталуда. Бұл әндердің қатарына Ақан серінің «Маңмаңгер», «Балқадиша», Естайдың «Қорлан», Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» секілді әндері кірді. Осы әндердің тарихы, авторлары туралы мағлұмат беру үшін оқушылар арасында «Бір әннің тарихы» атты шаралар өткізіледі.
Біз, мектептерімізде «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» құндылығына үлкен мән береміз.
Ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсарин «Өмірдің негізгі мәні — еңбек. Өмірдің шын қадірін тек еңбексүйгіш адам ғана түсіне алады» деген. Сондықтан мектеп ең алдымен еңбексүйгіштікке және сыйластыққа үйретуі керек деген оймен «Ауылдағы екі апта» және «Ата-ана жұмысындағы 10 күн» тәжірибелерін 3-ші жыл жүзеге асырып келеміз. Бұл екі жоба арқылы оқушылар ата-аналарының жұмыс орнымен, еңбегімен, ауылдың тыныс-тіршілігімен, жұмыстың ерекшеліктерімен танысады. Сонымен қатар, жұмыстағы уақыты, не істегені туралы есеп жазып, фото, видео таныстырылымдар жасап, оқу жылы басталғанда өз сыныптастарының алдында тәжірибелерімен бөліседі. Бұл олардың еңбекті бағалап, отбасына табыстың қалай келетінін түсінуге және болашақта мамандық таңдауларына әсер ететінін атап өткіміз келеді. «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» және «Индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім» құндылықтары қазақстандық өндіріс орындарымен әріптестік аясында жүйелі жолға қойылды. Бұл өз кезегінде оқушылардың кәсіби бағдар жұмысына оңтайлы әсерін тигізуде.
Биылғы жылы 758 оқушы «С.М.Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ, «Тау-Кен Алтын» ЖШС технологиялық процестерімен танысты. «Мұнаймаш» АҚ, «KEGOC» АҚ компаниясының жетекші инженер-техникалық мамандарымен кездесті. Сонымен қатар, «Казақстан Инжиниринг» ҰҚ» АҚ зертханасында тәжірибеге бағдарланған білім алды.
Ерекше тоқталып өтетін келесі жоба – «Қоғамға қызмет ету» жобасы. Аталған жоба арқылы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» құндылығы жүзеге асырылады.
Мектептегі әр «Шаңырақ» қаладағы жетім балалар, мүмкіндігі шектеулілер және қарттар үйіне жүйелі түрде барып қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, ДЦП-мен ауыратын балалар аптасына бір рет мектебімізге келіп, оқушылармен бірге қолөнер, қыш бұйымдары үйірмелеріне қатысады.
– «Өнерлі өрге жүзер» дейтін халықтың жас ұрпағын өнерге баулу жағы қалай ұйымдастырылуда?
– Зияткерлік мектептерде ұлттық музыкаға, әсіресе баланың домбыра, жетіген, қобызда ойнап өсуіне көп мән беріледі. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесінде Америка Құрама Штаттарының жетекші жоғары оқу орындары Гарвард университеті, Бостон Университеті, Массачусетс технологиялық институты концерт залдарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап ұлттық классикалық музыка концерті ұйымдастырылды. Жаңа оқу жылында «100 күйдің тарихы» атты жаңа жоба бастау алды. Аталған жоба аясында оқушылар ұлттық музыка, күй тарихы арқылы еліміздің тарихи дамуын тұтас қабылдауына жол аштық. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап, 12 желтоқсан күні сағат 15:00-де еліміздің облыс және қалаларындағы сауда орталықтарында Зияткерлік мектептердің 1000-нан аса оқушысы, мұғалім және ата-аналарымен бірге бір уақытта Құрманғазы атамыздың «Сарыарқа» күйін орындайды. Бұл шара – «Біз, Ұлы Даланың ұландарымыз!» деп аталмақ.
– Зияткерлік мектептердің тәжірибесі жалпы білім беретін мектептерге таратылып жатқандығын естіп те, көріп те жүрміз. Осы орайда, Зияткерлік мектептердің тәрбие жұмысына байланысты таратылып жатқан тәжірибе туралы айтып өтсеңіз?
Біз «Шаңырақ» жобасын орта мектептерге таратуды бастап кеттік. Тәрбие саласының қызметкерлерін әдістемелік және ресурстық қолдау мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтына концептуалды материалдармен қоса, видеоресурстарды жүктедік. Сонымен қатар, Астана қаласы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 300-ден астам жалпы білім беретін орта мектеп, пилоттық мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына «Шаңырақ» жобасының тәжірибесін таратудың әдістемелік семинарлары ұйымдастырылды.
Әңгімелескен А.ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ.