ҚҰС ЖОЛЫМЕН АДАСТЫРЫП АҚ ӨЛЕҢ…
11.11.2016
2326
0

nazymНазым БАЙОРАЛОВА

 

***

Қарашаның ойнағанда қобызы,

Сары даланың шыға-шыға сағызы,

Боқырауда бозбеткейге біржола,

Боз үй тікті ата-қырдың абызы…

 

Қарасудың арғы жағы жарқабақ,

Басиесіз базар көңілі орталап

Жұма сайын құран оқып қайтады

Шешем байғұс немересін арқалап.

 

Тырау-тырау тырна қонар тізіліп,

Туған ұя қалмау үшін бұзылып

Жезқоңырауы бозінгеннің боталы,

Әкем кеткен күні қалған үзіліп.

 

Сыры көшіп, сыны өшпеген келісті,

Мөлдіреген сұлу қызы орыстың.

Ақжаулықты алтынқұрсақ анамыз

Жегжат еткен жақын менен алысты.

 

Қасқа бұзау жұлып кетіп қазығын,

Ши түбінде қалып бірі қозының,

Айналсоқтап әкем жатқан төбені

Сарғайғанын байқамайды жазының.

 

Арыстандай айға білеп азуын,

Жазмыш шіркін қате қылмас жазуын,

Күзінің де сілкігенмен тозығын,

Сыр бермейді бәйбішесі қажының.

 

Бас құдағи қызға үкі тағарда,

Онсыз ауыл ұлға тоқым қағар ма?

Тұсаукесер, шілдехана, бесік той –

Шеттерінен кіндік шеше соларға.

 

Әкем туын желбіреткен ақ орда,

Қапталынан ағытылып он арна.

Ел-жұрт түгел алақанға салса да,

Сары шалының орны қайта толар ма?

 

Дегерестің жамылып ап жотасын,

Асқар әкем, қырды шолып жатасың.

Етекте анам ағараңдап жаулығы,

Бозінгендей жетелейді ботасын…

 

***

Құс жолымен бет түзеуді таңдағам,

«Өмір бойы күтем», – дедің сен маған.

Түнгі аспанды тілгілеген сол жолақ –

Әлде үміт, әлде мұнар алдаған.

 

Үшкіл керуен жаңылмайды түстіктен

Осы заңға бағынады құс біткен.

Туған жердің топырағынан саулаған

Күннен гөрі қызуырақ, ыстық дем.

 

Құс емеспін, мен – тынымсыз құс-адам,

Жерде туып – жетіқат көк-нысанам.

Арман мені бастады да алысқа,

Дала сені құдіретімен тұсаған.

 

Еркіндікте егіздік бар ерлікпен,

Сенің тегің құр емес-ау өрліктен.

Сезімнен де биігірек бір күшпен

Тағдырыңды тұтастырдың кеңдікпен.

 

Жетеледі, жетектеді жол тынбай,

Сабылдыру, сағындыру салтындай.

Басты мені бауырына жат қала

Қарашада қарсы соққан салқындай.

 

Мұзарт шыңға көзсіз қанат жайғамын,

Өзгерсем де, өзгермепті байламым.

Көшіп кеткен балалықтың жұртына

Қашан жетіп, дамылдарым беймәлім?..

 

Бақыт… Бақыт… Бақыт жайлы қозғама,

Шын бақыттың ғұмыры тым аз ғана.

«Өмір бойы күтем», – деген сендіріп,

Әлі тосып жүргендей сол бозбала.

 

***

Жеткізбеді жезкиіктей жосып күн,

Шаңқай түстің шалқайғанын кеш ұқтым,

Ұстатпайтын шұғыланы қуалап,

Мен білмеймін кімге, қайда асықтым?

 

Шыт көйлегі қонып құлын мүсінге,

Айгөлек қыз ән салады түсімде.

Ай астында аппақ нұрға малынып,

Жан баспаған аппақ әлем ішінде.

 

Аппақ дала, аппақ аспан, аппақ қыс

Бақыт дейтін ұстатпады аппақ құс.

Ақ бөкендей арда күндер аяулы,

Қарлы адырға кетті сіңіп соқпақсыз…

 

Ақтүтектің аржағында бар тымық,

Тылсымына жан тұратын тартылып.

Босатпады уысынан еркімді,

Қарашығым қалған ұшқын шарпылып.

 

Ақ пен Қара Күн мен Түндей арбасып,

Қаратауды қабырғадан қар басып,

Ақ күймемен аспан асып кетер ме ем,

Нәзік сәуле жібермеді жармасып.

 

Ақша бұлттар асқар-асқар тау сынды,

Жаңғырықтар ала қашып даусымды.

Қимай-қимай мөлдіреген маусымды,

Жаздың жасыл жапырағы таусылды.

 

Қарсы тұрып жердегі бар тиымға,

Айналсам да желге, жалын құйынға.

Жеткізбейтін аппақ әлем елесі

Маңдайыма тура келген сыйым ба?!

 

Ақжал асау ала қашып даламен,

Ақ торғындай үлбіреген ақ әлем.

Екіталай, жетсем байыз табарым,

Құс жолымен адастырып ақ өлең.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір