ЕМЛЕ ЕРЕЖЕСІНДЕГІ ЕРЕКШЕ МӘСЕЛЕ
11.11.2016
1743
0

img-20161109-wa0031-2Тілімізде қайбір сөздердің жазылуы мен айтылу ережелері сақталмай жатқан жайы бар. Күнделікті қарым-қатынас тілін былай қойғанда, көркем әдебиет пен баспасөз беттерінде анда-санда қылт еткен қателерді жоққа шығара алмаймыз. Әркім өз «стилінде» сөйлеп жүр. Қарапайым «келе жатыр» сөзінің өзін екі нұсқада айтып жүрміз: «келе атыр», «келе ятыр». Емлеге сай қалай жазуымыз керек? Бұл жайында тіл жанашырлары қандай  пікірде? Аталған сұрақтардың жауабын кешегі өткен «Дөңгелек үстелден» тапқандай болдым.

Руханият астанасына айналған қа­ламызда 9 қараша күні Халық­ара­лық «Қазақ тілі» қоғамының құрылу күніне орай «Қазақ жазуы мен емлесінің өзекті мәселелері» та­қырыбында «Дөңгелек үстел» өтті.

Аталмыш шараға елімізге бел­гілі тілші-ғалымдар мен оқы­ту­шы­лар қатысты. Атап айтсақ, фило­ло­гия ғылымдарының докторлары С.Бизақов, Т.Ермекова, Қ.Қа­лы­баева, филология ғылымдарының кандидаттары А.Тасымов, Қ.Қа­дірқұлов, Ж.Отарбекова, педагогика ғылымының докторы Ж.Сүлей­ме­­нова. «Дөңгелек үстелдің» мо­­де­­раторлық қызметін осы бас­таманың ұйымдастырушысы, Ха­лықаралық «Қазақ  тілі» қоғамы­ның вице-президенті Ғарифолла Әнес жүргізді. Алғашқы сөзді бас баяндамашы С.Бизақов алып, мынандай мәселелерді ортаға салды:

– Қазақ тілін үйренушілерде кө­біне мынандай сауал туады: «Ұйық­тап жатыр» дегенді түсінуге бо­лады. Ал неге «келе жатыр», «ба­ра жатыр» болады? Бізде бұл сөздің сөй­лемде келетін үш нұсқасы бар ғой: «келе жатыр», «келе атыр», «ке­ле ятыр». Соңғы екі нұсқасы кірік­кен сөз. Ал енді сөз нұсқаларының біреуі ғана әдеби тілдің нормасына сай болуы керек болса, міндетті түр­де кіріккен сөзді таңдау керек. Мы­салы, өзімізге жақын қара­қал­пақ тілінде «жатыр» сөзінің орнына кіріккен нұсқасы айтылады. Біз­де де бұл сөздің кіріккен нұсқасы бар, бірақ соны әдеби нормаға ай­нал­дыра алмай жүрміз. «Келе атыр» мен «келе ятырдың» біреуін әде­би нормада қолдансақ, тиімді бо­лар еді. Тағы бір айтарым, сөз тір­кестеріне айналған «тіл қатты», «жақсы көру» деген сөздерді айтылуы бойынша біріктіріп жазсақ, түсініктірек болар еді. Мысалы, «тіл­­ғатты», «жақсы гөру». Яғни сөз­­­дердің орфографиялық, орфо­э­пия­лық заңдылықтарын жақын­дас­тыру керек.

Кейінгі кезекте сөйлеген ф.ғ.к. А.Тасымов қазақ баспасөзіндегі жазу сауатсыздығын айта келіп, жур­­налистерге «Қазақ тілі грам­ма­ти­­касы» оқытылмайтынын тілге тиек етті. Және де С.Бизақовтың «Орфография мен орфоэпияны жа­қындастыру» идеясын қолдай­ты­нын атап өтті. Ал ф.ғ.к. Қ.Қа­дір­­құлов осыған қатысты ойын бы­лай жеткізді:

– Орфографиялық сөздікті қай­та-қайта шығара бергеннен пай­да жоқ. Алдымен емле ережесін қай­тадан жасау керек. Ең бірінші дауысты дыбыстың құрамын өз­герт­кен жөн. –И,-у дыбыстарын алып тастасақ, өз ережемізге сәй­кес болар еді. Яғни «екі дауысты дыбыс қатар жазылмайды». Бірақ біз жазамыз. Емле ережеміз солай. Әлі күнге сол дәстүрмен оқытып ке­леміз. Бұл – қате.

Айтылған пікірлер қатысу­ш­ы­лар арасында күмәнді ойлар ту­ғыз­ды. Осы ретте Қазақ мемле­кет­тік қыз­дар педагогикалық уни­вер­си­тетінің оқытушысы, филология ғы­лымдарының кандидаты Ж.К.Отарбекованы сөзге тартып кө­ріп едік:

– Біз ылғи да «алда» жүреміз… Ал­дымен жолды әдемілеп төсейміз, қыруар қаржы шығарып. Көрсең көз тоятын асфальт жол жасап қоя­мыз, сосын жарты жыл өтпей, оны тас-талқан етіп бұзып, кәріз құбы­рын жүргіземіз. Оның бетін топы­рақ­пен жауып қойып, сәті түскенде, асықпай, қайта асфальттаймыз.Біздің емле сөздіктерін шығаруы­мыз да сол сияқты. Алдымен бұ­рын­ғы сөздіктерді қалауымызша өз­гертіп, жариялап аламыз да, сосын қолдан ереже жасағымыз келеді. Орфографиялық сөздіктерді аздаған өзгерістермен қайта-қайта шығарып, халықты сауатты етудің орнына, жаппай сауатсыздыққа ұрындырып жатқан жоқпыз ба? Қай сөздікке, қай ережеге сүйенеміз деген мектеп мұғалімдерінің жан айқайына қай ғалым жауап береді? Латын жазуына көшетін болсақ, қазіргі жазылып жатқан қыруар мектеп оқулықтары мен оқу-әдіс­темелік кешендер, оған жұмсалатын қар­жы қайда кетеді? Мектепті жаңа бағдарламамен оқытуға кө­шір­мей тұрып осы екі мәселенің ба­сын ашып алған жөн болар.

Қазақ тілінің қазіргі ауқымды мә­селелерін көтерген «Дөңгелек үс­тел» осындай тұшымды ой, ке­лелі әң­гімеге толы болды. Тіл жана­шыр­лары өз пікірлерін мейлінше дә­лелдеп бақты. Әрине, бұл отырыста айтылған ұсыныс­тардың бәрі бір­дей іске асады деген сөз емес. Ол уа­қыт еншісінде. Оған тағы нақты дә­лелдер мен дәйектер қажет болары анық. Ойлаған дүниені билікке жеткізу деген де бар. Не десек те, тілші-ғалым­дары­мыздың өзгерту­дің озық идеяларын тауып, белде­рін бекем буып отырғандарын бай­қадық.

Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір