ЕРЕКШЕ ЭНЦИКЛОПЕДИЯ СЫР ШЕРТЕДІ
01.09.2022
549
0

Рас, өткен ғасырдың аяқ шенінде «Қазақ энциклопедиясының» бірнеше томы жарық көрді. Көп жұмыс істелді. Дегенмен оған байланысты саналуан пікір де бар. Оны да заңды дер едік. Ол энциклопедия кеңестік иедологияның, кеңестік цензураның бақылауымен жинақталып, жазылды.
Бұл орайда қазақ руханияты мен танымына байланысты тағы да бір проб­лема бар. Ол – салалық энциклопедиялар тапшылығы түрінде. Дамыған елдерде әр саланың, айталық медицинаның, ғылымның, өнердің түрлі бағытының тек өзіне ғана қатысты, дербес энциклопедиялары бар. Бұл тұрғыдан алып қарастырғанда біздегі жағдайдың мәз емесі айтпаса да белгілі.
Қысқасы, танымдық білікке зәрулігіміз үлкен. Танымдық білікке сусап отырған жәйіміз тағы бар.
Басқа ағайынның қалай қабылдарын бір құдай біледі, ал біздің түсінік-ұғымда таяуда осы тұрғыдағы бір мұқтаждықтың орны біршама толған тәрізді. Әңгіме Мағира Қожахметованың 2021 жылы «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Менің шашылған энциклопедиям» атты увертюралар, эсселер, сыр-сұхбаттар жанрындағы кітабы турасында.
Әлбетте, ұлттық өнер тарихы – халықтың тарихы, көзі көргендерден келешек ұрпаққа жетер рухани мұра. Әрі ондай мұраның құндылығы жыл, ғасыр, дәуір өткен сайын арта түспек.
Танымдық журналистика, өнертану, әдебиет бағытында ұзақ жыл еңбек еткен, сол арқылы өзінің де танымдық білігін кемел дәрежеге жеткізе білген белгілі қаламгердің бұл туындысын алдымен толас­сыз ізденістер мен зерде сарабынан өткен үлкен еңбек деп бағалау ләзім.
Кітаптың алғысөзінің тілімен айтқанда, шығармадан «өнер түрлерінің қазақ топырағында туған көрнекті тұлғаларымен қатар адамзаттың ортақ игілігіне, құбылысқа айналған есімдермен де тарих қойнауына енген әр кезеңдегі өкілдерінің бір-біріне ұқсамайтын портреттерімен таныса аласыздар. Күй, вальс, соната, симфония, ән, жыр, би, сахна сиқыры, режиссерлік, актерлік шеберлік ізденістері, орындаушылық ерекшеліктері көркемдік мәнерімен қызықтырады. Анық-қанық, нақты. Әрбір кейіпкері өз нотасының биігінде. Бейнелеу өнерінің түрлі ғасыр аралығында інжу-маржанға айналған сурет, мүсіндері кенеттен сырын ашып, сайрап шыға келгендей әсерге бөлейді.
Жинақтың композициялық құрылымынан талант атты ұлы ұғымның уақыттан тыс, азат, нақтылай түссек – мәңгілік өзекті екені айқын аңғарылады.
Тілі тартымды, ойы телегей-теңіз «Менің шашылған энциклопедиям» қалың оқырманның игілігіне жол тартты. Интеллектуалдық сұранысты өтейтіндей қауқары бар, мәдениет, әдебиет жанашырлары іздеп оқитын жинақ бұл. Яғни әрқайсыңыздың жеке энциклопедияңыз.
Алғысөзінде айтылғандай, «бұл – әрқайсыңыздың жеке энциклопедияңыз». Кітапты оқу барысында оның қазіргі заманның интеллектуалды сұранысын толық өтейтіндей шамасы барына көз жеткіздік.
Энциклопедиялық-анықтамалық жанрда жазылған туындылар өткеннің сабағы мен тәжірибесін пайдалану мүмкіндігін беруімен қоса белгілі тұлғалар есімін жадыдан шығармай ұлықтауға да септеседі. Адамзат тарихындағы алғашқы энциклопедистер есебінде Платонның шәкірті Спевзипп пен Аристотель ауызға алынады. Әлбетте, тарих ілімінің атасы Геродоттың жөні бөлек. Бірақ энциклопедистер санатында ол да жоқ.
Кейбір сарапшылар жазба деректерді, жаңалық атаулыны «Архимедке дейінгі және Архимедтен кейінгі» деп қарастырады. Яғни, саракуздық Архимедтің де өзінен де білімді ұстазы, үйренері болған. Бұл орайда Ктисиби деген данышпанның аты ара-тұра айтылады. Бірақ Ктисибиге қатысты энциклопедиялық тұрғыда жазба дерек жоқ.
Энциклопедиялық жазба жанрының маңызы алдымен дәл осы жерден көрінбек.
Енді Мағира Қожахметованың «шашылған» архивінен жинақталған, әрі өнертану историзмінің аса құнды деректерінің энциклопедиясы деуге толық лайықты кітаптың өзіне тоқталайық. Кітап Музыка. Балет. Театр.Бейнелеу кескіндеу деген төрт бөлімнен тұрады.
Құрманғазыдан басталған баяндар легі Ақан серіге, Үкілі Ыбырайға, Ғазиза Жұбановаға, Әлібек Дінішевке, Майя Плисецкаяға, Нұрмұхан Жантөринге, Болат Аюхановқа жалғасады.
Өздеріңіз көріп отырғандай, жинақтан есімі тарихта қалуға лайықты өнер тарландары туралы тың деректерге қанығасыздар. Ретті жерінде Мағираның Амандосовтың тілімен айтқанда «журналистік тәсіл-машығына» да тоқтала кету парыз.
М.Қожахметова кейіпкерлерінің арасында Алматыны айтпағанда, ол заманда азуын айға білеген Мәскеу журналистерінің өзіне сұхбат бермейтін Джуна Давиташвили, Майя Плисецкая сынды планетарлық денгейдегі тұлғалар да бар.
Плисецкая біздің кейіпкерімізбен сұхбатын «Балеттің бағындырмайтын құдыреті жоқ» деп бастапты. Ұлы балеринаның бізге бағыштаған тәлімді сабағы да бар. Сұхбатта ол былай дейді: «Жалпы, тағдырын өнермен байланыстырғысы келетін адамдарға ең алдымен жаратылысынан талантты болу керек деген ойды қайталаудан жалықпаймын. Өзіңнің қабілетіңді қыңырлықпен емес, қайсарлықпен, сенімділікпен дәлелдеу қажет. Қиындықсыз өмір жоқ, бірақ сәл нәрседен: «Жолым болмады» деп қол сілтеу, әйтпесе: «Мен талантпын, неге маған даңғыл жол жоқ» деп кеуде қағу мүлдем дұрыс емес. Бірде жап-жас қыз баланың: «Мен тек балет үшін туғанмын, неге мұны ешкім көрмейді, бағаламайды» деп өзін оқуға қабылдамаған комиссия мүшелеріне қарсылық білдіріп, біраз жерге арыз айтып жүгіргенінің куәсі болғаным бар. Мені қатты қобалжытқаны ж– ас адамның өзін соншалықты жоғары бағалап, өзіне ғашық көзбен қарап, ешкімнің ақылына құлақ аспаған менмендігі еді. Бұл арада оны тәрбиелеген ата-ана, мектеп те, достары да кінәлі. Ешқашанда өзіңе ғашық көзбен қарамау керек. Кемшілігіңді сезіп, жұрттың айтқан сынынан қорытынды шығара білген жөн».
«Шашылған энциклопедияларымен» ұлттық өнертану ілімінің историзіміне сыбағалы үлес қосқан қаламгердің алдымен журналистика тәрбиелеген маман екені белгілі.
Алпысыншы, жетпісінші жылдардағы қазақ журналистикасы туралы сөз болған жерде ауызға алдымен «Лениншіл жас» газеті оралады. Жастар газетінде коммунистік қоғамға сәйкеспейтін ашықтық, батылдық, жаңашылдық болды.
Жаңалық Қазақстан бүгін мерейтойын атап өтіп жатқан Шерхан Мұртазаның бас редактор болуынан басталған. Шерхан Мұртазаның ең басты қасиеті жас қаламгерлерді дарынына байланысты бағалай білуінде еді.
Ара-тұра жазған бір-бір новелла, мақалаларына қарап қызметке алған журналистері арасынан Алтайдан өзі арнайы шақыртып алған Оралханды, сосын журфакты жаңа бітірген, өрімдей жас Мағираны айтуға болады.
Ол замандағы «Лениншіл жастың» шығармашылық ұжымын әлемді керемет қабілетімен таңғалдырған Бразилия футбол құрамасымен ғана салыстыруға болатын: Ақселеу Сейдімбеков, Сағат Әшімбаев, Қадірбек Сегізбаев, Жақау Дәуренбеков, Ырым Кененбаев сынды кереметтер арасында, әсіресе Оралхан мен Мағираның абырой-беделінің ерекше болғанын біздің буын жақсы біледі.
1974 жылдың күзінде «Лениншіл жас» газетінде Оралханның «Жылымық» новелласы жарық көрді. Журфактің бірінші курс студенттері әрқайсымыздың алдымызда сол новелла, қызығып оқып отырған болатынбыз. Аудиторияға бәріміздің ұлы ұстазымыз профессор Тауман Амандосов кіріп келген.
Ұстаздың қырағы көзі, сергек санасы біздің Оралхан новелласын қызыға оқып отырғанымызды бірден байқаған.
– Курс бағдарламасында «Лениншіл жасты» оқытуға байланысты нұсқау жоқ. Бірақ бүгіннен бастап, негізгі сабақпен қоса «Лениншіл жас» журналистерінің жазу стилі туралы арнайы дәріс болады, – деген профессор Амандосов.
Кереметі сонда, профессордың осы орайдағы алғашқы дәрісі Мағира Қожах­метованың публицистикасынан басталды. Есімде қалғаны – сол жолы Тауман ағамыз Мағираның «Тамаша өмір, тамаша» атты тұрмыстық проза жанрында жазылған новелласын талдаған.
Осылайша біздің курста, курста ғана емес, бүкіл факультетте Оралханмен қоса, Мағира Қожахметованың үлгілік, тәлімдік культі қалыптасты. Ізінше, біздің кейіпкеріміздің «Бауырдың аты – бауыр ғой» публицистикалық мақаласы талданғаны да есімде.
Қысқасы, сол кездегі қазақ журналистикасында Мағираның орны ерекше болғанын айта кетуге тиістіміз. Тіпті Жұлдыз Тойбекова деген қыз М.Қожахметова шығармашылығынан диплом жұмысын қорғап, жоғары баға алған кез де өткен.
Мағираның қолына қалам ұстаған сәттен бастап, ұлттық журналистиканы айтпағанда, тұтас әдебиетке таңсық танымдық-мистикалық жанрға бейім болғанын руханият саласындағы тың үрдіс деу қисынды. Жазушының 1997 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Адам құпия» танымдық-мистикалық кітабын ұлттық әдебиет тарихындағы жаңалық деп бағалауға да толық негіз бар. Онда мистикалық гипотеза, байламдармен қоса, адам болмысы мен рухының құпияларын ашуға бағытталған үлкен де қисынды пастулаттар бар.
Қаламгердің осы бағыттағы шығармалары қатарында «Тылсым тұнған тіршілік», «Түс саяхаттар» көлемді циклдарын атауға болады. Одан әрі республикаға белгілі құмалақшы Қамалбекпен әңгіме барысында жазылған мақалалары кетеді.
Бір сөзбен айтқанда өнер тарихына қатысты қабырғалы туынды ұсынып отырған Мағира Қожахметова – таным, өнертану бағытында талайдан бері мағыналы жазып жүрген қаламгер.
Жазушының соңғы шыққан «Шашылған энциклопедиясы» алдымен болашаққа қалдырар қызықты да тартымды деректерімен маңызды дер едік.

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір