ДЕМОГРАФИЯ: ПЕЙІЛ МЕН МҮМКІНДІК
Әлемдегі бар халық баланы өмірдің жалғасы деп санап, дүние есігін ашқан сәбиді бақытқа балайды. Ал қазақ халқының бала туралы түсінігі қашан да оның көптігімен өлшенген. Оған халық жадында жатталып қалған:
«Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,
Екі баласы бардың болар болмас хәлі бар.
Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар.
Төрт баласы бардың төрт Құбыласы тең болар,
Бес баласы бардың дес бермейтін жөні бар.
Алты баласы бардың алмай қоймас саны бар,
Жеті баласы бардың алмай қоймас жаны бар,
Сегіз баласы бардың сергелдеңге салар кәрі бар,
Тоғыз баласы бардың толғандырар жолы бар.
Он баласы бардың орда бұзар қолы бар», – деген Досай бидің сөзі дәлел. Таудан домалаған тас секілді тоқтаусыз соғыс болған замандардан, одан бергі ашаршылық, қуғын-сүргіннен, 1916 жылғы үркіншіліктен, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында санымызды біршама кеміткен кезеңнен қазақ деген ұлттың ұрпағын көбейтіп, аман сақтап қалған алтын құрсақ аналар. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының 1916 жылғы көтерілісті арқау еткен «Әй, дүние-ай!» романында «…Құрықтаулы асау бұлқынғанмен, құрықтан құтыла ала ма? Құтылар еді, егер асаудың шамасы құрық салушыдан асып тұрса. Ондай заман туып та қала ма, кім біледі? Тек әзірге қолдан келетін қарсылық – қырылып азайып қалмау. Өйткені, «Жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды». Қазаққа көбеюден өзге үміт жоқ» деген жолдар бар. Құрықтаулы күнде көбеюді мақсат тұтқан сол заманғы қазақпен салыстырғанда бүгінгідей еркін елдің иесі қазаққа көбеюден басқа мақсат жоқ десе жарасатындай…
Солай бола тұрса да, Құдай есіркеген құлына бала береді деген түсінік берік қалыптасқан халқымыздың ұл мен қыздың өмірдегі ролі мен отбасындағы бала санына қатысты түсінігі заман алға жылжыған сайын жібі сетінеген алашадай біртіндеп сөгіліп келеді. Бұл өзгерістің экономикаға қаншалықты тәуелді екенін демография саласын зерттеген мамандар айтып та, жазып та жүр. Оның экономикаға ғана емес, адам баласының ішкі ұстынының әлсіреуі мен жеке тұлға ретіндегі «эго» деп аталатын өзімшілдігіне де қатысы бардай… Оның үстіне жыл өткен сайын адамның ақыл-ойы дамып келе жатқанымен, денсаулығы бұдан 20-30 жыл бұрынғы уақыттағыдай 10-12 балалы болуға жарамсыз. Жаугершілік заманда өмірінің көбі соғыста өткен адамзат баласының бейбіт дәуірдегі, әсіресе әр қадам сайын жаңашылдыққа аттап басқан бүгінгідей инновацияға толы дәуірдегі көп уақыты өзін-өзі дамытумен, яки жұмыста өтіп жатыр. Жұмыссыз адам – жарты адам болып қалғандай… «Бала деген бірін-бірі бағады, жас күніңде қиналғаныңмен өскенде осылардың қызығын көресің әлі…» деген шеше мен ененің сөзі қазіргі жас келіндердің барлығына бірдей өте бермейді. Біраз жыл жұмыс істеп бала күту демалысына шыққан жас келіншектер үш жылдық демалыстың алғашқы жылы үйде отырғанына риза болғанымен, екінші жылға аяқ басқан соң қарайып қалатынынан қорқып, енді бірі отбасындағы қаржы тапшылығының себебінен жұмысқа шығады. Тіпті, кейбір аналардың үйде отырғанда мектеп жасындағы балаларының үй тапсырмасына көмектесу барысында көп нәрсені түсінбей, мектепке келгіштеп, мұғалімнен кеңес сұрайтындары бар. Өйткені, үлкен баласы оқыған бағдарлама мен кейінгі баласы оқыған бірінші сыныптың оқу бағдарламасы ұқсамай қалатын кездері болады. Сол себепті, ана үшін күн сайын мұғалімнен келіп сабақ алып жүргенше, жұмысқа шығып ақша тауып, ақшасының белгілі бір бөлігін баласына қосымша дәріс бергені үшін мұғалімге өткізгені әлдеқайда тиімді. Диірменнің тасындай айналып жатқан білім реформаларына жете алмасын сезген ата-ана осындай қадамға барады. Баласының мектеп бағдарламасына уақытылы ілесуіне мүдделі ата-ана мектепке дейінгі балаларын балабақшаға береді. Заманның талабы мен уақыт машинасының қарқыны балабақшаға барған бала мен бармаған бала логикасының дамуында едәуір алшақтық болатынын айқындап көрсетіп тұр. Алматы мен Астана секілді үлкен қалалардағы балабақша жетіспеушілігі, ондағы кезектің шамадан тыс көп болуы перзентханадағы жас босанған келіншектердің жұбайларына «Туу туралы куәлікті ала сала Халыққа қызмет көрсету орталығынан шықпай, бірден балабақшаға кезекке тұр», – деп тапсыруыннан аңғарылады. Жаңа туған нәрестенің кезегі ол екі жастан аса бергенде келеді.
«Құрметті ата-аналар, өздеріңізге белгілі қазір мектеп бағдарламасы қиын, сондықтан баланы балабақшадан кешіктірмей, уағында әкелулеріңізді сұраймыз. Сегіз жарымда балабақшаға кірген бала киімін ауыстырып жаттығу залына барып, таңертеңгілік жаттығуды жасап, сосын таңғы асын ішіп, сағат 09.15-те тәрбиешілер сабақты бастап кетуі керек, әйтпесе күн тәртібіндегі барлық шара кешеуілдейді. Баламның болашағы жарқын болсын деген ата-анаға мемлекет барлық жағдайды жасады, сондықтан сіздер тәртіпке бағыныңыздар. Тәрбиешілер әр кешіккен баламен жеке жұмыс істеп отырмайды». Осылай басталған жиынның соңы көп ретте балалардың керек-жарағына келіп тіреліп, «бала үшін немізді аяймыз, қаншадан жинасақ та, балаларымыз үшін керек» дейтін ата-аналардың бастамасымен қор ашылып, қорға ақша жинаумен аяқталады. Барлық ата-ана бір-бірін жақсы түсініп, ауқаттылары жомарттық танытып, қаржылай қиналып жүрген, яки жалғызбасты немесе көпбалалы ата-аналардан көбірек қаржы өткізеді. Ешкім ешкімге ренжімейді, тәрбиешіге де өкпе жоқ. Тек заман талабына сай қажеттіліктердің осындай түйдек-түйдек түрлері көпбалалы отбасы болуға деген ықыласты біртіндеп сейілте береді. Түрлі жетістіктен құралақан көп бала өсіргенше, біраз жетістікке қол жеткізетін жан-жақты ұрпақ өсіру дұрыс болар деген түсініктің бір парасы осындай жағдайда орнайтыны жасырын емес…
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ,
психолог, «EDTECH-KZ»
Халықаралық білім орталығының директоры:
– Қазір әлемде ұлттардың жойылу проблемасы көтеріліп жүр. Ұлттың жойылуына әкеп соғатын ең бірінші фактор – тіл мен ұлттық салт-дәстүрдің ұмтылуы. Ұлттық салт-дәстүрдің бастауы ұлттық құндылықта. Біздің еліміздің ең басты құндылығы – отбасылық құндылық. Отбасы құндылығын неғұрлым берік сақтаған сайын соғұрлым ұлттың ұстыны берік болады. Материалдық құндылық басты орынға шыққан қазіргі заманда қандай ауқатты отбасы болса да бала санын 4 баладан асырмайтын болды. Бұл бауыр еті баласын көбейткісі келген ата-баба дәстүрінің бірте-бірте қолданыстан шығып бара жатқанын байқатады. «Атаның малы балаға мал болмайды» дегенді ескерсек, отбасындағы бала санының көп болуына қаржылық жағдайдың аса байланысы жоқ екенін көреміз. Ел іргесін нықтау мен елдің ұстанымын сақтаудың басты кілті – ұлттық тәрбиеде. Орта білім мекемелеріндегі тәрбие сағаттарына ұлттық тәрбие негізінде жасалған оқу жоспарын енгізсе қазіргі жасөспірім балалардың ұлттық құндылықтарды сақтауына игі әсер етер еді.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА,
әлеуметтанушы:
– Бүгінгі отбасылар арасында екі бала қалыпты, төрт баласы барлар көпбалалы отбасы ретінде қаралып жүр. Әлеуметтану саласындағы зерттеулер материалдық жағдайдың отбасындағы бала санына көп ретте әсері аз екендігі анықталған. Тұрмысы жақсы отбасылардың көпшілігінде бала саны аз да, ал тұрмысы төмен отбасыларда көп балалылардың үлесі жоғары. Бұл – әлем бойынша белең алған үрдіс. Мұндайда құндылық негізгі фактор болып саналады. Қазір отбасы адамдардың құндылықтар иерархиясында кез келген зерттеу бойынша алғашқы орындарда тұрады. Дей тұрғанмен, отбасы құру жасы кешеуілдеп барады, сәйкесінше бала саны да аз, ажырасудың артып келе жатқаны жасырын емес. Демек, отбасылық құндылық туралы ұғым санада сайрап тұрғанымен іс-әрекетке келгенде әлсіз. Әрине, отбасы құндылығының құлдырауы, демография мәселесі ел қауіпсіздігіне әсер ететін болғандықтан мемлекет тарапынан идеологиялық және әлеуметтік кешенді шаралар қажет. Соңғы кезде БАҚ арқылы отбасы құндылығы насихатталып келеді, алайда әлеуметтік-экономикалық тетіктерді көріп отырғанымыз жоқ.
Қаланың мектебі ауылдың мектебі секілді жақын емес, бала өзі барып, өзі келе алмайды. Екі ауысымды мектептердің ауласы ауысым уақытында баламен қатар ата-анаға толады. Бірін әкеліп, бірін әкетіп жатқан ата-аналар осы аралықта жұмысына үлгеруі керек. «Әкең үлкейсе құлға жарисың» деген қазақ сөзінің қатқылдау болса да шын айтылғанын осындайда мойындаймыз. Әке-шешесі шалғай ауылда қалған жас отбасыларға ондай «құлды» жұмсау бақыты бұйырмайды. Отағасының тапқан табысы бала-шағаны асырауға толық жететін болса, ол үйдің анасы күш жұмсап өкіметтің жұмысын істемегенімен балаларды ары-бері тасу үшін «атқа қонады». Үлкен қалалардағы 10 жеңіл көліктің алтауын әйелдер жүргізіп бара жатқанын көрсеңіз, асып-тасығандықтан емес, қажеттіліктен деп ұғыңыз. Ата-аналар комитетін құрып, оның тізгінін қолға алып, класс жетекшісінің бір жағына шығып көмектесіп, сыныпішілік жұмыстарға бір кісідей атсалысып жүрген де осы «атқа қонған» әйелдер. Мұндайда ата-аналар комитеті неге керек, «ақша жинау деген не сұмдық» деген секілді сөздер жағдайды шынайы бағамдамайтын құр мораль секілді әсер етеді. Өйткені, жылына екі-үш рет келетін мерекеде баласын қуантқысы келмейтін ата-ана болмайды. Ал білім беру мекемелеріне жаңа жыл, 8 наурыз, 7 мамыр секілді мерекелерге ақша бөлмеді деу әбестік. Әр сыныптың ата-аналар комитеті үстірт көз тастағанда мұғалімге жағыну үшін жүрген жұмысы жоқ топ болып көрінуі мүмкін. Алайда, сынып ішіндегі ұйымдастырушылық, балалардың бір-бірімен жақсы танысып, ата-аналардың ортақ мәмілеге келу мәселесінде біраз жұмысты атқарып жүргені рас. Бұлардың белгілі мекеменің кадр бөлімінде қызметкер ретінде тіркелмегені болмаса, қызметі бар кісідей отағасымен бір уақытта үйге келетіні жасырын емес. Мектеп бағдарламасына қосымша үйірмелер мен спорттық секцияларға балаларды таситын олар түскі астарын балапандарымен бірге көлікте ішеді. Ал балалардың жұмыстағы адамнан айырмасы жоқ, таңнан кешке дейінгі сағаттары жүктеулі. Үлкен қалалардағы ата-аналардың көпшілігі ақпараттың легі шамадан тыс заманда теріс жолға түсіп кетпесін деп баласының бар уақытын осылай толтырады.
Адамды дүниеге әкелуден жақсы азамат етіп тәрбиелеу қиынға соққан осы күнгі ата-аналардың бір сипаты осындай. Дәл осы қажеттіліктер заманауи отбасында екі немесе үш бала болғанын қалыпты жағдай деп санауға әкеліп отыр. Бұдан біраз уақыт бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында материалдық жағдайы төмен көпбалалы анаға сол аймақтың әкімі, жағдайың болмаса неге бала туа бересің деп айтты деген ақпарат тарап еді. Мұндағы мәселе нақты қай аймақтың анасына қай әкімнің айтқанында емес, баланы жағдайға қарай дүниеге әкелу керек деген көзқарастың қалыптасқанында. Біреудің баласын біреу бағып бермейді. Дегенмен, өмірге әкелу мен жетілдіріп жеткізудің жауапкершілігі мен қиындығы әр басқа.
Бұдан бірнеше жыл бұрын телеарналардың бірінде елге танымал жазушы ханымның ер азаматтардың жауапкершілігі туралы айта келіп, кей еркектер жөргекпұлға иек артып жұмыссыз отырады дегені есте қалыпты. Бұндай көріністің ауыл арасында болғаны рас… Дегенмен, 2003 жылдан бастап дүниеге келген әр сәби үшін төленетін жөргекпұл бала туу жасындағы көп келіншектің өмірге ұрпақ әкелуіне түрткі болғанын жоққа шығаруға болмайды. Ел ішіндегі саяси тұрақтылық пен экономиканың дамуы табиғи өсімнің алға жылжып келе жатқанын көрсетеді. Статистикалық мәлімет бойынша халық санының 17,7 млн.-ға жеткені соның айқын дәлелі.
Әр отбасындағы бала санының екеу болғаны қалыпты жағдайға айналып бара жатқан бүгінгі күні 30-40 жас арасындағы отбасылардың ішінен бес, яки алты балалы жұбайларды аракідік кездестіруге болады. Өздерінің көпбалалы отбасы екенін оқу жылының басында мектепке киім алатын уақытта сезінеміз дейтін олар қазіргі қоғам мүшелерінің тарапынан кейде ризалық сезінсе, кейде адамзаттың қоры секілді аяушылық көретінін айтады. Ондай жұбайлардың көзінен «Құдайдың берген қараң-құраңдарына шүкіршілік пен амандық» тілегін байқау адам баласына әлемде жоқ жылылық сыйлайтындай. Судағы балықтай сусылдаған дүниенің түбіне жетпейтінін білетін ұлт анасының пейілі мен тілеуі ғана ұрпақты көбейте алады. Мәселе сондай аналарды тәрбиелеудегі сабақтастықтың үзілмеуінде…
Кім біледі?..
Назым ДҮТБАЕВА.