Дария көңіл, ақ пейіл қарттарым
08.10.2024
764
3

Қарттар күні – бұл жыл сайын 1 қазанда бүкіл әлемде атап өтілетін ерекше күн. Бұл мереке егде жастағы адамдарға деген құрмет пен оларға көрсетілетін қамқорлықты насихаттауға бағытталған. Қазақстанда да бұл күн үлкен маңызға ие, себебі ата-әжелеріміз, қарттарымыз – әр отбасының тірегі, өмірлік тәжірибесі мен даналығының иелері.

Қарттардың қоғамдағы рөлі қандай? Қарттар – қоғамның алтын қазынасы. Олар өз өмір жолында мол тәжірибе жинақтап, кейінгі ұрпаққа өнеге бола алады. Олардың ақыл-кеңесі, өмірлік даналығы жас буынның тәрбиесінде, рухани дамуында маңызды рөл атқарады. Қазақстанда, әсіресе ауылдық жерлерде, қарттарға ерекше құрмет көрсетіледі. Ұрпақ сабақтастығының арқасында біз дәстүрімізді, мәдениетімізді сақтап, ата-баба мұрасын қадірлейміз.

Осы мерекенің құрметіне орай, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №32 кітапхана бөлімінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы Медеу ауданы филиалы мен №32 кітапхананың ұйымдастыруымен «Дария көңіл, ақ пейіл қарттарым» атты тәрбие сағаты өтті.

«Жас жүрген жер – мереке. Қарт жүрген жер – береке» демекші, бұл іс — шараға елімізге танымал тұлғалар: Сәбит Дүйсебаев — академик, ҚР Білім беру ісінің үздігі. Нұрдәулет Ақыш — жазушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. Әбдірашит Бәкірұлы — философ — публицист және «Алматы сән және қызмет көрсету саласы» колледжінің бірінші курс студенттері қатысты. Қазақта «кімнің баласысың» деген әдемі, астарлы сұрақ бар. Бұл сұраққа «атамның баласымын» деп ойланбай жауап беретін қара домалақтарды айтсайшы?!

«Ата, апа» деген әрбір қазақ шаңырағының киесі, қазынасы екені етенеден белгілі. Әуелі «Қарт деген кім?», «Қарттар деп кімдерді айтамыз» деген сауалды ортаға тастап, талқыладық. Қонақтар мен студенттер арасында тартымды пікір талас орнады.

Жақсы қартайса, жазып қойған хаттай, жаман қартайса, бықсып жанған оттай.

Іс-шара барысында ардақты ана ардагер ұстаз, Ұяхан Жұмеке апайымыздың «Тораңғы батыр, Құмдауыт патшалығы» атты ертегі кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Ол кітаптың авторы өзінің жары, ағамыз Абдрешов Сауле қырық бір жасында өмірден озған. Аяқталмаған кітапты арада көп жылдар салып, Ұяхан апамыздың өзі құмдауытта өсетін жүз түрлі шөпті зерттеп, қажымас орасан еңбектің, үлкен жауапкершіліктің арқасында жарыққа шығарды.Кітап жұқа болғанымен көтеріп тұрған жүгі, ұрапағына берер тәлімі, өте салмақты, құны қымбат.

Ақ кимешек киген аяулы аналарымыздың бүгінгі таңда еліне, қоғамға жасап жатқан еңбектері ұшан-теңіз. Қайда барса да жүректегі нұрларын шашып, Алатаудың ақ қарындай кимешектерін қисайтпай, қазақ аналарының абыройын асқақтатып, салт -дәстүрімізді дәріптеп жүргені. Аталмыш шараға өз үлесін қосқан – «Қазақ аналары дәстүрге жол» РҚБ нің Іле ауданы бойынша төрайымы — Камила Сапархайыр есімін атамай өту мүмкін емес. Осындайда жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытып алғанымыз да жөн болар?!

Айтпасқа болмас, бірлестік құрамындағы аналар егде жасына қарамастан республикалық деңгейдегі өтіп жатқан әртүрлі дүбірлі жиындарға барынша атсалыса отырып, ұлттық құндылықты дәріптеу үшін осы жобаны өз алдына қаржыландырады. Рухани жаңаруда ұлттық мәртебеміздің рухын көтеріп жүрген қазақ аналарына мүмкін, осыдан кейін үкімет, әкімшілік тарапынан қолдау табылып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Неменеге жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр…

Бардың қадіріне жету де бақыт емес пе?! Қарттар күні тек құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар бала көңіл қарияларымызға деген қамқорлықты көрсетудің маңызды белгісі. Ал әрбір отбасының міндеті – қарт ата-аналар мен туған-туыстарға лайықты қамқорлық танытып, сүйіспеншілікке бөлеу. Қарттарымызды құрметтеу арқылы біз өзіміздің болашағымызды да сақтаймыз, себебі әрбір адам қартайған шағында дәл осындай қамқорлық пен құрметке ие болғысы келеді.

Қарттар күні – тек бір күндік мереке емес, жыл бойы есте сақталуы тиіс құндылық. Бұл күн бізге ата-әжелерімізге деген махаббатымыз бен құрметімізді еске салып, олардың қоғамдағы рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Бұл мереке әрқайсысымызға жақындарымызды бағалаудың, оларға қамқорлық көрсетудің қаншалықты маңызды екенін еске салады. Бұл мерекеде әрбір адам өз ата-анасын, туған-туыстарын құттықтап, оларға жылы сөз айтып, көмек қолын созуға тырысады. Қарттарымызға деген құрметіміз бен сүйіспеншілігіміз мәңгі сақталуы керек.

Айжамал Жолдасқызы,

қаламгер, кітапханашы

 

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 08.10.2024 | 11:49

Керемет.
Айжамал сіңілім бірігіп атқарған бір келелі Іс шара болды.
Жұдырықтай жүрегіңнің іші тап таза бір әлем- жансың ғой жаным.
Биіктей бер, тоқтама.

Аноним 08.10.2024 | 13:11

Жұмысың жемісті бола берсін.

Аноним 11.12.2024 | 16:17

Керемет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір