БАРА-БАРА ТЫҢДАУШЫСЫЗ ҚАЛАМЫЗ БА ДЕГЕН ҮРЕЙ БАР
Қазақта әнші көп. Бәрі де түрлі концерт, кештерін ұйымдастырып жатады. Десе де, халық концертте тек ән тыңдап қана қоймай, мұқтаж жандарға сәл де болса көмек қолын созып қайтатын, жүрек жылуына толы концертті Майра Ілиясова ғана ұйымдастыра алатын секілді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін мақалды іс жүзінде дәлелдеп жүрген қазақтың Майрасы – ел аумағындағы қайырымды жандарды марапаттайтын «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының иегері. Бүгін ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, «Майра» продюсерлік орталығының директоры Майра ІЛИЯСОВАМЕН қазақ ән өнерінің бірқатар мәселелері туралы, қамқорлыққа зәру жандарға көмектесу идеясы жайында әңгіме өрбіткен едік. Еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы, талап қойғыштығы мен айналасына қамқорлығы жағынан өзгелерден дараланып тұратын талант иесі біраз сырын ақтарды.
– «Ән – халықтың ажары». Яғни әніне қарап сол халық туралы ой түюге болады деген сөз. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі қазақ әні қазіргі халық болмысының айнасы деп айта аламыз ба?
– Қазіргі қазақ әні бүгінгі қазақтың болмысын ашады деп нақты айта алмаймын. Роза, Бибігүл апайларымыздан бастау алған, біздің замандастарымыз Роза, Мақпал, Бағдат, кеше кетіп қалған Мәдиналарды, дәстүрлі әншілерімізді тыңдағанда, нағыз қазақы әуен, қазақы ырғақ, орамды ой тыңдауға болатын еді. Ал эстрадаға жаңа келіп жатқан, бүгін тыңдасаң, ертең ұмытылып қалатын небір әндерді қазақ өнерінің олжасы, қазақ болмысының айнасы деп айтуға аузым бармайды. Сондықтан болар, мен өзімнің төрт жобама үлкен талаппен қараймын. «Сағындырған әндер-ай» ұлттың есті әндері жоғалмаса екен, қазақ халқының ажарын ашатын, сағынышын басатын, ән-қазынамыз ұмыт болмаса екен деген ниеттен туған жоба. Жобада ұзақ уақыт айтылып, халықтың жадында жатталған, елі сағынып жүрген әндер орындалады. Оған кейде халық әндері де, композиторлар шығармалары да қамтылады.
Мен соңғы уақыттан бері «Төрлет, қазақ әні» деген бір үлкен жобаға дайындық үстіндемін. Қазір қазақтың небір есті әндері есіктен сығалап, босаға сыртында қалып жатқаны жасырын емес. Сондай әдемі әндерді төрге шығарып, мән-мағынасыз әндерден дәрежесін өсірсек деген ниеттен туған жоба сәтті боларына сенемін. Қазір әншілер мен олардың айтуына лайық әндер іріктелу үстінде.
– Қазақ эстрадасы тоқырауға ұшырады деген пікір бар…
– Ондай пікірге мүлдем қосылмаймын. Сонау кешегі күннен бастау алып, осы күнге дейін жалғасып келе жатқан ұлттық музыкамыз бойында қазақ қаны бар бауырларым тұрғанда ешқашан тоқырауға ұшырамақ емес. Керісінше, жанданып, жаңарып, ән қоржынымыз асыл-жақұттармен толысып келе жатыр дер едім. Кейбір жастардың ұлттық нақыштан ажыраған, мәнсіз әндерді орындайтыны рас. Бірақ олар қазақ әнінің өлшемі емес қой. Кешегі Естай атамыз, Мәди, Майра Уәлиқызы, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манабек Ержанов, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, одан бергі Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеновалардың сара жолын бері қарай менің замандастарым жалғап әкелеміз. Рамазан Стамғазиев, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіман, Айгүл Қосанова, Сәуле Жанпейісовалар тұрғанда және олардың ізбасар шәкірттері барда қазақ ән өнері тоқырауға ұшырауы мүмкін емес. Менің қорқатын нәрсем басқа. Бізді тыңдайтын құлақ табылмай қала ма деп алаңдаймын. Осы күні жастардың лиризммен айтылатын, қысқа-қысқа қайырылатын жеңіл әндерге әуестігі белгілі. Қазақтың емес шетелдің әндерін тыңдауға құмар. Ал бізді тыңдайтын аға буындар ғана. Бара-бара тыңдаушысыз қаламыз ба деген үрей бары рас.
Мен Астанағы Өнер университетінде ұстаздық етемін. Сол жерде жастардан ескі әндерді мынау кімнің әні деп сұрасаң, білмейді. Мен осыған алаңдаймын.
– «Жан Анам», «Сағындырған әндер-ай», «Алтын домбыра», «Күміс көмей, жез таңдай» сынды жобаларыңызды жыл сайын рет-ретімен өткізуді дәстүрге айналдырдыңыз. Ұйымдастыру барысында тыңдармандарды жалықтырып алмау жағын да ойластыратын шығарсыз.
– Жоба жасау – оны халық алдына алып шығу айтуға оңай болғанымен, мол қажыр-қайрат пен уақытты талап ететін жұмыс. Мен әрбір жобама төрт жыл дайындаламын. Мәселен, «Жан Анам» – үш жасымда бақилық болып кеткен анама деген сағынышымның жемісі, перзенттік махаббатым мен ана алдындағы борышымды өтесем деген ниеттен туған ұзақ жылғы дайындықтың нәтижесі. Бұл ақ жаулықты барлық аналарға арналған. Менің анам да ән айтқан екен, әпкелерімнің барлығы да әнші десем, артық айтқандығым емес. Анам дүниеден озғанда үлкен әпкеміз он екі жаста екен. Сол кісі тамақ жасап жүріп те, кір жуып жүріп те ыңылдап ән айтатын. Әпкемнің айтқан әндерін әбден құлағыма сіңіріп өстім. Сол әндерге деген сағыныштан «Сағындырған әндер-ай» жобасы дүниеге келді. Бұл жобаның ерекшелігі – мұнда сахнаға алғаш шығып тұрған жас әнші мен кәсіби танымал әнші бірге ән орындайды. Яғни әнді жастар қате айтпасын, үлкеннен үлгі алып, әні мен сөзін дұрыс айтып үйренсін, сахна мәдениетін игерсін деген ниетіміз де жоқ емес. Қазіргі күні бірқатар есті әншілеріміз өзінің мектебін ашып жатыр. Солардан тәлім алып жатқан жеткіншектер қазақ ән өнерін биікке әуелетеді деп сенемін. Бір ғана Димаш Құдайбергеновтің өзі қандай жетістікке жеткені бәрімізге белгілі. Димашты бүтін қазақтың мақтанышы десек те болады.
– Қазіргі мейірім мен қайырымға зәру заманда сіздің жарымжан жандарға қамқор болып жүргеніңізді білеміз? Осындай сауапты істі қолға алуыңызға не түрткі болды?
– «Жан Анамды» үшінші рет өткізуге дайындық жүріп жатқан еді. Бір күні теледидарды қосып қалсам, «Қазақстан» телеарнасындағы «Аялы алақан» (қазіргі «Жан жылуы») деген бағдарламада бір кейуана ағыл-тегіл жылап отыр екен. Жанында жиырмалардағы бір бозбала еңсесі салбырап, жерге қарап отыр. Тыңдап қарасам, оқушы күнінде ақ түтек боранның астында қалған баланың он саусағы үсіп кеткен көрінеді. Содан бері бейбақты тамақтандыратын да, әжетханаға апаратын да, жуындырып-киіндіретін де анасы екен. Жігіттің жанары солғын тартқан, өмірден күдер үзгендей көрінді. «Ең құрығанда үш саусағы болса, балам әжетханаға өзі барар еді-ау» деп еңіреген ананың зары құлағымнан кетпей қойды. Сөйтіп, «Жан Анам» концертінде ортаға үш жәшік қойдырдық та, әлгіндегі сюжетті көрсеттік, ана мен баланы, бағдарламаның авторын шақырдық. «Көп түкірсе көл деген, ағайын, мына кісілерге көмектесейік», – деп бір ауыз сөзімді айттым. Айтарын айтып алған соң, «не болар екен, үмітім ақталмай қалмай ма» деп қатты қобалжыдым. Бір кезде халық ағылып келіп, жәшікке ақша сала бастады. Бұл әрекет он бес минут бойы жалғасты. Нөпір тоқтағаннан кейін, жәшіктерді сахна артындағы әншілердің алдына төгіп: «ал, тез санаңдар», – дедім. Нәтижесінде долларға шаққанда бес мың доллар ақша жиналған екен. Алғашқы тәжірибеміз ғой, көп нәрсені білмейміз, кәдімгі азық-түлік салатын бір пакетке ақшаны толтырып, жігіттің анасына ұсындық. Үш саусақ салдыру үшін жеті жарым мың доллар қажет екен. Ар жағында жетпей тұрған екі жарым мың долларын Мақпал Жүнісова екеуміз толықтырып бердік. Сол кездегі қуанған ананың көз жасын тия алмай жылағаны есімде. Әрине, концерттің бар ақшасын қайырымдылыққа жұмсаймын дей алмаймын. Өйткені, кез келген концерттің шығыны көп болады. Кейде қарызға кіріп кетеміз. Мен тек мұқтаждарды халыққа таныстырам, мұңын жеткізем, көмектесетін халықтың өзі. Кейбіреулер: «Майра ақшаны жәшікке емес, өз қалтасына салады екен» деп әңгіме көпіртетін көрінеді. Әрине, ондайды естігенде жүрегің ауырады. Бірақ әркім Құдай алдында жауап беретіні рас қой. Арым таза екені Аллаға аян.
Саусағын үсік шалған жаңағы жігіт қазір екі қолына үш-үштен алты саусақ салдырған. Отбасын құрған, үй салып, көлік алып, жұрт қатарлы тіршілігін жасап жатыр. «Жан Анам» концертіне келіп, жұртпен бірге жәшікке ақша салып жатқанын көргенде ішім жылиды. Негізінде мұның өзі көкейіме аяқ астынан келген идея еді.
– «Ерке», «Керімсал» және «Сақ» этно тобы сіздің жобаларыңыз. Соңғы кездері сахнаны жаулаған түрлі топтардың ішінде жұтылып кетпеу жағын қалай ойластырасыз?
– «Керімсал» мен «Сақ» топтарын қазір таратып жібердім. Себебі, бәрін ақша төлеп ұстап отыру қиын. Қазір тек «Ерке» тобымен жұмыс жасап жатырмын. Рас, қазір әншілер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап кетті. Өзім әнші болсам да, көбінің не түрін, не әнін есімде сақтай алмай қаламын. Өйткені, топты құрғанда қазақ ән өнеріне қандай үлес қосам деп емес, қанша ақша табам деп ойлайтындар қазір көп. Осы көп топтардың ішінде маған Баян Есентаева мен Бағым Мұхитденованың топтары кәсіби сауаттылығымен ұнайды. Менің «Ерке» тобым да сауатты, сапалы әншілердің қатарында. «Мұзарт» тобы бастаған бірқатар жігіттер де есті әндерімен халықты сүйсіндіріп келеді.
– Сол көптің ішінде ерекше дараланып тұратын дәрежеге екінің бірі жеткізе бермейді-ау.
– Әрине, ең алдымен репертуарды дұрыс таңдай білу керек. Екіншіден, сахна мәдениетін сақтап, дұрыс киінуі қажет. Жақында «Орда» тобындағы Ерболат Беделхан шаштары қызыл, аулары тізесіне түскен жас жеткіншектерден бір топ құрыпты деп естідім. Өзім әлі көре алмадым. Сол жігіттерді көрсем, қатты сынға алайын деп ойлап жүр едім. Сөйтсем, Сәкен Майғазиев бастаған бірқатар жігіттер оларға қарсы шығып жатыр екен. Кейінгі буынға бағыт сілтеу, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп оң жолға салу аға буынның парызы. Олардың ертеңіне біз де жауаптымыз деп ойлаймын.
– Бұрын екі адам – дуэт, үш адам – трио, төрт адам – квартет болып, сонша дауыста тыңдармандарын риза ететін. Қазіргі топтар бәрі жамырап бір дауыста айтады. Топ әншілеріне қоятын талаптарыңыз қандай?
– Ол рас, неше түрлі топ құрып, ессіз әндерді жамырай айтып жүргендер көп. Солардың кесірінен сауатты, талантты әншілердің бәріне қара күйе жағылуда. Қазіргі қазақ эстрадасын қаптап бара жатқан арам шөптер уақыт еншісіндегі іс. Біреулерді ағалап жүріп, атақ-дәрежесін өсіріп жүргендер де бар. Алайда, уақыт бәрін өзі екшейді.
– Соңғы кездері сахна мәдениетін сақтамайтын өнерпаздар көбейіп барады. Сахна оңды-солды ойқастаудың алаңына айналған ба дегенді де жиі естиміз.
– Әншіге қойылатын басты талаптың бірі – сахна мәдениетін сақтау. Әншілер ең алдымен тыңдарманын сыйлауы керек. Сахнада көрерменге иіліп тұрған кейбіреулердің былай шыға бере суретке түсуге өтініш білдіргендерге немесе қолтаңба алғысы келгендерге: «Уақытым жоқ, мазамды алмаңдар», – деп зекіп жатқанын байқап қаламын. Бұл дұрыс емес. Сен халқың барда ғана әншісің, халық болмаса кімге ән айтасың?
– Өнер – бәсеке жарысы екені рас. Бірақ соңғы кездері өнер иелері тарапынан бір-біріне қарсы пікір айтушылар көбейіп кетті. Бұл бәсеке ме, әлде көреалмаушылық па?
– Біздің өнер адамдарының арасында өзің айтқан мәдениетті бәсеке де, көре-алмаушылық та бар. Мәдениетті бәсеке міндетті түрде болуы керек. Онсыз өнер дамымайды. Ал көреалмаушылық қанша жерден дұрыс емес десек те, одан арылу мүмкін емес секілді. Мен үш рет Мәдина Ералиеваны еске алу кешін ұйымдастырдым. Мәдина екеуміз дос болып едік. Оның ұлы Әрсен мен менің қызым Тоғжан қатар туып, қатар өскен. Бір концертте Әрсенге көмек болсын деп, демеуші іздеп, жиырма екі мың доллар ұстатқан едім. Соның өзін сан-саққа жүгіртіп, түрлі әңгіме айтып жүргендер болды. Оларға не істей аламын, ауыз өздерінікі, айта берсін. Алайда, кейде ащы өсектің өзекті өртеп, жанды тырнайтынын жасырмаймын. Мына кісі бұл әнді қалай әдемі орындап шықты, мен неге осылай орындамаймын, мына концерт қалай сәтті ұйымдастырылды, сахнаны безендіруі қандай жақсы, мен де осылай жасауым керек қой деген сыңайдағы бәсекелестік болса, құба-құп. Ал іштарлыққа ерік беріп, өсек-аяңға жол ашу – мәдениетсіздік.
– Алдағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз?
– Биыл мен үшін ерекше жыл. Қаншаға келіп жатқанымды айтпай-ақ қояйын. Бұйыртса, шығармашылық ән кешімді өткізбекпін. Концерттің атын «Ән салшы, Майра» деп атасам ба деген ойым да бар. Ән кешіне көп қаржы қажет екені белгілі. Соған ептеп демеушілер іздеп, репертуарымды реттеп дайындалу үстіндемін. Құдай қаласа, алдағы уақытта көре жатарсыздар. Одан өзге екі жобамен жұмыс жасап жатырмын. Бірі – әлгінде айтқан «Төрлет, қазақ әні», екіншісі – «Сырымды айтсам деп едім». «Сырымды айтсам деп едімді» алғаш «Хабар» арнасында Бибігүл Төлегеновамен шағын аудиторияда әңгіме-сұхбат ретінде өткізген едік. Әңгіме барысында Бибігүл сыздықтата ішкі сырын ақтара отырып күлді де, жылады да. Енді қазір кезекті кейіпкер кім болуы керек дегенді ойланып жатырмыз. Жуырда Ахметбек деген бір бауырым: «Майра апай, сіздің жобаларыңыз жақсы ғой, енді «Жанбай қалған жұлдыздар» деген кеш ұйымдастырсаңыз қайтеді деген ұсыныс айтып еді. Бұған елдің ортасында жүрген, өнерге араласа алмай қалған, алайда, талантты, анау-мынау әншілердің аңырайтын аузын аштырып кететін кісілерді шақырсақ деген ойымыз бар. Бұлардан басқа тағы бір жобаны ойлап жүрмін. Бірақ ол әзірге құпия күйде қала тұрсын. Алла қаласа, ол ойымның да пісіп-жетіліп, жүзеге асатын уақыты келер.
– Өнердегі іні-сіңлілеріңізге не айтар едіңіз?
– Біріншіден, өнерде таза бол, адал бол дегім келеді. Екіншіден, қазір әншілердің көбі әнді фонограммамен айтатын болып кетті. Бұл, тіпті, қазақ өнерін дендеген дертке айналды десек те болады. Сол дерттен қазақ эстрадасы тезірек айықса деген тілегім бар. Арзан студияда бір әнді сапасыз жаздыра салып, «үлкен сахнаға бір рет қана шығарыңызшы» деп жалбарынатын, шашы мен киімі, жүріс-тұрысы мен қимылы сахна мәдениетіне сәйкес келмейтіндер көбейіп келеді. Жастарға айтарым, ізденіңдер, кәсібилікке ұмтылыңдар, өре-өрістеріңді өсіріңдер. Алдымызда үлгі алатын аға-әпкелеріміз аз емес қой, солардан сабақ алыңдар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Айнара АШАН.