Үрей мен алаңның «айғайы»
21.03.2023
478
0

Абстракциялық құбылыс – айғайды, адамзат­тың айғайын, жанының күйзе­лісін қылқалам арқылы бейнелеуге бола ма? Норвег суретшісі Эдвард Мунк адамның жан күйзелісін таза әрі көзге көрінетін күйінде бейнеледі. Бұл жаңалық еді. Десек те, айғайды қылқалам арқылы сипат­таудың өзі күмәнді нәрсе. Өйткені ол – живо­пись. Живопись қашан да үнсіз. Ал Мунк картина­сынан айқай шығуға тиісті болатын. Мунктің шеберлігі­нің арқасында сол айқай полотно арқылы көрермен құлағына естілді. Туындының кереметі де сонда.

Картина адамдарға несімен ұнады? Өйткені ондағы образ – үрейлі. Зәрені ұшыратын көрініс. Соған қарамастан, адамдарға ғажайып жағдайда ұнап тұр. Нақты өмірде картина анау айтқандай ерекше әсер бермейді. Оның тылсымы да сонда. Картинада терең мән мен мағына бар. Яғни үрей мен алаңның нақты көрінісі. Айқай – күрделі образ. Адамды сонысымен баурайды. Тіпті оны әлемдік деңгейде «Мона Лизадан» да жоғары бағаланады деушілер бар. Қазіргі түсінікте ол – жай ғана бейне емес. Онда бұқаралық мәдениет тетіктері арқылы біздің психикамызға сіңіп, кеңінен тараған бір нышан байқалады.

Дарын жылағанда – дүние теңселеді…

Бүгінгі күнге дейін «Айғайдың» 105 нұсқасы сақталған. 1893 жылмен мерзімделетін «Айғайдың» бастапқы нұсқасы Ослодағы Ұлттық галереяға қойылған. «Айғайдың» мазмұнын ашу үшін алдымен оның бастауын тауып алу керек», – деп түйіндейді өнертанушылар. «Айқай» көптеген адамдар ойлағандай сұлбаның өзінен шыға ма, әлде сұлба қимылсыз болғандықтан оны қоршаған төңіректен шыға ма? Картинаның үрейлілігі – жанға батқан ауру мен іштегі рухани күйзелісті сыртқа шығарар мүмкіндіктің жоқтығында. Айқай кішкентай сұлбадан шығып тұрған жоқ. Айқай оның төңірегінен аңғарылады. Төңіректің бәрі айғайға басқан.
Мунктің соңғы дәуірге жеткен күнделіктерінде мынадай жазба бар: «Үш адам соқпақ жолмен келе жаттық. Күн ұясына батар тұста көңіл күйіміз құлазыған. Аяқ астынан аспан қанды реңкке боялды. Мен шаршағанымды сезініп, шарбаққа сүйен­дім. Ізінше қала мен оның төңірегін басқан алқызыл бұлтқа көз салдым. Достарым ұзап кеткен болатын. Мен сол жерде табиғаттың қаһарлы айғайын іштей сезініп, қорқыныштан дірілдеген қалпымда тұрдым…».
Дерек көздеріне қарағанда, Мунк сол бір ғажайып түйсікті қайта сезіну үшін суретті тура сол жерден көшірмелеп салады. Адам бейнесінің сыртындағы көріністе ешқандай мән-мағына жоқ. Десек те картинаның Мунктің жеке өзі үшін маңызды болғаны айдан анық. Әрі суретші үшін ол тың тәжірибе еді. Оған Мунктің қара басына әсер еткен оқиғалардың да үлкен ықпалы тиді.
Қашанда өнер туындысы – автордың алған әсерінің көшірмесі сынды. Дәл сол аймақта соның алдында ғана суретшінің жақын бір досы атылып өледі. Сондай-ақ ол жерде әйелдерге арналған психиатриялық емхана да болған. Мунк өзінің атақты картинасын салуды бастаған кезде депрессиядан зардап шеккен сүйікті қарындасы Лаураны осы ауруханаға жатқызады. Суретші осы жерден есі ауысқан әйелдердің айғайын естіді деген болжамдар да бар. Ол аз десеңіз, іргелес таудың етегінде мал соятын қасапхана болған. Сол жерден сойылған өгіздердің жаны шығар кездегі өкірген даусы да естіліп тұратын. Міне, танымдық деректердің баянына қарағанда, суретшінің әлемдік деңгейдегі ұлы туынды жасауына осындай оқиғалар әсер еткен.
«Айқай» – шын мәнісінде суретшінің жан айғайы.
Мункті тағдыры аса еркелетпепті. Сүйікті әпкесі Софи 14 жасында көз жұмады. Тағы бір қарындасына жүйкесі жұқарған деген диагноз қойы­лады. Мунктің өзі де ара-тұра депрессияға түсіп қалатын психикалық күйзелу дертінен зардап шегеді. Сондай-ақ ұлы суретшінің адамгершілік тұрғысындағы міндері мен кінәраттары да болған. Ол күйеуі бар әйел Миллимен әуейіленеді. Бұл Эдвардтың ең алғашқы құмар әрекеті болатын. Әрі онысын да керемет кісілік пен адамгершілік бола қойды деу қиын. Дәл осы жерде біздің есімізге ұлы француз жазушысы Сент-Экзюперидің: «Жаман адам атанғысы келмейтіндер жазушы бола алмайды!..» – деген қанатты сөзі түседі. Өнер тарихында ондай мысалдар аз емес.
Мунктің осындай жақсылы-жаманды, әр алуан көңіл күйі шығармаларынан да байқалып тұрады. Ізінше ол өз тағдырының манифесін жазу туралы шешім қабылдайды. Әрі суретшінің басынан өткен оқиғалары басқалар үшін ұнамсыз болғанымен, өзі үшін өшпес естелік, өткен тағдыры еді. Онда адамның қоғамға көрсеткен қарсылығы бар. Қазақ тарихындағы Ақан мен Біржанның трагедиясы да дәл осы тұста еске түседі. Бергі кеңестік дәуірде көптеген өнер тарландарының ішкілікке салынып, небір ұнамсыз оқиғаларға ұшырағанын да білеміз. Алда-жалда Эдвард Мунктің «Айғайынан» Шәмші мен Мұқағалидің, Сембиннің трагедиясын аңғара алсақ, онда өнерлі адамның дағдарысын түсіне де алғанымыз болмақ. Суретші соның бәрін атақты «Айғайын­да» ашып көрсетуге тырысты.

Бәрі түңілуден басталады…

Шығарманың бастапқы аты – «Түңілу». Мунк осы бір көңілсіз ұғымды алдыңғы планға шығарыпты. Оның арт жағында қанқызыл бұлт пен сарғыш аспан көрінеді. Әлбетте, қорқынышты көрініс. Сәл кейінірек Мунктің өзі «Түңілу» картинасын «Айғайдың» бірінші нұсқасы деп атайды. Табиғат­тың қорқынышты сәттерін іздеуін ол одан әрі жалғастырады. Соның нәтижесінде о бастағы «Түңілу» картинасы күні бүгінге дейін ғажайып туынды болып саналады. Ол – қызыліңірді дәстүрлі тәсілдер арқылы суреттеген көңіл күйдің картинасы.
Кез келген өнер туындысының болжамды ақиқаттарын, мән-мазмұнын автордың өз ортасынан іздеу ләзім. Мунк сыпайы француз емес, салқынқанды скандинавиялық болатын. Сондықтан оның әлемді танып білуі мен түсінігі де өзгеше. Суретші экспрессионизмі бастапқы нұсқаның терең түбінде жатқан азап пен ренішті сипаттауға тырысады. Ал импрессионизм мәнеріндегі мазмұн кенепке түсірілген бұлттың арт жағына шығуға мүмкіндік береді. Сөйткен экспрессионизм ішкі қайғы менен азапты сыртқы әлемге күштеп шығарады. Сол арқылы Мунк табиғатқа қарсы эстетиканың ғажайып үлгісін жасады. Әрі оны психологиялық көңіл күй сфикциясы үшін шынайы пайдаланды.
Алайда, бір образ ауқымына біріккен мұншалықты мазмұнды Мунктің өзі де күтпеген сияқты деген де пікірлер бар. Суретші өз туындысынан симфониядағы қайталанатын вариациялар сияқты өзіне таныс махаббат пен ажал тақырыбын айқын көре алатын. Жалпылама алғанда, ішінде «Түңілу» мен «Айқай» да бар осы суреттер сериясын ол тіршіліктің нақты сипаты есебінде бағамдады. Ол тылсымы көп «Айғайға» мүлдем басқаша сипат берді. Мунк топтамаларының ішіндегі махаббат баяндарында бастауымен қоса, түбегейлі құлдырау сипаты да бар.
Танымдық сананы таңғалдырған «Айғайда» бейнеленген образ қай жынысқа жатады? Әйел ме, еркек пе? Шынтуайтына келгенде Мунк – әйел­дерді жақсы көруімен қоса, ұнатпайтын да қылығы бар ерекше түсініктегі скандинавиялық адам болатын. Оның түсінігіндегі әйел – не періште, не жезөкше. Мунк өмірінің соңына дейін осындай ұстанымда болды. Картинадағы келбеті бұрмаланған тіршілік иесі моральдық және физикалық тұрғыда әбден тұралаған адамға ұқсайды. Көпір үстіндегі осы сұлбаның жыныстық сипаттамасы көмескі болса да бәрібір оны ер адам ба деп қалғандайсың. Сарапшылар мен өнертанушылар «адам тәріздес немесе андрогинна түріндегі бұл сұлба бүкіл еркектік қабілетінен айрылған ер адам болуға тиіс» деген пікір де айтады. Яғни, сол мініне арналған ер адамның айғайы. Әрі ол айқай жан күйзелісін білдіреді.
Шығармаға «Айқай» атауы толық сәйкесіп тұр. Туындының атына байланысты айтарымыз мынау: Максим Горький әуелі шығарманың атауы мен бастапқы жолына көңіл бөлу керек деп есептеген. Л.Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілігінің» алғашқы шартты атауы – «Бәрінің дұрыс аяқталатыны қандай жақсы» болған. Алда-жалда ұлы Толстой адамзаттың ұлы рухани қазынасына қосылған шығармасын «Соғыс және бейбітшілік» деп атамаса, оның дақпырты да дәл қазіргідей болмауға тиіс еді деп те топшылауға негіз бар. Демек, ұлы туындының аты затына сәйкесіп тұрғаны да керемет жағдай. Жалпы, бұл атауды шығармаға жұртшылық қойған деген болжамдар бар. Біртіндеп, осы «Айқай» атауына Мунктің өзі де мойынсыныпты.

«…шабандозы жоқ шауып келе жатқан ат…»

 

Ол кездегі жұмыстың тұжырымдамасынан көрермендердің көпшілігі еуропалық викториан живописіне тән үлгілердің қисынды аяқталуын күтті. Алайда, олардың қолына тигені – дақтар мен тамшыларға толы шайқас алаңына ұқсас бірдеңе ғана. Шығарма асығыс-үсігіс орындалған, қисынға келмейтіндей бір нәрсе болып көрінеді. Көптеген адамдар оны суретшінің шығармашылық құлдырауы деп те бағамдады.
Енді «Айғайға» байланысты кереғар пікірлерге келейік. Есениннен: «Пушкинді түсіну үшін талант керек» деген сөз қалды. Үздік өнер туындысына байланысты жағымсыз пікірлер түсінбестіктен туады. Есенинше тұжырымдасақ, «жақсы туындыны дарындылар ғана түсінеді». «Айғайды» алғаш көрген сыншылар да әрқилы пікірлер айтыпты. Чехтың бір шолу­шысы тіпті жүкті әйелдерге бұл картинаны көрмеуге кеңес беріпті. Мона Лизаның келбетті жүзіндегі сабыр мен тазалық сияқты қасиеттер физикалық сұлулықтың өлшемі болған ХІХ ғасырдың өн бойында мұндай тылсымды картинаның көркемдік жаңалық болып есептелуі де екіталай еді. Мунк шығармашылығын түсінбейтінін жасырмаған Тулуз-Лотрек «Осы суретті көргенде үстінде шабандозы жоқ шауып келе жатқан атты көргендей болатынын» айтады. Француздың бір газеті Мунктің сурет салу машығын нәжіске саусағын батырып, кенепке бедерлер салумен салыстырады. Жас Мунктің айқыш-ұйқыш бедерленген осынау суретінде «ең басты тетік жұмыстың мазмұнында емес, академиялық бедерлеу тәсілдерін игеруде екені» ашық түрде ишараланған болатын. Іс жүзінде тың туындыға өнер адамдарынан гөрі бұқара халық жылы рай танытты. Оның ғажайып туынды екенін алғаш аңғарған да өнер қайраткерлері емес, қарапайым адамдар. Олардың арасында заманауи суретшілер, радикал түсініктегі жастар мен студенттер болды. Олардың көбі Мунктің өте маңызды бірдеңе салғанын айқын сезінді.

Мұңлы Мунк

Алдыңғы жылы өткен аукционда «Айқай» картинасы бақандай 120 миллион долларға сатылып, өнер тарихында сенсация жасады. Ал биыл Рубенс пен Пикассоның суреттері 300 миллион доллар көлемінде бағаланып отыр. Алайда, «Айқай» дәл осы кезде сатылса, атағы дардай осы екі суретші туындыларынан да қымбат бағаланар еді деген болжамдар айтылуда. Осының бәрі – «Айғайдың» рухани құндылығын одан әрі арттыра түспек.
Өнер туындысының өз заманында бағаланбауы да мүмкін. Яғни ондай туындыларды заманынан ерте туған шығармаларға жатқызуға болады. Енді осындай ғажайып туынды жасаған ұлы Мунктің тағдыры не болды дегенге келейік.
Ұлы суретшінің тағдырының ауыр болғаны «Айқай» картинасынан да байқалып тұр. Көрмеген бәлесі жоқ Мунктің жүйкесі 1908 жылы сыр береді. Копенгагендегі емханада оған медициналық тәжірибедегі жаңа тәсіл – электрошокпен емдеу қолданылған. Арада 8 ай өткен соң Мунк емханадан барынша өзгерген, ішімдікке құмарлығы жоқ, томаға-тұйық адам болып шығады. Бұл жолғы Мунк, қалай десек те, бұрынғы Мунк емес еді. Бірақ адам төзбес күйзелістер мен азаптың салдарынан ол теңдессіз туынды салды. Қазір ғалымдар арасында Мунктің «Айғайын» Леонардо да Винчидің «Мона Лизасынан» да жоғары бағалаушылар табылып қалады. Ал ол қаншалықты қисынды? Оны адамзат тарихындағы осы екі асыл туындыны өзара салыстырып отырып бағалағаныңыз құба-құп…

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір