ЖОҒАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ӘРІПТЕР
Тілімізде «келесің», «көресің», «барасың» деген сөздер бар. Осы сөздердегі «ң» дыбысы қазір естілмейтін болып барады. Жастар жағы тілі келіп тұрса да, қазақша әрең сөйлейтін әлдекімдерге еліктеп: «Келесін», «көресін», «барасын» деп ыңырсиды. Міне, мені осы мәселе ойлантады.
Қазақтың қарбызын «арбуз» дейтін болдық. Сонда қ әрпі қайда қалды?
Ал енді орыс тіліндегі сөздерді араластырып сөйлеу – тіпті әдететімізге айналып кетті. Мысалы: «түстеніп алайық» дегенді, «обедтенейік» дейтін болдық. «Қысқасы» дегенді «короче», «меніңшені» «по моему» дей саламыз. Бұл жерде мен жаңалық ашты демеймін, бұл үрдіс бұрыннан қалыптасып қалғаны әмбеге аян.
Жер-су атауларын да ана тілімізде айтпайтын болдық. Алматының төңірегіндегі елді-мекендерді кәдімгі қазекеңдер: «Али», «Даулет», «Жаналық» дейді. «Әли», «Дәулет», «Жаңалық» деп айтса, жақтары жазылмай, тілдері байланып қалады-ау, шамасы…
Қазіргі жастар телефонмен хабарласса: «Сізді мазалап тұрған…» – деп былдырлайды. Сонда мен күйіп кетіп: «Сен мені мазалап тұрған жоқсың, маған қоңырау шалып, хабарласып тұрсың», – деп ойбайлаймын. «Иә, аға, кешірініз», – дейді ұялғансып. Тағы да байқұс «ң» жоқ.
Осы күні «ел боламын десең, емілеңді сақта, қазақы үніңді, төл дыбыстарыңда сақта» деуге тура келіп тұр. Содан кейін мына кирилицадағы сөздеріміздің шырайын кетіретін басы артық әріптерден біртіндеп құтылатын уақыт жетті. Басы артық әріптер: э, я, ю, щ, ъ, ь тілімізді бүлдіріп бітті. Біз бірақ осы әріптерге кенедей жабысып, өзіміздің кемел нұсқада жасалған әріптерімізді жоғалтып жатырмыз.
Мұратбек КИІКБАЙҰЛЫ,
Байсерке ауылы,
Іле ауданы
Алматы облысы