ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БЕЙІМДЕЛУДІҢ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ
04.11.2016
2223
1

3709148Қазақ халқының  мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жинаған өмірлік тәжірибесі мен табиғат құбылыстарын терең білуінің арқа­сында  қазақи экологиялық мәдениет  қалып­тасқан еді. Бабаларымыз талмай ұдайы қай­талап отыратын ырым-тыйымдар, мақал-мәтелдер  арқылы  осы дәстүр  ұрпақтан-ұрпаққа жетті.  «Атадан мал қалғанша тал қалсын», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Ағаш тамырымен мықты, адам дос-жарымен мықты», «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» деген  секілді  сөздер халықтың табиғатқа деген шынайы ықыласынан туса керек. Бүгінде осы қасиеттерден ажырап, қоршаған ортаға деген ұлттық болмысымызды жоғалтқандаймыз.  «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,  таби­ғаттың оны  айтуға тілі жоқ»  дегеннің түп-төркінінің өзі  де осыны меңзейтіндей. Біз осы орайда  бабалар қалыптастырған қазақи экологиялық мәдениетті қаншалықты сақтап қалдық? Қазір  қазақтың экологиялық мәдениеті қай шамада? –  деген сауалдарға  мамандардың не дейтініне көз жүгіртіп көрейік…

 

k-l-sh-d-jsenbaj-yzyКүләш ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
география ғылымының докторы, профессор,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Жаратылыстану және география институтының директоры

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ДӘСТҮРІ

Қазақ халқының «малшылық мә­дениеті» деп аталған дәстүрлі шаруа­шы­лық-мәдени жүйесінде төрт түлік малға ежелден-ақ айрықша көзқарас қалып­тасқан. Мысалы, қазақтардың амандасу дәстүріндегі «мал-жанның амандығын» сұрауда малға байланысты мәселелер «жан»  категориясына қатыстылардан, яғни адамдардың өзінен де маңызды болып көрінеді. Бұл орайда «малшылық мәдениеттің» басты ерекшелігі ретінде қазақ қоғамының тіршілік ету болмысы «мал амандығымен» тікелей байланыс­ты болғандығын атап өткіміз келеді. Табиғи орта жағдайларының анықтаушы орнын ескерсек, «мал амандығы» осы ор­тадағы экологиялық тепе-теңдіктен туын­дай­тын­дығын түсіну қиын емес. Қа­зақ халқының «жан амандығы» мал амандығымен, ал ол өз кезегінде, табиғи орта амандығымен ұштасты­рылады.

Экологиялық  тәжірибе қоршаған ортаның табиғат жағдайларын танып, ре­сурс­тық мүмкіншіліктерін игеру мақ­са­тында ғасырлар бойы жинақталған эмпиристік білім қорын құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, шаруашылықтық-мәдени дәстүрлердің экологиялық шарт­тастығын қазақ халқының эколо­гия­лық бейімделуі (адаптация) мен дәс­түрлі мәдениеттегі кеңістік пен уа­қыт ұғымдарын түсінуге байланысты мәселелер тұрғысында қарастыруға бо­ла­ды. Бұл тақырып төңірегіндегі қам­ты­латын мәселе­лер қазақ халқы мәде­ние­тінің қалыпта­суындағы табиғи ор­таның субстраттық  маңызын ай­қын­дауға бағытталады. Қазақ халқының дәстүрлі  мал шаруашылығын саралау бары­сында оның дәстүрлі қазақ қоғамы үшін адаптацияның барынша жетілген формасы болғандығын айтуға болады, себебі, ол неғұрлым тұрақты экономи­калық өнімділікке қол жеткізді.

Көшпенділікті аридтік жағдайларға бейімделудің бір түрі ретінде ғана қа­был­дау жаңсақтық болар еді. Өйткені, экожүйелердегі қатал табиғат жағдайла­рында шаруашы­лықтың бұл түрін өнім­ді етіп ұйымдастыру үшін экология­лық тәжірибе де қажет болды. Олай болса, халықтың табиғи ортаға бейім­делу үшін қажет ақпарлар жиынтығы ұзақ жылдар бойына жиналып, ұрпақ­та­рына беріліп, кеңістік пен уақыт талқысына түсті. Мысалы, көшпенді мал шаруашы­лығы­ның дамуына алғы­шарт ролін аңшылық кәсіп атқарған. Аң аулау барысында жабайы аңдардың қо­ныс аударған аумақтарын көру арқылы адамдар шөл­дер­дің табиғи-кли­маттық ерекшелік­терін танып, болашақтағы көшпелі мал шаруашылығына қажетті эко­логиялық бейімделудің тәжірибесін жинақтай бастады.

Көшпелі қазақ қоғамының қуаңшы­лық жағдайға бейімделуінің тағы бір дәлелі табиғатты пайдалану механизмі­нен көрінеді. Зерттеушілердің пайымдауынша, өндірістік процесс пен тірші­лік келбетінің шашыраңқы (дисперстік) құрылымы ерекше экожүйе­лердің нәзік құ­рылымын сақтауға бағыт­талған қа­дам  болды. Мұның мәні табиғи жа­йы­­лым­­дарды пайдаланудың маусымдық сипатынан, көшу маршруттарының нақ­ты­лы заңдылықтарға бағын­ды­рылуынан, көш­пенді шаруа­шы­лық­тар­дағы мал санының шектеулілігінен ай­қын ашылады. Мысалы, қой отарындағы мал саны 600-ден аспауы қажет болды. Бұл, өз кезегінде, табиғи жайы­лымдарды тозудан сақтады. Жайылымдардың мүмкіншіліктері ерекше атаулар арқылы си­пат­талынды: жылқылар жүріп өткен жа­йылымды қазақтар «алатебін» деп атаса, мал толық жайылған жерлерді «ақтебін» деген. Табиғи  жайылымдарды пайдалану барысында қорғалатын жайылым түрлері де  ерекшеленген.

Қыстау маңындағы шөбі шүйгін жерлерді ауыл болып қорғаған, сондық­тан мұндай жерлер «қорықтар» деп аталған. Қорықтар әлсіз малдар үшін пайдаланылған.  Қорық­тардың өсімдік жамылғысы шабындық ретінде де пай­да­ланылған. Жайылымдық қорлардың қатарына қой үшін ғана пайда­ланылған «қой бөлік» немесе «келте-қыстау»,  қыстық қой жайылымы ретінде пайдаланылатын «қойтебін» де жатқызылған. Жайы­лымдардың мал түріне байланыс­ты жіктеліп пайдаланылуы қазақ хал­қы­ның төрт түлік малдың биология­лық қажеттерін, өсімдік жамылғысының азық­тық мүмкіншіліктерін жете білген­ді­гінен хабар береді.

Көшу барысы ру басылары, сұлтан­дар­дың қатысуымен реттеліп отырған. Олар көшу мерзімі мен маршруттары ту­ра­лы нұсқаулар берген. Көшу жүйесі­нің реттелген сипаты  жайылымдарды шамадан тыс тоздыруға, сөйтіп малдың  шығындануына жол бермеген.

Қазақ халқының мекен ортасына бейім­делуі барысында шаруашылықтық-мәдени қатынастарда әр түрлі өзгерістер жүрді, бұл экологиялық тәжірибені байыт­ты. Мұның барлығы мәдениетте өз ізін қалдыруы тиіс еді, өйткені мә­де­ниет адам қоғамының адаптациялық тетігі болып табылады.

Көшпелі мал шаруашылығының жетек­шілік мәнін анықтауда табиғи факторлардың орны ерекше болған­дық­тан, кейінгі индус­триялық қоғам жағ­дайында ауыл шаруа­шылығының басқа салаларын енгізудің өзі Қазақстанның аридтік (арид – климаты ыстық және құрғақ болып келетін жердің топырағы) экожүйелерінің деградациясына әкеп соқты. Экожүйелерге шамадан тыс жүктеме түсіру салдарынан ғасырлар бойы табиғи мал жайылымы болған аудандар өзін-өзі реттеу қабілетінен айы­рылды. Осы тұр­ғы­дан жыртқан жерді 15-20 жылдан кейін ғана пайда­лан­ған немесе мүлде тастап кеткен қазақ халқы табиғи жайылымдарды қалпына келтіру мақсатын көздегенін айта кеткен жөн. Кейбір мәліметтер бойынша, қазақтар ебелек өсе бастаған жерді ғана өң­деуге болады деп есептеген. Бұл ха­лық­тың экологиялық мәдениетінің жоғары дең­гейінен және мекен ортасы­ның табиғи ерек­шеліктерін жете білген­ді­гінен хабар береді.

Қазақ халқының экологиялық мәде­ниетінің жоғары дәрежеде болғандығын айғақтайтын тарихи деректер жеткілікті. Тарихшы Д.Кішібеков ағаш жеткілікті аймақтардың өзінде көшпенді қазақтың отын ретінде тезекті пайдалануын ағаш қо­рын сақтауға тырысушылықпен түсін­діреді. ХІХ ғасырдың ортасында қазақ жерін ара­лаған орыс зоологы Н.Северцов ғасырлар бойы қазақтар қызғыштай қорыған Іле Алатауындағы, Наурызымдағы, Аманқарағайдағы орман қорын қоныс аударып келген казактар мен орыстардың  аяусыз құртып жат­қаны туралы мәліметтер келтіреді.

Қазақстанның далалық бөлігінде жер­гі­лікті халық ежелден орманды ал­қап­тарды, тоғай шоқтары мен бұталарды, тіпті жеке ағаштарды әр түрлі сылтаумен тиісуге болмайтын қасиетті объектілер ретінде жариялап, қорғауға алған. Сондай-ақ, қазақтардың ежелгі аң аулау дәстүрінде жабайы аңдар тобының ең соңғысын  әдейі атпай, оны еркіне жіберу әдеті кездеседі. Бұл айтыл­ғандар қазақ халқының табиғатты қорғау дәс­тү­рінің табиғатты тану, оның қор­ларын шаруа­шылық мақсатта пайдалану барысында қалыптасқандығын дәлелдей түседі.

 

1405_jpgТұрсынгүл БАЗАРБАЕВА,
география ғылымының кандидаты,
Юнеско бойынша тұрақты даму кафедрасының
доцент міндетін атқарушы

ТАБИҒАТ – СҰЛУЛЫҚ ПЕН ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын»,  «Ағаш жапы­рағымен, Жер топырағымен сәнді», «Құс қонбаған көл жетім, тыңдалмаған сөз жетім»,  «Ай шалқасынан туса, ай бойы аяз болады»,  «Бұлт қайда қонса, береке сонда келер», «Бір тал кессең, он тал ек», «Жерді босқа шұқыма, ағашты сындырма», т.б. мақал-мәтелдерді қазақ тегін айт­паған. Осы сөздердің  мәнін аңғарсақ, астарында табиғатты  қорғау, яғни Отанды қорғау деген терең ұғым жатыр. Қазақтар – тумысынан табиғатты сүйіп өскен, қоршаған ортаға үлкен ілтипатпен қараған халық.  Хал­қымыз көшпенді өмір сүріп, көбіне мал шаруа­шылы­ғы­мен айналысқандықтан  жайылымдар мен су қорларын, тиімді пайдалану не­гіздерін жақсы білген. Дала халқы­ның наза­рынан ешбір табиғат құбылысы тыс қалма­ған.

Малшылар әр маусым сайын қоныс аудару арқылы  табиғаттың өз қалпына келіп, құнарлығын арттыруына мүмкіндік жасаған. Ал қой мен ешкінің санын белгілі бір дәре­жеде ұстауы, олардың майда тұяқтары топы­рақты өте қатты езгілеп, шаң тозаңды көте­ріп, топырақ микрофлорасын жойып  жібе­ретініне байланысты болған.  Шөлді өңірде жер асты суларын іздеп табуға құ­мырс­қа­ның да көп көмегі тиетіндігін білген. Өйткені бұл жән­діктер ылғалды жерді ғана мекендейді. Аң мен құстарға қарап ауа-ра­йын да болжаған. Мысалы, қарлығаш аспанда самғап ұшса – ауа райының ашық, ал төмендеп ұшса – жауын болатыны халық арасында кең тараған. Шағала – теңізші­лер­дің сенімді достарының бірі. Себебі, теңіз­шілердің ашық теңізге шығарда, шағала­лардың мінез-құлқына қарап отырып, ауа-райының өзгерістерін ал­дын-ала болжаулары дәл келіп отырған. Қазақтар аққуды қадірлеп, киелі құс деп таныған. Аспаннан бір керемет ақша бұлт көрсе «аққудың қана­тындай қалық­таған» деп жырлаған. Аққудың қанат қаққаны, тазалығы, сабырлы қимылы – оның тек сыртқы көрінісі. Байқағыш халық оның психологиялық күйін, жан се­зімін түсіне білген. Оны кез келген шал­шық көлде кездесе бермейтін аса талғампаз, тәкаппар құс деп қастерлейді. «Құс падишасы» деп те атайды, тазалық пен сұлулықтың символы деп біледі. Серігі мерт болған жерде өз жанын құрбан ететін оның ұлы қасиеті халық көңіліне ұнаған.  Осы мысалда біз адамның жан тазалығы, яғни адам экологиясы да басты рольде екенін көреміз.

Мысалы, бүркіттің қаңтардың қақаған аязында жұмыртқасын тасқа салып шайқауы, қайраты қайтып қартайғанда жасық өмірге төзбей шарықтап, шырқап барып, өзін-өзі тасқа тастап мерт қылуы да бір ерекше қа­сиет.  Денесі ықшам қаршыға  аспанда қа­лықтап ұшып жүріп жерден азығын көрсе болды, оқша зу етіп төмен қарай зымырай жөнеледі. Аңшылардың халқымыздың батыр азаматтарын қаршығаға теңеуі де сондықтан болар.

Әл-Фараби бабамыз «Табиғатта барлығы математика­лық дәлдікпен орналасқан, егер орнынан біреуі жылжыса, онда тепе-теңдік бұзылады» деген. Табиғатта  бос немесе ар­тық ешнәрсе жоқ. Барлығы бір-бірі үшін қа­жет, бір-бірінсіз тіршілік жоқ, бірі екін­ші­сін толықтырып оты­рады, үнемі өзгерісте бо­лады. Бұл – диалектиканың айнымас заңы!

Ал енді осыншама салт-дәстүрмен, тәрбиемен ұрпағына  отбасында экологиялық тәрбие беріп келген халқымыздың бүгінгі жағдайы мәз емес. Адамдардың қанмен келген қасиетті жоғалтып, сан түрлі экологиялық мәселелер ішінде отырмыз. Өркениетке бастау берген қоңыр экономиканың қағидалары бүгінгі күнде жасыл экономикаға күрт бет бұруда. Бірақ біздің санамыздың экологиялық ойлау қабілетінен соншалықты алшақтап кеткендігін айналамыздағы қоршаған ортадан көруге болады.

Жапония елінде бала-бақшадан бастап, тіпті үйде жұмыссыз отырған адамдарға да экологиялық білім беру қарастырылған. Оларға күнделікті тұрмыста қолданатын химикаттардың зиянын айта келіп, оларды қалай, қай жерлерде утилизация жасау керектігі түсіндіреді.  Сон­дықтан да болар, сол елдің экологиясы мен мәдениеті бүкіл әлемді танқалдырып отыр.

Біздің елде экологиялық мәдениетті, құндылықтарды, табиғатқа, адамдарға деген саналы көзқарасты  қалып­тастыру үшін  адамдар өзін-өзі басқару қабілетін арттыр­ғаны жөн. Ол үшін өзіміздің салт-дәстүрмен бірге қалып­тасқан экологиялық мәдениетті, яғни қазақи тәрбиені қолға алу керек.

Табиғат – адам бойына қуат, көңіліне шабыт, сезі­міне ләззат сыйлайтын  сұлулық пен әсемдік әлемі.  Енде­ше,  барымызды бағалайық!

Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.

ПІКІРЛЕР1
Қастер Сарқытқан 09.11.2016 | 21:39

Табиғаттың өзі тұнып тұрған сұлулық пен даналық,
саналы адам ғана оның сырына үңіле алады.
әдебиет сүйер жан жаратылыстың сыры мен үнін,
тылсымын зерттей алса ғана мөлдір поэзияның, шынайы прозаның авторы бола алады. Осы тұрғыдан алғанда, жұртқа танымал ғалымдардың осындай еңбектерінің әдеби басылымдардан ойып орын алуы тек қуантады. Авторларға шығармашылық табыс,газет ұжымына жаңашылдық пен ізденіс тілейміз.

ПІКІР ҚОСУ