Экологиялық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚазҰУ-дың 90 жылдығына орай, «Қазақстан Республикасының экологиялық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын жетілдіру» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстанның және шетелдердің жетекші ғалымдары, мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғам, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиынды ашқан Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, заң ғылымының докторы, профессор Ләззат Еркінбаева конференцияның маңыздылығына тоқталып, «Қазақстан Республикасында жайылымдық экожүйелерді қорғау және ұтымды пайдалану мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада жайылымдық ресурстардың жай-күйі, республикадағы жайылымдық жерлердің орасан зор әлеуеті және климаттың жаһандық өзгеруіне, құрғақшылықтың күшеюіне, шөлейттенуге және басқа да жағымсыз салдарға әкеп соқтыратын ауыл шаруашылығына байланысты мәселелер қамтылды.
Бұдан әрі спикер жағдайды жақсарту үшін заңнамалық салада қабылданып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталып, «Жайылым туралы» заңның дер кезінде қабылданғанын атап өтті.
Заң ғылымының докторы, Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының профессоры Сергей Боголюбов «Құқықтық тәртіптің климаттық элементі» тақырыбында баяндама жасады.
«Бейбітшілікті сүйетін, ашық және демократиялық кеңістік құруға бағытталған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру ортақ тарихи бағдарларды қорғау мен қолдауды, Еуразия құрлығының мәдени дамуында өзінің бірегей көрінісін тапқан құқық пен өзге де рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтауды көздейді», – деді С.Боголюбов.
Отырыста заң ғылымының докторы, профессор Сәуле Сүлейменова, «Семей ядролық полигоны» қорының, «Астана қаласының мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Әбдікәрім, ҚР Президенті іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының бас маманы, философия докторы (PhD) Сәулен Нұржан, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Бейбіт Шермұхамбетов және басқалар сөз сөйледі.
Қатысушылар экологиялық құқықтық тәртіпті басқаруды жетілдіру, табиғат пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауды реттеу, экожүйелердің құқықтық режимі және олардың табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану қағидаттары және т.б. мәселелерін талқылады.
Конференцияны заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы ұйымдастырды.
Конференция материалдары бойынша халықаралық стандартты нөмір (ISBN) берілген материалдардың электрондық жинағы шығарылады.
Мақала жолдаушы: Маулит Б.
Мақала авторы:Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі