АСТАНА, ЖАҢА АСТАНА, ЖАН АСТАНА…
04.11.2016
5423
0

astana-3Белгілі бір рухани һәм мәдени орталықтармен қатар, саяси-экономикалық және ел үшін маңызды шешім қабылдайтын да қалалардың да болуы заңдылық. Соның бірі, Қазақ елінің бас шаһары – Астана жөнінде әңгіме алабөтен. Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында астананы Алматыдан Ақмолаға, сонау Солтүстік өңірге көшіру туралы бастама көтерілгенде: «Енді қалай болар екен?..» – деген сауал әр саналы азаматтың көкейінде тұрғаны шындық-тын. Дегенмен, Уақыт бір орында тұрсын ба?! Қазір сол бір шешімтал кезең турасында мақтана сөйлеп, жан-жағымызға маңғаздана көз тастайтын көсеми қалпымыздан айнымай келеміз. Ол да егеменді ел екендігіміздің бір көрінісі шығар, кім білсін. Оған да тәубә!.. Осы орайда бүгінгі Астана туралы ойын ортаға салған мамандар пікіріне құлақ асып көрсек…

 

foto-kyz-7Әділ ИБАДУЛАЕВ,
қаржыгер

ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ

Марқұм Қайрат Жұмағалиевтің «Келешектің Ұлы әні» деген өлеңі бар еді. Сонда былай делінетін:

Елбасымыз!

Халқыңды бір сынадың!

Шырқаттың да келешектің ұлы әнін

Көш шеруін бастап кеттің Арқаға,

Жүректерде жаңғырықты ұраның.

 

Бірі қоштар,

Бірі мұны бекер ғып,

Десті:

– Бұған дәулет қайда жетерлік!?

«Тәуекелі тастай жігіт екен!» деп,

Басын шайқап, таңғалады шетелдік.

Астана – ұлттың жаны. Өйткені, астанада сүреңсіз тобыр емес, шығар­машылық әрі жоғары мә­дениетті адамдар тұратынын ұмытпаған жөн. Әр астананың өз ерекшелігі болады. Мысалы, АҚШ-тың орталығы – Вашингтон қаласы салынғанда онда тек саяси элита мен қызметшілер ғана тұрады деп болжанған. Енді қараңыз, жағ­дай қалай өзгерді. Сол секілді, шаһарды салар кезде нақты бір болжам айту қиындау. Астанаға қойылатын ең басты критерий – ұлт үшін маңызды да ұтымды ше­шім­­­дерді қабылдай алуында. Бірақ бүгінгі Астана қаласы – Қазақ елінің инновациялы-индустриялық орталығы мен рухани, білім жүйесі шоғырланған алып агломерациясы болып отыр деуге толық негіз бар.

Қала өркендеуінің тағы бір шар­ты – оның рухани орталыққа айнала алуында. Өзге ел астаналарына жүк­тел­мек ең басты функция, міне – осы. Егер характеристикасы мен мән-маңызына қарай бөлер бол­­сақ, саяси қалалар қатарына Женева, Вашингтон, Петербург, Пекин, Берлин, Рим, Сеул, Тегеран, діни қа­лаларға Мекке, Медина, Вати­кан мен Иерусалимды (әл-Құ­дыс), спорттық қалаға Мельбурн, Милан, Афина, Сочи, Торонто, ал қаржы-экономикалық қалаларға Нью-Йорк, Токио, Лондон, Лос-Анджелес, мәдени қалалар Вена, Париж, Буда­пешт, Ыстамбұл, т.б. Менің­ше, әзірге Астана саяси-эко­но­микалық орталық секілді. Себе­бі, қала тұрғын­дарының басым бөлігі, дені саясаткерлер, парламентари, депутаттар мен қар­жы­герлер. Оны әуежайдан түскен кезде-ақ сезесің. Таксишы­лардың өзі ақша санауға келгенде мүдірмейді, таң қаласың. Бұның өзі көп жайтты аңғартса керек-ті.

Мәдениеттанушы әрі әлеу­мет­тану­шы Арнольд Тойнби: «Астана салу бә­се­келестерін жеңу арқылы жергілікті мем­лекеттен әмбебап мемлекетке ай­налған олардың өз Отанында немесе жаулап алушы­ларға анағұрлым қо­лай­лы көрінген, жақында бағын­дырылған аумақтың белгілі бір шет жағында жүр­гізіледі» деген еді. Бірақ ғалым Әлем та­рихын­­дағы 21 өркениетті айта келе, «көш­пелі» мәдениетті ұмыт қалдырып ке­теді. Сондықтан да біз ел ретінде өзімізді танытқымыз келсе ірі-ірі қалалар­дың авторитетін күшейтуіміз керек. Ол қалай, тарих, әдебиет, мә­дениет, өнер, этногра­фия­ға ден қою арқылы өзімізді танығанда ғана шын мәніндегі орталық деген атқа лайық бола аламыз. Сонда ғана Жаһан бізге мән беріп, санасатын болады. Ал оған дейін көптің бірі, көштің артында жүре бермекпіз. Шындық – осы. Мәселен, Рим – «Мәңгілік қала», Парижді – «Сұлулық орта­лығы», Сидней – «Әлем кіндігі»… Атынан ат үркетін атау­лар. Айналып кел­генде бұның бәрі Мем­лекеттің өз бағасын біліп, өзгеден бір бас жоғары тұруын­да деп ойлаймын. Яғни идеология мықты. Егер Ауғанстан астанасы Кабулға немесе бүгіндері қанды қырғынның қақ ортасы Сирия астанасы Дамаскқа «Әлем кіндігі» деп лақап ат қойса, жараса ма? Айты­ңызшы! Жоқ, себебі… Себебі, олар өз дәре­жесін өз түсіріп алған шаһар­лар. Ал кезінде олар қандай тарихи, рухани орта­лық­тар еді. Мұсылман мен өзге сенімде жүрген жұрт сонда ағыла­тын. Крест жорығы мен «Жібек жолы» басып өткен жерлер-тін. Енді не болды? Қа­рап отырып жүрегің қан жылайды. Олар да біздің бауырларымыз ғой. Бі­рақ амал нешік, қолдан келер шара жоқ… Тарихтан сабақ алған дұрыс деп ой­лаймын.

Астана – ұлттық тарихымыздың айбары және мақтанышы. Және ол Қазақстанның Солтүстік өңірінде бекерден-бекер салынған жоқ. Астана­ның көркеюі – қазақтың өсуі деп білемін. Өзім қатты жақсы көретін әрі тұрақты оқып тұратын ақын Тұманбай Молдағалиевтің:

Үмітпен ертеңіне қарады ұл-қыз,

Бір нұрға жаңа толды жанарымыз.

Астана, жаңа Астана, жан Астана

Жерге кеп қона қалған дара жұлдыз, – деген өлеңі бар еді. Тұмағаң Астананы «жұлдызға» теңегендей, расында Астана – қазақ мәдениетінің, қазақ руха­ния­тының, қазақ өнерінің, қазақ сая­са­ты мен экономикасы­ның алтын жұл­дызына айналуы тиіс.

 

foto-kyz-10Алмас ОТАРОВ,
жас ғалым

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СИМВОЛЫ

Астана – Сарыарқаның сайын даласында орналасқан Қазақ елінің орталығы. Елорда салу бастамасын алғаш рет Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев көтерді. Ол кезде, тоқсаныншы жылдар ортасында бұл идея жүзеге асатынына сенгендер көп болмағанын баспасөзден оқып білдік. «Жаңа қала салу мен оған көшу үшін көп­те­ген жыл қажет» деп санағандар да болды. Бірақ олардың бәрі қателескен еді. Астана ең қысқа мерзім ішінде салынып, тұтас елдің дамуының нышанына айналды. Соның арқасында Астана Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстыр­ған қалаға айналып шыға келді. Әлемнің белгілі сәулеткерлері Нұрсұлтан Назарбаев­тың ойын жүзеге асыра білді. Олардың ішінде Кисе Курокава, сэр Норманн Фостер, Кензо Танге және т.б. бар. Осылайша «Бәйтерек» – Астананың және бүкіл елдің бренді бой көтерді. Ол жерден шаһарды көзбен еркін шолып шығасың. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің сызбасы негізінде «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық кешені салынды. Арнаулы полимерлік жабыннан жасалған кешен «Forbes Style» журналы нұсқасы бойынша, әлемдегі ең үздік он экоғимарат қатарына енді.  Дүкендер мен павильон­дар­ға қоса, мұнда кинотеатр, көптеген аттракциондар, сұлулық салондары, тіпті аквапарк та бар. Мемлекет басшысы ойластыр­ған тағы бір маңызды нысан – «Отан қорғаушылар» монументі. Бұнымен қатар, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу барысында Президент пирамида түрінде арнайы сарай салуды ұсынды. Бұл идеяны Норман Фостер жүзеге асырды. Бүгінде Бейбітшілік және келісім сарайы – Аста­наның ажырамас бөлшегіне айналды. Елор­даның Еуропадан Азияға апаратын жолдар қиылысында орналасуы өте тиімді. Себе­бі, оның саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығына ай­на­луының басты кепілі. Астана – Тәуелсіз Қазақс­танның символы!

Астанада тұратын тұрғын саны, 2008 жылдың санағына қарасақ, 700 мыңға жуық екен. Міне, одан бері  6 жыл өтті. Есіл жағасында орналасқан Елорда одан бері кеңейіп, жан саны да жыл санап артып келеді. Тарихқа жүгінсек, Сарыарқа қазақ­тары Есіл өзенінің қазіргі Астана қаласы орналасқан, көшкен ел аттылы-жаяу өте беретін тайыздау тұсын ежелден Қараөткел деп атаған. Ақмола атауы XIII-XIV ға­сыр­ларда тұрғызылған ақ күмбезді бейітке байланысты туған екен. Астана қаласының негізі 1830 ж. қаланды. Ал­ғашында Ақмола әскери бекінісі атанған елді мекенге 1862 ж. қала мәртебесі берілді. 1863 ж. Ақмола округ, 1868 ж. уезд орта­лы­ғына айналды. Орта Азия, Сібір, Орал өңірлерін жалғас­тыратын керуен жолында орналасқан Ақмола жедел дамып, қазақ даласындағы әкімшілік, сауда, шаруа­шылық һәм мәдени орталыққа айналды. 1914 жылы қалада 3 кірпіш, 4 май өңдеу, 2 тері илеу, 2 сабын қайнату, 2 тон тігу, 1 сыра қайнату зауыттары, қасапхана, 20 шеберхана жұмыс істеді. Мәдени-ағарту орындарынан 1 реалдық, 3 жалпы білім беретін училище, ауыл шаруашылығы мектебі, медресе, 2 кітапхана болды. Қала тұрғын­да­рының саны 15 мыңға (1914) жетті. Кеңес дәуірінде Ақмоланың халқы тез қарқын­мен өсті, оның Орталық Қазақстанның қоғамдық-саяси, эконо­микалық және мәдени өміріндегі алатын орны артты. 1928-1930 ж. округтің, 1930-1939 ж. аудан­ның, ал 1939 ж. 14 қазанда Ақмола облы­сының әкімшілік орталығы болды. 1929 жылдың қарашасында қалаға алғашқы пойыз келді. Бурабай – Ақмола (1929), Ақмола – Қарталы (1940), Ақмола – Павлодар (1952) темір жолының іске қосылуы Астананы еліміздің солтүстік және орта­лық өңіріндегі ірі транспорт торабына айналдырды. Астананың күн санап көр­кейіп келе жатқан қала екендігін ескерсек, оның өсіп-өркендеп, аз уақыт ішінде сырт­қы көрінісі ішкі мазмұнына сай болып, қанат жайып, шеттен келгенді де, іш­тен барғанды да тамсандыратын ға­жайып қалаға айналғаны бәрімізге мақ­таныш. Астана – қазақ арман-тілегі­міздің нақты жүзеге асуының бір белгісі. Ол – Отанымыздың жүрегі, қан тамыры, өзегі.

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір