ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҰЛТТЫҚ ДЕРТ
Гогольдың атақты сатиралық пьесасында шалғайдағы ауылға Петербургтан: «Ревизор келе жатыр!» деген хабарды ести салысымен-ақ, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың хаюани сыпаты мен шен үшін шешесін саудалауға дайын парақорлардың тірлігі көз алдыңа елестегенде, шыны керек, жүрегің айнып, адалдық, әділдік пен тазалық атаулысын ерекше сағынатын болуыңыз керек. Өйткені, тазалық Құдайдан, түу Жаратылыстан берілетін қасиет. Алайда, Уақыт келе одан да айырылып қалғанымызға өкінбейтініміз, қынжылтады. Көп мақалдың ішінен жемқор бауырлар: «Алаған
қол – береген!» дегенді ғана мықтап есте сақтаған секілді. Осы ретте, жемқорлық мәселесіне қатысты қойылған сауалға ой көзімен қараған мамандардың жауабы алдарыңызда…
Мөлдір ШОПАНБАЙ,
заңгер
МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰТАСТЫҒЫН БҰЗАТЫН ФАКТОР
Бiз мүлде жаңа қоғамда өмiр сүрiп отырмыз. XXI ғасыр – ақпарат, сөз, жеделдік ғасыры. Жаңа қоғамның басты сыпаты – iскерлiк. Ал бұл жолда біраз жетiстiкке қол жеткіздік. Дегенмен, шешiлмеген күрделi мәселелер де баршылық. Ол – коррупция. Елiмiзде осы бір «дертке» байланысты заң да қабылданып, біршама жұмыс атқарылғанымен, «жеңдік» деп айта алмай келеміз.
«Сыбайлас жемқорлық» – «corruptio», яғни латын тілінен аударғанда параға сатып алу деген мағына береді. Кезінде Рим империясының құқықнамасында «corrumpire» деген ұғым-түсінік болған. Ол «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» дегенді білдіріп, құқыққа қарсы іс-әрекетті айтқан. Орыстарда Дальдің түсіндірме сөздігінде жемқорлықты «лауазымды адамдар мен саяси қайраткерлердің сатқындығы» ретінде айқындаған екен.
Атам қазақтың: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөздің қадіріне енді ғана жеткендейміз. Әділдік пен турашылдықты ту еткен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер қазақ арының символындай тұлғалар еді. Бір өкініштісі, біз сондай бір қасиеттен айрылып қалдық. Бұның әлеуметтік, экономикалық, саяси себептерімен қоса, ең бастысы, руханияттың әлсіреуі. «Алаған қолым – береген» деуші ме еді? Жемқорлық – ұлттық қасіретімізге айналды. Жуырда бір басылымнан оқып қалдым, коррупция бойынша жиырмалыққа еніппіз. Алғашқы ондықты Италия, Аргентина, Мексика, Колумбия тұрықтап тұр екен. Сұмдық қой! Қазақстанда білім жүйесі, заң жүйесі, қаржы жүйесі, бәрі-бәрі пара арқылы шешілетіні ешкімге құпия емес. «Ауруын жасырған өледі» деген бабаларымыз. «Қой құрысын айтпа, нең бар», – деп әбден тартыншақтауға дағдыланғанбыз. Жарайды, айтпайық-ай, сонда не шығады? Ұрпақ болашағын, ел келешегін ойлаған кім бар? Алайық, жейік, одан кім ұтады, кім ұтылады? Әрине, біз қазақтар. Азабын тартқанда, басқа түскенде соның қайғы-қасіретін бір-ақ сезінеміз. Алайда, о кезде кеш болмақ.
Өмір көрсеткендей, қызметін асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорға делдал болу, жалған сөз тасу, аманаттаған мүлікті иелену, жалған жауап беру – қылмыс. Ал қылмыс өзіңіз білетіндей заң нормаларын сәйкес жазалануға тиіс. Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтін, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізетін, ел болашағына қауіп төндіретін құбылыс. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Бұдан шығатын қорытынды – коррупциямен күрес басты мұрат.
Бұған қоса айтарым, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жойып, құқықты түсіндіру іс-шараларын тұрақты өткізіп тұру керек. Мысалы, Швецияда сондай. Әр сенбі күні кез келген мекемеде жемқорлық туралы лекциялар оқытылып, оның қауіпті тұсы жан-жақты айтылады. Енді сол елді қараңыз. Үлгі алуға тұрарлық па, жоқ па? Әрине, тұрарлық. Меніңше, халық өзінің құқығын толық білуге тиісті. Мектептерде жемқорлық, парақорлық, алдау-арбау туралы көп айтуымыз қажет. Себебі, бала жамандық атаулысынан пәк, себебі, олар періште ғой. Мектеп қабырғасынан шыққан бала қайда барады, колледж немесе университет. Ал онда сессия, рубежка кезінде ұстаздар пара алады. Ал одан білім сапасы төмендемесе, артпайтыны белгілі. Мысалы, Америкада әр ұстаздың үстелінің үстінде камера түсіріп тұрады. Артық ақша алдың ба, бітті сотталдым дей бер. Ол жақтың заңы қатал. Пара үшін 8-15 жыл аралығында жаза қолданады. Бірақ бір жақсы тұсы – мұғалімдердің төлемақысы өте жоғары. Соған сай, мемлекет тек білім-ғылымға ден қойып, «интеллектуалды қоғам» түзуге ынтық. Нәтиже деген өзін көп күттірмейді. Адал ексең, егінің де бітік шықпақ. Қазіргі кезде АҚШ-та 200-ден аса Нобель сыйлығының иегерлері бар. Бұл да мақтанарлық жетістік. Ал біз Қазақ елі немен мақтана аламыз? Иә, әдеби мұрамыз бен тіліміз бай, мәдениетіміз ешкімнен кем түспейді, білем. Өзгеге мақтанышпен айтатын тарихымыз бар. Бүгіндері Әлемді билеп, аю шақырып тұрған орысың да табанымыздың астында болған. Бұл – тарихи шындық. Бірақ мәселе онда емес. Осынау бір рухани кеңістік қайда жоғалып кетті? Аяқ астынан неге астан-кестеңіміз шықты екен?.. «Адам – капитал» деп жүрміз. Иә, капитал келісемін, бірақ сол адамды шетелге сату жағынан Қазақстан тағы да алғашқы отыздықта жүр. Сұмдық қой. Біреуден алады, ол пара береді. Оны барып «аға-жағасымен» бөліседі. Біздің бәсекеге қабілеттілігіміз осымен өлшенсе, білмеймін енді? Ауызға сөз түспейді.
«Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілгелі бері жағдай оңалуға тиіс еді. Бірақ бастама бар да, орындалу жағы кемшін. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіру мен сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуды көздейді. Қызмет құзыреті бойынша Тәртіптік кеңесі Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуын қадағалап, аталған заңнама мен кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлерді қадағалау белгіленген. Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұтастығын бұзатын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіретін фактор. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ. Сол себепті, бәрін сонау бір негізден, сонау бір бастаудан бастап түзеп, қарап, қадағалап, тексеріп, дұрыс жолға бағыттап отырған дұрыс. Айтарым – Алаш ұрпағы осы бір «кеселді» жеңіп, бұл «аурудан» құлан-таза айықса ғой, шіркін.
Сүгір ҚҰРМАНҒАЗЫ,
дінтанушы
ЖАН КЕСЕЛІ
Ислам діні – бейбітшілік пен тұрақтылықты насихаттайтын дін. Асыл дініміздің күн өткен сайын әлем жұртшылығының ықыласына бөленіп, ғаламды баурап бара жатқандығы мақтаныш сезімін оятады. Әділеттілік – ақиқатты жақтау, теңдікті ұстану, әркімнің тиесілі ақысын беру, адамдықтан айнымау деген мағына береді. Ислам діні – кісі құқығының тапталуына жол бермеген. Әділдік – Жаратушы Иеміздің көркем есімдерінің бірі, сондықтан бұл қасиет ислам дінінде толықтай көрініс тапқан. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) Алланың әміріне сай аса әділ болды. Сол әділдігімен сахабаларына, үмбетіне үлгі-өнеге көрсетті.
Исламда дінінде басшылық – жауапкершілігі мол, ауыр жүк. Себебі, басшылыққа кез келген адамның жүрексінетіні де сондықтан шығар. Өйткені, басшы бірінші кезекте өте әділ болуы керек. Ел басқарған кісілер өз жауапкершілігін толық сезініп, әділеттіліктен таймаған жағдайда ғана ақыретте зор құрметке бөленіп, нұрдан жасалған орындықтарда отыратындықтары сүйіншіленген. Құранда «Алла сендерге аманатты иесіне беруді, адамдар арасында төрелік жасағанда әділеттілікке сай үкім беруді бұйырды» (Ниса, 4/58) деп, басшылықта әділеттіліктің алтын арқау екені білдірілген. Хадисте: «Бір күн әділдікпен елді басқару алпыс жыл (нәпіл) құлшылық жасағаннан да артық» делінген (Мұттақи, Кәнзүл-Ұммал, 6/12). Яғни Исламда әділетпен басқару құлшылық жасағанға тең сауап іс. Басшы ел мүддесін өз мүддесінен артық қоюы керек.
Осындай өткір аяттар мен хадистерді басшылыққа ала отырып, мұсылман билеушілер тарихта ел басқаруда әділеттіліктің озық үлгісін паш етті. Жылағанды жұбатып, сүрінгенді демеуді, әлсізді жақтап, әлділердің озбырлық жасауына жол бермеуді олар өздеріне қасиетті борыш деп білді. Айталық, хазірет Әбу Бәкір (р.а.) мұсылман үмбетінің халифасы болып таңдалғанда алғашқы хұтбасында-ақ жұртқа былай деп жар салды: «Құрметті халайық! Өзімді араларыңыздағы ең тәуір кісі санамаймын. Бірақ сіздер мені басшылыққа таңдадыңыздар. Бұдан былай ақиқатшылдығыма көз жеткізсеңіздер, соңымнан еріңіздер. Қателігімді байқасаңыздар, түзетіңіздер. Елді әділдікпен басқаруда маған болысыңыздар. Ақысын өндіріп алғанға дейін мен әлсіздердің қорғанышымын». Яғни ислам ғұламалары басшылық оңай нәрсе емес екенін терең сезінген. Себебі, басшылық деген халық тағдыры, ұлт тағдыры.
Әділ болуы міндеттелген кісінің жауапкершілігі де үлкен. Осы себепті қандай да бір қателік жіберіп әділеттілік жасай алмай қалам ба деген қорқынышпен қазылық міндеттен бас тартқандар да болған. Имам ағзам Әбу Ханифаны Халифа Мансұр қазылыққа тағайындамақ болғанда ол кісі: «Мен үшін кей уақыттарда мәжбүрлікпен әділетсіз үкім шығарғаннан гөрі жер құшып өліп кеткенім әлдеқайда артық. Байқауымша, шенеуніктер арасында менің әділ үкімімді ауырсынатындар бар. Сондықтан мен қазылық міндетті атқарудан бас тартамын» деген. Сондықтан Хақ дінді ұстанған барлық мұсылман әділ, адал әрі өзгеге үлгі болуға тиіс деп ойлаймын. Еліміздегі күн санап артып келе жатқан сыбайлас жемқорлықтың арты жақсылыққа алып келмейді. Осы орайда жастарға көп уағыз айтып, оның жаман ғадет екенін түсіндіруіміз керек. Біреу пара сұрағанда: «Неге Аллаға қарсы шығуымыз керек?» деген сұрақты өзімізге-өзіміз қоя алсақ, онда бұл шын мәнінде адам ретінде қалыптаса алғандығымыздың белгісі. Егер Әзәзілдің айтқанына еріп, айдағанына көнсек, онда біз бауырларымызға, артымыздан ерген ұрпаққа қандай өнеге көрсетпекпіз? Жемқорлық экономикалық емес, алдымен рухани кесел. Жанның кеселі! Жанды таза күйінде сақтап қалғанда ғана саумыз, азатпыз деп айта аламыз.
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.