Қанат РАМАЗАН, сценарист, продюсер: «НҰРИКАМАЛ» ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІҢ ЖҮРЕГІНДЕГІ ДЕРТТІ КӨРСЕТІП БЕРДІ
Қазақ киносының қоржыны тағы бір туындымен толықты. 40 жылға жуық қазақ халқын әсем сазымен, сырлы сөзімен баурап келе жатқан «Нұрикамал» әні көркем фильмге айналып, көрерменді мүлде бөлек күйге бөлеуде. Әннің сазын жазған белгілі композитор Тұрдықылыш Ізтайдың, сөзін жазған көрнекті ақын Ханбибі Есенқарақызы мен әннің кейіпкері – Нұрикамал Сейітжанованың өмірінен бір үзік сырды таспалаған туынды жайлы сценарий авторы, «Ramzes Film Company» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Қанат Рамазанмен әңгімелесіп, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарды қойып көрдік.
Шығармашылықта да, ғұмыр жолында да хан қызындай асқақ болмысқа ие Ханбибі, ажарымен кез келгенді жалт қарата жүріп, сұлулығына дақ түсірмей өткен Нұрикамал, әуенімен саф сезімді әуелеткен Тұрдықылыш образдарын жасау қаншалықты оңай немесе қиын болды? Бұл жөнінде сұхбаттан оқып, біле аласыз.
– Аға, «Нұрикамал» фильмінің сценарийін жазған екенсіз. Жалпы, фильмді түсіру идеясы қалай туды?
– Сұрағыңызға рақмет! Жалпы, кино, ол – конвейер. Қазір Қазақстанда жылына 200-ге жуық түрлі жанрдағы фильмдер түсіріледі. Сондықтан біз бұны қалыпты жұмыс ретінде қабылдаймыз. Бір фильмді жазып бітеміз, екіншісі келеді дегендей ғой. Ал «Нұрикамалдың» жазылу тарихы өзім үшін қызық. Маған бұл тақырыпты жазу идеясы осыдан үш жыл бұрын келді. Ол кезде біз Қызылжарда «Мағжан. Мен жастарға сенемін» атты сериал түсіріп жүргенбіз. Содан бері «Нұрикамал» жадымда тұрып алды. Бірақ нарықтың сұранысы басқа болған соң, тапсырыс берушінің тілегін ғана орындап жүрдік. Кейін тағдыр мені Жандос Божаев есімді кәсіпкер жігітпен таныстырды. Киноға қызығатынын, жалпы, осы бағытта руханиятқа өз үлесін қосқысы келетінін білдік. Ал режиссер Ернат Байұзақ екеуіміз «ескі замандардан» біргеміз. Хабар арнасында қатар қызмет еттік. Осылайша, үшеуіміз бірігіп бір фильм жасап көрейік деп іске кірістік. Алғашында психологиялық триллер жасаймыз деп шештік те, мен «Жындықала» деген атаумен сценарий жазуды қолға алдым. Алайда жазу процесі бірден өніп кетпеді. Менің осылай қиналыңқырап, жұмыс бөлмеме сыймай жүргенімді әйелім үйде байқап қалыпты. Қазір неліктен әңгімені осылай бұрғанымды түсінесіз. Содан, бірде ол маған: «Неге «Нұрикамалды» ұсынбайсың, жай, айтып қана жүргеніңе неше жыл болды», – дегені… Сол кезде барып ұмытыла бастаған «Нұрикамалым» қайтадан еске түсіп, ойым өзгеріп шыға келді. Бірден Ернат Байұзаққа хабарласып едім, ол көп ойланған жоқ. «Қанат, ақыры фильм жасайды екенбіз, елдің есінде қалатын дүние жасайық», – деді бірден. Идеяны Жандос мырза да қолдап, бізге сенім білдірді. Сөйтіп, бір сценарийді ысырып қойып, екіншісін бастап кеттім. Ал енді, бағанағы әңгімеге оралайық. Айтыңызшы, жарым маған Нұрикамал туралы неге қайта-қайта айтты деп ойлайсыз? Себебі «Нұрикамал» – әйелдің тағдыры, ананың тағдыры, қыздың тағдыры. Сонысымен құнды. Өзім фильмге арқау болатын тақырыптарды таңдағанда өзім танитын «нәзік жандылардың» пікірін сұраймын, құлақ асамын. Өйткені қыздардың жүрегі – қоғамның пернесі. Олар өмірдің мелодиясын бізден жақсы естиді.
– Киноны түсірген шығармашылық ұжым турасында айтып өтсеңіз?
– Қандай фильмді болсын бір адам жасамайды. Кино өндірісі өте қажырлы еңбекті талап етеді. Бір фильмді сіздерге ұсыну үшін кадрдың сыртында елу адам тер төгеді. Ол – біртұтасқан, адамның ағзасына ұқсайтын дүние. Бәрін біріктіретін адам – продюсер. Жандос Божаев – осы үлкен дүниенің басы. Киноға кететін қаржы… ол қалай жұмсалады, қайда жұмсалады… біз біле бермеуіміз мүмкін, бірақ продюсер ұйымдастырушылықтан бастап, фильмнің шығуына дейінгі аралықтағы бар жауапкершілікті көтеріп алады. Менеджерлік қабілетің болмаса, ол өте қиын жұмыс. Сондықтан Жандос Божаев, Нұржан Тұрарханұлы сияқты жігіттердің еңбегі ұшан-теңіз. Ал режиссер – фильмнің миы. Салқынқандылықпен, үлкен төзіммен, көрегенділікпен ұсынылған сценарийді өз дүниетанымынан өткізіп барып, түсіріп, шегіне жеткізеді. Ал өзімді фильмнің жүрегі санаймын. Себебі сценарий әлсіз болса, фильмді ешкім құтқара алмайды. Сценарий жазу дегеніміз шахмат ойынына ұқсайды. Әрбір қадамың, ойың туындының көркемдігін ғана емес, өнімнің сатылымы мен маркетингін де ойлап тұрады. Көрерменді бір жарым сағат ұстап отыру мына ақпарат жылдам алмасатын заманда өте қиын. Әсіресе драма жанрында. Қоюшы оператор Жанат Өмірәлі – бұл тұтас ағзаның көзі. Қоюшы суретші – қол-аяғы. Кастинг, гримм, жарық қоюшылардан бастап, әрбір департаменттің біреуі шаршап қалса, тұтас ағза әлсірейді. Фильмде ойнаған әрбір актер бұл тұтас ағзаны адам деп аталатын кейіпке енгізіп, өмір береді, ғұмыр сыйлайды. Жалпы, фильм өндірісі – ерекше татулықпен, терең бауырмалдықпен жасалатын дүние. Біз де «Нұрикамалдың» түсірілімінде бір атаның балаларындай болып кеттік.
– Бұған дейін көпшілік жылы қабылдаған Алаш арыстары, қазақтың біртуар тұлғалары туралы фильмдердің сценарийін жаздыңыз. «Нұрикамал» фильмін қай жанрға жатқызар едіңіз?
– Мынандай қызық бар. Киноға сценарий жазып жүргеніме он жылдан асыпты. Осы аралықта жыл сайын «аруақтар» туралы фильм жазады екем. Достарым солай қалжыңдайды. Мағжан, Мұқағали, Шерхан, Оралхан, Сағат Әшімбаев сияқты ұлылардың тағдырын сериалға айналдырып жаздым. Бір жолы Сәкен Сейфуллин туралы ауыр диалогтер жазуға тура келді. Азамат Сатыбалды ағамыз сценарийді оқып болған соң: «Ана жаққа барғанда аруақ ұстап алады сені», – деп қалжыңдағаны бар еді. «Ештеңе етпейді, Мұқағалидың артына тығылам», – дедім. Азамат аға Мұқағалиды сомдаған соң өзімше әзілдегенім ғой. Негізі, бұл – үлкен жүк, жауапкершілік. Егер тек комедия немесе ертең-ақ ұмытылатын жеңіл сценарий жаза берсем, мені ешкім сынамайтын ба еді… Жүздеген сценарист солай өмір сүріп жүр. Проза жазатын, әдебиеттің үлкен кемесіндегі жазушылар, тарихшылар да кейде сыни көзқарасын танытып жатады. Бірақ өздері сценарий жазбайды. Себебі киноға сценарий жазу – басқа формат. Жазушыда рамка, кедергі жоқ. Әлдебір әсерлі сәтті суреттеу үшін толықтай бір бетті арнаса да, бір сөйлеммен жазса да өзі біледі. Қиялындағы ойды толық көркемдеуге еркі бар. Ал сценарист рамкадан аса алмайды. Мен – ойымның жартысын қимылға, жартысын сөзге, жартысын үнсіздікке, жартысын музыкаға жымын білдірмей жалғауды ойлап отыратын адаммын. Көргенде оңай, ал жазғанда шенеунік апам айтпақшы, «өкінішке орай, қиын». Осы тұрғыда «Нұрикамал» да тарихи фильм деп ойлаймын. Өйткені біз тұтас бір дәуірді суреттедік және сол дәуірде дүниеге келген ғажайып әннің тарихын қаз-қалпында беруге тырыстық. Нұрикамал Сейітжанова өмірден өтіп кетті. Тұрдықылыш Ізтаев бұл дүниеде жоқ. Сол кісілердің аруағы шат болсын! Қателігіміз болса, кешіретін шығар.
– Бірі киноны әнге қойылған ескерткіш ретінде қабылдаса, енді бірі отбасы бола тұра өзге аруға ғашық болған Тұрдықылышты айыптауда. Бірі өнер адамының, яғни сазгердің кризистік жағдайдағы ахуалы арқау болғанын айтып жатыр. Ал сіз кино желісін қалай бағамдар едіңіз?
– Бұл – әнге қойылған ескерткіш. Біреу ақтайды, біреу даттайды бірақ тарихты өзгерте алмайсың. «Нұрикамал» – нақты тарихы бар, өмірден алынған оқиға. Ал мен соны барынша көркемдеп құрылымы мен стилистикасын реттедім. Көрермен қай жерінде жылау керек, қай жерінде күрсіну керек, қай жерінде кейіпкерді жек көру керек, қай жерінде жақсы көру керек… соның бәрі хронометраж аясында нақты өлшемдерге, есептелген таймингке құрылады. Жазып отырғанда соның бәрін сезініп, өзім жылап, өзім күліп алуым керек. Сценаристің жүрегінен өткен туындыны, режиссер де оңай қабылдайды. Жұмыс істеуіне жеңіл болады. Тыңдаңызшы, осы фильмді АҚШ-та түсірсе, ешкім аса мән бермейтін бе еді. Халық арасында мынандай үлкен резонанс тумайтын еді. Бұл ауыр оқиға болса да өзіміздің тарих болған соң, басты кейіпкер қазақтың әйелі болған соң шулап кеттік. Фильм ешқандай «көзге шөп салуды» немесе «азғын еркектің солға бұрылып кеткенін» насихаттамайды. Бұл – өте нәзік, жүректің түпкіріндегі бір сезімді қытықтауға арналған, әр кейіпкердің тағдыры үшін алаңдауға арналған фильм. Менің инстаграмыма маза болмай кетті фильмнен соң. Хат өте көп келді. Жазып жатқандардың бәрі – әйел кісілер. Бір оқырманым: «Егер «Нұрикамалға» күйеуіммен барсам, ол бұзылып кетпей ме?» – деп жазыпты. Бірі: «Бәленің бәрін бастаған сенсің», – деген екен. Осы пікірлерді оқып отырып ойландым. «Нұрикамал» қазақтың қыз-келіншектерінің жүрегінің түпкірінде жатқан бір дертті ашып көрсетті. Біздің қоғамда өзіне сенімсіз әйелдер өте көп екен. Егер күйеуің бір фильмді көре салып өзгеріп кететініне сенсең, демек, сенің отбасыңда о бастан бірдеңе дұрыс емес. Хейт жасап жатқандардың да, хайп жасап жатқандардың да көпшілігі – әлі «Нұрикамалды» көрмегендер. Көрсе түсінер еді. Тағдыр туралы ойланар еді. Сосын, мен бұл фильмді әйелдердің абыройы көтерілсін, қоғамдағы орны айшықтала түссін деп жаздым. «Табиғатында еркек ақылды болу керек емес пе?» деген үлкен месседжбен аятадым. Бірақ оны біздің нәзікжанды қауымның кейбірі дұрыс түсіне алмады. Ал менің сценарист ретіндегі мақсатым да осы болған. Резонанс тудыру. Бұл – мазақ болатын фильм емес, азық болатын фильм. Көрсін, әркім өзіне керегін алсын.
– «Нұрикамал» фильміне таңдалған актерлерге сценарист ретінде қандай баға бересіз? Өз кейіпкерлерін қалай сомдап шықты?
– Жалпы, сценарист көп жерде актер таңдауға қатыспайды. Оған уақыты да жоқ. Бірақ режиссер Ернат Байұзақ – менің досым. Кастингке қатысып бағын сынаған актерлердің бейнеүзіктерін маған жіберіп отырды. Ақылдасып, өз ойымызды айтып отырдық. Кастингке көп адам қатысты. «Сомдайтын рөл де тағдырға жазылады» деген рас секілді. Тұрдықылыштың образына таңдау айтарлықтай тартысты өтті. Ешкімнің рөлді ойнағаны ұнай қоймады. Сөйтіп жүргенде, Олжас Дәлелхан Астанада өзінің көлігінде отырып түсірген бір бейнежазбасын жібере салыпты. Соны көрдік те, «Тұрдықылышымыз табылды» деп қатты қуандық. Композитордың иірімі бөлек, көзқарасы басқаша. Соны терең сезініп, киноның бір эпизодын көліктің ішінде отырып-ақ сомдай салған Олжастың өте талантты жігіт екеніне кейін түсірілімде де көзіміз жетті. Ханбибі апайдың рөліне таңдалған Гүлбахрам Байбосынованың шеберлігі өз алдына. Гүлбахрамға қай рөлді берсең де, әшекейлеп алады. Театрға барып спектакльдерін көріңізші, жүрегіңізді аралап өтіп кетеді. Ақын Ханбибінің образына әйел Ханбибіні әдемі қосты. Фариза Ескермес Нұрикамалдың рөліне таңдалды. Алғашында Ернат Фариза туралы айтқанда мен аздап қарсы болдым. Жалпы, инстаграмда елдің көзінен, жұрттың тілінен түспейтін адамдардан аса тереңдік іздемейтін едім. Сондықтан кастинг барысында жанталасып кеңсеге барып алып, Фаризаның ойнағанын режиссермен бірге көрдім. Мені таңғалдырғаны Фаризаның интеллектісі болды. Ол кастингке келгенде, Нұрикамалды түсініп келді. Оның муза екенін, жай сұлулық иесі емес, бекзат болмысты адам, ақсүйек әйел екенін біліп тұрғандай болды. Жалпы, Нұрикамалдың образы – өте қиын әрі күрделі образ. Сен көрерменге сұлулықты нәзіктікке жалғап, оған интеллект қосып ұсынуың керек. Оның үстіне, Фаризаның бұл рөлді жақсы көріп қабылдағаны, эксперименттен қашпайтыны жұмыс барысында көрініп тұрды. Қуаныш Құдайберген, Лаура Мырзахметова және басқа актерлар да образын өз биігінде атқарып шықты деп айтар едім.
– Қазақтың көрнекті ақыны Ханбибі апай өз туындысы жайлы кино түсірілгелі жатқанын білгенімен, одан кейінгі процестен бейхабар болғанын, егер алдын ала ақылдасып, фильм желісін көрсетіп алғанда кей тұстарын түзеуге болар еді-ау деген ойын айтып қалды. Расында, осы тарихи оқиғаның негізгі кейіпкерімен санасып отыруға не кедергі болды екен?
– Ханбибі апай – ең алдымен, ақын ғой. Ол кісімен сөйлесу оңай деп кім айтты сізге. Кесіп сөйлейтін, мәселенің бәрін шешіп сөйлейтін адам. «Нұрикамалдың» сценарийін жазардан бұрын Шымкентке режиссер, продюсер – үшеуіміз арнайы барып, ақынмен сөйлесіп, батасын алып қайттық. «Сен Мұқағалиды, Мағжанды жазған жігітсің, жаман дүние жасамайтыныңды білем», – деп рұқсатын берді. Ал сценарийді сонау Шымкентке апарып талқылауға бізде уақыт жағынан мүмкіндік болмады. Екіншіден, егер мен жазғанымды апарып көрсеткенімде бұл Нұрикамал шықпайтын еді. Себебі сценариймен танысу барысында актердің ойыны көрінбейді, сондықтан сөз жүрекке тиюі мүмкін. Қалай болса да, премьерада бір-ақ көрсін деп ойладым. Дегенмен Ханбибі апай да қыстаған жоқ, егер сценарийді көрсет деген нақты талап қойса, апаруға міндетті болар едім. Шымкенттегі премьерада ақынның өзі көріп отырды. Қатты жүрексінгенім рас. Фильм басталмай тұрып жанына барып: «Хан апа, не айтсаңыз да фильм біткен соң айтыңызшы», – деп өтіндім. «Қорықпа, бәрі дұрыс», – деді ол кісі. «Нұрикамал» біткен соң, ортаға Хан апаның өзі шықты. Тебіреніп сөйледі, бәріне рақметін айтты. Фильмнің кейбір өзіне ұнамаған тұсын жүрегіне бүгіп қалды ол кісі, бірақ қанында бар тектілікпен фильмнің көркем туынды екенін ескерді. Жалпы, өмірде бар адамның тағдырын жазудың қандай қиын екенін Хан апаның өзі де біледі. Жазушы ғой… Фильм ел арасында талқыға түсе бастағанда өзім хабарластым. Екеуіміз бірер сағат сөйлестік. «Енді тиктокта неше түрлі контент шығады, сізге ауыр тиетіні де болуы мүмкін», – дегенімде, «Мен ештеңеден қорықпаймын», – деп қысқа қайырды. Жалпы, Ханбибі деген атпен бұл фильмнің жалғасын түсірсе де көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие болар еді. Себебі сұрапыл оқиғалар бар. Бірақ оған Хан апам рұқсат бере қоймас деп қоям…
– «Киноның тілі жұтаңдау болып қалды» деген пікірге, туынды декорациясы туралы сын сөздерге не айтар едіңіз?
– Мынаны түсіну керек, «Нұрикамал» мемлекеттің қолдауымен шыққан жоқ. Шай өндіретін компаниясы бар Жандос есімді қарапайым жігіт мемлекеттің жұмысын жасағандай болды. «Комедия ғана табыс әкеледі» деген пайым басымдық алып тұрған шақта, қандай инвестор болсын, бірінші бизнесті, салған ақшаның қайтарымын ойлайды. Бұл – кинонарықтың қалыптасқан заңы. Алайда Жандос мырза өз қалтасынан ақша бөлді де, драмаға кіріп кетті. Қорыққан жоқ. Бізге сенді, командаға сенді. Сондықтан бәріміз жеке кәсіпкердің қаржысын үнемдеуге тырыстық. Үнемдей отырып үлкен дүние жасаудың қиындығы – бөлек әңгіме. Есесіне, бар қиындық артта қалды да, «Нұрикамалды» жарыққа шығардық. Киноның декорациясынан немесе тағы басқа қырынан жұтаңдық сезілсе, оған таңғалудың қажеті жоқ. Болмайтын киноға да ақша бөліп жатқандар бар. Ал тілдің жұтаңдығы жайлы сыни пікірді өзім оқыдым. Менің мақсатым – қарапайым халыққа өту. Мәтін барынша қарапайым, өмірге жақын болу керек. Киноға келетін, көретін жұрттың басым бөлігі туындыдан өмірдегі өзін көргісі келеді. Олар әдебиетте жүрген жоқ немесе біз әдебиетшілер үшін кино түсіріп жүрген жоқпыз. Күндердің бір күні көрермен өзгереді, соған келе жатырмыз аяңдап. Бәрін бірден өзгертіп жіберу, әсте мүмкін емес, нарық өзі реттеп алады. Біз Кореяның моделімен келе жатырмыз. Оларда да басында комедия өтімді болды, сосын дорама келді. Драма әбден сіңген соң, халық тілдің көркемдігін өзі талап етеді. Бәрі – уақыттың шаруасы.
– Көрерменді бірыңғай қарапайым сөзбен түсірілген фильмдерге әуес деп айтуға да болмас. Керісінше, қазір көпшілік кинотуындылардан болсын, драматургиялық қойылымдардан болсын, терең оймен қатар сүбелі сөз іздейді. Әрі көрерменнің талғамына икемделгеннен көрерменді биік талғамға ие ету де өздеріңіздің қолдарыңызда емес пе?
– Енді қараңыз, мен құнарлы сөз бен шұрайлы сөзді қосақтап төбесіне тәж кигізіп, Тыныштықбек ағам айтпақшы, аңқытып әкеп жайып тастауыма болады. Ол қиын емес. Сіздің ойыңызды да ұғып тұрмын. Кітапты көп оқитын адам есебінде өзім де сол ойдан алыс емеспін. Проза да жазып тұрамын. Десе де фильмнің авторлық құқығы менде жоқ, оған қаржыны да мен бөлген жоқпын, сосын, «көрпеңе қарай көсіл» деген қағида – менің негізгі ұстанымым. Келісімшартқа отырып сценарий жазуды бастағанда, мен сол болашақ жобаның табыс әкелуін бірінші ойлаймын. Кейбір сөздерді халық шуласын деп әдейі қосамын. Салмағы мығым, зілдей күші бар сөзді ең арзан синонимге алмастырамын. Себебі халық солай сөйлеп жүр. «Нұрикамалға» 1988 жылы болған оқиға арқау етілді. XVIII ғасырдағы оқиға болса, бір сәрі. 1988 жылы жас болғандар қазір де жүр ортамызда. Сол уақыттағы адамдардың сөйлеу мәнері мен қазіргі жастардың заманауи тілін жымын білдірмей араластырып жіберу – менің міндетім. Себебі мен бұл сценарийді сатамын. Көрермен – сатып алушы. Демек, менің сатып алушым – 10 жас пен 70 жастың арасындағы контингент. Бұл – менің кәсібім. Дегенмен мен Мағауинді жақсы көремін, Есенберлиндей алыптың суреті кабинетімнің төрінде тұр. Абыз Әбіш пен Дарабоз Қабдеш аталарымызды сүйіп оқимын. Мектеп кезінен тарихи кітап көрсем, оқымай қоймаймын. Ай сайын екі кітап сатып алу дағдыма айналған. Сондықтан жоғарыдағы алыптардың мақамы – менің жүрегімде. Тілге мен де алаңдаймын. Бәрі реттеліп келе жатқаны қуантады мені. Бұрын орыс тілінде түсірілген фильмдер касса жинайтын, табыс табатын. Ал қазіргі шындық басқа. Қазір басқа тілде түсірілген фильмдер өзін ақтамайды. Табысқа шығып жатқанның бәрі – қазақша фильмдер. Демек, тілдің тұғырына қонатын уақыты алыс емес.
– «Киноның атауы да, басты кейіпкер де Ханбибі апай болу керек еді», – дейтіндер де бар…
– Иә, оқиға Ханбибі Есенқарақызының көзімен баяндалады, бірақ біз әннің тарихын көрсеттік. Әннің тууы – әдемі лирика. Сол үшін де Нұрикамалдан асқан атау жоқ. Оның үстіне, маркетинг заңдылығымен Нұрикамалдан басқа атау таңдасақ, халыққа түсіндіру де қиындап кетер еді. Бұл фильм тіпті мемлекеттің қаржысына түсірілсе де атауы Нұрикамал болатын еді. Себебі әр фильм салған қаражатты ақтауы тиіс. Кино, ол – бизнес.
– Роза коуч сияқты блогерлер де фильмді талқыға салды, бұған көзқарасыңыз қандай?
– Роза ханым үшін аудитория жинайтын тақырып қой бұл. Жалғыз ол емес, әйелдерге өмір сүруді үйретіп жүргендердің біразы талқылады. Олардың фильмді көркем туынды ретінде, өнер ретінде қарастырып талқылауға деңгейі жетпейді ғой. Олар бұл фильмнен бейшара әйелді, қызқұмар еркекті ғана көреді. Басқа ракурстан қарау олар үшін «екі қойың бір сомның» кері. Оған ренжімейміз, тауып отырған наны ғой.
– Сценарий жазатын адам режиссер бола ала ма? Өзіңіз кино түсіруге қалай қарайсыз?
– Сұрағыңыз түсінікті. Сол жолда келе жатқан адаммын қазір. Осы уақытқа дейін оншақты режиссермен жұмыс істедім. Әрбірінен үйренгенім бар. Өзімнің ішкі дүнием бір күні сигнал береді, сол кезде бастаймын. Сары майдай сақтап, пісіріп жүрген тақырыптарым да бар. Біздің тарих игерілмей бос жатыр. Мен сол бағытта жұмыс істейтін шығармын.
– Алда тағы қандай туындылармен қуантасыз? Қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазір «Tiger films» кинокомпаниясының тапсырысымен «Әмеңгер» деп аталатын фильмнің сценарийін жазып жатырмын. Тағы да бүкіл елді жылатайын деп отырған сияқтымын. Тағы да қыздың тағдыры. Бұл да резонанс тудырады. Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасын» жазып бітірдім. Оны да көріп қаларсыздар. Жоспар көп, алда үлкен тарихи жобалар бар. Тек уақыт жетпей жатыр. Сол үшін «бұрынғы уақыт белдеуін қайтарыңыздар» деп ортасында қосып кетсем бола ма? (күліп). Сөз соңында айтарым, қазақ киносы дами берсін! Кино, ол – идеология. Кино – ұлттың рухы, елдің сенімі. Сыни көзқарас адам баласы жаралғанда-ақ пайда болған. Киноның сиқырлы әлемі сонысымен ғажап!
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
ПІКІРЛЕР3