Ажырасу айықпас дерт болып тұр
25.04.2024
30
0

Бүгінгі қоғамның айықпас дертіне айналған мәселенің бірі – ажырасу. Кейінгі жылдары елімізде шаңырағы шайқалған отбасылар саны көбейген. Stat.gov.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанда 3,9 мың ажырасу тіркелген. Бұл көңіл көншітерлік жағдай емес.
Ажырасудың ең көп кездесетін себебі – ерте жаста отау құру немесе тұрмысқа шығу. Сіздер де еститін шығарсыздар, өрімдей жас қыздар мектеп бітіре сала тұрмысқа шығып жатады. Ересек өмірді көрмеген, үйінен алысқа шықпаған, жоғары білімі жоқ бойжеткендер мүлде бейтаныс ортаға барып, өзін жоғалтып алады. Отбасы құндылықтарын түсінбей, өзінің әлеуметтік рөлін сезінбейді. Бұл жағдайда үйден алған тәрбие де маңызды рөл ойнайды. Уақыт өте келе, жастар отбасылық проблемаларға шыдамай, саналы түрде ойлана алмай, соңы ажырасуға әкеліп соғады. Ер бала да ақыл тоқтатпай отау құрған соң отбасылық проблемалардың түйінін саналы түрде шеше алмайды. Осы тұста ер адамның рөлі отбасында аса маңызды екенін еске саламыз. Тағы да бір себеп – салт-дәстүр. Қазақ халқы – өз дәстүрін берік ұстанған, құрметтеген халық. Алайда оның бүгінгі заман талабына сай келмейтін тұстары бар. Оған мысал ретінде атастыру мен алып қашуды атап өтсек болады. Әрбір адамның өзіндік ойы бар зайырлы қоғамда бұл – өте өрескел дәстүр. Атастыру – қыз бен жігіттің ата-анасы күні бұрын, жас шағында балаларын үйлендіру хақындағы ақ ниет. Өскен соң балалар ата-аналарының сөзінен аттамай, бір-бірін сүймесе де бас қосып жатады. Одан әрі бақытты өмір сүріп кеткендері де, ажырасып тынғандары да бар. Алып қашу – қазақ қоғамындағы мен білетін ең жабайы дәстүр. Әрине, ол нәрсе көбіне қыздың келісімімен жүзеге асады. Бірақ оған құлақ аспай, қарсылық танытса да күштеп алып қашатындар бар. Одан кейін ол қыз ата-анасының абыройын ойлап, артынан «босаға аттаған қыз» деген сөз ермесін деп, сол отауда қалып өмірін қор қылады. Сол қорлыққа өмір бойы шыдағандар да, тәуекел етіп ажырасқандар да бар.
Тұрмыстық жағдайдың төмен болуы, ер адамның ішімдікке салынуы, қызғаныш секілді айта берсек, бұндай өрескелдіктің жол алуына өзге себеп те көп. Бұндай жағдайда екі жақтың да төзімі, әйел адамның ақылы, ер адамның қайраты таразыға салынады.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, ондай жағдайлардың алдын алу үшін отау құрмас бұрын жақсылап ойланыңыз. Кездесетін түрлі мәселеге дайын болыңыз, оларды тереңінен түсініңіз. Не үшін үйлену керек, отбасында менің міндетім қандай, балалы болуға дайынмын ба деген сұрақтарға іштей жауап іздеңіз. Бастысы, отбасын махаббатпен, сыйластықпен құрыңыз.

Арайлым Қаналықызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір