Делдалдық та – дерт
23.02.2023
286
0

Бүгінгі балалар білмеуі мүмкін. Кешегі кеңестік кезеңде қылмыстың «спекуляция» деген түрі болған. Қазақшасы – алыпсатарлық. Яғни, бір жерден тауарды арзанға сатып алып, екінші біреуге қымбат бағаға сататындарды осы бап бойынша жауапқа тартып жататын. Өзі түк өндірмей, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп пайда табатындарды қазақы қоғам да, ислам ілімі де құптаған емес. Мұндай кәсіп – ардан безген, моральдық азғындаған адамдарға тән деп есептелінетін.

Тәуелсіздікпен бірге табалдырығымыздан аттаған нарықтық қатынас бұрынғы құндылықтарымыздың көпшілігін күресінге шығарып тастап, жаңа түсініктер қалыптастыра бастады. Бұл қоғамда жаңағы айтқан «алыпсатарлар» енді басқаша кейіпке еніп, «іскер», «епті» адам аталып жүр. Енді оларды жұмсақтап «делдал» деп, кей жағдайларда «коммерсант» деп әспеттейтін жағдайға жеттік. Ал бізше болғанда, атын қалай түрлендіргенімен алыпсатардың аты – алыпсатар.
Қалайда ақша тауып, баюды басты мұраты санайтын дамыған капиталистік елдерде делдалдыққа жол ашық. Десе де, оларда осы кәсіппен айналысатын адамдарға қандайда бір шектеулердің бар екенін де білеміз. Саланың өзіне тән заңы мен мәдениеті қалыптасқан. Ал бұл үрдіс бізге келгенде жабайыланып, жағымсызданып шыға келгенін көріп жүрміз. Қайда барсаң да алдыңнан арсалаңдап шығады да тұрады. Жай ғана таксиге отырғыңыз келді ме, әлдебір зат алу үшін базарға бас сұқтыңыз ба, жоқ әлде мемлекеттік қызмет алуға келдіңіз бе, сіз ең алдымен делдалға жолығасыз. Иненің көзінен өткендей пысық жігіттер мен қыздар асты-үстіңізге түсіп, бәйек болады да қалады. Ақшасын артығымен беріп, қолын майлап жіберсеңіз, шаруаңызды тастай қатырып тындырып тастайды.
Жуырда Алматыдағы автокөлікке арналған қызмет көрсету орталықтарының біріне барғанмын. Кезек көп екен, біраз күтуге тура келді. Қарап отырмай жан-жағыма зер саламын ғой, баяғы. Әбден әккіленіп алған жігіттер кімге көмек керек екенін де айнытпай табатын сияқты. Көлігіңізді кезексіз тіркеу ме, жүргізуші куәлігі ме, мемлекеттік нөмір ме, дәрігердің анықтамасы ма, құдай-ау, бәрі солардың қолында сияқты. Тек ақшаң болса болғаны…
Атышулы «Алтын Орда» базарына ауылдан малын сойып етін әкелетін шаруалардың өздігінен кіре алмайтынын талай естігенбіз. Алдымен делдалдың қолына тиіп, одан сатушыға жеткенше ет бағасының еселеп өсіп кеткенін аңдамай да қаласың. Сатушы ғой, сатқан еңбегіне ақы қосады, ал пайданың басым бөлігі саусағын да қимылдатпаған делдалдың қалтасына түседі. Екі ортада тауар өндіруші мен тұтынушы, былайша айтқанда, қарапайым халық зардап шегіп жатады. Осындай көріністі бүгінгі өміріміздің кез келген саласынан кездестіруге болады.
Біздің қоғамымызды жегідей жеген бірінші індет – жемқорлық пен парақорлық десек, делдалдықты солардың қатарына қоюға болатын шығар. Себебі, елімізге, мемлекетке зәредей де пайдасын тигізбейтін, халықтың денесіне кенедей жабысып алып, қанын теспей соратын осындай сорақы құбылысқа тосқауыл қойыл­май, баға да шарықтап, тұралаған қалпымыздан айнымайтынымыз ақиқат. Осындайда, әлгінде айтылған «спекуляция» туралы заңды қайтадан қалпына келтіру керек шығар деген ойға қаламын.

Қуат Қайранбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір