БІЛІМ ҚҰНЫ ҰЛТТЫҚ БАСТАУДА
04.11.2016
1930
1

a-sajynovАлаш зиялыларының «Жұртта білім болса, байлық, құрмет, барша рахат та табылмақшы. Егер де білім, өнер жоқ болса, дүниедегі кеңшіліктің бәрінен де құр қалып, көрінгенге жем болып, шөліркеп, азып-тозып бітпекші» дейтін ұстанымы бүгін де өзекті, бүгінгі жұрттың да жанды жері болып отыр. Құдайға шүкір, «Түбінде еліміз егемендігін алады. Өз алдына дербес мемлекет болады. Мемлекеттілігімізді алған кезде ең бірінші болып Қараөткелде университет саламыз» дейтін алаштықтардың арманы орындалғалы да біраз уақыт өтті. Тәуелсіз Қазақ елі өзіндік білім беру жүйесін құрып, егемен елдің мектептері мен жоғары оқу орындары  бой көтерді. Біз сол білім ошақтарындағы білім беру жүйесі турасында, ондағы ұстаздардың біліктілігі мен оқулықтардың сапасы жайында Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ  мырзамен сұхбат құрған едік. Тәуелсіз қазақ елінің ғылым-білімін дамытудағы ерен еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлықты иеленген ғалым өзін толғандырған бірқатар мәселені айтып, ағынан жарылды.

– Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміздегі білім жүйесі бірнеше реформадан өткені белгілі. Реформа жасалып жатқан тұста сын айтушылар көп болатыны белгілі. Алайда, енгізіліп жатқан әрбір жаңа бағдарлама ел білімінің сапасын жақсартуды мақсат етеді емес пе?

– Әр күрделі жүйе сияқты білім беру жүйесінің де көптеген жүйе құраушылары бар. Білім сапасын көтеру үшін осы жүйе құраушыларын анықтап, солар­дың сапасын үйлесімді түрде көтеру керек, сонда ғана білімде сапа болады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мақсат етіп қойған, Қазақстанды әлемнің 30 бәсекеге қабілетті елдері қата­рына қосу үшін, ұлттық рухани қасиеті мол, тәрбиелі һәм білімді ұрпақ өсіруіміз керек.Орта білім беру жүйесінде білім сапасын көтеру мақсатында жүргізілген реформалар осыны мақсат ете отырып, ғылыми негізде жүргі­зілуі керек. Ал біздегі реформалар осыны мақсат ете ме, ғылымға негізделіп жасала ма, мәселе осында.

– Кешегі Кеңестік кезең білім сапасы жағынан озық болатын дейтіндер көп. Осы саланың маманы ретінде сол тұстағы білім жүйе­сінің озық тұстары мен кемшілік­терін саралап көрсеңіз.  

– Әрине, сол тұста да білім жүйесінде кемшіліктер болды. Соның біреріне тоқталайын. ХХ ғасырдың 80 жылдары ғылым мен техника қарқынды даму жолына түсті. Сала мамандары мен ғалымдары мектепте  оқытылатын пәндердің мазмұнын сол жетіс­тік­тер негізінде толықтырып отыру қажеттігін айтып, солар­дың ықпалымен пәндердің маз­мұны ұлғайып, тіпті жаңа пәндер де енгізіле бастады. Нәтижесінде ХХ ғасырдың аяғында мектепте оқытылатын пәндер бойынша берілетін білім көлемі балалардың білімді меңгеру қабілетінен артып кетті. Ол туралы орыстың белгілі ғалым-педагогтері К.Д.Ушинский, Е.А.Ямбург, В.Н.Бацын, Э.Д.Днерпов және басқалары нақты дәлелдер келтіре отырып ашық жазды. Мысалы, К.Д.Ушинский: «Біз балалардың басына ештеңеге де керегі жоқ қоқысты үйіп-төгіп жатырмыз, кейін адам оны өмірде қолданбайды», – деп жазды. Бірақ одан тиісті қорытындылар жасалмады. Білім беру саласы­ның басшылары «білім, білік, дағды» парадигмасынан «нәти­жеге бағдарланған, оқушылардың құзыреттіліктерін қалыптасты­ратын» парадигмаға өту қажет­тігін мойындағылары келмеді. Білім жүйесін дамытуға қатысты шешімдер қабылдауда ғылыми негізделген ұсыныстар толық ескерілмейтін болды. Әрине, мұндай қателіктер білім сапасына кері әсер етті.

Алайда, расымен де ол тұста орта білім сапасы жоғары еді, әлемде алғашқы үштіктің қата­рында болатын. Тек орта білім жүйесін қажетті оқу-әдістемелік және зертханалық құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз ету мақ­са­тында 100-ден аса ірі кәсіпорын жұмыс жасады. Ұстаздардың әлеуеті жоғары, еңбек ақысы жақсы еді. Оларға Үкімет тарапынан мол қамқорлық жасалды. Сондықтан ұстаздық мамандық­қа көптеген талантты жастар барды.

Ол уақытта білім сапасының жоғары деңгейде болуының тағы бір себебі, білім беру саласы ғылыми негізде дамып отырды. Кеңестер Одағының Педагоги­калық ғылымдар академиясы Одақтың Ұлттық ғылым академиясы деңгейінде бағаланатын, он мыңнан аса ғалым жұмыс жасайтын құзырлы академия болды.

– Білім сапасын анықтау мақсатында жүргізілетін халық­а­ралық зерттеулер нәтижесі бо­йынша Қазақстандағы білім сапасы көңіл қуанта ма?

– Білім сапасын анықтау мақ­са­тында жүргізілетін халық­а­ралық PISA, TIMSS және басқа да зерттеулерге еліміз 2007 жылдан қатыса бастады. Алғаш рет TIMSS зерттеуіне қатысты. Ол зерттеу 4-ші және 8 сынып оқу­шылары арасында жүргізіледі. Бұл зерттеуге бізден тек 4-ші сы­нып оқушылары ғана қатысып, математика пәні бойынша
5 орын, жаратылыстану пәні бо­йынша 11 орын алды. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш еді. Ал 2011 ж. зерттеуге 4-ші және 8 сы­нып оқушылары қатысты. 4 сы­нып оқушылары сәйкесінше 27-ші және 32-ші орындарды иеле­ніп, 4 жылда  білім сапасы­ның 22 және 21 сатыға төмендеп кеткендерін, ал 2007 жылы 4-ші сыныпта оқыған оқушылар 2011 жылы 8 сыныпқа келгенде, олар осы пәндерден сәйкесінше 17-ші және 20 орындарды иеленіп, өздерінің білім сапасын 4 жылда 12 және 9 сатыға төмендетіп алғандарын көрсетті. Бұл жақсы нышан емес.

PISA зерттеуіне еліміз 2009 және 2012 жылдары қатысты. Бұл зерттеудің мақсаты – 15 жастағы оқушылардың оқу, математи­калық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтарын анық­тау. Оған 65 ел қатысты. Қа­зақс­тандық оқушылар оқу сауаттылығы бойынша осы жылдары 59-шы және 63-ші орындарды, математикалық сауаттылық бойынша 53-ші және 49-шы орындарды, ал жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтары бойынша 58-ші және 52 орындарды иеленді. Бұл нәтижелер Эконо­микалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы елдеріндегі орташа нәтижеден көп төмен еді.

– Сонда білім сапасын көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Балаға сапалы біліммен қатар ру­хани-адамгершілік тәрбие беру жа­ғы бізде қалай жолға қойыл­ған? 

– Білім сапасын көтеру үшін алдымен білім беру жүйесі жақсы дамыған елдерді анықтап, олар  қандай ұстанымдарды негізге алғандарын білу керек; екінші­ден, әлем елдерінің білім беру жүйелерін зерттеген ғылыми-тәжірибелік еңбектерді мұқият талдап, білім беру жүйесін құрау­шыларды анықтау керек; үшін­шіден, осы құраушылар негізінде елімізде атқарылған жұмыстарды зерделеп, қажетті қорытындылар жасау  қажет.

Біз осы мақсатта біраз жұмыс­тар атқардық. Соңғы 10-12 жыл­ғы Халықаралық PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулерінің қоры­тындыларын зерделей отырып, Шанхай (Қытай), Сингапур, Гонконг (Қытай), Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Канада және Жаңа Зеландия елдерінің оқушылары тұрақ­ты түрде жоғары нәтижелер көр­сететінін байқадық.

Бұл елдерде ғылыми негізде дайындалған білім беру саясаты іске асырылады. Олардың басты мақсаттары: ана тілін сақтай отырып ұлттық ерекшелігі мен дәс­түрлі мәдениетінен ажыра­маған, рухани бай адам тәрбиелеу, мұғалімдердің кәсіби құзырет­тілі­­гін көтеру. Бір сөзбен айтар болсақ, басты мақсат – адам тәрбиесі. Бұл елдерде білім ре­фор­масы, орта есеппен, 10 жылда бір рет жүргізіледі.

Шетелдік ғалымдардың жүргізген зерттеулерінің ішінде бізге АҚШ-тың «McKinsey&Со­mpa­nу» компаниясы ғалымдары­ның жұмыстары ұнады. Олар:  «Мектепте оқытудың тұрақты жоғары сапасына қалай жетуге болады?» деген тақырыпта кө­лем­ді зерттеу жұмыстары әлемнің 25 елінде жүргізілген.

Осы зерттеу нәтижесін зерделей отырып, ғалымдар: «Мек­тептегі білім берудің үздік жүйелері қалай атқарылуда?» деген тақырыпта жүргізген  зерттеу нысаны ретінде, айтарлықтай тұрақты табыстарға қол жеткізген 20 елдің орта білім беру жүйесі алынған.

Сараптай келе мамандар білім беру сапасын үш жағдайды ескере отырып жақсартуға болады деген қорытынды жасайды. Біріншіден, білім беру жүйесінің қарастырылып отырған кездегі нақты жағдайын, жетістіктері мен кемшіліктерін анықтау; екіншіден, оқыту нәтижелерін жақсарту үшін қандай жұмыстар атқару қажеттігін тұжырымдау; үшіншіден, әр елдің орта білім беру жүйесінің ерекшелігін, тарихын, мәдениетін, саясаты мен құрылымын ескере отырып, атқарылуы қажетті іс-шаралар кластерін дайындап, іске асыру керек.

– Жоғарыда, мектептерде қолданылып отырған «білім, білік, дағды» парадигмасын өзгерту керек деп қалдыңыз. Осыған кеңірек тоқтала кетсеңіз.

–  Орта білім беру жүйесінде білім беру «білім, білік, дағды» парадигмасы негізінде іске асырылған уақытта, оқу проце­сінде оқушыларға мүмкіндігінше молырақ материалдар беріледі, себебі, олар білім алушылар болып есептелінеді. Ал сол білім, көбіне, өмірдегі нақты жағдаят­тар­мен, адамның тұрмыс-тір­шілі­гімен ұштастырыла беріл­мейді.

Бір ғана мысал келтірейін. Барлық жоғары сыныптарда химия пәні оқытылады. Менделеев системасындағы химиялық эле­менттерді, олардың қасиетте­рін барлық оқушылар оқиды. Қазіргі уақытта ыдыс-аяқ жуу үшін пайдаланылатын, сыртында химиялық құрамдары жазыл­ған заттар көп. Білім жетілдіру инс­титутында дәріс беріп жүрген күндерімнің бірінде, сондай заттардың құрамын жазып алып, мұғалімдерден олардың қасиет­терін айтып берулерін сұрадым. Ешкім дұрыс жауап бере алмады. «Химия пәнін соншама жыл оқып, содан алған біліміңізді өмі­р­де қалай пайдаланып жүр­сіздер?» деген сұраққа да ешкім­нен мардымды пікір ала алмадым.

Дамыған елдер осыны ертерек түсініп, оқу мазмұнын жүйелеумен бірге оқушыларды тек білім алушы ғана емес, оқу үдерісіне белсене араласушы дең­гейіне көтере алды. Олар өз­дігінен білім алу, оны өмірдегі жағдаяттарда пайдалана білу, із­дену­шілік құзыреттіліктерін қа­­лыптастырып, дамытып отыр.

Ал біз өкінішке орай, әлі бі­лім беру мазмұнын жеңілдете алмай отырмыз. Бір мысал айтайын. Бастауыш сыныптардың бекітілген жаңа стандартына сәйкес ақпараттық-ком­муни­кациялық технологиялар пәнін 3 сыныптан бастап оқыту жоспар­ланған. Осы пәннің 3-ші және 4-сыныптарға арналған оқу бағдарламасында «Қарапайым графикалық модельдерді құру және редакциялау», «желіде орналасқан ақпараттың барлығы нақты және пайдалы екенін анық­тау», «желіде этикалық және құқықтық нормаларды бұзу салдары туралы ой қорыту» деген сияқты тапсырмалар жазылған. Осынша күрделі дүниені баста­уыш сынып оқушылары меңгере ала ма? Басқа бағдарламаларда да осындай аса күрделі дүниелер көптеп кездеседі.

Балаларды ерте жастан күр­делі бағдарламалармен оқытып, күрделі тапсырмалар беру олардың психофизиологиялық жетілуіне және ақыл-ой дамуына теріс әсер ететінін, сонымен бірге, олардың білімге деген ынтасы шектелетінін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр.

Осы тұрғыдан алып қара­ғанда, 12 жылдық мектептің бас­тауыш сыныптарына білім беру стандарты мен барлық пәндердің оқу бағдарламалары, әлі де болса мұқият талқыланып, оларды жетілдіру мақсатында тиянақты жұмыстар атқарылуы қажет.

– Соңғы кездері оқулық сапасына қатысты көп сындар айтылуда. Әрине, оқулық жазу оңай шаруа емес екені белгілі. Жалпы, оқулық авторларына қандай талаптар қойылады?

– Жақсы оқулық жазу үшін, біріншіден, елімізде оқулықтану ғылымын дамыту керек. Оқулық жасаудың бар қиындығын өз тәжірибесінен жақсы білген академик А.Колмогоров оны реак­тивті ұшақ құрастырумен са­лыстырған. Бұл, жақсы ұшақ құрастыруға қанша білім керек болса, жақсы оқулық жазу үшін де соншалықты білім керек деген сөз.

Кеңестік дәуірде Қазақстанда оқулықтар өте аз жазылды, оқу құ­ралдарының маңызды идеоло­гиялық құрал екенін жақсы түсін­ген орталық оны шығару мәселесін толығымен өз қолына алды. Қазақ мектептерінде оқу­шылар аударма оқулықтармен оқыды.

Ерекше көңіл аударатын бір жай, оқу  құралдары дайындал­ған­­да оқу материалдары дұрыс сұрып­талып берілуі керек. Өкі­нішке орай, біз бұл жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмей отырмыз. Бір ғана мысал келтірейін. Бірде менің қолыма француз тілі оқулығы түсті. Мұқият қарай отырып, оның авторларының Франция елін өте жақсы біле­тін­деріне қайран қалдым. Сұрас­тырып көрсем, олар мәлімет жинақ­тау үшін Франция елшілі­гіне барған екен. Келу себебін түсінген елшілік қызметкерлері оларға оқулыққа ендіру үшін көптеген материалдар берген. Авторлар сол материалдарды өз оқулықтарында пайдаланған.  Елшілік басқа оқулық авторларына да осылай көмек көрсеткен. Нәтижесінде, барлық француз тілі оқулықтарында Франция еліне қатысты материалдар өте тартымды әрі мағыналы берілген. Онымен оқыған балалардың бойында Франция еліне деген ерекше құрмет сезімі оянады, ол елдің біздің елге қарағанда артықшылығын сезінеді. Сонда, фрацуз тілін оқытқандағы біздің мақсатымыз осы ма?

Ағылшын тілі оқулықтары да осылай жазылған. Балаларымыз­дың шетелдіктерге еліктегіш болып бара жатқанына осындай оқулықтардың ықпалы зор емес пе ?

Біз Оңтүстік Корей елінің 7-9 сыныптарына арналған ағылшын тілі оқулықтарын мұқият қарап шықтық. Олардан Корей елінен басқа шет елге қа­тысты бірде-бір дерек таба алма­дық. Ағылшын тілінде тек қана Корей еліне қатысты материалдар берілген. Жапония елінің ағылшын тілі оқулығы да тек өз елдеріне қатыс­ты мәліметтермен қамтылған. Біз бұдан үлкен қорытынды жасауымыз керек.

Барлық оқулықтарда бе­ріле­тін материалдар жастарымыздың бойын­да елімізге, жерімізге, хал­қымызға деген шынайы құр­мет, мақ­таныш, сүйіспеншілік сезім­дерін қалыптастыруға бағыт­та­луы керек. Олар жас ұрпақты елі­міздің шынайы патриот  азаматтары етіп тәрбие­леу­ге қызмет етулері қажет.

Егемендік алған жылдары барлық мектеп оқулықтарын өз елімізде дайындау жөнінде ше­шім қабылданды. Бұл дұрыс шешім еді. Бірақ бұрын бұл істі атқарып көрмеген авторлардың  оқулықтары  оқулықтану ғы­лы­мы негізінде жазылған оқулық­тар­дан көп жағдайда ұтылып жатты.

Оқулықтану ғылымы дамы­ған Франция елінің ғалымдары жақсы оқулық жазу үшін 3-5 жыл уақыт қажет дейді. Ал бізде оқулық жазуға бар-жоғы 1 жылдай уақыт беріледі, ал авторларға қажетті жағдай, тіпті негізгі жұ­мыс­тарында жеңілдіктер де қарастырылмайды.

– Қазақ ұғымында «ұстаз» қашан да қасиетті саналатын. Бүгінде мұғалімдердің сол қадір-қасиеті азайып бара жатқанының себебі неде  деп ойлайсыз?

– Жақсы ұстаздан тәлім алған ба­ла­лардың сапалы болып шығатыны белгілі. Бастауыш сынып оқушыларының білім деңгейлері оларға сабақ беретін мұғалімдердің кәсіби біліктілі­гіне қаншалықты тәуелді екенін анықтау үшін «McKinsey&Com­pany» компаниясының ғалым­дары АҚШ-тың 4 штатында көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сонда бір сыныптарда ұстаздардың кәсіби деңгейлері жоғары 20%-ының қатарына кіретін мұғалімдер, келесі сыныптарда деңгейлері төмен 20% ұстаздардың қатарына кіретін мұғалімдер сабақ берген. Осындай ұстаздардан 4 жыл бойы білім алған оқушылардың 11 жасқа келгендегі білім сапаларының айырмашылығы 53% болған.

Бұдан екі түрлі қорытынды жасауға болады. Біріншіден, бас­тауыш мектепте оқитын бала­лар­дың білім сапасы оларды оқытатын ұстаздардың кәсіби біліктілігіне тәуелді; екіншіден, бастауыш сыныптарда нашар білім алған балалардың шамамен тек төрттен бірі ғана жоғары сыныптарда қойылатын талаптарға сай білім ала алады.

Дамыған елдерде ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, мен де осындай болсам екен деп еліктейтін қасиеттердің болғаны дұрыс деп есептеледі. Себебі, бала­ның ұстазына деген ерекше құрметі оның жақсы білім алуына оң ықпал етеді. Кез келген адам жақсы ұстаз бола алмайды. Сондықтан дамыған елдерде бастауыш сынып ұстаздарын дайындауға ерекше көңіл бө­лінеді.

Сол себепті Оңтүстік Кореяда үздік 5%-ға, Финляндияда – үздік 10%-ға, Сингапур мен Гонконгта – үздік 30%-ға кіретін түлектердің ғана құжаттары мұғалім мамандығына қабыл­данады; екіншіден, олар педаго­гикалық кәсіпке бейімділіктерін анықтайтын арнайы тест тапсырады; үшіншіден, оқу орындарында дәріс бірінші курстан бас­тап тәжірибеге негізделіп беріледі; төртіншіден, оны жақсы бітірген бакалавр-мұғалім ма­гис­тратураға қабылданады; бесіншіден, магистр-мұғалім мектепке жұмысқа келгенде, қо­ғамдық комиссия алдында күрделі сынақтан өтеді; алтыншыдан, жұмысқа қабылданған жас магистр-мұғалімге тәлімгер (коучер) бекітіледі. Ол жас мұғаліммен бірінші күннен бас­тап, қашан ол өз бетінше жақсы сабақ бере алатындай деңгейге жеткенше, бірге жұмыс жасайды.

Ал бізде ұстаздар қалай да­йындалады? Педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждерге, қазір көбінесе мектепте орташа оқыған түлектер құжат тапсырады. Сөйтеді де оқу орнындағы бағдарламаны толық меңгеруге қабілеттері жетпей ортанқол мұғалім болып шығады. Мектепке келгенде, олар бірден жұмысқа қабылданып, сабақ бере бастайды. Оларға тәлім­гер­лер бекітілмейді, бекітілген күн­нің өзінде қосымша ақы алма­ғандықтан, бұл жұмысты жасауға қызығушылық танытпайды.

Бұл арада, дамыған елдер мен біздің елімізде, бастауыш сыныптарда сабақ беріп жүрген мұғалімдердің кәсіби құзырет­тіліктерінің арасында қанша­лықты айырмашылық болса, олар оқытқан балалардың білімінде де сол айырмашылық болатынын айтқым келеді. Сондықтан мектеп мұғалімдері­нің кәсіби біліктілігі көтерілмей, білім сапасы көтерілмейтінін мойындауымыз керек.

– Біздегі тестілеу жүйесі турасында екіұшты пікірлер айтылуда. Тест арқылы адам танымын, білімі мен дарынын толық біле алмайтынымыз белгілі. Алайда, сол ҰБТ-ның бізге тигізген пайдасы қазақ­тың таныстық, аға­йын­гершілік мінезіне біраз тосқауыл бола алған секілді.

– Бұл жүйе елімізде 2004 жы­лы енгізілді. Содан бері көптеген сыни пікірлер айтылып келеді. Бұл тұрғыдағы пікірлер түрліше болуының бірнеше себептері бар.

Біріншіден, ҰБТ кезінде 5 пәннен берілген 125 сұраққа жауап беру үшін 3,5 сағат, яғни 1 сұраққа жауап беру үшін, орта есеппен, 1,7 минут  уақыт беріле­ді. Осы уақыт ішінде бала сұрақты оқып, түсініп, оның жауабын та­уып жазуы керек. Бір жарым минутта бір теореманы дәлелде­мек тұрмақ, қандай да бір күрделі есепті шығару да мүмкін емес. Сондықтан тест сұрақтары өте қарапайым, төменгі сыныптарда оқытылатын материалдар не­гізінде құрастырылған.

Екіншіден, ұсынылған төрт жауаптан бір жауапты таңдау арқылы оқу жетістігін анықтау тестісі, адамның білімін емес, тек есте сақтаған немесе болжаған ақпаратын ғана анықтай алады. Сұраққа берілген жауаптардың бірін таңдау, тестология ғылымы негізінде, оқу үдерісі барысында оқушылардың бір тақырыпты немесе бір бөлімді қалай мең­гергенін анықтау үшін ғана пайдаланылатын, ең қарапайым тәсіл болып есептелінеді.

Үшіншіден, берілген 5 пәннің 4-еуі барлық мектеп түлектері үшін ортақ пәндер болып табылады, 1 пәнді ғана оқушылар өздері таңдайды. Айталық, бір бала мектепте химия пәнін жақ­сы оқып, үнемі ізденіп, көптеген олимпиадаларға қатысып, алғашқы ондықтан орын алды делік. Сонда ол жүз мыңнан аса мектеп бітірген түлектердің ішінде химия пәнін ең терең меңгерген он баланың бірі болады. Осы бала ҰБТ негізінде химия факультетіне оқуға түсе алмауы мүмкін. Себебі, ҰБТ ережесі бойынша, ол химия пәнінен басқа міндетті 4 пәннен емтихан тапсырады және 4 пәннің нәтижесінде, қазақ және орыс тілі пәндерінің балы есеп­тел­мейді, ортақ балл шығарылады.

Бүгінде негізгі мақсат – терең білім беру емес, қайткен күнде де ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке қол жетізу болып тұр. Көрсеткіштері жақсы болуы үшін кейбір мектеп басшылығы нашар оқыған балаларды тестілеуге қатыстырмау жағын да іске асырып жүргені белгілі.

– Шығармашыл ойлау, ойын еркін де көркем жеткізе білу қасиеттері о бастан сөзге шешен қазақ халқының ұрпағы үшін неге қиындық туғыза бастады деп ойлайсыз?

– Қазақ халқының рухани философиясы туған жерге деген сүйіспеншілікке, даналыққа, төзімділікке негізделген. Өкі­ніш­ке орай, объективті және су­бъективті себептермен көпте­ген құндылықтарымыз жоғалып, ұмыт болды және саясаттанды.

12 жылдық мектептің білім беру стандарттары мен оқу бағ­дарламаларына және оқу әде­биетіне жеке тұлғаның ұлт­тық, рухани-адамгершілік құнды­лықтарын, патриоттық және зияткерлік қасиеттерін, ой қабілетін дамытуға бағытталған материалдарды молынан енгізу керек.

– Қоғамда бірінші сыныптан бастап үш тілде оқыту мәселесі кеңінен талқылануда. Бұған сіздің көзқарасаңыз қандай?

– Мен компаративист-ғалым ретінде әлемнің озық 20 елінде бастауыш сыныптарда, яғни 1-ші 6-шы сыныптарда, қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Сонда байқағаным, осы елдердің ішінде 2  тіл 1 сыныпта 4 елде, 2 сыныпта 5 елде, 4-ші 6 сыныптарда 13 елде оқытылады екен. Бірде-бір елде 3 тіл оқытылмайды.

Елімізде біраз жылдардан бері бірқатар мектептерде 3 тіл қатар оқытылып келеді. Соның нәтижесін білу үшін, біз, Алматы қаласы мен Алматы облысының 8 қазақ мектебінде әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Зерттеуге бас­тауыш сыныптарда сабақ беретін 103 мұғалім тартылды. Осы ұстаздардың 83,97%-ы оқу­шыларға 3 тіл оқытқанда, олар­дың 3 тілді де меңгеру деңгейі төмендейтінін ашық жазды. Балалар тілдерді шатастырып, сөйлегенде, өздері де оған мән бермей, үш тілді қосып сөйлеу фактілері кездесетінін айтыпты.

Мұғалімдер көптеген қазақ балалары қазақ тілін нашар білетінін, бәрі дерлік орыс тілінде жақсы сөйлейтінін айта келе, 1 сыныпта тек қазақ тілін ғана оқыту керек деп жазыпты. Орыс тілін 2-ші не 3 сыныптан бастап оқытып, ал ағылшын тілін 6 сы­ныптан бастап қазақ тілі негізінде интенсивті түрде, яғни аптасына 3-4 сағат көлемінде үйрету керек деген ойларын жеткізіпті. Ағылшын тілі осылай оқытыла­тын болса, 2-3 жылда барлық бала оны жақсы үйреніп шыға­тындарына сенім білдіріпті. Бұл пікірді лингвист-ғалымдар да қолдап отыр. Мен де осы пікірді ұстанамын.

Сұхбаттасқан
Айнара АШАН.

ПІКІРЛЕР1
дала қызы 07.11.2016 | 19:59

Алла ай! Осы тілді айтқанда жүрегіміз ауыратын болды ғой! Нағыз қойыртпақты ендігі бастауыш сынып көрсететін сияқты ғой! Шала, шала, бәрі шала жүріп жатыр. Қазақ тілін ысырып қойып, мектептер маңдайшасына ағылшынша жазып қоятын болған. Бұл кісілердей жанашырлық қайда-а-а! Осындай адамдар аман жүре тұрса екен дейміз де. Қазіргі жастардың сана-сезімі мүлдем бөлек қой. Өйткені тәлім-тәрбие де өзгеріп кетті ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір