«МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ АЛТЫН АДАМЫ»
(РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ )
Орал қаласында 22-27 қазан аралығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби және тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) шығармашылығына арналған «Мәңгілік Елдің Алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі өтті.
ӨНЕРГЕ – ҚҰРМЕТ
Өнер байқауының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов және құрметті меймандар қатысты. Облыстық қазақ драма театрының биылғы 24-ші маусымы ерекше басталды. Осы айтулы шараның маңызына тоқталған облыс басшысы театр өнерін жоғары бағалап: – Өнер – қашан да мерейімізді үстем ететін дүние. Елбасы әрқашан бұл салаға ерекше көңіл бөледі. Біз өңірлерде Мемлекет басшысының сол тапсырмасына сәйкес өнерді қолдаудан аянбаймыз. Соның ішінде театрларымыздың шоқтығы биіктей берсін. Ал бұл фестиваль Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Драматургияның альпинисті» атанған Иран-Ғайып ағамыздың шығармашылығына арналып отыр… – деді.
Жуырда батысқазақстандық театр ұжымының Македонияда өткен «Стоби-2016» антикалық драма театрлар фестивалінен жеңіспен оралғаны белгілі. Жерлестеріміздің жүлделерін осы кеште аталмыш фестиваль директоры, Македония театрының актері Зоран Льутков арнайы табыстады.
Еліміздегі іргелі төрт өнер ошағының басын қосқан республикалық байқаудың шымылдығын жергілікті театр ұжымы Иран-Ғайыптың «Ән-Мұхит» драмалық дастанымен ашты. Соған орай фестивальдің ашылу салтанатына арнайы келген елімізге танымал дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының дәстүрлі әншілері Қатимолла Бердіғалиев пен Сәуле Таудаева халық композиторы Мұхит Мерәліұлының әндерін орындады.
Тұсауы кесілген «Ән-Мұхит» дастанын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов пен облыстық драма театрдың режиссері Мұқанғали Томанов сахналады. Әнші-ақын, күйші, домбырашы Мұхиттың сан қилы өмір жолынан сыр шертетін туындыда басты рөлді Мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов сомдады. Сонымен қатар, Сердеш Қажымұратов, Теміржан Матаев, Бибігүл Исалиева, Жылқыбай Жұбатов, Самал Әбуов, Нұрлыгүл Жұбатова, Жамбыл Заев сынды театрдың белді әртістері ойнаған қойылымды көрермен мейлінше жылы қабылдады. Сал-Мұхиттың заманындағы тағдыр тауқыметі, ақын өлеңдерінің шығу тарихы баяндалған драмада күмбірлеген күйге де кезек берілді. Қойылымның шығу тарихына аз-кем тоқталған автор өз сұхбатында Мұхит Мерәліұлының биылғы 175 жылдық торқалы тойына арнайы жазылған дүниенің туған өлкесінде қойылуы кездейсоқ еместігін атап өтті: – Бұл туынды Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың қолқа салуымен дүниеге келді. Драманы жазбас бұрын Сал-Мұхиттың туған жері Қаратөбе ауданының Саралжын ауылына үлкен делегациямен барып қайттық. Мазарына тәу етіп, жергілікті халықпен жүздестік. Осылайша «Ән-Мұхиттың» алғашқы көрінісі сол жерде өмірге келді, – деді қаламгер. Сонымен қатар, қойылымды халықтың жүрегіне жеткізе білген әртістерге ризашылығын білдірді: – Мен өзімді, тұңғыш рет, күллі қазақтың, тұтас бір ұлттың баласы сезіндім. Құрманғазы мен Динаны дүниеге келтірген, Қасымның, Жұбанның табаны тиген қасиетті топырақта, осынау киелі шаңырақта қойылған драманы көрермен өте жақсы қабылдады. Оған Қойылым – куә… – деді фестиваль авторы. Тіпті, осы сапар барысында өнерді қадірлейтін батысқазақстандықтарға құрмет ретінде «Оралым» атты сиясы кеппеген өлең жазылыпты.
Фестивальдің қадірменді мейманы, ақын Светқали Нұржанов: – Қазақтың қасиетті өлкесі – Ақ Жайықтың жағасында руханият салтанат құрды. Осы салтанатты тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына орайластырып, Иран-Ғайыптай талантты тұлғаның шығармашылығына арнаған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы бастаған азаматтарға мың алғыс! Жүректеріңіздегі ел-жұртқа деген махаббаттарыңыз өшпесін. Жаңа қойылымды көріп отырып, түрлі сезімге берілдік… – деп, алған әсерімен бөлісті.
БЕС КҮНДЕ – ОН ҚОЙЫЛЫМ
Оралдықтар жергілікті театрдан өзге Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар және жасөспірімдер театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының өнерлерін тамашалады. Ғ.Мүсірепов атындағы Алматы театры – «Аждаһаның әлегі», «Фатима» және «Естайдың Қорланы», шымкенттік орыс театрының ұжымы – «Абылай хан», семейлік Абай атындағы театр «Адасқан бақ құсы» спектакльдерімен көрерменді баураса, батысқазақстандық қазақ драма театры «Ән- Мұхит», «Махамбет», «Қорқыт», «Мен ішпеген у бар ма?», «Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» атты бес бірдей қойылымды ұсынды.
Бес күнге созылған өнер мерекесі қазақ драма театрын көрерменге толтырды. Залда ине шаншар орын болмады. Әрбір қойылымды өнер жанашырларынан құралған әділқазылар алқасы көрерменмен бірге тамашалап, талдап-сараптады. Алматы облыстық Б.Римова атындағы қазақ драма театрының әртісі, қазылар алқасының мүшесі Сағындық Жұмәділдің ойынша, фестиваль өте жоғары деңгейде өтті: – Бұл өнер байқауына қатысуға біздің театр ұжымы да ниет білдірген еді. Алайда, Талдықорғанда өткен Орталық Азия елдерінің VI халықаралық фестиваліне шақырту алғандықтан, Оралға жол түспеді. Дегенмен, өзім Иран-Ғайыптың шығармашылығына арналған республикалық театрлар фестиваліне қатысып, қазылар құрамында болдым. Мұның өзі – мен үшін зор мәртебе. Автордың әрбір шығармасы жастарға неден қашық болуды, неге асық болуды үйретіп, соған жөн сілтейді. Сахналық қойылымда драматург, режиссер, актер, суретшіден құралған төрт таған мықты орнықса, беріктігі де соншалықты нық болады. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, әр қойылымның көркемдігі, әрбір актердің шеберлігі бір-бірінен асып түседі. Әсіресе, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актерлары Ербол Есендосов пен Нұрлыгүл Жұбатованың, Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық Семей театрының актері Бауыржан Төлековтің, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Алматы театрының актрисасы Ақбота Қаймақбаеваның ойындары ерекше ұнады… – деген Сағындық Жұмәділ сахнадағы Иран-Ғайып шығармаларының әлі талай қыры ашыларына күмән келтірмеді.
Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар және жасөспірімдер театры ұсынған үш қойылымның ішіндегі балаларға арналған «Аждаһаның әлегі» ертегісін сахналаған режиссер Сағызбай Қарабалин де фестиваль туралы оң пікірде: – Бұл шараның мән-маңызы зор. Фестиваль барысында өзге ұжымдардың өнерлерін көріп, өзара тәжірибе алмастық… – деді режиссер. Семейден келген Абай атындағы драма театры ұжымының С.Қарабалинге ертегіні өз театрларына келіп сахналау жөнінде ұсыныс білдіруі – соның дәлелі.
Режиссерлар мен актерлардан бөлек сахнаны әрлеуші суретшілердің де өзіндік ой-пікірі қалыптасты. Батыс Қазақстан облыстық театрының бас суретшісі Қайыр Оразғалиевтің айтуынша, байқауға қатысқан әрбір театрдың көркемдік безендірілуі заманауи нұсқаға негізделген: – Сахнадағы әрбір деталь спектакль кезінде ойнауы тиіс. Бұл тұрғыда қойылымдардың көркемдік деңгейі талапқа сай… – деді суретші.
Қазақ жеріндегі рухани шараға арнайы қатысып, бірнеше күн қазақстандық театрлардың қойылымдарын көріп, өнерін сараптаған Македония театрының актері, қазылар алқасының мүшесі Зоран Льутков қазақ өнерінен тұшымды ой түйгенін жеткізді: – Қойылымдар Македонияда қойылатын спектакльдерден өзгеше. Керемет… Өйткені, олардың барлығы қазақ халқының тарихына негізделген. Оқиға желілері құрыш құрылған, актерлардың шеберлігі көңілден шықты. Қазақ театрларынан көп нәрсені үйрендік… – дейді шетелдік мейман.
БҰЛ – МЕНІҢ ТОЙЫМ ЕМЕС, ХАЛЫҚТЫҢ ТОЙЫ
Барлық драмалық шығармаларды қалың көпшілікпен бірге көріп, тағы бір мәрте ой елегінен өткізген автор Иран-Ғайып әрбір ұжымның еңбегіне тәнті болғанын жасырмады: – Әрбір шығарманың аға буынға, жастарға, балаларға өзіндік айтар ойы бар. Он спектакльдің әрқайсысы әр түрлі. Балаларға арналған «Аждаһаның әлегі», ата қонысынан айырылған ел-жұрттың тағдыры суреттелген «Махамбет», қара шаңырақтың отын өшірмеген қазақ әйелінің бейнесін көз алдымызға келтірген «Фатима», ұлы Абай ақынның өмірі арқау болған «Мен ішпеген у бар ма?» және басқа да барлық қойылымның деңгейі көрерменнің ыстық ықыласынан, өнерге деген құрметінен анық сезілді… – дей келе, ақын-драматург шараның өз деңгейінде өтуіне қолдау білдірген облыс әкімшілігіне, мәдениет саласының тізгінін ұстаған азаматтарға, зиялы қауым өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Автор өзінің шығармашылығына арналған республикалық театрлар фестивалін
Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясына өнер ұжымдарының қосқан үні деп есептейді. Бес күнге созылған фестиваль барысында қуанышты тұстар аз болмады. Алайда, күрсінткен бір ғана сәт – оңтүстікқазақстандық орыс театрында Иран-Ғайыптың «Абылай хан» спектаклін сахналаған режиссер Ерғали Оразымбетовтің сол қойылым Орал театрының сахнасында қойылған күні дүниеден өтуі. Сол күні театрға жиналған өнерсүйер қауым, режиссердің көзін көрген үзеңгілес әріптестері талантты өнер иесінің қазасына қабырғалары қайысып, бір минут үнсіздікпен еске алды…
– Бұл байқау менің шығармашылығыма арналғанымен, халықтың тойы деп санаймын.
Орал – қазақтың атқа қонған, қолына қалам ұстаған тұлғаларының бүкіл қазаққа ортақ екеніне көз жеткізетін, бірден-бір құт-мекен екендігіне, осы – сапар, көзім анық жетті… «Оралым» атты өлеңім осындай көңіл толқынысынан дүниеге келді, – дейді, Ол…
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры, талантты актер Қуаныш Амандықов мұндай іс-шараның берері мол екенін айтты: – Театрлар фестивалі ұжым үшін пайдалы. Өз деңгейімізді бағамдаймыз, тәжірибемізді молайтамыз. Әрі қазақ театрының жұмысын өрлетуге де септігін тигізеді. Ақын, драматург Иран-Ғайыптың шығармалары әлемдік деңгейде жазылған. Біздің театрымыздың қоржынында автордың алты қойылымы бар. Тәуелсіздік мерекесіне тарту жасай отырып, өз көрермендерімізді егемен-қалыптастырдық. Халықтың өнерге деген ереймен-сүйіспеншілігін аңғардық… – деген Қуаныш Сайлауұлы республикалық деңгейдегі театрлар фестивалін ұйымдастыруға қолдау білдірген облыс әкімдігіне, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына және өнерге жанашыр азаматтарға алғысын жеткізді.
Өнер байқауының шымылдығы Батыс Қазақстан театры қойған Иран-Ғайыптың «Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» қойылымымен түйінделіп, фестивальдің жабылуы алтыншы күні, салтанатты жыр кешіне ұласты. Салтанатты шарада жеңімпаздардың есімі белгілі болып, театр тарландары арнайы сыйлықтарға ие болды. Әділқазылар алқасы «Тәуелсіздікке – Тағзым» номинациясы бойынша – он үш, «Мәңгілік Ел» номинациясы бойынша бес сыйлық тағайындады. Атап айтқанда, «Тәуелсіздікке – Тағзым» сыйлығын актер Мерей Әжібеков пен «Естайдың Қорланы» қойылымындағы актерлік құрам, режиссер Сағызбай Қарабалин (Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар және жасөспірімдер театры), актерлар Татьяна Миненко мен Максим Шереметьев, режиссер Ерғали Оразымбетов (ОҚО орыс драма театры), актерлар Мұсағали Бектенов, Ербол Есендосов және Сердеш Қажымұратов, суретші Қайыр Оразғалиев, режиссер Мұқанғали Томанов (БҚО қазақ драма театры), актриса Бақыт Тойымбаева (ШҚО Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры), режиссер Қуандық Қасымов иеленді. «Мәңгілік Ел» сыйлығын иеленгендер қатарында актриса Ақбота Қаймақбаева (Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар және жасөспірімдер театры), Нұрлыгүл Жұбатова (БҚО қазақ драма театры), Бауыржан Төлеков (ШҚО Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры) және режиссер Мұрат Ахманов болды. Ал «Ең үздік қойылым» аталымын БҚО қазақ драма театры «Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» спектаклімен жеңіп алды.
«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп жазушы Ғ.Мүсірепов айтқандай, бірнеше күнге жалғасқан өнер мерекесі облыстық қазақ драма театрын көрерменге толтырды. Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесінде ұйымдастырылған театр фестивалі өткенді қаузап, өскелең ұрпақты тарихтың тұңғиығына бойлатты. Республикалық театрлар байқауы бүгін өз мәресіне жетіп, тағы да «Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» қойылымымен әдіптеледі деп күтілуде…
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
«Жайық үні – Жизнь города» қалалық газетінің тілшісі.
Орал қаласы.
Суреттерді түсірген Р.ХАЛЕЛОВ.
ИРАН-ҒАЙЫП
ОРАЛЫМ
(«Ән-Мұхит» – Сахналанған Күнгі Өлең)
«Оралыңның барында –
Ойна да Күл…» –
Халық Әуенінен.
Ақ-Жайығым –
Оралым,
Бас-Көзіме –
Қарадың!
Тапты –
Оясын:
Кер –
Кетіп,
Кежір –
Тартқан,
Аяғым!
Оралым –
Ақ-Жайығым,
Боздауда-тын –
Ғайыбың:
Көгіңде –
Жыр-Боталап,
Батар-Күндей –
Байыдым!
Сырттап,
Шеттеп…
Мәңгіріп,
Жүр –
Ем…
Саяқ –
Қаңғырып:
Өлгенімді –
Тірілттің,
Өшкенімді –
Жандырып!
Пәрмен –
Беріп:
Жаныма,
Жүрегіме,
Қаныма…
…Рахмани-Нұр –
Құйдың:
Иманыма,
Арыма!
…Аруыңа –
Тіл қаттым,
Аруағыңмен –
Сұңғатпын:
Ән-Мұхиттың –
Сазына,
Бекіре-Сүңгіп –
Шым баттым.
Өңкей-Бектер –
Оңымда,
Ыңғай-Көктер –
Солымда:
«Ойнап-Күліп –
Жатырмын,
Оралымның –
Барында!»…
Бар!
Бар –
Екен!
Бар –
Екен:
Кіл –
Сом-Алтын,
Сара –
Екен!
Елің менен
Еріңе:
Хақ-Тағалам:
Жар –
Екен!
Уай,
Құт-Мекен –
Жер-Ұйық!
Бой –
Тіктедім…
Емініп:
Бейне,
Өмір –
Бақиы…
Өлместейін –
Көрініп…
Өлместейін…
Ой,
Тобам?!
Ғұмыр –
Кешіп…
Ной-Тобан:
Тозағына –
Тірліктің,
Енбестейін –
Қайтадан!
Орал –
Дүнием…
Тарлан –
Көк…
Тал-Шыбығым –
Орман боп…
Топырағыңды –
Ұжымақтап,
Ұйықтап –
Кетсем:
Арман –
Жоқ!
22.10.2016.