ӨНІМДІ ЕҢБЕК ЕЛ МӘРТЕБЕСІН АСҚАҚТАТАДЫ
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалатынын атап өтті. Сондықтан біз әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз.
Жаңғырту егер, біріншіден, ол Жалпыұлттық тұжырымдамамен сәйкес жоспар арқылы жүзеге асырылатын болса және екіншіден, тұтастай үдемелі индустриялық-инновациялық дамумен байланысты нақты экономикалық табыстарға негізделген жағдайда ғана табысты болады. Индустриялық-инновациялық дамудан тыс ешқандай жаңғырту мүлдем мүмкін емес. Мұны әркім түсінуі тиіс», – делінген бағдарламалық мақалада. Осы маңызды құжат арқылы тиісті орындарға берілген Мемлекет басшысының 20 тапсырмаларының бірінде жұмыспен қамту саласын дамыту жолдары айқындалған болатын. Тәуелсіздіктің екі онжылдығы ішінде жұмыспен қамту саласында аса зор өзгерістер болғаны, жұмыспен қамтылған халықтың саны еселеп артқаны айтылған бағдарламалық мақаланың үшінші тапсырмасында Елбасы индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру ел болашағы үшін нөмірі бірінші мәселе екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен әлеуметтік маңызы зор бағдарламалық құжат негізінде жасалған және жоспарланған іс-шаралар жүзеге асырылуда. Өнеркәсіптің дамуы экономикаға оң ықпал етіп, еселей пайда әкелетіні әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Мысалы, Еуропада зерттеу мен пайдаланудағы барлық инвестицияның 65 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Сондықтан да болар, елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше мән беріліп келеді. Жалпы, индустриалды-инновациялық саясат – бұл мемлекет арқылы бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау мен оларға қолдау көрсететін шаралар кешені. Өнімнің, тауардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдыңғы орынға шығып отырған жаһандану заманында инновациялық қызмет шешуші мәнге ие. «Еліміздің алдында тұрған үлкен мақсат – мынадай алмағайып заманда экономикамызды түзеп, жағдайымызды жөндеп, индустриялық Қазақстанды жасау. Сол кезде еліміздің келбеті өзгереді, басқа кадрлар даярланады, басқа ұрпақ өседі, экономика жаңарады. Біз шынымен де 30 өркендеген, өскен елдің арасына енеміз. Мақсатымыз – сол. Осындай мақсат қойған ел қызметкерлерінің жұмысы да қызық болады. Істеген жұмысының ертең нәтижесін өзі көреді. Қолыңмен істейсің, көзіңмен көресің, елдің ризашылығына бөленесің. Осы жұмысты атқару – бәрімізге бақыт. Осы бақытты пайдаланып еңбектенейік, халқымызға қызмет етейік», – деп айтқан болатын Елбасы Н.Назарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға арналған кеңесте. Бағдарламаны жүзеге асыру жолында еңбек етіп жүргендер өз жұмысының жемісін көре де бастады. Мысалы, бағдарлама шеңберінде бір кездері тоқырауға ұшыраған ірі кәсіпорындар да жаңғыртылып, бүгінгі таңда өндірістік қуатын ұлғайта түскен. Сондай-ақ, соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа өнеркәсіп орындары пайда болып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда. Солардың қатарында бүкіл елімізге сапалы өнімімен танылып үлгерген «Стандарт цемент» зауыты, «Азия керамик» және екі үй құрылысы комбинаттары бар. Облыста құрылыс материалдарының 90 пайызға жуығы өндіріледі. Олардың басым бөлігі еліміздің өзге облыстарында сұранысқа ие және шет елдерге экспортталуда. Шыны өңдеу, жиһаз жасау, метал өңдеу жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Биыл жиһаздар шығаратын екі ірі фабрика құрылысы аяқталады. Егер бес жыл бұрын облыс экономикасында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыз болса, бүгінде ол екі есе дерлік өсіп 21 пайызға жеткен.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында Үкіметке индустриялық және инновациялық экономикалардың жаңа нысандарын өзін өзі жұмыспен қамтыған халық неғұрлым көп шоғырланған өңірлерде құру туралы мәселені шешу керектігін тапсырған болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы басталып, шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрылуда екенін атап өтті. «Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз», – делінген Елбасы Жолдауында. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысында екінші бесжылдықта азық-түлік өнеркәсібіне басымдық берілуде. Халық көп шоғырланған өңірде ауылшаруашылығы өнімдері көлемін ұлғайту және өңдеуші кәсіпорындарды көбейту еңбекқор тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да тиімді болғанын бүгінгі нәтижелер көрсетуде. Өндіріс үшін ең бастысы өнімді өткізу. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың әлемдік және өңірлік рыноктарда экспорттық тауашаларды белсендірек игеру жөнінде айтқан тапсырмасын орындау облыс әкімдігінің назарында. «Біз жақын жатқан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар – Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды. Еуразиялық экономикалық одаққа шешуші өңірлік рыноктармен еркін сауда туралы келісім жасасу қажет. Үкімет аталған мәселелерді біздің әріптестерімізбен бірлесіп жасап, бәріміз үшін пайдалы етіп шешуі тиіс», – деген болатын Мемлекет басшысы. Бүгінде оңтүстік диқандарының өнімі алыс-жақын шет елдерге экспортталуда. Бір ғана мысал, гектарынан 263 центнерден өнім алып, өткен жылмен салыстырғанда 25 центнерге артық қауын-қарбыз жинаған мырзашөлдіктер бақша дақылдарын өсіруден Орта Азияның көшбасшысы екендігін дәлелдеді. Мақтааралдың бау-бақша өнімдерінен көл-көсір пайданы ресейлік және беларусьтік кәсіпкерлер де көріп отыр. Оңтүстіктен жеткен қауын-қарбызды осы теріскейдегі көршілер Батыс Еуропа мемлекеттеріне тасымалдайды екен. Мақтааралдық диқандар биыл 600 мың тоннадан астам қауын-қарбыз жинады. Бүкіл республикаға «ақ алтынымен» танылған Мақтаарал ауданының шаруалары соңғы 10 жылда қауын-қарбыз өсірумен де айналыса бастады. Бүгінде мақтааралдық диқандар қауын-қарбыз өсіруді шебер меңгеріп, бақша дақылдарының экспортқа жарамды неше түрлі сорттарын шығаруда. Мақтааралдық диқандар биыл 28 мың гектар жерден 610 мың тонна қауын-қарбыз алса, соның 450 мың тоннасын шет ел нарығына шығарған.
Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттыру мақсатында облыста жуық арадағы бес жылда суармалы жер алқабын 125 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Яғни облыс бойынша егер 446 мың гектар шамасында суармалы жердің 440 мың гектары пайдаланылуда болса, алдағы уақытта Көксарай су реттегіші және жаңа каналдар есебінен Шардара мен Арыс аудандарында егіс алқаптары көлемін анағұрлым ұлғайту көзделуде. Ауыл шаруашылығы мамандарының мәлімдеуінше, инновациялық технологияларды енгізу өнімділікті өсіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде өнім өңдеуші цехтарды көптеп ашу жергілікті тұрғындардың табысын молайтып, тұрмысын жақсартуға оң ықпалын тигізеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Облыс аудандарында ет, сүт, май, көкөніс пен жеміс өңдеу бойынша 30-дан астам шағын жобалар іске қосылған. Енді ірі кәсіпорындар ашылмақ және бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті жағдай ескеріле барлық аудандарда жүргізілуде екен. Барлық өңдеуші кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары құрылып, диқандардың өнімдерін алысқа тасымалдамай өздерінде өңдеуге мүмкіндік жасалуда. Сондай-ақ, сала басшылары кәсіпкерлерге жобаларын жүзеге асыруда кедергілер азайып, инвесторларға өркениетті қызмет көрсетіліп жатқанын айтады. Өңірде индустриалдық аймақтар құруда шығын мейлінше азайтылған. Мысалы, егер Алматыда бір индустриалды аймаққа 25 миллиард теңге, ал Атырауда 90 миллиард теңге салынса, оңтүстіктегі ең ірі индустриалды аймаққа бар-жоғы 6,8 миллиард теңге жұмсалыпты. Бадамдағы ірі индустриалдық аймаққа 2,5 миллиард теңге салынған, ал аудандардағы индустриалды аймақтарға небәрі 500 миллион теңгеден жұмсалған. Облыс басшыларының айтуынша, бір-екі жылдан соң бұл индустриалды аймақтардағы барлық жер игерілетін болады. Олардың әрқайсысы шет елдік инвесторлармен өз бетінше қатынас орнатып, еліміздің өзге өңірлері бизнесмендерімен де тығыз байланыста жұмыс істеуде. Бадам индустриалды аймағында трактор зауыты жаңа қондырғылармен жабдықталған. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын өзімізде шығарылған техникамен біртіндеп қамтамасыз ету үшін неміс өнеркәсіпшілерімен келіссөздер жасалуда. Бағдарламаның екінші бесжылдығында 150-ге жуық жоба жасалып, жүзеге асырылуда. Инвестор тарту мақсатындағы келіссөздер басқа бағыттағы жобалар бойынша да жүргізілуде. Мысалы, жуырда ғана облыс әкімі Жансейіт Түймебаев израильдік «YR-Mitrelli Group» компаниясының өкілдерін қабылдады. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған компанияның президенті Хаим Тайбпен болған әңгімеде тараптар екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланған. Ж.Түймебаев компания басшылығын Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Атап айтқанда, Шымкент қаласында онкологиялық орталық пен консультативтік-диагностикалық емхананың құрылысы, «ақылды» автотұрақ, балық шаруашылығын дамыту, Сарыағаш ауданындағы агробақ жоспары мен сүт жинауға арналған логистикалық орталықтың жұмыстарын ұсынды. Израиль мемлекетінің ауыл шаруашылығы, медицина, өнеркәсіп сынды бірқатар салаларда әлемдік көшбасшы екенін айтып, осы істердің Оңтүстікте де қанат жаюы қажеттігіне тоқталған Жансейіт Қансейітұлы өңірімізде шетелдік кәсіпкерлердің жұмысын дамытуға әкімдік тарапынан қажетті қолдаулардың жасалатынын жеткізді. Оңтүстік Қазақстан облысына сапары аясында өңіріміздегі кәсіпкерлік нысандарын аралап, ауыл шаруашылығы саласы бойынша инвестициялық мүмкіндіктерді байқаған «YR-Mitrelli Group» компаниясының өкілдері облыс аумағындағы көлік-логистикалық аймақтар мен ауыл шаруашылығының дамуына қызығушылық білдірген.
Еңбекті насихаттау, ынталандыру Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да қамтылған болатын. «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру, ол «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму, индустрияландырудың екінші бесжылдығы бағдарламаларын, сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік саясаттың арқасында еңбек, кәсіпкерлік, ғылым мен білім және басқа да кәсіптік қызметтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандықтардың (біздің заманымыздың батырларының) табыстарының дербес тарихын ескере отырып, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеяларын ілгерілетуге, индустрияландырудың және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап бере алатын жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдылығын насихаттауға бағытталады», – делінген Ұлт жоспарныңы 88-қадамында. Елбасы тапсырмасына сәйкес, облыста әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бағыты бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатқа басымдық берілген «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандардың мезгілінде және сапалы салынуы облыс әкімдігінің бақылауында. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Шымкент қаласы «Асар» шағын ауданында салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үй құрылысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық меройтойы қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 30 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысын «Southern bilding group» ЖШС-сі жүргізуде. Бағдарлама шеңберінде салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылысына да бақылау күшейтіліп, халықты жұмыспен қамту басты назарға алынуда. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасына биыл елімізде 770 млрд. теңге бөлінген. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалдының айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірде биыл құны 20 197,7 млн. теңге болатын 50 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысан өткен жылдан өтпелі болса, 40 нысаны жаңа құрылыс. Нақтырақ айтар болсақ, 26 мектеп, 1 балабақша, 1 жатақхана мен 11 инфрақұрылым және 11 тұрғын үй құрылыстары. Аталған нысандарда қолданылып жатқан құрылыс материалдардың басым бөлігі отандық өнім. Шымкенттегі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандарын аралап шыққан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сапа мен мерзімінде аяқталуы, қолданылатын құрылыс заттарының зиянсыз болуы қатаң бақылауға алынатынын мәлімдеді. Сонымен бірге, облыс басшысы өңірімізде әлеуметтік нысандарды салу жұмыстарына кәсіпкерлерді көптеп тартып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту керектігін атап өтті. Бұл орайда облыс әкімі Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында бірінші кезекте, апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу қажеттігін айтқанын еске салды. Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс», – деген болатын. Осы орайда Ж.Түймебаев жекеменшік ғимараттары бар азаматтарға «Балапан» бағдарламасының екінші деңгейі бойынша шағын балабақшалар ашуға мүмкіндік жасау керектігін айтты.
Қала, аудандарда мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Жергілікті тұрғындар Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» еңбегінде айтылғандай, «жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психологиядан» арылып, «жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей жұмыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай» ұмтылуда. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары ата кәсіпті дамытып, мал шаруашылығы өнімдерін нарыққа шығаруда. Мысалы, сапалы тамақ өнімі ғана емес, шипалы сусын саналатын қымыз өндірісін дамытуға Төле би ауданының Қаратөбе, Қасқасу, Қоғалы, Алатау, Аққұм, Кемеқалған ауылдық округтерінің тұрғындары маманданған. Қымыз өндіру саласында 2015 жылы 2375 бие сауылса, бұл көрсеткіш 2016 жылы 2415 биеге өскен. Өткен жылы 1781 тонна, 2016 жылы 1835 тонна қымыз өндірілген. Оның ішінде: 2015 жылы – 780 тоннасы аудан тұрғындарының өз қажеттілігіне жұмсалса, 1001 тонасы сатылған. Ал 2016 жылы – 783 тоннасы өз қажеттілігіне, 1052 тоннасы сатылымға шығарылған. Қымыз өндіру саласында мемлекеттік қолдау шаралары 13 шаруашылыққа көрсетіліп, 480 тонна қымыз өндіргені үшін 28,8 млн. теңге субсидия беріліпті. Биыл бұл салаға 3 шаруашылық қосылып, 16 шаруашылыққа ұлғайған, субсидия көлемі 29,1 млн. теңгеге жетіп отыр. Жекелей мысал ретінде айтып өтсек, ауданға қарасты Аққұм ауылдық округінің тұрғыны Ұлбосын Ахатайқызы биелерді сауып қана қоймай, оны баптаумен де өзі айналысып, 9 айда 41640 литр қымыз өндіріпті. Ал Зертас ауылдық округінің тұрғыны жеке кәсіпкер Тұрар Оңғарұлы 9 айда 32500 литр қымыз сауып, аудан тұрғындарын қымызбен қамтып отыр. Осы арада айта кетелік, 9 айдың қорытындысы бойынша ауданда егілген астық көлемі 20613 га. жетіп, түсімі гектарына 27 центнер, дәнді дақыл 10886 га. жетіп, түсімі гектарына 10,5 центнер болды. Мал және құс еті – 9221 тоннаға, сүт – 43305 тоннаға жеткен. Сондай-ақ, аудандағы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында іске қосылған «Газпромнефть-Битум Казахстан» зауытында биыл 170 мың тонна битум өндірілген. Осы жылдан бастап Тәжікстан мен Өзбекстанға дайын өнім экспорттай бастаған өнеркәсіп орнында жергілікті 80 адам жұмыспен қамтылған. Ал асыл тұқымды құс шаруашылығымен айналысатын «Қызылжар» ЖШС-інің құс фермасында 28 мыңға жуық «хайтекс браун» тауықтары тәулігіне 28 мың дана жұмыртқа береді. Жергілікті 30 адамды жұмыспен қамтыған серіктестік жылына 2 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын салмақшы.
Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуда маусымдық саналатын науқандардың да маңызы зор. Бүгінде Мақтаарал ауданының тұрғындары мақта теріміне қатысуда. Оңтүстік Қазақстан облысының климаттық жағдайы ауыл шаруашылығын, оның ішінде мақта шаруашылығын дамытуға ең қолайлы аймақ екені мәлім. Сондықтан Оңтүстік еліміздегі ақ мақтаның негізгі Отаны саналады. Өңірде биыл өткен жылғымен салыстырғанда 10,3 мың гектар артық, яғни 109,6 мың гектар жерге мақта шиті егілген болатын. Қазан айының соңындағы мәлімет бойынша, түсімділігі орташа есеппен әр гектардан 24 центнерден 262,5 мың тонна шитті мақта немесе меженің 94,7 пайызы жиналған. Мақта өңдеу ұйымдарында шитті мақта қабылдау бағасы алғашқы кезде 1 килограмы 160-165 теңгеден басталып, қазір 130-145 теңгеден қабылдануда. Облыс бойынша мақта теретін 512 комбайн алқаптарда жұмыс істеуде. Еліміздің экономикасын өркендету ісінде зор маңызы бар мақта дақылы жеңіл өнеркәсіптің дамуына да ықпал етуде. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстанда 2 ірі кілем фабрикасы мен дайын өнім шығарудан шикі мақта өсіруден матаға дейінгі жабық циклін жүзеге асыратын «Азала текстиль» фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста шұлық шығаратын және дайын тоқыма бұйымдары мен арнайы киім тігетін фабрикалар іске қосылған. Осы арада айта кетелік, Шымкент қаласында өткен «Тоқыма өнеркәсібіне арналған тауарлар мен жабдықтар – MACHTEX-2016» II қазақстандық халықаралық көрме мен форумға еліміздің және Италия, Қытай, Қырғызстан, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен 50-ден астам компания қатысты. Қатысушылар тоқыма өнеркәсібіне арналған жабдық, мата, өнеркәсіп компанияларына арналған арнайы киім, сервистік қызмет көрсетуге арналған бірыңғай формалар мен мектеп формасын, ұлттық киім, балалар мен үйге арналған тоқыма және кілем өнімдерін, ерлер мен әйелдерге арналған киімдер ұсынды. Форум аясында Қазақстан Республикасында жеңіл өнеркәсіпті дамытудың болашағы мен дамуы жайы және тоқыма өнеркәсібінің инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған тәжірибелік жұмыстар өткізілді. Қазіргі жаппай жаhандану заманында елдің де, ұлттың да әлемдік бәсекеде өзінің лайықты орнын табуында осы еңбек мәселесі шешуші роль атқаратынын ескерсек, облыста жұмыспен қамту басты назарда. Бұл орайда Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта бүгінде құны 27,8 млрд. теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қатысты айтылған тұжырымдары ел тұрғындарын, оның ішінде өскелең ұрпақты аянбай еңбек етуге үндеп, көптеген бағдарламалардың жүзеге асырылуына ықпал етті.
Диас ЕРКІНБЕК.
Оңтүстік Қазақстан облысы.