ҚАРЖАУ АҒАМНЫҢ АРМАНЫ
Бесінші сыныпта әдебиет пәнінен әрбір сабағының бісмілләсін: «Біз Абай ауылының қызымыз ғой» деп бастайтын Фатима Айтқазықызы атты апай, апай емес-ау, сұлу жеңгей сабақ берді. Ата-тегі мен руын кім сұрапты, «жеңгеміз» дейтін себебім – Семей жақтың қызы, яғни біздің ауылға «кірме келіншек». «Жеңге» болғасын шығар, біздің ауылдағы көзіміз де, сөзіміз де үйренген можантопай жеңешелерге мүлдем ұқсамайтын әдемі келіншектің оқтаудай түзу аяқтарына көз алмай қарай бергім келетін.
Біздің сыныптың мектеп есігін кешігіңкіреп ашқан ересек «жігіттеріне» қыздарға арнап өлеңмен хат жазып беріп жүргенімді білетін жеңгеміз:
– Менің қайным да өлең жазады… – деп мақтанды бір күні. – Өлеңі «Жұлдыз» журналында шықты… Егер сабақта тыныш отыратын болсаң, таныстырамын…
Ол кезде біздің ауылда менен басқа өлең жазатын ешкім жоқ. Менің сенер-сенбесімді білмей тұрғанымды сезген «жеңге-апайымыз» қолыма журналды ұстата берген. Рас… Рас екен… Өлең төрт-ақ шумақ. Бір оқығанда-ақ жаттап алдым.
«О, туған жер, артықсың сен өзгеден,
Қадіріңді кім бар екен сезбеген.
Адам түгіл қарлығаштың өзі де,
Жылан шыққан ұясынан безбеген».
Дәл осылай. Атауы – орысша, заты – кәрісше, тұрғындары қазақша мен кәрісшені араластырып сөйлейтін біздің ауылда менен басқа да өлең жазатын адам бар екен-ау!
– Сен оны танымайсың… Танымайтын себебің – дарияның арғы бетіндегі «Айдарлыдан» жақында келді. Былтыр «КазГУ-ге» барып конкурстан құлап қалған. Осында құрылысқа кірді, оқуға баратын ақша жинап жүр.
«Жұлдыз» журналында өлеңі жарияланған адамның конкурстан құлап қалғанына түсіне алмаймын. Сол сол-ақ екен, менен маза кетті. Мен секілді аудандық газет пен «Қазақстан пионеріне» емес, «Жұлдыздың» өзіне өлең жазатын ақынды қалай да көруім керек деп шештім. Көргенде алдына құрқол баруға болмайды. Менің де «Жұлдызға» шыққым келетінін білсе деймін ғой баяғы. Сол күні кешке қарай үй артындағы құмшық төбеге шығып алып өлеңді бұрқыратпаймын ба?
«О, төбелер!
Көз тартасың мұнартып,
Тұрған жоқпын мен сендерге сын артып.
Қол жетпейтін тауларға қол созғаннан,
Төбелерге еліктеген мың артық…
О, төбелер!..».
Өлеңім туған жер туралы емес, әрине. «Дегенмен, менің төбелерім де, біздің ауылдың, яғни біздің туған жердің төбелері ғой…» деп жұбатамын өзімді.
Ертеңіне іздеп бардым. Колхоз кеңсесінің қарсы бетіндегі құрылыста, құрылыс болғанда, қабырғалары ғана көтерілген каркас үйдің ішінде жалғыз өзі ағаш жинап жүр екен. (Сенбі, не жексенбі болар, өйткені, құрылыс басында Қаржаудан басқа тірі жан жоқ еді). «Үлкен ақыным» бойы менен сәл ғана қалқыңқы, ап-арық ақсары жігіт. Біздің ауылдан ешкімді танымайды ғой, іші пысыңқырап жүрсе керек, сол күні жұмыс жайына қалды, екеуміз кешке дейін әңгіме соқтық. Анасы қайтыс болған соң, облыс орталығындағы Гагарин интернатында оқыған. Ананың қадірін біліп қалған кезім, оқуға барып конкурстан құлап қалған «балаға» жаным ашиды. Өйткені, менің анам бар, атамның қайтыс болғанына біраз жыл өтсе де, интернатта емес, өз үйімде жатып оқимын ғой.
Ертеңіне құрылыс басына тағы бардым. Қуанып кеткені түрінен білінген ол маған сарғыш түсті жұқа қойын кітапшасын ұсынды. Қара қарындашпен, жазуларының үстінен қайта-қайта өшіріп жазады екен. Мен оған торкөз оқушы дәптеріне он рет, бәлкім жүз рет көшіріп жазған тақпақтарымды бердім.
Сол жылы күзде сабаққа келгенімде, жеңгемізден оның оқуға түскенін естідім. «Жұлдызда» өлеңі шыққан баланың» оқуға түскеніне таң қалған жоқпын, әрине. Ең қызығы, сол сол-ақ екен Қаржау секілді үлкен журналға шықпасам да, бойымда түптің түбінде ағамыз секілді атын естіген адамның басы айналатын «КазГУ-де» оқитыныма деген сенім оянған.
Университетке түсу мәселесі мен ойлағандай оңай болмай шықты. «Жақсы екен… Жақсы екен…» деген қолпаш сөздерді арқаланып конкурсқа да жеттім-ау. «Төрттік» баға еңбек стажы жоқ абитуриентке аздық ететінін сонда білдім. «Көрген жерде ауыл бар» деп салып-ұрып астанадағы жалғыз сүйенерім Қаржау ағама тарттым. Оқуды жаңа бітіріп, «Жетісу» газетінде жұмыс істеп жүрген кезі еді. Журфактың деканы, алдында ғана өзінің диплом жетекшісі болған Тауман Амандосовқа жетектеп алып барды. Сөздерінен екеуі тонның ішкі бауындай екені көрініп-ақ тұр, дегенмен Қаржаудың «жалғыз інісіне» қанша жаны ашығанмен, аты таудай Тауман аға «еңбек стажы» атты «биіктің» алдында төменшік тартты. «Мен секілді болдың ғой… Келесі жылы да мен секілді…» деп жұбатты Қаржау ағам.
Ағамыздың айтқаны айдай келіп, келесі жылы университет табалдырығын аттадым-ау! «Сабақты қайтесің… Жазу керек… Тіптен бір жерге жұмысқа тұрып алсаң да жаман болмас еді…». Қаржы тапшылығы өз басынан өткен жағдай ғой, маған жаны ашып тұрғанын сездім. «Анасыз жетім – шын жетім» екенін сезіп қалған кезім, артында шын сүйеніші жоқ ағаға қарап, іштей шүкіршілік етіп тұрғанымды қайдан білсін…
…Араға екі жыл салып Қаржаудың «Қармақ туралы хикаясы» мен менің «Жалғасым менің – жалғасым» атты хикаятым қатар жарық көрді. Көркем проза мен әдеби сынды қатар игеріп, жазудың қыр-сырына қанығып қалған тісқақты ағайымның мен үшін қуанса да, шығармама көңілі толыңқырамай тұрғанын сездім.
– Өлеңді қойып кеткен жоқсың ба?.. – деді салқын ғана. – Повесіңде менің өлеңімді пайдаланыпсың ғой. Бекер пайдаланғансың… Соңғы кезде өлеңге құлқым болмай жүр.
Мен отырмын, өзің жақтан нұр құлап…
Сен отырсың, туған жердің жұпар исі бұрқырап.
Тік секіріп Сырдарияға сүңгіген де шығарсың…
Құтжол жатыр ауық-ауық үріп қойып… – деймін еркелеп. – Өлеңді осылай жазбаған соң, жазып не керегі бар.
– Менің аспанымда жұлдыздар жоқ… Сенің аспаныңда жұлдыздар жоқ… Жұлдыздар жоқ… – деді ол өлеңін жатқа айт қаныма көңілденіп. – Жалпы, сен екеумізге өлеңді тастауға болмайды…
– Неге жұлдыздар жоқ… «Сол қыздар жоқ…» – деймін қалысқым келмей. Менің жадымның мықтылығын білетін Қаржекең бетіме елжірей қарағаны есімде.
Мен оның өлеңді ешқашан тастамайтынына сендім. Өйткені, мәселе жұлдыздарда да, сол қыздарда да емес, Қаржаудың өлеңді өмірден ертерек кеткен анасының атын қалдыру үшін жазатынын білетінмін.
…Қаржекең кештеу, нақтысын айтқанда, отызға жақындап барып үйленді. Тойы Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде өткені есімде. Ол кезде мен балалы-шағалы, Шиелідегі аудандық газеттің бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейтін жиырманың жуан ортасындағы сақа жігітпін. Иә, сақа жігітпін. Екі ағасы мен қарындасын қоспағанда, ел жақтан келген «қызметі» бар адам мен ғана болсам керек, тойдың аяғына қарай маған да сөз беріліп, беделім әжептеуір көтеріліп қалды.
…Соңғы жылдары мен – Алтайда, ол – Алматыда тұрды. Анда-санда кездесіп қалғанда үйірсектеп жанымнан шықпайды. Бәлкім, жанымнан шықпағанын қалайтын мен шығармын. «Саған хат жазып қойып едім, салуға қол тимей жүр…» дейді. «Хатты қайтесіз, міне өзім тұр емеспін бе?» «Ауырыңқырап жүрмін ғой…».
Шынында ауырыңқырап жүр екен. Бір күні Тұрысбек Сәукетай телефон шалды. «Ана ағаңның жағдайы қиын… Хосписте жатыр…». Хоспис дегеннің не екенін білем ғой, салып-ұрып Алматыға жетіп, аты жаман ауруханаға келдім. Жаңа жыл мерекесінің қарсаңы, нақтысын айтқанда, желтоқсанның отызы болатын.
– Жаңа жылды бірге қарсы аламыз деп әйелі де, баласы да келді. Көнбей жатыр, – деді бас дәрігер. – Інісі екенсің, саған көнсе қарсылығым жоқ.
Түсіндім, әрине. Өмірінде өзінен басқаға салмақ салып үйренбеген адам, маған көне қояр деймісің. «Мерекені бірге қарсы алсақ қайтеді?.. Бөтен ешкім болмайды…». Алғашында көніп те қалған секілді еді. Киініп далаға да шықты.
– Темекің бар ма?.. Біреуін берші… – Құшырлана сорды да, – Сен көптомдығын шығарды деп естідім бе?
– Қай бір көптомдық дейсің… Анда-мында қаңғып жүргенімді білесің, шашылып қала ма деп жасаған дүние ғой.
– Мен де төрт томдай жазуларымды жинап қойып едім. Заман мынандай болады деп кім ойлаған…
– Төрт томға өлеңдерің де кіре ме?..
– Кірмейді. Таза проза.
– Сын мақалаларың ше?
– Кірмейді… Сын кімге керек.
Сол-сол екен, көңілі нілдей бұзылды, жаңа әлдегі жадыраңқы қабағына кірбің жүгірді.
– Біздің үйдегі қарындасың жұмыстан қысқарып кетіпті. Мен биыл алпыс үшке шықтым ғой. Қырық бес жыл қағаз бетін тырналап… бірінші зейнетақының қызығын көрмеген қиын болады екен…
Мен бәрін түсіндім, әрине. Жиырма жыл қолына ала таяқ ұстап жол торыған, өмірбақи шөптің басын сындырмаса да, жасы қырыққа жете зейнетақыға шыққан інілерін ойлаған шығар.
Олай ойламауы да мүмкін. Бірақ адам баласына алақан жайып, адам баласының алдында төменшіктеп көрмеген жанкешті ағамыздың маған айтқан соңғы сөзі осы.
Араға бір жеті салып, Алтайдан… ағамның жаназасына келдім. Өз өмірімде бірінші рет, (бәлкім, соңғы рет шығар), мүрде басында (қабір басында емес) сөз сөйледім. Толқығаным бар, тілімнің мүкісі бар, менің не айтып, не қойғанымды басқалар түгілі, Қаржаудың өзінен үлкен ағасы Сармантай да түсінбеді-ау деймін. Есесіне еске алу үшін жайылған дастархан басында курстасы Мағира Қожах-
метова ханым айтқан сөз жұрттың есінде шығар. Қаржекеңнің бұрынғы басшыларының бірінің сөзінен кейін: «Мен досыма тірі кезінде зорлық көрсеткен адамның сөйлегеніне реніштімін… Біздің Қаржау бойы шағын болғанмен, іші зор жігіт еді. Сондықтан Қаржау жайлы айтылар үлкен сөзді алдан күтемін…» деген еді қазақтың тұрымтайдай сары қызы.
Мен Мағираны түсіндім. Өйткені, Қаржаудың жаназасына қазақтың бірде-бір құзырлы қызмет атқаратын адамы келмеген.
Мен ренжідім, әрине. Бірақ айтқан жоқпын.
Араға бір жыл салып Байботаның үйіне барғанмын. «Раритет» баспасының жылдық жоспарындағы жүз томдық «Алтын қор» сериясына Қаржаудың бір томдығы енгенін айтып, қуантып тастады. Иә, «Алтын қор» сериясы бойынша еніпті.
Қуандым, әрине. Бірақ айтқан жоқпын.
Қолына қалам ұстағандардың ішінде тарихта болмаса да, адамдардың жадында қалуды армандамайтыны жоқ шығар. Маған поэзияда «Айтолқын» деген атпен – анасының, прозада «Омаров» деген атпен – әкесінің атын қалдырған Қаржаудың арманы азды-көпті орындалған секілді көрінеді де тұрады.
…Қаржекеңнің жылдық асы жақындап келе жатқан. Жазушылар одағының жаңадан шыққан анықтамалығын алып, телефонын іздемеймін бе. Жоқ… «Омаров» деген жерде де… «Айтолқын» деген жерде де жоқ. Апырмау, топырағы да кепкен жоқ еді ғой… Қайтыс болған қаламгердің телефон анықтамалығынан алынып тасталатынын бұрын қалай байқамай келгенмін. Жүрегім суылдады. Жалма-жан анықтамалықтан Жәкеңді, Жарасқан ағамды іздедім. Жоқ… Кеңкеңді, Кеңшілік ағамды іздедім. «Мырзабек» деген жерде… Кеңкеңнің ұлы Аманкелді інімнің номері көрсетілген екен. Ал Жәкеңнің артында, болса-болмаса, қазақ киносының бір тұтқасын ұстап келе жатқан Рүстемі бар…
Бұдан ары Қаржаубай ағаны іздегендер маған телефон соғуына болатынын айтқым келіп еді. Бірақ «тұяғы бүтін тұлпар жоқ» мына дүниеде кімнің айтқаны болып, кімнің ойлаған ойы орындалып жатыр…
…Айтпақшы, ағамыздың кітабы «Алтын қор» топтамасына енбей қалды ақыры.
Серік БАЙХОНОВ,
Ахмет Байтұрсынов атындағы
Ұлттық сыйлықтың лауреаты.