ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ АРМАНЫ
Дүние жаралғалы бері адамзат баласы әділетті қоғам құрып, айналасымен үйлесімділікте өмір сүруді армандап келгені анық. Алайда күн мен түн, ақ пен қара, қуаныш пен қайғы алмасып жататыны сияқты, тіршілікте қиянат пен әділет те қатар жасап келеді. Жамандық атаулыны жеңіп, арамдықты ауыздықтау үшін саналы жаратылыс иесі – адам не ойлап тауып, қандай әрекеттерге бармады дейсіз. Алайда ақиқат пен аярлық тепе-тең түсіп, итжығыс күрес әлі де жалғасуда.
Осы орайда біз де тәуелсіздігіміздің үшінші он жылдығын өткізгеннен кейін қалың ұйқыдан оянғандай санамызда сілкініс жасап, «Әділетті Қазақстан» құрамыз деп талпынып жатқан жайымыз бар. «Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әділеттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, кешегі қателігімізді түзетіп, қордаланған мәселелерді шешу керек», – дейді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты халыққа жолдауында. Бұл қарапайым халықтың қашаннан бері арманы болған, асыға күткен дүниесі емес пе еді. Сондықтан бұл бастаманы қуана қабылдағанымыз анық.
Президент осы бағытта қандай жұмыстар атқарып, нендей қадамдар жасау қажеттігін де жіктеп тұрып көрсетіп берді. Ең алдымен: «Мемлекет монополияларды жояды, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қолынан іс келетін еңбектенем деген әр азамат өзіне лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж әр азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді», – дейді де, осы мақсатты жүзеге асыру үшін тек ұлт игілігі үшін жұмыс істейтін, ішкі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу мен мемлекеттің сыртқы мүддесін қорғауды қамтамасыз ететін мемлекеттік аппарат құратын уақыт жеткенін аңғартады. Бұл жерде жасалатын жұмыстарды нақтылай түсіп, мемлекеттік қызметшілер өз қызметін ел мен халықтың шынайы мүдде-мұқтажына бағдарлауы қажеттігін, имидждік жобалар мен ретсіз шешімдерді доғарып, кең қоғамдық бақылау, ашық диалог, азаматтың пікірін міндетті түрде есепке алу мемлекеттік басқару мен шешім қабылдау үдерісінің ажырамас бөлігіне айналатынын ескертеді. Халықтың аңсап күткені де жүрекке жылы, жанға жағымды осындай қадамдар емес пе еді.
Қандай да мемлекеттің әділдік жолымен жүруі ең алдымен биліктің ажырмас бір бөлігі – сот төрелігінің адал да әділетті болуына байланысты екені сөзсіз. Осы орайда, қоғам мен бизнестің басты талабы ретінде – сот төрелігінің обьективті және тәуелсіз жүзеге асырылуына кепілдік беру қажеттігі түсінікті. Барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз еткенде ғана құқықтық һәм әділетті мемлекет құруға мүмкіндік туады және бұл үшін жоғары кәсіби, адал, ымыраға келмейтін судьялар корпусын қалыптастыру қажеттігі белгілі. Мемлекет басшысы барар бағдарымызды, басар тауларымызды нақтылап айтып отыр емес пе. Бұдан артық не деуге болады?! Алайда нақты орындалуына келгенде көптеген қиындықтарға тап болатынымыз тағы да бар. Себебі, «бес саусақ бірдей емес» дегендей, билігі мен құзіретін, қалтасындағы қаржысын пайдаланып сот үкімін өзгертуге тырысатындардың, қызметі мен пайдасын көздеп парақорлық арқылы әділетсіз үкім шығаратын судьялардың табылатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Бұған сыбайлас жемқорлық пен полицияда қызмет істейтін ары мен қолы таза емес алармандарды қосыңыз… Жұртшылықты алаңдататыны да – осы!
Қоғам шынымен әділетті болуы үшін үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық қозғалыстардың, саяси партиялардың, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының, мүлік иелері бірлестіктерінің, кәсіподақтардың жұмысын жандандырып, қоғамдық институттарды дамытудың маңызы өте зор. Демократиясы қалыптасқан мемлекеттерде шенеуніктердің ең алдымен төртінші билік иелері саналатын бұқаралық ақпарат құралдарынан жасқанатыны жасырын емес. Ал бізде газет-журналдарға жарияланған материалдарды сол биліктегілер оқитынына күмәнім бар. Бұл жерде мерзімді басылымдарды күнделікті қадағалап, онда айтылған шенеуніктердің заңсыз әрекеттеріне дереу шара қолдану тәжірибесін енгізудің маңызы өте зор. Онсыз әділетті қоғам орнатамын деу бос әурешілік дер едім.
Президенттің «Әділетті Қазақстан» құру бағдарламасында ауыл мен аудан әкімдерін баламалы негізде сайлап отырғызу, Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихат депутаттарын аралас жүйе бойынша сайлау мемлекеттің негізгі институттарын қалыптастыруға, Заң шығарушы биліктің әділетті құжаттар қабылдауына ықпал ететіні жайлы да кеңінен тоқталады.
Әділетті қоғамда өмір сүру – адамзат баласының ықылым замандардан жалғасып келе жатқан арманы дедік. Бұл ұлы мұрат жолында күресіміз еш толастамайтыны тағы белгілі. Ендеше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі ниеттен туындаған бағдарламасына қолдау көрсетіп, жүзеге асуына қолғабыс жасау – әрқайсымыздың айнымас борышымыз болса керек!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ