ӘКЕ АМАНАТЫ
04.11.2016
1293
0

sarievМенің әкем – Қазақстанның халық ақыны Әбдіғали Сариев 1900 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келді. Әкесі Сары 1917 жылы, шешесі Салиха 1922 жылы қайтыс болады. Бабам Нұрымбет Текестегі ұйғырлардан бір тақия тары әкеліп, Қарақыстақ өзенінің суын бұрып, осы жерге еккен екен… Өзеннің бекітілген жері Бұрған аталыпты.

Әкем Кеңес дәуіріне дейін осы өңір­ге аты әйгілі Шалтабай байдың ма­лын бағып, ептеп егін салып күн кө­ріпті. 1919 жылы ескіше, кейін ла­­­тынша хат танып, мойын­се­рік­тің, ар­тельдің есепшісі, жергілікті со­вет­тің хатшысы болады. Жаппай кол­лективтендіру кезінде құрылған «Бұрған» колхозына елді ұйым­дас­тыру­ға атсалысады. «Тілші», «Со­циа­листік Қазақстан» газеттерінің штаттан тыс тілшісі бола жүріп, 1934 жылы СССР Жазушылар ода­ғы­ның мүшелігіне өтеді. Ауданда қо­лына тиген әр түрлі қызметтерді ат­қара жүріп, 64 жасында дүние сал­ды.

Әкемнің жастық шағында жаз­ған жырлары көп сақталмаған. Әке­сі дүниеден өткен соң тұрмыстан тар­шылық көріп, рухы жүдеп, сарыуайым­ға салынғанға ұқсайды. Оны былай деп жырға қосады:

Жарлылық сені қайтейін,

Жандай досты жат еттің, –

немесе:

Дертімнің ойын таба алмай,

Арпалыстым уменен.

Жүзім жатыр жуылып,

Көзден аққан суменен…

Ақынның махаббат тақыры­бын­да да оншақты жыры сақталған. Жыр кейіпкерлерінің аты белгісіз. Алайда, тереңнен тартқан ақынның ішкі сыры менмұндалап тұрады жә­не шынайы сезімі аңғарылады.

Сағындым, сарғайдым,

Сен үшін күйемін.

Сырым сол, сондаймын,

Өзіңді сүйемін.

Шөлімнен қанбаймын,

Жалғансыз бүйерім.

Әкем халқымыздың көшпен­ді­лік тұрмыс дәстүрінде дүниеге кел­ді. Ат жалын тартып мінген шақта жер жүзін бұлттай қаптап Кеңес үкі­меті келді. Оның көз алдында жаңа тұрмыс орнап, жарлы байға теңел­ді, халықтың жаппай сауаты ашыл­ды, электр жарығы келді, сән­ді қалашықтар бой түзеді, кең далада егіс алқаптары жайқалды – қыс­қа­сы, мүлде жаңа сападағы қоғам құрыл­ды. Ол осы екі заманды са­лыс­­тыра жырлады және кеңестік құндылықтарға жан-тәнімен бе­ріл­ді. Шынында да қыспақта өмір сүрген сауатсыз халық үшін әсіресе қа­рапайым еңбек адамдары үшін Кеңес дәуірімен бірге көптеген жақ­сылықтар көктен түскендей болды. Осы өзгерістер ақынды қанаттан­дыр­ды.

Талмай шауып келемін,

Тайым атпен жарысып,

Қалмай шауып келемін…

Мен жүйрікпін дегенді,

Ерегіссем алдыма,

Салмай шауып келемін, – дейді. Бұл кәдімгі Жетісудың дәс­түрлі поэзиясы, жастайынан Сүйін­бай, Жамбыл, Өмірзақ, ағасы Үм­бе­тәлі ақындарды жаттап өскен ақын сөзі.

Отан соғысы жылдары елде қал­ған ақын-жазушылардың бәрі қо­лын­дағы қаламын қару ретінде жұм­сады. Кезінде кеңестік идеоло­гия тыйым салған батырлар жыры жа­риялана бастады. «Бәрі де майдан үшін!» деген ұран салынды. Әбе­кең сол ұранның бел ортасынан та­былды. Бұл тақырыпта да мол мұра қалдырды.

Ақ семсері жарқылдап,

Сермеді ерлер үйіріп.

Құлаған таудан қорымдай,

Өлігі жаудың үйіліп.

Қаршыға қуған шылдайын,

Желкесінен қиылып.

Үріккен қойдай жосылып,

Бір қайырылмай бұрылып.

Кеңес үкіметінің қабырғасы қа­­тайып, бұғанасы бекіген кезде Ғы­­лым академиясының Әдебиет және өнер институты Әбдіғали секілді адам­дарды іздейді. Себебі, халық­тың тарихи сөзі солардың жадында еді. Әкем академияның мамандарынан жиі-жиі хат алатын болды. Со­лардың сұрауы бойынша халық ара­сына кең тараған әдеби нұс­қа­ларды, ауыз әдебиетінің үлгілерін, же­ке ақындардың әдеби мұраларын жинап, алдымен араб әрпімен қа­ғаз­ға түсіріп, маған кирилше көшір­ту­мен болды. Солар­дың бәрі де қа­зір М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титу­тының архивінде сақтаулы тұр. Сүйінбай ақыннан жи­нас­тыр­ған мол мұра кезінде Сұл­танғали Садырбаевтың қолына ти­ді…

Сталиндік зорлық-зомбылық, ат құлағын жеген аштық бәсеңдеп, соғыс аяқталып, елдің бүйірі шы­ғып, тұрмыс түзеле бастады. Түрлене бастаған ел тұрмысымен бірге нау­қаншылдық әдебиеттің де арыны басылып, кәсіби ақын-жазу­шы­лар­дың жаңа легі шығып, сөз заманға сай түзеле бастаған шақта Әбдіғали да жұртпен бірге өз сөзін айтады. «Жаз» деген өлеңінің ықшамдалған нұсқасына назар салып көрелік:

Көсілген таудың сеңгірі,

Жібектен шұлғау шұлғанып…

Әскерін түзеп құмырсқа,

Азық тасып шұбалып.

Бидайдың дәні төгіліп,

Қылыштай қыннан шығарып.

Отыз тісін қайраған,

Машиналар тұр барып.

Қалқан құлақ құлқайыр,

Шатырын жайып қырланып.

Бөртіп, бөртіп бүлдірген,

Пісетін күнін тұр бағып.

 

Басын жарып ақбұлақ,

Тасып аққан арнадан.

Батыр тәует жол түзеп,

Жыланның жолын байлаған.

Ақын жаздың келбетіне өзінше ой түйіп, поэзия тілімен жырлайды. Осы бір жолдардан өлең деген құді­рет­тің қай заманда да өзінің құн­ды­лығын жоймайтындығын аңғара­мыз.

1956 жылдың жазында белгілі ға­лым Есмағамбет Ысмайылов бас­таған бір топ ақын-жазушылар ел ара­лап жүріп біздің ауылға келді. Сол жолы Есағаң мен әкем екеуі кол­хоздан ат алдырып, жайлауға шық­ты. Таза ауада, салқын самалда, гүлдері жайнаған көк майсада бір айдай болып, қымыз ішіп, ты­ны­ғып қайтты.

Екі жағы көк майса,

Қарақыстақ арнасы.

Қырғыздың қарлы тауына,

Айқасқан барып жалғасы.

Аяз ата секілді,

Көрініп әппақ қар басы.

Желекті найза көтерген,

Батырдай тұрған нар басы.

Қарақия, Майтөбе,

Бөлекше біткен тұлғасы.

Кілемдей шыққан шөбінен,

Жер ызғары өтпейді,

Сүйсінер адам жамбасы.

Әбдіғали Сариев шығарма­шы­лы­ғы – туған жердің тарихы, ел тұр­­­мысы, өзгерген өңір, ком­му­нис­тік партия мен оның көсемдері. Ақын ел ішіндегі жақсылықты жария етіп, келеңсіздіктерді өткір сын­­ға алады. Оның сатиралық са­рын­­дағы жырлары өте көп. Мәселен, иесі қалжырата мініп, әбден бол­дыр­­ған аттың зары ретінде жазыл­ған «Көк бесті» атты мына бір мысал жырға назар аударалық:

Менің атым көк бесті,

Көк бесті бейнет көп кешті.

Сырымды айтсам ағайын,

Көкбестіні сөкпес-ті.

Сембай мінген кезінде,

Деуші еді жылқы жетпес-ті.

Қалдырып ем шаңыма,

Талай жылқы беттесті.

И болып қазір жамбасым,

Сабаса қамшы өтпес-ті.

Оған себеп не десең,

Тұяқ тозып, өкпе өшті.

Жұмаш батыр мінгелі,

Менімен талай шектесті.

Басқармадан алғанда,

«Бағам, – деп, – жақсы» реттесті.

Ақын қай жанрда қалам тербесе де поэзияның көркем сұлу табиғаты­нан айнымайды. Ол ауылда өсіп, өз ер­кімен хат таныды. Анда-санда бір ұйым­дастырылатын айтыстарға ба­рып тұрды. Ауылда, ағайын-туыс­тың арасында жүріп, алпыс төрт жыл ғұмырында соңына ұшан-теңіз жыр қалдырды.

Оның «Асу» дастаны Алатауға орыс­тың аяғы жеткен кезең мен Қоқанның қыспағы, қырғыз бен арадағы алауыздық – бәрі шынайы суреттеледі. Бұл дастанда Сұраншы, Сау­рық батырлардың ерлігін паш етеді. Көлемді дастаннан кезінде үзін­ділер жарияланған. Шы­ғар­ма­ның құндылығы туралы пікір жоқ­тың қасы.

1916 жылғы Ұлт-азаттық кө­те­рі­ліс­ті баяндайтын «Алатау майданы» дас­танының да орны бөлек. Бұл дас­тан да өзінің жарық көрер күнін кү­тіп сарыжамбас болып жатыр. Ұлы Отан соғысы тақырыбына жа­зыл­ған «Партизан Ғалым» поэма­сы­ның да кезінде жұқанасы ғана жа­рияланған екен. Қолымызда дас­танның екі нұсқасы жатыр. Ақын майдан даласын көзімен көргендей шы­найы жазады. Сонымен қатар, осы тақырыптағы «Кекілбай батыр» поэмасы халық поэзиясы, батырлар жырының дәстүрлі стилінде  жа­зыл­ған.

Толып жатқан жыр-толғау­лар­дың негізгі тақырыбы – өз кезіндегі ел тұрмысы, тарих және шығыс аңыз­­дары, ұстазы Жамбыл. Ақын елі­мен бірге күн кеше отырып, Қа­рақыстақ, Жамбыл ауылында болып жатқан тіршілікті сондай бір ма­хаббат сезімімен жырлайды. Ауыл­дың көрінісі, арықтарда сыл­дыр­лап ағып жатқан су, жеміс ағаш­тары, егістік, шалғын шөпті шерткен шегіртке, Алатаудың мұнар ба­сы, етегінде жайылған мал – бар­лығы сөйлеп тұр. Туған жерге деген ақындық сезім осындай болса керек. Осы байлықтың барлығы өз ке­зінде сыншылардың назарына ілік­пеген. Себебі, жарияланбаған. Жа­рияланбаған дүние, әрине, ба­ғасын ала алмайды.

Айтыстары өз алдында бір төбе. Сән­дібаламен (ақын Әнуарбек Дүй­­сембиевтің анасы), Болман ақын­мен, Кененмен айтыстары сақ­талған екен. Осы үш қарсыластан да Әбдіғалидың шоқтығы биік болып жеңіске жетеді. Бұл, әрине, ақын­дық қуат дер едім.

Кеңес дәуірінде әр жылдары ка­бинеттердің есігін тоздыра жүріп бір­неше жыр жинақтарын жарияладым. Бірақ мұның бәрі әкемнің соңында қалған мол мұраны қамти ал­мады. Қазақша айтқанда, «Құ­ла­ғын кесіп құнтитып, құйрығын ке­сіп шұнтитып» дегендей көлемі ша­ғын, сапасы айтарлықтай болмады.

Соңғы бір  жарым жылда әде­биет зерттеушісі, ақын інім Нұрлан Әб­ді­беков екеуміз әкемнен қалған ар­хивті аштық. Араб, латын тіл­де­рін­дегі қолжазбалар түгел оқылып, сараланып, әрқайсысы 23 баспа табақ үш томға топтастырылды. Қа­зір алғысөз, ғылыми түсініктер жа­зылу үстінде. Бұл еңбек М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутының назарында. Қаржы табылып жатса, осы үш томдық толық шығармалар жинағы жарық көреді деген үміттемін. Себебі, халық ақын­дарын да келешекпен жүздес­тіретін уақыт жетті.

Шайымхан ӘБДІҒАЛИҚЫЗЫ,
зейнеткер.

 

ПІКІР ҚОСУ