ҒҰМЫРЫ ҰЗАҚ БІР ӨЛЕҢ
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
- ӨЛЕҢГЕ КӨЗҚАРАС
Жиырмасыншы «ғасыр басындағы жапондар Тургеневтегі «листья шептались» деген жалғыз бейнелі тіркеске таң-тамаша қалыпты. Және осы әсер өзінің дәстүрлі жанр аясында шырқау шегіне жеткен, бірақ мызғымас әдеби қалып-канондар құрсауында сіресіп қатқан жапон поэзиясы үшін табиғатты бейнелеуде бұрын көріп-білмеген орасан мүмкіндіктер ашқан» деп жазады өткен ғасырдың соңында жазушы, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай. Бір ғана сәулелі сөз, сұлу тіркес бүтін халықтың поэзиясына жаңа арна ашып берген болса, «кейінгіге тым болмаса бір өлеңі қалса, сол – ақын» деген тұжырымның да рас екенініне илана түсесің. Бұл салыстырмалы, шартты айтылған сөз сияқты әсер де қалдырады. Том-том кітап шығарып, кеш өткізіп, өзін жарнамалаудан шаршамайтын ақындардың кітабына бас қойғанда, сәулетті сезім әлеміне кеудеңе қанат бітіріген күйі енгізіп жіберетін өлең кезіктіре алмағаныңызда, бір өлеңі бар ақындардың өзі сенің алдыңда кәдімгідей биіктеп кете барады. «Бір өлеңі» дегенде, оның да жазған жырлары көп. Бірақ кейінгі ақын інілерінің, оқырмандарының кәдесіне жараған, өзінің де сүйікті – жалғыз ғазалы бар. Байқасақ – сол Жалғызымен де бақытты.
Ақындар туралы, ақындық жайлы аз жазылмады. Әркім өз төбесінен, мүбәрак жүрегінің қалауымен (ақын болса) өзі туралы да, әріптесі туралы да кітап жазды. Осы үрдіспен жарық көрген кітаптардың өзін таусып оқу мүмкін еместей көрінеді. Тіпті Абайдың өзі кітап жазбаса да, «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырауды» тіліне тиек етеді. Абай көзқарасында – жұтаң түсінігіміздегідей халықтық ақын-жыраулардың «өзіндік шындығы мен әсемдігін жоққа шығару емес – жаңа поэтиканың туғанын жариялау» екен. Осылай түсінгеніміз де ләзім. «Өлең – шіркін өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деген хәкім сөзіне қарағанда, өлең ақын екенмін деп бұрқыратып жазып, бірінен соң бірін шұбырта кітап шығару емес, немесе кеш өткізудің, атақ-даңққа ие болып, марапатқа қол жеткізудің құралы емес. Әйтпесе Абай мақтау айтып, мал тауып жүрген өлеңшілерді сынар ма еді?! Өлең – көңіл-күйдің ауанында жазылатын, жүрегің қуаныштан не қайғыдан солқ еткенде құйылып түсер мөлдір тамшы. Егер ақын болып, бар ғұмырыңда жүрегің бір-ақ рет шын солқ етсе де, қорқынышқа жол жоқ екен.
Өлең қалай жазылады, оның нақты рецепті жоқ. Мұқағали сияқты «шекпен киген қазақтың қара өлеңіне, шапан жауып қайтарамын» десең де еркіңде. Өлең деп жазылған дүниеге оқып болғаннан кейін «өлең» деп қарай алсаң, болды. Мейлі, онда физикалық, химиялық терминдер жүрсін. Тіпті ұйқасқа сараң, буыны мен бунағы әр тармақ сайын сәйкес келмесін. Футурист Маяков-
ский сияқты әр түрлі форма іздеңіз, Иран-Ғайып сияқты сындырып жазыңыз, мәселе онда емес. Бір ғана нәрсе бар. Ондағы ой, сөз табиғи, жанды болуы керек. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген данышпан осы шынайылықты нұсқаса керек. Бахтин «Эпос және романында» роман жанрының ежелден келе жатқан канондық ережелері жоқ екенін жазады. Сонау аэдтердің дәуірінен бері поэзияның нақты үлгісі, өзіндік канондық ережелері болғаныменен, адам жаны қасаң қағидаларға бағынбайды. Әдебиет теориясындағы бүкіл заңдылықтарды адам ойлап тапты. Шығармашылық одан тыс та жазыла береді. Әр ақынның жаны өзінше пластикалы. Тургеневтің бір тіркесі жапон поэзиясын қалып-канон құрсауынан алып шыққаны сияқты, адам жаны да өлеңді белгілі бір заңдылықтарға бағындыра бермеуі керек.
«Шын поэзия біз оны түсінгенше, бізбен сырласып қояды». Бұл біз оқып, содан кейін түсінетін өлеңдер поэзия емес дегенді білдірмейді екен. Және талғам да әр түрлі. Әдебиетшілерге ұнаған өлең, Мырқымбайға ұнамауы мүмкін. Немесе керісінше…
- АҚЫНҒА КӨЗҚАРАС
Форстер мен Элиоттың Дантеге деген әр түрлі көзқарасы үшін ағылшынның буржуазиялық әдебиетінде екі тенденциясының күресі басталыпты. Бірі Данте поэзиясындағы гуманистік құндылықтарды дәріптесе, екіншісі католиктік идеяның қайта дәуірлегені үшін жақсы көрді. Бір топ адамзат тап болған мәселелерді дін арқылы шешкісі келсе, екінші топ либералды гуманизмнің идеологиясын ұсынды. Қалай болған күннің өзінде қоғамды Дантенің – ақынның сөзі қозғады.
Бір ғана Италияның емес, бүкіл Еуропаның мәдениетін игерген Данте өлеңдерінің көпке түсініктілігін Элиот сөздің сәулелігімен байланыстырады. Ағылшын ақындарында керісінше ой жарық болғаныменен, сөздері бұлыңғыр келеді дейді. Бір елде туып әлемге ықпал еткен алыптардың ақын болғаны – бүгін жанға демеу. Адамзат тарихындағы ақын деп аталатын салқар көштің ішіне ену және «бәленшекең де ақын болған, ол бүйткен» деп айтуға да жақсы. Бірақ ақын болудың әр түрлі семантикалық өрісі бар. Әртекті ақындар болатындықтан да, оларға берілетін анықтама да өзгеріп отырады. Әр ақынды өзінің табиғатына байланысты түсініп, өз заманының көркі ретінде де бағалап жатады. Бір ақынға түрлі көзқараспен қарау мен әр ақынға бір өлшеммен қараудың парқы екі басқа. Белгілі бір әдеби ағымның, жанрдың ақындарын топтап, оларға бір нүктеден қарағанда да, бәріне бірдей жақсы баға бұйыра бермейді. Әр ақын өзінше – әлем. Бұл сөз нағыз ақын деп мойындалып қойған қаламгерлерге қатысты сөз. Көзі тірі, ақын атанып, бірақ «ақын ба, жоқ па?» деген сауалдың жауабына дүдәмалдау келетін қаламгерлердің бұл сөзге еш қатысы жоқ.
Қалам ұстаған жан үшін кейінгіге сөзі қалса – бақыты сол. Әсілі, кез келген қаламгер соған ұмтылатын болса керек. Бірақ ішкі есепті жеңбей, шығарма жазу да қиынның қиыны. Бір мақала жазсаң да, оқырманың есіңнен кетпейді. Солар не дер екен? Қалай қабылдар екен? Мақала жазушының сезімі осындай болғанда, ақындікін елестету мүлде қисынсыз.
Ақынның жаны – табиғи. Ол сыйлықтан да дәметпейді. Бәлкім, жақсы жазатынын білсе, еңбегінің бағаланғанын, құрмет көрсетілгенін қалайтын шығар. Бірақ жасандылыққа бармайды. Шын ақынға ниетіне қарай Жаратқан бәрін береді. Әдебиеттегі бір кезең бір ақынның атымен аталуы мүмкін. Абай заманы, Мағжан уақыты, Қасым дәуірі, Мұқағали-Тұманбай кезеңі. Осы секілді әдебиеттегі бір кезеңнің ақын атымен өлшенуі де шығармашылық иесінің сөз өнеріне ықпалын аңғартады. Осы кезеңдердің аралығында қаншама аты белгілі-белгісіз ақындар болды. Бірақ олардың шығармашылық потенциалының дәрмені өлшем болуға жетпеді. Психологиялық тереңдікті поэма арқылы жеріне жеткізе жырлаған ақынды аңғару үшін Ілиястың, орыс орманының табиғатын сезгіміз келсе Сырбай Мәуленовтің, сағыныш деп аталатын адам бойындағы ең жақсы қасиетті қайта жүректен өткізгіміз келгенде Төлеген Айбергеновтің поэзияларына ден қоямыз. Өзіндік тақырыбымен келу де ақынға біткен бақыт екен. Біздің заманымызда қаншама ақындар өз тақырыбын таба алмай сарсаңда жүр. Жүйелі жұмыс істемеудің, бір ізді ізденбеудің салдары қазір қатты байқалып жатыр. Бір қарасаңыз лирик, енді бірде эпик, тағы бір қарағанда драматург боп шыға келетін ақындарымыздың өзі жанр табиғатын сезінуден қалған ба деп ойлайсыз. Содан кейін мүлде қарағыңыз келмей кетеді. Бұл кемшілік прозаиктерде де анық көріне бастады.
Жұматайдың алпыс жылдығында Есенғали Раушанов жақсы мақала жазыпты. Сонда қазақ әдебиетіне Ләйлә, Кенежирен арқылы тұтас образ әкелген ақын депті. Бұл да – кез келген ақынның шығармашылығынан табыла бермейтін сирек құбылыс. Кейіпкері үлкен образдық деңгейге жеткізу үшін ізденген ақыннан бір кітап қалды. «Кейінгіге тым болмаса бір өлеңі қалса, сол – ақын» деген ой ең төменгі шкаламен айтылған болса, қазақ поэзиясында мықты ақындардан көбіне бір-ақ кітап қалып отырды. Бәрі үлгі көретін Абайдың мұрасы да кейіннен екі том болып шықты. Алғашқы да бір-ақ кітап еді. Тағдырына қысқа өмір бұйырған классиктерімізді айтпағанның өзінде, Тұманбай Молдағалиевтің «Қош, көктеміндегі» лирикалары ақынның нағыз жемісті шығармалары. Мұқағали поэзиясын қатал талғаммен сараптаса да классикалық бір кітап шығар ма еді. Жұмекен, Жарасқандар да солай. Жаңағы айтқан Есенғали Раушановтың да бар шығармашылығы – бір кітап.
Классикалық бір кітап қалдыру үшін қанша еңбек ету керектігін айтудың өзі артық. Он том жазып, содан бір таңдамалы құрастыра алсаңыз да жетеді. Бұл – жеке көзқарас.
- «АҚЫНҒА» КӨЗҚАРАС
«Ақындар өзара ұқсастығымен емес, ерекшелігімен қызық» (Блок). Рас. Данте мен Абайды салыстырып, өзіндік ерекшелігін жазсаңыз, қызық. Ал ақын мен «ақынның» ерекшелігі түк қызық емес. Тырнақшаның ішіндегі ақынға оның өлеңі туралы пікір айтып, бір ойыңызды дәлелдеп көріңіз. Тегі мүмкін емес. Оған тек мақтау керек. «Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі…» екенін ауызға ала көрмеңіз.
«Ақындықты үйрену мүмкін емес. Оның мектебі жоқ. Ол – Құдайдың берген сыйы» деп жатады. Тегі, рас. Бірақ қазір ақындықты үйреніп (өлеңнің техникасын меңгеріп), ақын атанып жүргендер аз емес. Бұлар да өздерінше бір ақындықтың бір мағыналық өрісіне ие. Демек, «ақындықты үйрену мүмкін емес» деген сөз – «жалған». Жалған болмаса, неге талантты ақындар техниканы меңгергендерге «қой!» демейді?! Жеке сөйлесіп қалғанда, бір дастарханда бас қосқанда «анау ақын емес, анау онша емес» деген сөздер сұмдық айтылады да, бетпе-бет келгенде, я сол кеш ұйымдастырғанда, арнайы қонағы болып, мақтау сөзін айтып кетеді. Бұл жолдан қашу мүмкін емес шығар бірақ…
Қазіргі кезде халық поэзияны жатырқап қалған. Есесіне айтысқа деген ықыласы кеміген жоқ. Өлеңді сол айтыс ақындарының сөзімен өлшейді. Өлшем, талғам солай қалыптасқаннан кейін оларға – кітап шығарғанның, сөз ұйқастырғанның бәрі ақын. Әдебиет тарихында қалатын бір өлеңі болмаса да, баяғы «әбулахапщиналап» ортада жүрген «ақындар» қаншама. Олар колледждерде кездесу ұйымдастырып, кітапханаларда кеш өткізеді. Университеттерде кітаптарының тұсауын кесіп, студенттерге өлеңін оқиды. Теледидар-радиоға сұхбат береді. Газет-журналдарға көлдей-көлдей боп жазғандары шығады. Фейсбукте бір топ қыздардың лайкы мен «керемет» дегендеріне удай мас болады. Оларға ешкім қой демейді. Бірдеңе деудің де қажеті жоқ. Мүсіншінің зубиласы қағып түсірген тастың бір түйірі сияқты уақыт өзі екшейді.
- ЖАЗУҒА КӨЗҚАРАС
«Жазбауға мүмкіндік қалмаған кезде ғана жаз» деген сөз қалыпты Толстойдан. Газетіміздің поэзия бөліміне келген материалдардың көбін жариялау мүмкін емес. Одан бөлек қаншама әңгіме, мақалалар келіп жатады. Көбі жарамсыз. Біздің халық неге қалай болса солай жаза беруге құмар екен. Баспалардан шығып жатқан қанша отбасылық, рулық кітаптар бар. Ұлт руханиятына қосатын қандай үлесі болмақ солардың?
Іші пысқан, не істерін білмей қалған елміз бе?..
Ақындықта да солай. Жаза бергеннен ақын боп кетпейсіз, расымен…