Ұзақ болсын, Жолаушым, жан – ғұмырың!
05.07.2023
397
0

Ақын Қайрат Әлімбектің «Намыс найзагері» поэмасы:
Есіркептің есімі мәңгі бүгін,
Тапқандықтан өзінің мәнді жүгін.
Тән – ғұмырың уақытша,
рухың артып,
Ұзақ болсын, Жолаушым,
жан – ғұмырың! – деп түйінделетін.
Жербетілік пенде болған соң бәріміз де шектеулі ғұмыр сүретінімізді білеміз ғой. Дегенмен ойыңды түсініп, сырыңды бөлісетін жақсы бауырдың, талант­ты ақынның ғұмыр шырағының ертерек сөнуі жүрегіңді жүдетіп, жаныңды жабырқатады екен. Менің іні досым Қайрат Әлімбектің қамал алар қырықтан үш жыл ғана асқанда қара жолдың бойында демі үзілді. Жаны жанартауға ұқсас жалынды ақын тірі жүргенде алты асуды бағындырып, ортамызды толтырар еді, ғажайып өлеңдерімен көңілімізге көркем гүл егер еді, қазақ жырының көкжиегін кеңейтіп, абыройын аспандата түсер еді. Амал не, жан – ғұмырың мәңгілікке жалғассын деген ниетпен біз оның соңында қалған жыр мұрасын саралаймыз.
Әппақ бетке із түсірсе қаламым,
Өміріме із түсірмек қадамым.
Осы іздері арқылы біз танимыз,
Адамдардың адамының адамын! – дейтін Қайрат ақынның өмірдегі қадамы нық, қаламы ұшқыр, поэзияға берері мол, ақындық құлашы кең болатын.
Жүрегінен жұмыр жер пана тауып, көкірегіне аспан түнеген шабыт­ты шақтарында ол әлемнің тыныштығын жалғыз өзі күзетуге бейіл:
Қиындықты қиратып
жолымдағы,
«Көңілашар» күй төгем
соңырда әлі.
Ақын да бір домбыра
күмбірлеген,
Тағдыр деген күйшінің қолындағы, – деп аяқталатын өлеңін өзі оқып бергені, осы шумақтың жадымызда жат­талып қалғаны күні кеше ғана сияқты еді. Оның жыр мұрасының бәрі дерлік келер күнге құлшындырады, намысыңды қайрайды, жаныңа қуат береді, ойыңа ой қосады. Сондықтан ақынның лирикалық сазды мұралары адалдық пен әділдікке құштарлығымен, шындыққа сүйіспеншілігімен оқырманды баурап алғандығы соншалық – көзі тірісінде соңында ойы ұшқыр, сезімі сергек шәкірт­тері қаумалап жүретін. 1989 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Сөзімнің гүлі», одан кейін оқырмандарға жол тартқан «Жоқ іздеген жігітпін», «Махаббатстан» жыр жинақтарымен лирик ақындардың алдыңғы сапынан көрінген Қайрат­тың мен бүгін эпикалық қырын талдауды мақсат тұт­тым.
Қайрат Әлімбектің «Намыс найзагері» поэмасы – Жоңғар шапқыншыларына қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсеткен батыр әрі әулие Есіркеп Жаманқараұлы жайында жазылған қаһармандық дастан. Халық арасында Сіргелі Қара Тілеуке атанған Есіркеп батыр әкесі Жаманқараның ұрпақ зарын тартып жүргенде дүниеге келген қалаулы перзенті екен. Поэманың «Баба басындағы бұлт», «Түн. Тағзым» тараулары әке аңсарына арналса, «Баталы бала» тарауынан бастап Есіркеп батырдың жастық шағы, махаббат дастаны жүйелі түрде жалғасын табады.
Бұл поэма тарихи шындықты көркем кестелеуімен құнды. Бұл – қазақтың сайын сахарасының тәуелсіздігі үшін жерін қорғап, елдігін жоқтап, бірлігін сақтаған ерлері туралы жазылған ерлік дастаны. Кезекті бір барымта тұсында оқыстан танысқан Талшын арумен сөз байласқан Есіркептей ердің ойлағаны орындалмайды. Арын сақтап, дұшпанымен арпалысқан аруды өз бұрымына асып кеткен қалмаққа деген кегі қоюланып, жиырма жасында өзегін өкініш өртеген жас жігіт­тің көзсіз ерлік жасамауы мүмкін емес еді. Поэманың келесі тарауындағы Есіркеп ердің жекпе-жектегі жеңісі, батыл қимылдары оқырманды иландырмай қоймайды. Себебі озбырлықпен опат болған Талшынның жаудың қолындағы кемер белдігін батырдың жазбай танығаны оның ашуын қоздыра түседі.
Жанайлай берген ендігі,
Жалпақ бет жаудан ашулы.
Талшынның кемер белдігі,
Көзіне от­тай басылды.
Милыққа шауып мықтылық,
Кек буған жігіт айлалы.
Мәліштің басын күрт бұрып,
Қолтықтан салды найзаны, –
деп автор жауын ат­тан көтеріп алып, жерге қадаған ердің ерлікке барар жолын қалыңдығының қасірет­ті қазасымен байланыстырады.
Кезекті бір жекпе-жегінде сіргелінің сом жүрек қасқыр ұланы жауына «Тоғанастап» шабады. Содан бастап аузы дуалы Есіркептің батыр ағасының есімі рулы елдің ұранына айналады.
1726 жыл. Барша қазақ баласына Ордабасыға жиналуды хабар еткен жаушылар жіберіледі. Сондай жаушының бірі Есіркепке Сіргелі сарбаздарын Ордабасыға бастап келуді тапсырған Бөгенбай қолбасының жарлығын жеткізеді. Ордабасыдағы бас қосуға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер келіп, қалмаққа қарсы қазақтың басын біріктіріпті. Төле би «Әкең Жаманқараның тілеулі ұлы едің» деп Есіркепке бата беріпті:
Қараның Тілеулі ұлы!
Жұртыңның ағасы бол,
Жаудан қорғар батыры –
панасы бол!
Сенің тілегің елдің үстінде,
Елдің тілегі сенің үстіңде болсын!
Әумин!
Сол шақтан бастап Есіркеп батыр Сіргелі Қара Тілеуке атаныпты.
Поэмада ел мүддесі үшін тізе қосқан ерлердің Аңырақайдан Аягөзге дейінгі жорығы көтеріңкі пафоспен жырланады да Суан Бағай батырдың қалмақ Мұқырыны жекпе-жекте жеңгені сипат­талады. Алайда, Жетісудың киелі тарихында Суан Бағай батырдың емес, қалмақ Мұқырының есімі мәңгі қалғаны өкінішті-ақ…
Есіркеп батырдың әулиелік қыры да поэмада біршама ашылған. Ауылына келген қонағы құл мен күңді айыра алмайтыны, ұлы мен құлының теңдігі, бай-кедейге бөлмейтін әулиелігі, ордаға кіріп кеткен шайтанды шашынан ұстап, жалындырғаны, «Келешекке кесірі тимесін» деп шайтанның бір уыс шашын кесіп алып босатқаны айналасына аңыз болыпты. Кейіннен батырдың алтыншы ұрпағы Дәулет­тің бес баласының да Ұлы отан соғысынан аман қайтқанын үрім-бұтағы баба шарапаты деп түсінеді. Оның киелі сауытының талай ғасыр ұрпағын жамандықтан, ауру-сырқаудан, жел-құз дерт­тен қорғағаны да әулие бабаның шапағаты емес пе?!
Қалмақ, жоңғар, ойрат­тың ордасы ойрандалғанымен, оңтүстіктегі қазақ қауымына салмақ салып, қоқаңдайтын Қоқан ханы Есіркепті алдап шақырып, Қазығұрт­тың асуында батырды жалдамалы мергенінің нысанасына айналдырыпты. Қапылыста көз жұмған есіл ердің сүйегін қалың елі құрмет­теп, Түркістанға қояды. Ақын туындының соңғы тарауын «Есіркеп баба үлгісі» деп атап, ұрпақты дүниеге қызықпай, елдің ертеңін ойлауға шақырады.
Халқының күрделі тағдырына терең бойлап, сыр сандығын ашып, тарих тұңғиығына үңіліп, тапқанын қайта-қайта жүректің, көңілдің сүзгісінен өткізіп, бүгінге жеткізуге талпынған ақын мұраты орындалғаны анық. Қай қиырға салса да жарып шығатын талант­ты ақынның өлеңдері өміршең, мұрасы мәңгілік екенін зерделі зерт­теушілер әлі де айтады, әділ бағасын береді. Қайрат ақын фәни дүниеге келіп қайтқан жолаушы еді. Ендеше, біз оған, «Ұзақ болсын, Жолаушым, жан-ғұмырың!» деп өз сөзін өзіне арнап, тілек-дұға етеміз.

Жомарт ИГІМАН,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір