МЕКТЕП ФОРМАСЫ: БІРЫҢҒАЙ ЕРЕЖЕ ЖӘНЕ МҰСЫЛМАНДЫҚ ТАЛАП
Жуырда Қазақстанның Білім және ғылым, Әділет, Дін және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мектепке діни рәсімдегі киімдерді киюге тыйым салынғанын мәлімдеді. Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, осы министрлікке ата-аналар комитеті тарапынан діни рәсімдегі киімдерді кию туралы 5 мыңнан астам өтініш келіп түскен екен. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 14 қаңтарындағы №26 бұйрығымен мектеп формасының бірыңғай ережесін енгізген. Ол ережеге сәйкес оқушылар мектепке пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Биылғы жылы еліміздің 4761 мектебінде 2 миллионнан астам оқушы бекітілген мектеп формасын киіп жүр.
Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева: «мектепке діни ерекшелігі бар киім, орамал, хиджаб және т.б. киюге жол берілмейді және бұған дейін де тыйым салынған. Заңнаманың нормалары барлық ұлтқа ортақ. Діни киімді тек білім мекемесінде киюге болмайды. Оның сыртынан тыс жерде не кисе де өз еркі. Олардың діни көзқарасына шектеу жоқ», – дейді. Сондай-ақ, вице-министр, егер бала мектепке діни киіммен келсе мектепке кіре алатынын, дегенмен, артынша баланың ата-анасы мектепке шақырылып, діни киімді мектеп формасына ауыстыру сұралатынын айтты.
Ешкім баланың киімін күштеп шеше алмайды. Мұндай киіммен бала бірнеше рет келсе, ата-анасы құлақ аспаса, онда ол есік алдында ата-анасын күтіп тұруға мәжбүр болады. Әзірге «баламды мектепке кіргізбеді» деген шағым түскен жоқ. Біз оқушы құқығын бұзбаймыз. Бірақ олардың да ережені бұзуына жол бермейміз. Ата-анасын күтеміз, – дейді Э.Суханбердиева.
Ал Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайты muftiyat.kz-ке жарияланған осы басқарманың хиджаб туралы пәтуасы төмендегідей.
«Хижаб – орамал, мұсылман әйелінің ар-намысын қорғайтын жаулығы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім кию – мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды. Құран және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі мен мұсылман ғұламаларының бірегей пікірі бойынша, мұсылман әйеліне орамал тағу – парыз.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жамылғыларын түсірсін…» («Ахзап» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.
Аятта киімнің түсі немесе үлгісі анық айтылмаған. Сондықтан әр ұлт, әр мәдениет өкілдері Алланың әмірін өз ұстанымдары, тарихи таным-түсініктері бойынша орындайды.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді пайдаланбаған дұрыс. Ал паранжа (ниқаб) кию – дәстүрлі дінімізге, салтымызға қайшы, бұл діні мен дәстүріне берік болған ата-бабаларымыздың жолы емес. Екіншіден, мұсылман жамағаты мен ата-аналарды хиджаб мәселесінде қоғамдық келіспеушіліктерге, оқу орындарында әркез кездесетін түсінбеушіліктерге сабырлық сақтауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес.
Үшіншіден, мектеп табалдырығын енді ғана аттаған қыз балаға, яғни балиғат жасына толмаған қызға жаулық жабу немесе орамал тағу – міндетті емес. Мұндай әрекетке бармас бұрын ата-аналардың байсалды, ұстамды болуларын, ыждаһаттылық танытуларын сұраймыз. Мүмкіндігінше мектеп басшыларымен ортақ мәмілеге келулеріне, қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуына назар аударуға кеңес береміз. Білімсіздік – бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Алла Тағала қалаған құлына кез келген тығырықтан шығу жолын үйретеді.
Қазақстан мұсылмандары өзі өмір сүріп отырған қоғамнан бөлініп, бөлек тіршілік етпейді. Ата Заңымыз қоғамдық қатынастарды реттейді және азаматтардың бостандығы мен діни сенімдеріне еркіндік береді. Мұсылмандар да Алланың әмірі бойынша заңды сақтайды және оған құрметпен қарауы тиіс».
Біз үш министрліктің мәлімдемесі жарияланған соң бірқатар дін өкілдері мен дінтанушыларға хабарласып, мәлімдемеге қатысты пікір беруін сұраған едік. Алайда, олар мәселенің екі ұшы бар екенін айтып, көбіне пікір беруден бас тартты. Олар айтқан мәселенің екі ұшы балиғат жасқа толған қыз балаларға қатысты болып тұр. Шариғат үкіміне сәйкес, қыз бала 9 жасында балиғат жасына келеді десек, ол жастағы баланың барлығы дерлік мектеп қабырғасында оқиды. Ал балиғат жасындағы қыз балалар кие берсін десеңіз ол мектеп формасының ережесіне қайшы келеді. Тіпті, мектепке ұлттық киіммен баратын Түркіменстан оқушыларын мысалға алып, дизайнер мамандармен келісе отырып ұлттық ерекшелігімізге сәйкес, мұсылмандық талапқа сай киім үлгісін тігіп шығу тиімді болар еді деген ұсыныстар да айтылды. Мектеп ұстаздары баланың киімінен бұрын білім мен тәрбиесіне көңіл бөлуі керек деген дінтанушылар да табылды. Мұндайда мұсылмандық талапты қатаң орындайтын отбасылар балалары балиғат жасына толған кезде мектепке жібермей қоя ма деген күдіктің қылаң беретінін айтқандар да бар.
Ал www.Tamshy.kz Исламдық порталында Жасұлан Жүсіпбе-ков, Арман Қуанышбаев есімді имамдар орамал жайлы өздерінің азаматтық пікірлерін видео нұсқада жариялапты.
Қоғамдық пікірдің сан алуандығына қарамай әр азамат өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің бекіткен заңын құрметтеуі шарт. Ал өскелең ұрпақ оны жастайынан ұғыну үшін алдымен мектептің ішкі тәртібіне құрметпен қарауға тәрбиеленгені абзал.
Н.САЙМАСАЙҚЫЗЫ.
Гүлдана ЕСІМБЕКОВА,
№177 жалпы білім беретін мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Біздің мектепте діни ерекшелігі бар киім киетін екі-үш оқушы бар еді. Біз ол оқушылардың ата-аналарына баланың орта білім беретін оқу орнына сай киім кию керектігін айтқанымызбен еш нәтиже болмаған. Ата-аналар діни киімді мектепке кимесін деген тыйым еш заңда жазылмаған деп адвокат ілестіріп балаларын діни киімдермен мектепке алып келіп жүрген. Жақында Білім және ғылым, Әділет, Дін және азаматтық қоғам министрлігі ҚР заңнамасына сәйкес, діни рәсімдегі киімдерді мектепке киюге тыйым салынатынын мәлімдеген соң, мұғалімдердің қосымша ескертуінсіз балаларын мектеп формасының бірыңғай ережесіне сәйкес киіндіретін болды. Зайырлы мемлекет болған соң, әсіресе, мектеп қабырғасында оқушылардың бірыңғай киім кигені жөн деп білемін. Ал мектеп қабырғасынан тыс ата-ана баласына не кигізсе де өз еркі. Меніңше, бұл жерде ешкімнің құқығы шектеліп тұрған жоқ.
Ермек НҰРЫМОВ,
Алматы қаласы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің психологі:
– Баланың шыр етіп дүниеге келуі біз үшін зор куаныш. Өйткені, бала өмірдің сәні, отбасының шаттығы. Алла Тағаланың берген сыйы. Дана қазақ тоғыз ай тоғыз күн құрсақта жатқан сәбиді, шілдеханамен қарсы алып, тал бесікке салған, бесік жырымен әлдилеген. Тәрбиені аса маңызды деп санап, бала бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге тырысқан. Оның ата-ана үшін аманат екенін жақсы білген. Осы алынған тәрбие әрі қарай мектеп қабырғасында жалғасатындықтан, қоғамдық, әлеуметтік, педагогикалық және психологиялық тұрғыдан көп мәселелер туындайды. Оның ең маңыздысы отбасында, балабақшада, мектеп қабырғасында баланың бойына діни білімді сіңіруі. Елімізде ұлтаралық татулықты сақтап, діни біліктілікті арттыру мақсатында мектеп бағдарламасына «Дінтану негіздері» пәні де енгізілді. Жастардың діни сауаттылығын, әлеуметтік педагогика және психология арқылы білімдерінің теориялық негізін айқындау және практикалық әдістемелік жағынан қамтамасыз ету қажет.
Cоңғы уақытта мектеп қабырғасына орамал тағып келу (хиджаб) мәселесі көтерілді. Осыған сәйкес «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында білім алушыларды тәрбиелеу мақсатында тәртіптік ықпал ету және өзге де шаралар қолдану ретінде білім беру ұйымдары дербес бекіткен ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес бірыңғай киім үлгісі белгіленеді (Заңның 43-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы және 47-бабының 18-тармағы)». Ары қарай «Білім беру ұйымдарында ішкі тәртіп ережелерін сақтау білім алушы мен тәрбиеленушінің міндеті болып табылады (Заңның 47-бабы 14-тармағы)».
Көріп отырғанымыздай, белгілі бір тәртіптен алшақ кетпеуіміз шарт. Себебі, діни білімнен толық хабары болмаса қазір түрлі радикалды ұйымдардың арбауына түсіп кету қауіпі күшейеді.
Оқушыны жан-жақты білімді тұлға етіп қалыптастыру ұстаз бен психологтардың ортақ ісі. Мұғалім мен психолог оқушымен тығыз қарым-қатынас орнатып, оларға білім беру арқылы баланың рухани әлемін тәрбиелеп, ақыл-ой және дене еңбегіне баулу қажет.
Лариса ЖЕТПІСБАЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
№12 мамандандырылған гимназия мектебінің
тәрбие ісі меңгерушісі:
– Қазақстан мұсылман мемлекеті емес, мұсылмандар тұратын – зайырлы мемлекет. Қазақ әйелдері хиджап кимеген. Әйел адамға арналған етек-жеңі жабық, ашық-шашық емес киім үлгілері өз ұлтымызда да бар… Ал мектеп жасындағы балалар туралы айтар болсақ, қазақ ешқашан бесіктен белі шықпаған қыз балаға орамал тақпаған. Оқушы қыздардың мектепке хиджап киіп келуіне тәрбие ісінің меңгерушісі ретінде қарсымын. Мектеп қабырғасындағы қыз баланың шашын әп-әдемі етіп өріп, ақ кофтасын, сарафанымен киіп келгені қандай жарасымды. Бұл орайда мектептің ішкі тәртібі мен әр азаматтың өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің заңын құрметтеуі жіті түсіндірілуі керек деген ойдамын.