ҚАЗАҚТЫҢ КӨСЕГЕСІН КӨГЕРТЕТІН ТАБИҒАТ
28.10.2016
2275
0

img_3315Тумысымыздан табиғатпен біте қайнасып, оның амалы мен сан түрлі құбылысын жетік білген күні кешегі көшпенді елдің ұрпағы келе-келе ол қасиетінен ажырап, туған жаратылыспен етене араласпайтын дәрежеге жеткеніне нанар-нанбасымызды білмейміз. Ғылым мен техникаға көңілі ауған  сол халықтың бүгінгі ұрпағы табиғат пен адам  арасындағы қайшылықтарға тікелей кінәлі. Соның салдарынан  жаратылыстың тепе-теңдік заңдары ескерілмеуге айналды. Егер   қасиетті Жер-Ананың үйіп-төгіп берген ырысына «қанағат» демей, озбырлық таныта берсек, болашақта қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін екенін білу мақсатында: «Экологиялық апаттардың  алдын алу мүмкін бе? Қазіргі заманға сай «экологиялық  идеология»  қалыптастыру үшін не істемек керек? Табиғатты сауықтыру үшін қандай  шаралар қолданған жөн?»  деген сауалдарды мамандарға жолдаған  едік.


14876400_1835921936689102_1164606747_oЖақыпбай ДОСТАЙ,
География институты
Су мәселелері бөлімінің жетекшісі,
география ғылымының докторы,
профессор

ЭКОЛОГИЯНЫҢ НАШАР БОЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС

Айтылып отырған үдерістің соңғы уақытта қарқындай түсуін байқау қиын емес. Халқымыздың осындай жағдайға жетуі, кезіндегі «табиғат бізге қызмет етуі керек, Жер – адамға ба­сың­­ды и» қағидасының іске асуына байланысты. Ұлы дала қойнауындағы бай­лықты игеру жабайлықпен іске асы­рылды. Елдегі барлық жобалар экологиялық қауіпсіздік шараларынан жұрдай болатын. Елуінші жылдардағы тың игеру жұмыстары зерттеусіз, көзсіз жауыз­дықпен жасалды. Даланы қара дауылдар басып, жердің қара шірігінен айырылды. Миллиондаған гектар жер­лер­дің құнарлы топырақтары желге ұшты. Космос кемелерін ұшырту, әс­кери полигондардағы жарылыстар, Семей ядролық полигонының жұ­мысы, даланы шұрық-тесік етіп алын­ған уран рудалары, т.б. даланың эко­ло­гиялық ахуалын тығырыққа тіреді. Бұл жұмыстардың барлығы бұрынғы КСРО деп аталған Отанымыздың қауіпсіздігі үшін деген ұранмен жүргізілді.
ХХ ғасырдың басынан сол ғасырдың екін­ші жартысына дейінгі ұрпақ үш рет ауысып үлгерді де қоршаған ортамен біте қайнасқан тіршілік ұмытылды. Адамдар ірі қалаларға, қалашықтарға ағылды. Қазақ түйсігінен «обал» категориясы шығып үлгерді. Осындай табиғи байлықтарға тек пайда көру, онда да табиғатты зорлықпен пайдалану, тұрғысынан қарау тіршіліктің тепе-теңдік заңдылықтары бұзылып, экологиялық апаттарға жол берілді.

Еңді осы экологиялық апаттар­дың алдын алу мүмкін бе? дегенге келетін болсақ…

Біріншіден, бүкіл еліміздің эколо­гиялық жағдайына инвентаризация жа­салып, ол жерлерді қалпына келтіру шаралары жүргізілуі керек. Эколо­гия­лық тәрбие балабақшадан, бесіктен басталуға тиіс. Әскери, басқа да полигондар толығымен жойылуы керек. Кез келген жоба – жол салу, канал қазу, жер жырту, т.б. қоршаған ортаны қал­пына келтіру жұмыстарымен аяқ­тал­уы тиіс. Баспасөз, радио, телевидение ақпарат қатаң бақылауда болуы керек. «Нашар экология» тәріздес сауатсыз жарнамаларды жасаушылар қатаң жазаланғаны дұрыс. Экология­ның нашар болуы мүмкін емес, ол ғылым са­ласы, сондықтан экологиялық жағ­дай, ахуал нашар десе болады. Осындай сауатсыз ғалымдар сөзін сауатсыз журналистер тотықұсқа ұқсап қайта­лайды.

Кез келген кәсіпкер, фермер, егінші жерден қанша алса, сонша беруге тиіс. Тыңайтқыштар, жануарлардың жаңа түрлерін алып келу, оны өсіру аса мұ­қияттылықпен байқап жүргізілуі тис. Өз­деріңіз білесіздер, Австралияны қоян­дар жеп қоя жаздаған еді ғой. Осын­­дай келеңсіз жағдайлар орын ал­мас үшін барлық істі тиянақтылықпен ат­қарғанымыз жөн.

 

rozaРоза ҚАРАҒҰЛОВА,
География институтының аға ғылыми қызметкері,
география ғылымының кандидаты

ТАБИҒАТҚА ЕТЕНЕ ХАЛЫҚ ЕДІК

Бүгінгі ғылым мен техника дамыған XXI ғасырдың сауат­ты азаматтарына экология, қоршаған ортаны қорғау туралы әңгіме қозғаудың өзі ұят мәселе болса керек еді. Әйт­се де, айналамызға қарап көңілің құлазитын жәйт­тар­дың куәгері болып жатамыз.

Адамдардың кері әреке­ті­нің салдарынан Қазақс­тан­ның табиғи ландшафт бей­не­сі өзгеріп, табиғат қатты зар­­­дап шегуде. Өсімдік жа­мыл­ғы­сы сиреді, жануарлар ареалдары тарылып, көптеген түрлері мүлде жоғалып кетті. Ормандар мен сексеуілдердің және бұталардың аудандары азай­ды. Бірқатар шөлейтті жә­не таулы аймақтарда та­би­ғи жем-шөптік шабын­дық жер­­лердің өнімділігі төмен­деді.

Ертедегі ата-бабаларымыз тіршілік көзі мал шаруа­шы­лығы болғандықтан, қорша­ған ортаға малдың тигізетін зиянын ескеріп, жылдың төрт мезгіліне сай жайылым мекенін ауыстырып отыр­ған. Жаз жайлауды, қыс қыс­тау­ды, көктеу мен күздеуге кө­шу арқылы жерді мал тұя­ғынан тозу­дан сақтап, өсімдік жа­мыл­ғысының веге­тация­лық мез­гіліне сай жағдай жа­саған. Олар көшкенде жұр­тын зиянды қоқыстардан тазартып ке­тетін болған. Қазақ ежел­ден-ақ табиғаттың түрлі құ­бы­лыстарын зерттеп, оның ыс­тығына күйіп, суы­ғына төзген халық.

Ғасырлар бойы қалыптас­қан дала халқының осындай өмір салтын кешегі КСРО дәуі­­ріндегі колхоздастыру ке­зінде де ескеріп, мал шаруа­шы­лығы осы жүйемен дамы­ған еді. Біз осы бабадан қал­ған бір игі дәстүрден ажырап қал­ғандаймыз. Ауыл халқы­ның негізгі тіршілік көзі әлі де мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы, бірақ жүйе­­сіз, жабайы шаруа­шы­лық. Жылдың төрт мезгілінде төрт түлік малды ауыл ма­ңын­­­­­дағы шағын аумақта үздік­сіз жаю арқылы соңғы жыл­дары табиғи ландшафт бей­несі құлдырап, антро­по­ген­дік деградацияға жаппай ұшы­рауда. Біріншіден, үз­дік­сіз мал жаю салдарынан өсім­дік жамылғысы көк­темде көк­­теп, жазда гүл шашып, күз­де тұқым тастап үлгер­мей­ді, одан қалғанын қыстай ірі қара мал қар астынан тамырымен жұлып жеп қорек етеді. Екіншіден, өсім­дік жамыл­ғы­сынан айырыл­ған жердің бет­кі қабаты мал тұя­ғымен тап­талып, жел, су эрозиясына ұшырап құна­ры­нан айырылуда. Үшіншіден, осы се­беп­терге ғаламдық жылыну, ыл­ғалдың аздығы қо­сылып, ауыл шаруашы­лығын да­мы­туға қолайсыз микроклимат қалыптасып жатыр. Малын көбейтіп, бі­рақ оны қажетті азықпен қамтамасыз ете ал­маған ауыл халқы малын са­тып, жаппай қалаға көшіп, ірі қалалардың ма­ңы­на шо­ғыр­лануда. Сол урба­ни­за­ция­ның ең ірісі Алматы агломерациясын қалып­тастырды. Бүгінде Алматы маңындағы шағын ауылдарды мекендеген халық қорша­ған ортаға ой­ланбастан орасан зиян кел­­­тіріп жатыр. Мы­салы, инф­­­роқұрылымы әлі да­мы­маған жаңа құрыл­ған ауылдарда арнайы қоқыс жинайтын мекемелер қыз­меті жоқ болғандықтан күн­делікті тұр­мыстық қалдық­тарды өз беттерінше әр түрлі әдістер­мен жоюда. Бірақ көпшілігі полиэтилен пакет­теріне са­лын­ған қоқыс қал­дық­тарын далаға шашып кетеді. Осы жылы көктемде Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылынан солтүс­тікке қарай ор­наласқан бір­қатар елді ме­кендер маңы­нан қар кеткенде бірнеше шаршы шақырым аумаққа жайылып, шашылып  жатқан па­кет­тер­дің куә­сі болған едім. Арнайы зерт­­­теулер дерек­теріне сүйен­­сек, осындай полиэтилен па­­кеттері топы­рақта 100-200 жыл шамасында шіриді екен, пластик бө­тел­келер мен ыдыс­­­тар да осы уақытқа ша­ма­­лас. Ғалым­­дарды таң­қал­дырған тағы бір жағдай – ба­ла­ларға арналған пам­­­­перстердің жойылу уа­қыты 300-500 жыл­ға жуық­тайды екен.

Бұл көрініс әсем қаламыз Ал­матының көркі Іле Алатауы шатқалдарындағы өзен жа­ғалаулары мен демалыс орын­дарында да белең алып тұр­ған мәселе.

Сонда бізді қоршаған ор­таның ертеңгі бейнесі қандай бол­­мақ? Бабаларымыз үсті мен асты байлыққа толы же­рі­­мізді қаймағы бұзыл­ма­ған күйін­де бізге ама­нат етті емес пе? Ал біз ұрпағымызға қан­­дай мекен қалдырамыз? Ме­ні осы ой қатты толған­ды­­рады!

 

ajmanАйман ТЕМІРОВА,
эколог

ЖЕР-АНА ЕМДЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Қазақ халқының ең негізгі кәсібі – мал шаруашылығы болғандықтан таби­ғат­тың сан алуан құбылысын терең ұғы­нып, соған қарай әрекет жасап отырған. Та­биғаттың заңдылықтарымен санаса оты­рып, мал жайын да өз жағдайын да ұш­тастыра білген.

Қазақтардың тек көшпенді өмір сүру образы сақталып, өмір бойы киіз үйде тұ­рып, тек малдың соңында жүруі шарт емес. Тек ертедегі дала қазақтарының сез­­­гіштік, көрегендік, адамгершілік, жа­нашырлық деген секілді ізгі қасиеттерін ұмытпауымыз керек.

Қазіргі кезде адамдар жеріміздегі пай­далы қазбаларды өндірумен қатар, түрлі ме­талдарды өңдеп, нанотехнологияларды дамыту арқылы әр түрлі химиялық өнер­кәсіптерді жандандыру үстінде.

Мұның барлығы табиғатпен тікелей бай­ланыста іске асырылып отыра­тын­дық­тан, қоршаған ортаға келтіретін зияны зор. Түрлі өнеркәсіптерден шыққан қал­дықтарды залалсыздандыру, жеке адам­дардың экологиялық білімін көтеру мә­селесін заңдастырғанымыз жөн.

Адамдардың тойымсыздық мінез көр­сетуінің салдарынан экологиялық апаттар орын алуда. Табиғат пен қоғам ара­сын­­дағы тепе-тендіктік жойылып, та­­­­би­ғаттың тосын мінездері жиілеуде. Жал­пы тіршілікке, оның ішінде адамзат­тың өміріне қауіп төнуде.

Табиғатты адам ағзасымен салыстыра­тын болсақ, организмде бір сырқат та­был­­са, біз үнемі оны емдеумен боламыз. Сон­дықтан сол ауруды болдырмаудың қа­мын ертерек ойлағанымыз дұрыс. Біз­дің табиғатымыз тура сондай емделу мен қайта қалыпқа келтіру шараларын қажет етеді.

Түрлі өнеркәсіпті дамыту жолында қор­шаған ортаны қорғау мәселесі қатар жүру керек. Табиғатты қорғау бағытында әр түрлі шаралар ұйымдастырылып қана қой­май, оларды жақсартып, жетілдіріп отырғанымыз дұрыс.

Мен жұмыс бабымен іссапарға көп ба­ра­мын. Поезда келе жатып қазақ да­ла­сының түрлі қоқыс қалдықтарымен со­н­ша­лықты ластанғанын көргенде, қатты қын­жыламын. Сырт көзге бейкүнә кө­рін­генімен, сол полиэтилен пакеттері мен плас­тмассалар ұзақ жылдар бойы ші­рімей­тін, ең зиянды қоқыс түрлері болып са­налатынын әрқайсымыздың біліп жүргеніміз міндет! Қазіргі таңда тех­но­ло­гия­лар дамуының нәтижесінде пайда бо­латын болмаса өңделмей қалатын қо­қыс қалдықтар түрі де, онын химиялық құ­рамы да алуан түрлі. Тіпті, үлкен өнер­кәсіптердің ластауын қоя тұрып, күн­де­лік­ті өмірімізде кездестіріп жататын қа­ра­пайым мысалдардан: автокөліктерден шығатын газдармен ауаны ластап жат­қа­нымызды әрқайсымыз білеміз. Сонымен қоса, қайта пайдалануға келмейтін мотор майының, құрамында қорғасын бар аккумуляторлар, жүрісі тозған дөңгелектер, түрлі металл калдықтары, және т.б.

Барлық адам Жер-Ананың бізге үздік­сіз беріп отырған ырысын сақтап, оны ая­лай білуді үйренсе, нұр үстіне нұр болар еді!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір