МЕН ҮШІН ҮШ БЕСІГІМ – БӘРІ ҰЖЫМАҚ…
28.10.2016
1872
0

n-rbolat-bdi-adyr-1Нұрболат ӘБДІҚАДЫР,
ҚХР

 

ХИКІМЕТ

Сәби ғой, өзінде жоқ әсілде ерік,

Бір тұқым адамзаттан ашылды өніп.

Ең кішкене тұрғыны жер шарының,

Фәниге түседі екен басын беріп.

 

Бәрібір атомың не, әлемің не,

Барлығы кезегінде теңелуде.

Қаласа бардан жоқ қып өзі әкетіп,

Пақырын Алла әкелер және өмірге.

 

Жазмыш оны жас дей ме, кәрі дей ме,

Аз мұнша сап қояды әбігерге.

Әбігері түгесе тұзы бітіп,

Шығады мәңгі ұйықтауға тәні дөңге.

 

Аттанғанда ғайыптың аянымен,

Ашады үнсіз құшағын баяғы дөң.

Соңында пенде байғұс еркінен тыс,

Ақымды аттайды ақыр аяғымен.

 

Аяғымен кетеді басымен кеп;

Ақыреттің хикімет тасын өрлет!

Жырларыммен жатырмын соған дейін,

Миым мен жүрегімді қосып емдеп.

 

ҮШ БЕСІГІМ

Тұқымы екені анық тегім жердің,

Әуелі, жанды бесік, өмір бердің.

Айналып өз өсімде, жер порымдас

Анамның құрсағына көмілгенмін.

 

Анамның құрсағынан жерге түстім,

Тал бесікке сап, анам, тербетістің.

Жерді анаға, ананы жерге теңеп,

Есейіп, естілермен төрлетістім.

 

Мен де жердің жер құрлы пендесімін,

Үшінші де тербейді жер бесігім.

Жерден өндім, жерге енді қайта қайтсам,

Торқалы топырақтың теңдесімін.

 

Анамның құрсағында, әуел, қалқам,

Көміліп көргеннен соң неден қорқам.

Тал бесікте аспанның асты көмді!

Сосын, елді толқытқан өлеңді айтам.

 

Жүрек сенген жырымда жан бар бөгде!

Таластым табиғат боп таңдармен де.

Мен үшін үш бесігім бәрі ұжымақ,

Қара жер құшағына алғанмен де!

 

АТЫМТАЙ

Ақындарға Атымтайға бармау – мін!

Атымтайды іздейді ылғи ой, қайғым.

Өзімді өзім жеңу ауыр маған да,

Сонда Атымтай аңызына бойлаймын.

 

Атымтайдың аты аңыз боп әлі жүр,

Өсті дейді уызына жарып ұл.

Бір емшегін бір сәбиге бермесе,

Көнбейді екен анасына ол, бәрібір.

 

Әз ананың омырауын кең ашып,

Екі сәби емсе керек таласып.

Халық айтса қалт айта ма, ал, сонан

Жомарттықпен жолы бопты бағы асып.

 

Қуанышын бөліскен ғой бұла, пәк

Лезімде елге таралыпты бұл атақ.

Анау әйбәт ауызданып жатса егер,

Атымтай да сорады екен рахат.

 

Ешкім енді атымтайдай бола алмас,

Соны ойласам жаным жадау, санам мас.

Жомарттықтың не екенін де анасы,

Атымтайдан үйреніпті ең алғаш.

 

Өлең жайлы шертілгенде әңгімем,

Сөз бастадым атымтайдай мәңгіден.

Әр жолы жыр жазарымда толғанып,

Атымтайды есіме алам алдымен.

 

МЕН ДЕ БІР ЕГЕМЕН

Жұлдыздар – түнде де, батады күн неге?!

Ақыным, бірдеңе білмесең, үндеме.

Сағыныш, санама ұя сап, құйқылжы!

Махаббат жүректе мәңгіге бүрле де.

 

Оқырман – ертеңге өлеңім ас деймін,

Ақ қағаз аспанға мен шындап бас қойдым.

Жырымда – бар шыным,

ойымды аршыдым!

Өтінде майданның жан кешкен әскермін.

 

Ізімді байқар кім,

әр жолмен тайпалдым,

Ақылсыз сезімді өзіне қайтардым.

білгенге өлеңде мен де бір егемен!

Өмірдің бетіне өзім боп айта алдым.

 

Құлжа қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір