ҚАЗ ДАУЫСЫМ ҚАЛҒАН ҚАЙРАН ДАЛАЛАР… 
28.10.2016
2094
0

1005_4Ақылбек ДӘЛЕЛБЕКҰЛЫ,

ҚХР

 

Ауылың жаққа жеткенмін,

Аласұра…

Айтам-ау!

Арман дейтін жебе сынды.

Желге ұшқан жапырақтар арасынан,

Ертіске ертіп қайттым елесіңді. 

 

Көшті жыл!

Көнерді үміт орамалы,

Қиялымның әуенін тыңдап өкпек. 

Жүрегіме жүк артып келем әлі,

Сарала сағынышым мұңға көктеп. 

 

Куә елеусіз көшелер… 

Көне бақтар… 

Оу,  сырнай!  Бар ма есіңде таңғы ертегі?

Көміліп көкірекке өлең-оттар,

Сол маңда махаббаттың қалды өркені. 

 

Іргелі ауыл!

Із салмай кеттік алыс,

Биіктеп құдыреттің мұңлық әні. 

Тереземді қаққалы текті дауыс,

Сен болып сөйлейді ылғи түн бұлағы. 

 

Шалғайдан мөлдір-қайғың жетіп маған,

Шаршатар… Бұйырмаған сол бір бақыт.

Тағы ертіп елесіңді кетіп барам

Ертістің жағасында жаңбырлатып… 

 

ТАБИҒАТҚА ДАУЫСЫМДЫ ЖЕТЕЛЕ…

Тағдырымды орап отқа таңғы ойлар,

Жүрегімнің таңдайына қонды айбар. 

Табиғатқа дауысымды жетеле,

Сүйген, туған топырағын… 

Торғайлар!

 

Жаудырсам деп бар кеудеге ар нұрын,

Жан айғайын жалғадым мен, жарлының. 

Тауларына тартпаса,  әттең!

Түйсінер

Жанарымда толқындаған қанды кім?!

 

Көкірегін көзсіз мұңға төсеген,

Арпалыс-ау!

Тәңір жазған пешенем.

Өмірге дәт… Айтқызарын кеш білдім,

Көңілге жат, көлгір анау көшелер… 

 

Сол көшелер!

Содан ары жол жұмбақ… 

Шайқады аппақ үмітімді,  шаң жырлап. 

Елеңдетпес кері ағысқа еркімді,

 

Рухымда тамыр жайған таңғы ырғақ. 

Көңіл қайтқан дұшпан түгіл, достан да.

Хақым да жоқ, жолағымды шашпауға, 

Шаңды шаяр,  ақ жаңбырға айналып.

 

Даусым қалса болғаны тек аспанда,  

Тағдырымды орап отқа таңғы ойлар.

Жүрегімнің таңдайына қонды айбар. 

Табиғатқа дауысымды жетеле,

Сүйген,  туған топырағын Торғайлар!..

 

ҚҰЛАГЕР-ҚИЯЛ

Жүрегімде сол байырғы жүр әуен,

Жұмбақпын-ау, пенделерге, сірә, мен. 

Құба шаңға көміп шайпау тағдырды,

Құйындатып кетер ме едім құламен…

 

Ғұмыр-жұлдыз!

Бір жарқ етіп жоғала,

Жолағынан мүсінделген молалар. 

Жапырағын жатыр шайқап көңілдің.

Қаз дауысым қалған Қайран далалар… 

 

Шұбырынды ізге салған шұрқаны,

Кейуана – зар кеудемді, әттең, жыртады.

Қайта оралып соғып өтпей қайда жүр,

Қара таудың Бұйра жалды бұрқағы. 

 

Қарсы алдымда мөлт-мөлт еткен әйнектер,

Сағыншым ән салдырған бай бөктер…

Аспан, Жерге  жетпей жетім дауысы,

Шашқан жемге жапырлайды-ау,  жай кептер. 

 

Опа-далап жаққан  «ойхой әлем!» – деп,

Келеді, әне,  тағы да бір таң өрлеп. 

Қиқар тірлік… 

Қыздың иісі… 

Қысыр сөз… 

Байлық қана ентелеткен бар Ермек. 

 

Босағасын аттай берсем жарықтың,

Бойтұмарсыз ұлын көрем халықтың. 

Қуат іздеп мұң-байрақты құлатар,

Құм-Қайрақты шайнай-шайнай талықтым. 

 

Жүрегімде сол байырғы жүр әуен,

Жұмбақпын-ау,  пенделерге сірә мен. 

Құба шаңға көміп шайпау тағдырды,

Құйындатып кетер ме едім құламен. 

 

ҮМІТ ЖӘНЕ КҮДІК

Жым-жырт ымырт!

Шырын шылым иісі… 

Күңгірт бөлме!

Тізелері тиісіп

Кеудемдегі үміт-қыз бен күдік-шал,

О, масқара!

Отыр тағы сүйісіп… 

 

Күреңітем… Бетімде ойнап күлгін Нұр,

Күдік шалдың шаштарын бар,  жұлғым бір… 

Қытығы мол періштедей қыз-үміт,

Қылықтанып алған қашан,  бұл құрғыр!

 

Қойнауыма қос күреңін шалдыртып,

Қыз көйлегін қызуланған шал жыртып…

Түйнек бұлттар түйдектеле бергенде,

Түрегелдім… 

Жанарыма қан кілкіп!

 

Түсім екен… 

Айып етпе, жігіттер!

Әлеміне сондай түстің кіріп көр… 

Ақ арманды кетеді екен ақсатып,

Алды күміс,  арты қуыс үміттер…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір