ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ
Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен Болгарияның коммерциялық емес Құқық орталығы «Мен шешім қабылдаймын – Мен өмір сүремін» атты көрме өткізді.
Болгарлық авторлар Надежда Георгиева мен Яна Бурер Таваниер өз туындыларын «Мен шешім қабылдаймын – Мен өмір сүремін» деп атауының себебін журналистер қауымына былайша түсіндіріп берді:
«Айналамызда түрлі жандар бар. Олардың арманы, мақсаты әр түрлі болуы мүмкін. Әсіресе, жаны мен тәнінде түрлі ауытқулары бар жандардың да өмірге деген өзіндік көзқарасын, бостандығы мен қалауын да ескеруіміз керек. Осы мақсатта біз арнайы жоба аясында жаны дертті біраз адаммен жекелей сөйлесіп, олардың әңгімесі арқылы армандарын сурет қылып салуға тырыстық. Мүмкіндігі шектеулі немесе психикалық проблемалары бар адамдардың билігі өз қолында ма? Жоқ, олар үшін өзгелер жауапты. Яғни оның өмірі қамқоршысының қолында. Көңіл күйі мен бостандығын, мүлкі мен бар қаражатын қамқоршысы бақылауда ұстайды. Қамқоршылыққа алынған адамдардың өз өміріне билік жүргізе алмайтыны белгілі. Олардың дауыстары, тілектері мен ойларының заң алдында құқы жоқ. Тіпті, олар өз өміріне өздері «шешім» қабылдай алмайды. Көрменің атын «Мен шешім қабылдаймын – Мен өмір сүремін» деп атауымыздың себебі, Декарттың атақты «Мен ойлана аламын, демек, мен тіршілік етемін» афоризмімен сәйкестендірдік. Демек, олардың өмір сүремін деп шешім қабылдауына себеп бар».
Көрмеге қойылған 16 суреттің әрбірінің астында өмір сүруге жетелейтін, әрбір баланың арман-мақсатын айқындайтын сөздер жазылып қойылған. Бастысы, бейнелер мен мәтіндер бір-бірімен үйлесім тапқан. Сол арқылы оның мәнін терең түсіне аласың. Мұның бәрі көрерменді ойға жетелейді: яғни авторлар олардың назарын қоғамға қажетті гуманизм идеясына, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге бағыттайды. Бұл көрме мүмкіндігі шектеулі және психикалық проблемалары бар адамдардың да өмір сүруге құқы бар деген моральды алға тартады.
ПІКІРЛЕР3