ТҰҒЫРЫ БИІК ТӨРТ ТҰЛҒА
Алматы-Ташкент трассасының Отар жол қиылысында Батыс Қытай – Батыс Еуропаға бет алатын автобан бойына орнатылған сәулетті кешен сонадайдан менмұндалап, ерсілі-қарсылы ағылған жолаушы назарын өзіне бұрмай қоймайды. Бұл – Қордайдан шыққан Өтеген батыр, Кебекбай мен Ноғайбай би-шешендер және ұлы композитор Кенен Әзірбаевқа арналған мемориал.
Киелі Қордай жері тарихына үңілсек, бұл өңірдің әр нүктесі тереңнен сыр шертеді. Мына бір тұсында Жоңғар шапқыншыларына қарсы болған Аңырақай шайқасының сызы жатса, енді бір жағында қазақ мемлекеттілігінің белгісі Қазақ хандығының отау тіккен орны көрінеді. Бұл маңайда Кенесары ханның соңғы шайқасы өткені де исі қазақтың жадында сайрап тұр. Өтеген батырдың ерлігі, Кебекбай шешеннің уәлі сөзі, Ноғайбай бидің әділдігі мен Кененнің қайталанбас әндері – ел-жұрттың жадында қалған және қала беретін тарихи тұлғалардың өлмес рухы деп білген жөн шығар. Ал оны ұрпақтың ұлағатына айналдыру ісі тектілікті, елжандылықты, үлкен жүректі, азаматтықты керек ететінін мойындамасқа лажың жоқ. Бұл мемориал тарихта өшпес із қалдырған осындай ұлы бабаларды ардақтап, рухына тәу етуді парыз санайтын мұраты биік азаматтардың барының айғағы.
«Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа, жарқылдаған алмас па?» деп Төлеген Айбергенов жырға қосқан қазақ жігіттері сол даралығынан айнымады ма деген сауал көп мазалайтын-ды. Иә, бұл қасиеттің сынығы әлі де болса қазақ қанында бар екен. Болмаса, баба рухына арнап салынған мемориалдың құрылысына 62 миллион теңгені қиналмай ұстата салу –бүгінгідей қысылтаяң заманда ерлік емей, немене?! Бұл – «Айша бибі» фармоцевтикалық заводының директоры Қайрат Қаймолдаев. Монумент ашу идеясын айтып, жұмысты үйлестіріп, ұйымдастырып жүрген жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық «Жамбыл» әдеби-көпшілік, танымдық журналының директоры-редакторы Несіпбек Дәутайұлы: «Ешкімге сүйенбеген, ешкім жетелемеген, ешкімге жалтақтап, жағынбаған, алыс-жақын шет елдердің бизнес жүргізу мәдениетімен қалыптасқан, өзгенің бәрінен тәуелсіз, алайда қаны мен жаны қазақтың абырой, намысы деп жаралған Қайрат өзіндегі игілікке іскерлігімен, тынымсыз еңбекқорлығымен, адалдығымен жеткен» деп еді.Монумент идеологы, үйлестірушісі, меценаттары, құрылысшысы, жобалаушысы, істі күндіз-түні қадағалаушысы – «алтын жетпес нарқы бар» осындай алты азамат.
Батыс пен Шығысқа жүргіншілер күндіз-түні ағылып жататын мәңгілік қозғалыс – автобан бойында тұрған бұл монументтің расында сипаты да заманауи, сәулеті бөлек. Бұған дейін Әулиеата өңірінде ұлттық нышандағы мұндай ескерткіш болмаған еді. Тіпті, республика көлемінде де ерекшеленетінін айту керек. Енді, міне, күре жолдың бойында төрт алыптың рухы бір биіктен бір мезгілде бірдей көрініп тұр. Мұндағы төрт биік діңгек төрт құбыланың теңдігін аңғартса, ұшар басы шаңырақпен бірігіп, ортасына үлкен тайқазан қойылғаны – шаңырағың биік, қазаның отта болсын дегенді білдірсе керек.
Бұл – монументтің құрылысын жүргізген – «Жаңа кемер құрылыс» ЖШС-ның басшысы Көшкінбай Құлманбеттің, жобасын Германия сәулетшілеріне дейін көрсетіп, сызған «Бақ-проект» ЖШС-ның құрылтайшысы Бақыт Сегізбаевтың, мұндағы бар жұмыстың басы-қасында бары мен жоғын түгендеп, атсалысқан Қазақстан Парламанті Сенатының депутаты Мұратбай Жолдасбаевтың, қордайлық меценат Асқар Жұмабаев пен Қордай аудандық ветеринарлық орталығының басшысы Бақыт Байтөленің табанды еңбегі.
Ашылу рәсімінде жаңа нысанның маңы осы азаматтарға алғысын арқалап келген қарияларға, құтты болсын айтқан қонақтарға, шашу шашқан әжейлер мен тамашалауға келген қауымға лезде-ақ толып кетті. Олардың қатарында ҚР Парламентінің депутаттары мен экс-депутаттары, жазушылар, тарихшылар мен журналистер де бар.
Бұл күні Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, Құрманғали Уәли, Амалбек Тшанов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Мәжіліс депутаты Қожахан Жабағиев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған қаламгерлер Несіпбек Дәутайұлы, Марал Ысқақбай, Уәлихан Қалижанов және республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, т.б. көптеген танымал азаматтар болып, тағылымды әңгіменің тиегі ағытылды.
Салтанатты жиынды жүргізіп отырған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан жиынның рухани, мәдени мәніне тоқталса, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қордайлықтардың бірлікке негізделген ерен тірлігін айтып, Өмірбек Байгелді тарих тереңінен сыр ақтарды.
Жиылған жұрт ашылу салтанатынан соң Кенен ауылындағы ақынның музейінде бабалар аруағына Құран бағыштап, құрбан шалып, Отар ауылындағы Кебекбай шешеннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ізінше үлкен ас берілді.
Дастархан басында Несіпбек Дәутайұлы ауқымды іс атқарған атпал азаматтарды ортаға шақырып, қордайлықтардың атынан алғысын білдіргенде, ата-баба алдындағы перзенттік парыз бен туған жерге деген шынайы махаббаттың көрінісі деп ұқтық. Марал Ысқақбай, Мүсілім Дайырбеков, Амалбек Тшанов, Әскербек Абаев пен журналистер атынан сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі уәлі сөз айтып, ізгі тілегін жеткізіп жатты. Ал ұйымдастырушылар бабалар туралы жазылған танымдық мақалалар топтастырылған «Тұлғалар тұғыры» кітабын таратты.
Жиыннан шыққан жұрт қордайлықтардың Қайрат Қаймолдаев пен Көшкінбай Құлманбетке қазақи дәстүрмен жүйрік тұлпар мінгізгенінің куәсі болды. Иә, Қордай жерін дүбірлеткен жиын осылай аяқталған еді. Есімі ел есінде қалған бабалар рухына дұға бағыштап, қасиетті Құран оқылған адал астан дәм татқан көпшілік рухани қуат алғаны хақ. Қазақтың нар тұлғаларының аруағына тәу ету, жоғымызды түгендеп, барымызды болашаққа табыстау ісі мұнымен шектелмес деп ойлаймыз. Ата-баба алдындағы ұрпақтық парызын жете сезінетін азаматтар барда өткеніміз өшпейтіні анық.
Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ.