«АСПАН ДЕГЕН БАСТАЛАДЫ МҰНАРАЛАР БАСЫНАН…»
21.10.2016
3416
0

ajtuar-tegenovМұнай тақырыбы – әдеби шығармаларға онша мойынсұнып бағына бермейдi. Әсiресе, өлең жанрында. Оның тiлi бөлек. Ол тiлдi түсiнiп, жетi қат жер астындағы кен қабаттарының iшкi үндестiктерiн ашу – қиынның қиыны. Оған хас шебер керек. Бiрақ соған қарамастан қазақ әдебиетiнде мұнай өнеркәсiбiнiң елiмiзде қалыптасуы мен өркендеуiнiң бел-белестерi нәтижелi көрiнiс тауып келедi. Кезiнде Ембi мұнайын игерудiң басы-қасында жүрген инженер-жазушы Сабыр Шәрiповтен бастап, көрнектi ақын-жазушыларымыз Зейнолла Қабдолов, Маршал Әбдiхалықов, Төлеген Айбергенов, т.б. мұнай тақырыбын өз шығармаларына арқау еттi.


Қаржау ОРАЗБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Осылардың жақсы iстерiн iлiп әкетiп, одан әрi әдемi жалғастырған ақындардың бiрi – Айтуар Өтегенов. Оның алғашқы жинағы «Тұңғыштың» беттерiнде-ақ балаң жiгiттiң өлеңмен мұнайлы өлке суретiн салудағы ешкiмге ұқсамайтын өзiндiк қолтаңбасы тайға таңба басқандай айқын сезiлдi. Кезiнде осыны дәл байқаған әдебиет сыншысы Шериаздан Елеукенов 1978 жылғы «Жұлдыз» журналы­ның № 4 санындағы жас ақындардың баспада жатқан шығармаларына шолу жасаған «Жастар творчествосы және «Жалын» баспасы» мақаласында былай дейдi: «Балауса» деген ортақ атпен өндiрiске әзiр­лен­ген жас ақындардың тұңғыш кiтаптарынан соны леп сеземiз. Мұнайлы Ембiде тұратын Айтуар Өтеге­нов­тың өлеңдерi «Ырғалады качалка», «Алып құбырлар», «Қарадария бұрқанып…», «Мұнайлы өлке» деп аталуының өзi-ақ оқырманды еңбек ортасына, мұнайлы алқапқа ойша жетелейдi, …соны суреттеулер мен бейнелеу анық аңғарылады…».

30-bet

Суреттерде: 1967 жыл. 11 апрель. Гурьев қаласы. Облыс әдебиетшілерінің жиынынан: (оңнан солға) Меңдекеш Сатыбалдиев, Жұмекен Нәжімеденов, Әзірбайжан Қонарбаев, Амангелді Қазтуғанов, Фариза Оңғарсынова, Сапарбек Сәрсенов, Амандық Сасаев, Берік Қорқытов, Айтуар Өтегенов (20 жас). 

 

Жоғарыда айтқанымыздай, мақала жарияланған кезде кiтап әлi шыққан жоқ-ты. Демек, бұл республи­калық баспа, полиграфия және кiтап саудасы жөнiндегi комитеттiң тарапынан авторға көрсетiлген үлкен сенiм әрi берiлген зор баға болатын. Баспаға ұсынылған жинақты алғаш рет қолдарына алып оқып, пiкiр айтқан баспа қызметкерлерi, ақындар  Әнуарбек Дүйсенбиев пен Жүсiп Қыдыров Айтуар өлеңдерiн өндiрiс тақырыбына жазылған қазақ поэзиясындағы санаулы сәттi туындыларға теңеп, басшыларға кiтап етiп шығаруға ұсыныс берiптi.

Бұған дейiн де Айтуар шығармаларына Қадыр, Меңдекеш, Фариза сүйсiнiс бiлдiрген-дi. Фариза «Ленин­шiл жас» газетiнiң тiлшiсi болып жүрген кезiнде жас ақын Айтуарды ол қызмет iстейтiн «Ембi» газетiнiң редакциясына iздеп келiп, ақыл-кеңестерiн айтып кеткенi де бар. Апамыздың ақын туралы: «Мен Айтуардың Гурьев облыстық «Коммунистiк еңбек» газетiне жолдаған тұңғыш өлеңдерiн оқығанымда қазақ поэзиясына жаңа Пушкин не Блок келiп қалғандай сезiнгенмiн», – деген жүрекжарды лебiзiн кездесу, жиындарда естiгендер ауыздарынан тастамай әлi айтады.

«Қарадария» буырқанып тасыған,

Айнымайды арулардың тарқатылған шашынан.

Бiлесiң бе, бiздiң жақта, жасұлан,

Аспан деген басталады мұнаралар басынан, –

деп «Тұңғыш» атты кiтабында-ақ аспанның өзiн адам­заттың қол жетер ұғымына айналдырады. Шынында аспан мен жердiң арасында шекара жоқ қой.

Ырғалады качалка, ырғалады,

Ырғалады бiр нәзiк сыр қалады.

Жер астында жасырын тұнған мұнай,

Жүрегiмнiң жасырын тұнған әнi.

Жер-Ана мен адамзаттың жүрегi, яғни мұнайшы­ның жүрегi бiрге соғып тұрғандай мына шумақта.

Немесе:

Қойшыға қандай ыстық,

Даланың жусаны, қымыздығы.

Маған да сондай ыстық,

Качалканың сазды үнi сыбызғы үнi…

 

Ырыс-құт құрығында,

Малшының жүр десе егер,

Жанымның сыры мына –

Май сiңген күртешеде.

Жұмысшының өндiрiсте киетiн арнаулы киiмiнiң қасиетi қарапайым тiлмен ұғынықты берiлген. Оператор үшiн качалка ән салады. Оның сыбызғы әуенi тынбаса «қара алтын» толассыз сорылады, өзен болып ағады.

Айтуар өз шығармаларында мұнайшылар мен барлаушыларды бөлiп қарамайды. Бiрiнсiз бiрi жоқ екi  мамандық иелерiн егiз қозыдай етiп, бiрiн артық, бiрiн кем демей айшықты теңеулермен тең тұрғыда бейнелейдi. Ерен еңбектерiн жарқыратып көрсетедi. Оның «Бұрғылау алаңына сапар» атты цикл өлеңдерiн оқығанда батыр барлаушылардың айдаладағы өмiр тынысы көз алдыңнан кино лентасындай қанық
бояуымен өтiп жатады.

Аудандық газеттiң журналисi бұрғышылар өмi­рi­нiң тыныс-тiршiлiгiнен репортаж жазу үшiн бұр­ғылау алаңына су таситын мәшiнмен жолға шығады. Осы сапарында ол қиял-ғажайып ертегiлерге бер­гiсiз табиғаттың деймiз бе, әлде еңбек адамдары­ның деймiз бе ғажап сәттерiне тап болады. Тап болады да журналист айналаға ақын көзбен мүлдем басқаша қарайды.

…Қып-қызыл темiр сырты,

Таба нан пiсетiндей.

Тастасаң бiр тал шырпы,

Мына дала лау ете түсетiндей…

 

–  Мақтаным, – дегiзуде,

Шөлде өскен шынар олар.

Ақ сағым теңiзiнде,

Жүзедi мұнаралар.

Ақын барлау алаңында болған кешкi iңiрде Күннiң батыс жақтағы бiр мұнараның басына қып-қызыл шар болып қонақтап тұрып-тұрып қазылып жатқан ұңғының забойына сүңгiп кеткенiн сезгендей әсерге бөленедi. Ал кешегi iңiрде мұнараның басына қонып, забойға сүңгiп кеткен қызыл шар күннiң келер таңда шығыс жақтағы мұнараның ұшар басынан аспанға ақ сәулеленiп көтерiлiп бара жатқанын көрiп қайран қалады.

Қызыл арай жалқын сәуле таратып,

(Осы кезге қызығам-ай)

Келе жатыр таң атып…

…Көтерiлдi қызыл шар Күн,

Шығыстағы мұнараның басынан.

Мiне, осы күмiс таңым,

Мен iздеген ғашық ән.

Фотоаппарат жанарыма,

Түсiруге асығам.

Алтын күндi (мол-ақ бақыт,

Кең әлемге ұсынған).

Мұнараға қонақтатып,

Мұнарадан ұшырған.

Ақын барлау алаңынан осылай алтын күндi мұ­нара басына қондырып, мұнара басынан ұшырып қайтады. Әрине, көп адам табиғаттың бұл тылсымын дәл солай көре алмасы анық. Алапат аптапта аһылап-уһiлеп, аңызақтағы ақ шаңды жұтып, ол жаққа ендi аяқ баспастай болып келер едi. Ал ақын-журналист олай етпейдi. Түйсiкпен ғана ұғынатын, адамдар қол­дан жасап жатқан кереметтерiне тамсанып қай­тады. Келе «Барлаушылар от өңдi кiлең-кiлең, Нар­қасқалар екенiн бiлем-бiлем», – деп тебiренiп жыр жазады.

Айтуар – жасампаздықтың жыршысы. Өзгелердей өмiрден түңiлмейдi, қайта сол өмiрдiң тылсымдарына үңiлiп, жұмбақтарын шешкiсi, құпияларын ашқысы келедi.

Мұрат үшiн көрмеген жасып әлi,

Ұлың тұрар кеудеде тасып әнi.

Қыз бұрым боп өрiлген бiр дария,

Құрсағыңнан жарыққа асығады.

Осы сәтте бұрқанып туласаңыз,

– Фонтан, фонтан!

– Ура!-лап шуласамыз.

Атырауым, келер ме ең қыз қалпыңа,

Мына бiздей жұмысшы ұл тумасаңыз, – деп бабалар келер ұрпаққа аманатқа қалдырған бағзы даланың жаңару, жасару сәтiн әдемi әдiп­тейдi.

Бабалар аманаты демекшi, ақынның қазақ мұ­найының – тұңғыш қарлығашы Қарашүңгiлге арнауларының өзi бiр төбе. Қарашүңгiл – жалғыз мұнай атасы ғана емес, сонымен бiрге археологиялық ескерткiштердiң де атасы, ата-бабаларымыздың сүйегi жатқан қасиеттi қорым. Ол әлi өндiрiстiк негiзде бiр тонна да мұнай берген жоқ. Соған қара­мастан мұнай Атасы болып мойындалады.

Оның киелiлiгi де мүмкiн осында жатқан болар. Айтуар осы Қарашүңгiлдi де жерiне жеткiзе жырлайды.

Қарашүңгiл –

Шүңгiл,

Шүңгiл,

Шүңгiлсiң,

Қаракөздей тұңғиықсың, көп құпия жидың сыр.

Шалқалаған маң даламның шүңiрек  көзi шығарсың,

Кiм бiлсiн?!

Заман желi етегiңдi түрiңкiреп кетiптi,

Шүңiрек көзiң ұясына кiрiңкiреп кетiптi.

Қартайғаның – көрiнiп тұр құлпытастан мүжiлген,

Әр тайғаны сезiлiп тұр үнсiз мұңлы жүзiңнен.

Археолог дос дейдi сенi: «Жiбек жолы бекетi»,

Геолог досым дейдi сенi: «Полезойда түзiлген».

Иә, Қарашүңгiлдiң ашылмаған құпиясы, шешiл­ме­ген жұмбағы көп. Қазынасының теңi әлi кiлттеулi жатыр. Айтуар сол кiлттi ашудың да жолын көрсет­кендей болады:

…Жер киесiн ұмытпауды сездiрдiң,

Үмiт баулы мұнай көшiн кездiрдiң.

Каспий түбiн шарламақпыз ендi бiз,

Бiрақ әлi құлыптаулы өз кiлтiң.

Алтын дария ағызам дер, табам дер,

Омырауына iнжу-маржан тағам дер.

Серкелерi мұнайдың

Ашу үшiн сол кiлттi

Құлдық ұрып түнеу керек саған кеп.

О, Қарашүңгiл!

Ақын ойлы өлеңдерi арқылы оқырман­дарын бейжай қалдырмауға, ойландыруға ұмтылады. Бұл ұмтылысы көбiне сәттi шығып жатады. Мұнай серке­лерiне айтылған бұл тiлекте мұнай Атасы – Қарашүң­гiлге қамқор болыңдар, қасиеттi жер ретiнде сыйлап, бастарыңды иiп жүрiңдер деген ұғым жатыр емес пе?!

Ақынның «Каспийдiң түбi – алтын түп» атты өлеңдер циклi теңiз қайраңынан «қара алтын» өндiрушiлерге арналған. Мұнда теңiз асты мол бай­лығын игерумен бiрге, теңiз фаунасы мен флорасына зиян тигiзiп алмаймыз ба деген қауiп те жоқ емес.

– О, Каспий!

Қайсысың көл мен теңiздiң?

– ?

– Үндемейсiң мiнезiң-ай кең iзгi,

Картада жатсың (сезем мен),

Терiсiндей боп өгiздiң…

Жiлiктелу ғой ежелден,

Қасиетi де семiздiң,

Қасiретi де семiздiң…

Немесе:

Бiр ғажабы, ғажабы,

Өзiңде әлем назары,

Саясат саған ойысты.

Бұл сенiң бәлкiм –

Базарың

Бұл сенiң бәлкiм –

Ажалың.

Ортаймас қара қазаным,

О, Каспий!

Теңiзге салынған бұрғы – Каспийдiң қасиетi ме, қасiретi ме, базары ма, әлде, ажалы ма? Аласұрған ақын жүрек бiр нәрсенi сезiп, ескертiп отырғандай. Бүгiнде әлем назарын өзiне аударып отырған Каспий теңiзiнiң экологиялық жай-күйiн мақтамен бауыз­дағандай етiп бұдан артық қалай айтып жеткiзу керек?! Азаматтық әуен Айтуардың қай шығарма­сының болса да алтын арқауы екенiн ұғамыз.

Ұстаз бен шәкірт… Біріміз Маңғыстауда, екін­шіміз Атырауда жүріп, зәуде бір кездесе қалсақ, арқайын көңілмен алып ұшып, сағынысып көрісіп жатсақ, ол енді – аға мен інінің арасындағы алғаусыз адал сыйластықтың нышаны. Соның бір айғағы дей­міз бе, жуырда ағамыздың ағынан жарылып айтқаны бар: «Қаржау, білесің бе, сен – менің ізімді қуып, өз жолыңды жалғастырған дарынды інімсің. Алғаш Қамыскөл мектеп-интернатынан тұрақты мақала жазып тұратынсың, ал мен хаттар бөлімінде сол жаз­баларыңды талай қорытып, жауаптар да жазған­мын.

Тағдырымыздағы тамырластық сол сәттерден бастау алған болуы керек. Кейін жұмыстас болдық. Мен сияқты қызметтен қол үзбей КазГУ-ге оқуға түстің. Мен сияқты өлең жаздың және ол ең қиын мұнай тақырыбы болар ма?! Очерк-толғауларымыздың өрісі де бір еді. Мақсат-мұратымыздағы үндестікті қара, сен де мен сияқты өңірдегі кен алаңдары, мұ­найшылар мен барлаушылар туралы терең қалам тербедің. Кейін мен Маңғыстаудың қазына аралы шежіресін, ал сен әлемге әйгілі Теңіз мұнай-газ ке­шені туралы деректі публицистикалық дастан-кітабыңды жазып, екеуміз де публицистика жанрына өз қолтаңбамызды қалдырып үлгердік.

Осы беталысыңа ұйытқы болған бір жай бар. Мен редакцияда экономика бөлімінің меңгерушілігінен жауапты хатшы болдым ғой. Енді жүгі ауыр, жауап­кершілігі мол экономика бөлімін кім басқару керек? Мен партия ұйымының хатшысы ретінде ол орынға сені ұсынғанмын, ол ұсынысым бас редактор Мұңал Айжарықұлынан қолдау тапты. Ол кісімен екеуміз сыйластық рәуіште едік, менің пікірлеріммен санасатын және қолдау көрсетіп отыратын».

Биыл 70 жасқа толып отырған Айтуар Оспанұлы інісіне осылай бір шынайы лебіз, ризашылығын білдіргенде оның ағалық қамқорлығы жайлы  есіме көп нәрселер түскен…  Ақын шығармашылығындағы өндiрiс, мұнай тақырыбының қозғалуын бұдан да гөрi кеңiрек, көлемдiрек айта түсуге болар едi. Бiз осымен ғана шектелiп, оның мұнайшылар мен барлаушылар өмiрiн өрнектейтiн очерктерiн, репортаждарын, суреттемелерiн, проблемалық мақалаларын оның журналистiк қызметiне телiп, қозғаусыз қал­дырдық. Ал Айтуардың Маңғыстау өлкесiнiң өткенi, аңыз-әпсаналары туралы көркемдiгi жоғары шығар­малары бөлек әңгiменiң өзегi.

  Құлсары қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір