ОТАН – ШЕКАРАДАН БАСТАЛАДЫ
22.08.2022
727
0

Осыдан тура отыз жыл бұрын, тамыздың 18-і күні Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі құрылды. Содан бері бұл орган баябан даланы саяқ кезген баһадүр бабаларымыздың бізге аманаттаған қасиетті көк аспаны мен қара жерін кірпік қақпай күзетіп келеді. Өткенге салауат! Әйткенмен, Отанымыз қадамын апыл-тапыл басып келе жатқанда жаһандық дағдарыс алқымнан алып, күллі дүние Қазақстандай «құнарлы жерге» көз тіккені, егемендігімізге қадалған сол сұғанақ көзден қалқан боларлық ересен ерлік керек болғаны қазір айтылып та, жазылып та жүр. Шынымен, осы ширек ғасырдан астам уақыт шекарашылар үшін қалай өтті? Тәуелсіздіктің елең-алаңында қабырғасы қаланған шекара қызметіне ел шебін сызатсыз күзету маңызды болатын. Ал осынау міндеттің үдесінен шыға алдық па? Біз ҰҚК Шекара қызметінің қалыптасып, тез арада аяғынан тік тұрып кетуіне өзінің сүбелі үлесін қосқан отставкідегі генерал-майор Тұрсын Уажановтан осы туралы сұраған едік.

«Болашағымыз не болады?» деп қобалжыдық

Шекара қызметі бірнеше кезеңді басынан өткерді. Ең алдымен қалыптасу кезеңі… Тоқсаныншы жылдардың басында алдымен материалдық жағынан көп тапшылық көре бастаған едік. Шекара бөлімдерінде техника, жанармай жетіспеушілігі анық байқалды. Екінші үлкен мәселе, осыған дейін бүкіл Одақтан келген маман офицерлердің өз елдеріне ағылуы басталды. Бұған гарнизоннан-гарнизонға көшіп жүріп, Қазақстанға келіп қалған Отаны басқа офицерлердің қобалжуына еліміздің өз алдына отау құруы – басты себеп деп айтар едім. Бұған сол кезде ана тілімізге басымдылық берілгені де отқа май құйғанмен бірдей болғаны белгілі. Сол-ақ екен, «болашағымыз не болады?» деген сауал қобалжу әкелді. Бұл бір күнде басталып, бірден аяқтала қалған жоқ. Міне, осындай тұста ҰҚК Шекара қызметінің сол кездегі басшысы болып тағайындалғанына көп болмаған генерал-лейтенант Болат Зәкиевтің өмірлік бай тәжірибесін ерекше атамасқа болмайды. Қолбасшыға тән көрегендігінің арқасында Шекара қызметінің аяқтан тұрып кетуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасады. Ресейге, Украина, Белоруссияға, басқа да шетелдерге қайтып жатқан білікті мамандардың орнын тез арада толтыруды іске асырды. Шекара шебінде көп жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан прапорщиктерді офицерлік лауазымға қойды. Олар өздеріне артылған сенімді толық ақтай білді. Соның арқасында шекара заставаларында офицерлердің жетіспеу­шілігі қатты біліне қойған жоқ. ҰҚК Шекара қызметінің техникасы озық қана емес, жауынгерлері де ширақ, шебер, әбжіл екенін көрсететін беделді межеге көтерілдік. Уақыт өте келе ҰҚК Шекара қызметінің маңдайына біткен дара оқу орнында әскери біліммен қоса, ғылымға да көңіл бөлінді. Кейіннен болашақ офицерлерімізді Ресейдің ең мықты деген әскери білім беру салаларының базасында оқытуға мүмкіндік алдық.
Сол жылдарға қатысты тағы бір мәселе, бізге шығыстағы көршіміздің тілін білу қажет болды. Себебі осы тұста біздің шекарашылар көрші елдің аумағынан келетін келімсектерді көптеп ұстайтын. Біздің елге жұмыс істеуге келетін Қытай елінің мамандарын да ең бірінші болып біз қарсы аламыз. Уақыт өте келе бұл мәселені де еңсеріп, өзіміздің тіл мамандарымызбен қатарымыз толықты» – дейді Тұрсын Ұшбайұлы.

Шекарашылардың сапында кіл патриоттар ғана қызмет атқаруға тиіс

Қазіргі таңда Шекара қызметі қатты өзгерген. Қызметтерін барлық жағдай жасалған шекара бөлімшелерінде жалғастырып келеді. Әлеуметтік жағынан да толық қамтылған. Тіпті тамыздың 16-сы күні Алматының «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен Шекарашылардың төл мерекесіне арналған кешке қатысып, оларды жаңа қырынан танығандай болдық, туған жеріміздің әрбір сүйемі шекарашылардың қырағы назарында екенін сезіндік. Бұл аталған органның ел шебін күзетіп қана қоймай, жас ұрпақты елдікке, ерлікке тәрбиелеп, баулудағы қызметінің де айғағы емес пе?! Әрі-беріден кейін, жүрегінің түгі, табанының бүрі бар нағыз сарбаз ғана ел шетінен келген боранға арқасын тоспай ма екен?! Кейіпкеріміз шекарашылар атқаратын қызметтің өзге әскери салалардан ерекшелігін де сөз етті:
«Шекарашылар атқаратын қызмет өзге әскери салаларға ұқсамайды. Жауды да, досымызды да бірінші болып қарсы алатын – шекарашылар. Сондықтан шекарашылардың сапында кіл патриоттар ғана қызмет атқаруға тиіс және атқарып жүр десем, артық айтқандығым емес. Бүгінгі жас ұрпақтарға үлгі болатын, оларды патриоттық рухта тәрбиелейтін «ерлік сабақтары» ең алдымен шекараның шебінде өтеді. Өзіңіз қараңыз, туған жеріміздің шебі бұзылған-бұзылмағанын тексеру үшін шекарашы ондаған шақырымды жаяу басып өтеді. Күн сайын. Күні-түні. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, тәулік бойы мемлекеттік шекара шекарашылардың қырағы назарында болады. Мұны неге ерлікке баламасқа?! Кезінде қазақтың арқалы ақыны Мұқағалидың өзі шекарашыларға арнап, «Мен Отанымның шетіндемін» деген өлеңін жазды. Оқып отырсаң, рухқа толы. Бізді де әу баста магнитше тартқан шекарашылардың патриоттық рухтары, өзгелерге ұқсамайтын ерекше болмыстары еді… Сондықтан бүгін өзіңіз тыңдаған әрбір ән, сахнада айтылған әрбір сөз, жақсы тілектер Қазақ елінің шекарасын күні-түні қалт етпей қырағы күзетіп жүрген шекарашыларға берілген әділ баға дер едім».

Мақсатымыз анық – жоспарымыз қанық

Тұрсын Ұшбайұлы «Застава тарландары» деген республикалық деңгейдегі қоғамдық ұйымының төрағасы. Аты да, алға қойған мақсаты да ерекше бұл ұйымға қызығушылық танытқанымыз сол еді, генерал әңгіменің тиегін ағытты:
«Иә, атауының ерекше болатын себебі бар. Өйткені, ардагерлердің ел шебіндегі өмірі осы заставада басталған. Қиындығына қоса, қызығын да осы заставада өткерді. Балалары осы заставада туды. Осындағы жауынгерлердің арасында өсті. Құрбылары сыныптан-сыныпқа көшіп, бір мектепті бітірсе, шекарашылардың балаларына мұндай бақ «жазылмаған». Әке-шешесімен бірге гарнизоннан-гарнизонға көшіп жүріп, бірнеше мектепті ауыстырып үлгереді. Алайда осылай екен деп, көңілдері түскен бірде-бір баланы көрмейсіз. Керісінше, мектепті бітірген соң міндетті түрде шекарашы әкесінің мамандығын таңдайды. Міне, ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы.
Айтпақшы, жаңылыспасам, осыдан үш жыл бұрын Жазушылардың қасиетті қара шаңырағынан өзім арқалы ақын санап, сыйлайтын Бақыт Беделхан деген інім бастаған бірнеше журналист менің туған жерім Зайсанда болып, аудан халқымен, шекарашылармен кездесіп қайтты. Поэзия кешін ұйымдастырып, шекарашыларға рух беретін жырлар оқыды. Өздері де рухтанып, шекара мен Отан қорғаушылар туралы өлеңдер жазды. Қандай тамаша?! «Застава тарландарын» құрғандағы мақсатымыз да осыған ұқсас. Біздің соқпағымызға түскен жастарды тәрбиелеу, дұрыс бағыт-бағдар беру. Бүкіл саналы ғұмырын шекараға арнаған ардагерлерге қолдау көрсету. Жалпы жоспарымыз көп. Қазақстандық шекарашылардың ішінен бірінші генерал атанған Баһадүрбек Байтасовтың туғанына 100 жыл толды. Арда туған жанның есімін мәңгілік ету ойда бар. 2024 жылы қазіргі Зайсан ауданы бойынша шекара басқармасының қабырғасы қаланғанына 100 жыл толады. Бұл да шекарашы ардагерлерден үлкен дайындықты талап етеді. Жақында шекара басқармасына барып, шағын саябақтың орнын белгілеп, ағаш көшеттерін отырғызып қайттық. Бүгін елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы саябақтардың бірінде «Барлық дәуірдің шекарашыларына» арналған ескерткіштің тұсауы кесіліп, «Ерлік» аллеясы ашылды. Шекарашылар туралы кітаптардың жарық көруіне мұрындық болу ойымызда бар».
«Жас патриоттарымыздың рухын жанып, намысын қайрайтын мақсат­тарыңызға жете берулеріңізге тілектеспіз. Келелі әңгімеңіз үшін рақмет»! – дедім сөз соңында. Бауырымыз бүтін, іргеміз берік болғай әмәнда!

Әңгімелескен
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір