Киномыздың сау басынан дау кетпеуге айналды
22.05.2023
419
0

«Ұлттық киноны қолдау орталығынан» тағы да дау шықты. Осыдан біраз бұрын режиссерлер мен продюссерлердің жанайқайы Мәжілісте көтеріліп, қоғамда қызу талқы болған еді.

Енді, міне, алғашқы іріктеуден өткен жобаларға қатысты мамырдың 22-25 аралығында питчинг болмақшы. Осыған байланысты өз наразылығын білдірген бір топ режиссерлер мен продюссерлер «Ұлттық киноны қолдау орталығының» алдында митинг өткізді.
Оған қатысушылар Президентке үндеу жолдады. Бұл да қоғамда қызу талқы тудырды. Наразылыққа шыққан киногерлердің пікірінше, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» заң бұзып отыр.
«2023 жылы наурызда «Ұлттық киноны қолдау орталығы» өткізген жобаларды іріктеу конкурсы өрескел заң бұзушылыққа жол берген деп есептейміз. Біз Президентке, президент әкімшілігіне және мәдениет министрлігіне «Ұлттық киноны қолдау орталығының» заң бұзушылықтарын айтып, бірнеше рет хат жолдаған болатынбыз. Бұл мәселені Қазыбек Иса бастаған бірқатар депутаттар Парламентте де көтерді. Бірақ аталған мәселені шешуге орталық мүлде құлықсыздық танытып отыр», – делінген наразылық үндеуде.

Наразылық үн­деуіне қол қойған­дар­дың бірі белгілі өнер­танушы Ерлан Төлеутай былай дейді:
«Қарнымның аш­­қанына емес, қа­дірімнің қаш­қа­нына жылаймын» деген ежелден жеткен қа­па­лы сөз бар. Бұл заманда кімнен, неден қадір қашпай жатыр? Қадір – ханнан да, қарадан да, елден де, жерден де – бәрінен қашты. Қадірі қашпаған кім қалды, не қалды мына сормаңдай, момын елде? Қадірі қашқан елде береке болмайды, берекесіз елге әреке кіреді. Солай болуда, солай бола береді әлі, егер ел билігі халық мүддесіне сай, қарашаның мұң-мұқтажын ескеретін пәрменді шара-шешімдер, қаулы-қарарлар қабылдамаса.
Қазақтың бұрыннан келе жатқан бір қадірлісі өнер еді. Кейін оған әдебиет қосылып өнер мен әдебиет дейтін болды. Осы аттас институт та бар қазір. Әде­биетті былай қойғанда, халықтың ұлттық санасы мен эстетикалық талғамын қалыптастыратын сахна мен ән-күй өнерінің қадірі қашқалы қашан? Ән өнері есті өнерпаздар киелі санайтын сахнаға алғашқы фанерщик шыққан күні есінен танып, сұлқ түскен болатын. Содан бері ренимацияда, шала­жансар күйде жатыр.
Ұлы Ғабең «Қас сұлудың көз жасын­дай» деп баға берген театр өнерінің де ыңыршағы айналып-ақ тұр. Ұлттық театр­лардың бұл күйіне депутат Абзал Құспан Опера және балет театрына жылына бес миллиард теңге бөлінетінін, ал Ұлттық театрларға санаулы ғана қаржы берілетінін Парламент төрінен паш еткенде көзіміз жетті. Театрлардың халінің мүшкіл екенін бұрыннан да білуші едік, бірақ тап мұндай қорлық күйде, сорақы халде деп еш ойламаппыз.
Қазаққа әдебиет пен театрдан кейін келіп, кейін келсе де халқымыздың көңіл төрінен орын алған кино өнері еді. Сол киномыздың да сау басынан дау кетпеуге айналды. Осы күні кино да қадірсіз өнердің күйін кешуде. Қазір Ұлттық киноның тағдыры қыл үстінде тұр. Себебі кино өнерін – әділетсіздік, жауапкершіліксіздік, кәсібисіздік жайлаған. Бастысы киноны бұл саладан еш хабары жоқ – функционерлер билейді.
Соңғы жылдары үдей түсіп, бой бермей бара жатқан осынау келеңсіздіктерге өз наразылығымызды білдіріп әрі Жоғарыға шешу жолдарын ұсыну мақсатымен бір топ киногер мамырдың 12 күні Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік орталығы орналасқан «Алматы» қонақ үйінің алдында (Шәкен Айманов ескерткішінің жанына) митингіге шығып едік, аяғы жауапқа тартылудамыз. Митингке шықсақ не бопты, бұл біздің Конституциялық құқығымыз емес пе және біздің жиынымызда еш саяси ұрандар көтерілген жоқ, біз тек осы жылдың мамыр айында өткізілген питчингтің ақ-қарасын тексеретін Тәуелсіз коммисия құрылсын деген жалғыз-ақ ұсыныс, талабымызды Министрлікке жеткізгіміз келді. Бар болғаны осы ғана! Одан артық еш нәрсе талап еткен жоқпыз. Алайда, осы салаға жауапты мекемелер мен құзыреттілер бұл мәселелерді кеңесе келе, келісіп шешудің орнына митингке шыққан киногерлерді жауапқа тартып әлек!

 

«Кино туралы заң­ды қайта қарас­тыр­­уымыз керек»

Елзат Ескендір, режиссер:

Кино саласындағы өндіріс мәселесіне үлкен реформа керек. Дабыра болып жатқан биылғы питчинг – бір ғана мәселе. Мемлекет жылда кино саласына біршама қаржы бөледі. Оған рақмет. Алайда, өндіріс жүйесінің, яғни ақша түскеннен кейінгі киноны шығару, оған дайындық кезең, одан кейінгі киноны түсіру кезеңі, одан соңғы монтаж уақытындағы уақыт пен ақшаның дер кезінде өндіруші орталыққа түспеуі – сол киноның сапалы болып шығуына үлкен кедергісін тигізеді. Мысалы, 2022 жылғы жобалардың көпшілігі өздеріне бөлінген ақшаларын дер уақытында ала алмай, көптеген қиындықтарға тап болған. Былтырғы питчинг мамыр айы­ның алғашқы 10 күн­дігінің аралығында өтіп, іріктеу­ден өткен жобалар жайындағы ақпарат шілде айында анықталып, документ бойынша тамыз айынан бастап өндіріске жіберілді. Бірақ олардың көбі осы Кино орталықтағы қитұрқы қағазбастылық пен олардың осы биылғы питчингтегідей болмайтын дүниелерден кінәрат табуының себебінен сол студиялардың дені ақшасын қазанның аяғы, қараша айларында бір-ақ алған. Яғни былтырғы кино түсірген студиялар тамыздан басталған дайындық кезеңін, одан кейінгі қазан-қараша айларындағы түсірілімдерінің өзін ақшасыз бастауға тура келген. Анығында, олар бірнеше жылда әрең қол жеткізген жобаларын қайткенде де түсіріп шығу үшін жан-жақтан қарыз алды. Бірнеше ай бүкіл түсірілім тобы айлықсыз жұмыс істеді. Дайындық кезеңдерін қарызданып тапқан ақшаларымен шала-шарпы өткізіп, сонда да қыңқ демей өнер үшін өлермендікке баруға тура келген. Әрине, мұндай кезде ең алдымен сапа әлсірейтіні анық. Хат жазып, мәселенің алдын алу керек екендігін айтқан жас киногерлердің үніне Кино орталықтың басшылары ешқандай амал жасамаған. Сол қателіктер биыл қайталанбас үшін оның да алдын алып жатқан жоқ. Яғни биылғы питчингтен қолдау тауып, өндіріске жіберілген жобалардың өзі де былтырғы жылғыдай мәселелерге ұрынады деген сөз. Бұдан не ұғуға болады? Бұл – Кино орталықтың басшыларына, жалпы кино саласының басшылығындағы азаматтарға біздің киногерлердің өнімі, оның сапасы еш маңызды емес, оларға тек кино түсірілсе, үкіметке есеп берсе, өздерінің қызметтері сақталып, айлықтары жүріп отырса болды деген сөз. Ұлттық кино жасағысы келетін жас киногерлер үшін түсірген фильмдердің сапасы маңызды. Бізге қалың көрермен, бүкіл қазақ халқы «қазақ режиссерлері кино түсіруді білмейді» деген ренішін айтады. Мұндай ренішті қазақ киносы соңғы 30 жыл бойы естіп келеді. Негізінде, бұл мәселелердің түпкі себебінде кино өндірісінің қате жүйесі мен осы жүйені бақылайтын Кино орталықтарда өнерге мүлде жаны ашымайтын ұлттық танымнан ада, космо­политтердің отыруы. Кино туралы заңды қайта қарастыруымыз керек. Бұл заң бұрынғы Мәдениет министрі болған Арыстан Мұхамедиұлының кезінде шалағай жасалған. Соны қайта қарауымыз қажет. Және оған жас киногерлер қатыстырылуы тиіс. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір