Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті: Үйлесімділік – аспан астындағы тас жол
Тәуелсіздік – ең басты құндылық. Бүгінде дүниежүзінде 200-дей мемлекет халықаралық аренада Тәуелсіздік пен бостандыққа негізделген дербес саясатын жүргізіп отыр. Сол елдердің арасында көршіміз Қырғыз елі де бар. Қырғыз елі міне, өз алдына мемлекет құрып, тәуелсіздік туын көтергеніне 32 жыл. Осыған орай, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қырғыз елінде сапарда болған газетіміздің белсенді авторы, журналист Ермек Жұмахметұлы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Нұрғожаұлы Жапаровпен сұхбаттасқан еді.
Тауларымыз
асқақтап, даламыз кеңейе түскен күн
– Құрметті Президент мырза, талай нәубетті басынан өткерген Қырғыз елінің бүгінгі тәу етер тұғыры – Тәуелсіздік. Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» газетінің барша оқырмандары атынан Қырғыз елінің Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймын. Қырғыз елі тәуелсіздігінің қалыптасуы тек тарихи оқиғалардың хронологиясы ғана емес, мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына атсалысқан, небір қиындықтарды сабырмен еңсерген адамдардың тағдыры. Қырғыз елі осы дәуірде қандай жетістіктерге қол жеткізді деп ойлайсыз?
– Қазақ зиялыларының үні «Қазақ әдебиеті» газетінің сұхбат алаңына шақыруын үлкен қанағаттанарлық сезіммен қабылдадым. Менің білуімше, «Қазақ әдебиеті» газеті – Орталық Азиядағы ең беделді әдеби басылымдардың бірі. Онда қазақтың ұлы тұлғаларының тарихи ізі, мұраты бар. Ол – ұлттық газет! Құттықтауларыңызға шоң рақмет!
Тәуелсіздік – қырғыз халқының азаттыққа қол созған асқақ арманы мен мұқалмас күш-жігерінің жемісі. 1991 жылы 31 тамызда Қырғыз халқы өз Тәуелсіздігін орнатты. Бүкіл әлем, алты құрлық пен төрт мұхит бәрі – Қырғыз Республикасы деген жаңа мемлекеттің құрылғанын біліп, оның тәуелсіздігін таныды. Осы күннен бастап, Қырғыз елі әлемдік мемлекеттердің түрлі саяси қауымдастықтарына, беделі шоң ұйымдарына мүше болып қабылданды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің іргесі бүтін ел болып кетуімізге күмәнмен қарағандар болды. Өйткені Қырғызстанды көптеген ұлттың өкілдері мекен етеді, сол кезеңдегі онсыз да экономикалық, әлеуметтік жағдайдың әлсіз тұсында «ұлтаралық келіспеушіліктер орын алады, содан Тәуелсіздікті ұстап тұра алмайды» деген сөздер айтылып жатты. Алайда Қырғыз халқы бұл сынақтан сүрінбей өтті. Қырғыз халқы – толерантты халық, ол өздігінен ешкімге тиіспейді, өзгенің құқын, әдеп-ғұрпын сыйлайды. Осы уақытқа дейін елімізде ешқашан ұлтаралық қақтығыс болған емес.
Қырғыз елі Тәуелсіздігін жариялаған күні аспанымызда таң шапағы нұрланып атып, күн айрықша ашық болыпты, таулардың биіктегені, даламыздың кеңейе түскені сезіліпті. Осындай ұлан-байтақ даламызды ұлы бабаларымыз иығымен көтеріп әкеліп, жас ұрпақтың алдына сый ретінде тарту етіпті.
Жалпы, тәуелсіздік дегеніміз – саяси тәуелсіздік, экономикалық, мәдени, моральдық тәуелсіздік болып бөлінеді. Ол бір күнде, бір сағатта орнамайды, ол ұзақ процесс. Біз тәуелсіздікті бірер минутта жариялай салуымыз мүмкін, ал оны әрі қарай бекіту, дамыту халықтың экономикасына, әлеуметтік жағдайына байланысты. Мемлекеттің тұрақтылығы, Тәуелсіздіктің ұзақ болуы тікелей сол елдің азаматтарына байланған. Ел іші тыныш болса, онда тәртіп болса, сол мемлекеттің тұрақтылығы да, Тәуелсіздігі де баянды болады деп білемін. Оны нығайту үшін тіл мен дінге айрықша назар аудару керек. Тіл мен діннің өзі ділді құрайды. Осы үштаған құндылықтарымызды аспандатқанда ғана мемлекет дамиды. Сондықтан бұл күн – еліміз үшін ең қастерлі күн. Ол – тек Қырғыз елінде өмір сүріп жатқан халық үшін ғана емес, шетелдерде өмір сүріп жатқан қырғыздар үшін де аса маңызды мереке. Бұл күн әлемнің көптеген елдерінде аталып өтеді. Екінші жағынан, сіздің қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер деген сауалыңызға келсек, оған: Қазақ еліне де аты мәлім, атақты жазушымыз Түгелбай Сыдықбеков әкеміздің Қырғызстанның тәуелсіз елге айналғанына қуанып: «Мен мың жыл өмір сүрдім», – деген сөзімен жауап берген болар едім. Сол сияқты біз де тәуелсіздік жылдарында ондаған жылдарға созылған қиын жолды аз ғана уақытта еңсере алдық. Оның басты нәтижесі: өзін еркін сезінетін егемен, тәуелсіз Қырғыз елінің азаматтары және сол азаматтардан құралған белсенді, саналы қоғам. Әрине, алдымызда атқарылатын көп жұмыстар бар. Елдің экономикалық дамуын қамтамасыз ету, оның қауіпсіздігін нығайту – басты мақсатымыз! Біз осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін күні-түні жұмыс істеп жатырмыз!
– Бішкек қаласы – тәуелсіздіктің алтын бесігі, егемендіктің буынын бекіткен қала. Бішкек – мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің, әдебиет пен өнердің орталығы. Елдің мақтанышына айналған шаһар жыл өткен сайын көркейіп, ажары айшықтала түскенін көрдік. Жаңа тұрпатты ақылды қала салып жатқан сияқтысыздар. Солай ма?
–Дұрыс байқапсыз. Бішкек қаласы күн санап көркейіп келеді. Халықтың көңілі көтеріңкі, шырайы келіскен. Бүгінгі Бішкек қаласы адамның көңіліне жақсы әсер ететіндей өзгеріп, жаңарып, көшелердің сәні мен салтанаты күннен-күнге артып келеді. Астанамыздың көркемдігін одан әрі сәулеттендіре түсу – менің басты қағидам. Үкімет отырыстарында Бішкек қаласы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары үнемі қаралып отырылады. Индустрилизация қазанында пісуі жетпеген, урбанизациялану үрдістерін енді игеріп жатқан ұлт мәдениетінде қалаға деген қатынастың алуан қырлылығын көреміз. Қазір қала билігі өмір сүру категориясын дамытып, адамдардың өмір сүруіне, оның өзін-өзі дамытуына барлық қолайлы жағдай жасауға тырысуда.
Қала бүгінгі индустрилизация қазанында қайнап жатыр. Қаламызға келген қонақтар жаңа ақылды қаланың салынып жатқанын көреді. Қаламыздың индустриясы мен қаржылық қуаты бізді экономикалық және ұлттық деградациядан құтқаруға атсалысып отыр. Жалпы, қала мәдениеті аспан астындағы адамдардың қоғамдық игілігіне жұмыс істеуі тиіс.
«Анамыз да қара көз қыз-ау, бәлкім…»
– Бүгінде Қырғызстан жаһандық саясатты айқындайтын жетекші елдермен қатар тұрған ірі геосаяси және геоэкономикалық ойыншыға айналды. Болашақта экономика мен саясатта қандай мәселелерге басымдық беріледі?
– Экономикадағы негізгі мәселелер біздің ковид індетінен кейінгі жағдаймен және қазіргі геосаяси жағдаймен айналысып жатқанымызды білдіреді. Оның барлығы ұлттық мүддемен ұштастырылуда. Мысалы, тау-кен өнеркәсібін алайық. Осы салада жүзеге асырған шараларымыздың нәтижесінде жағдай күрт өзгеріп, ұлттық мүддені аяққа таптау тоқтатылды. Алайда энергия тапшылығы күннен-күнге күшейе түсуде және осындай жағдайда энергетика саласында әлеуетімізді пайдалану жобалары жүзеге асырылатын болады. Біз «жасыл энергияны» пайдалануда тың, жаңа қадамдар жасап, отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Заманауи талаптарға сай жолдарды салып, күтіп ұстау арқылы ішкі байланысты нығайтуға баса назар аударылуда. Бір сөзбен айтқанда, экономика саласында ауқымды жобаларымыз бар, уақыты келгенде оның нәтижесін көретін боламыз. Бүгінгі заманның бізге қызмет етіп жатқанын білеміз. Оны түсінбеу – қара суды теріс ағызу болып шығар еді. Сол сияқты өтпелі кезеңнің келеңсіздіктерін, індеттер мен дағдарыстарды көлденең тартып, аз ғана қиыншылыққа мойып, Тәуелсіздіктің бетіне көлеңке түсіруге болмас еді. Саясатқа келсек, сіз журналист ретінде біздің республикамыздағы жағдайды жақсы білуіңіз керек, біз ең алдымен көршілерімізбен келісімді нығайтып, достық қарым-қатынасты дамытуға басымдық береміз. Мысалы, осы уақыт аралығында Өзбекстанмен қарым-қатынасты ең жоғары деңгейге дейін жақсарта алдық. Қазақстанмен және Қытаймен қарым-қатынасымыз ұзақ уақыттар бойы бірқалыпты дамып келеді. Қазіргі уақытта біз тұрақты әрі өзара сенімді қалпына келтіру үшін Тәжікстанмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатырмыз. Тараптар арасында гармония бар. Ал гармония – бұл ғаламның үздіксіз өркендеуінің негізгі кепілі.
– Қазақстан әрқашан өзінің рухани жақын әрі құдайы көршісі қырғыз халқының көркейіп-гүлденуіне тілектес. Екіжақты сындарлы қарым-қатынастарды дамыту барысындағы өзара диалогта қандай мәселелер қамтылмай отыр?
– Әлбетте дұрыс айттыңыз, қазақ халқы – қырғыз халқының рухани туысы. Біздің Қазақстанмен, қазақ халқымен қарым-қатынасымыз айрықша дамып келеді. Қос халықтың достығының түп-тамыры әріден басталатынын баса айтқым келеді. Мен Қазақстанға жасаған алғашқы ресми іс-сапарымда қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңінен арнайы үзінді келтірген болатынмын. Онда мынадай жолдар бар:
Мен – қазақпын,
қырғыз ол – туысқаным,
Бірге тартқан тарланның
құйысқанын.-
Анамыз да қара көз қыз-ау, бәлкім,
Бөліп берген егізге үзіп нанын.
Демек, қос тарапты қарым-қатынасты одан әрі нығайта беру үшін Жұбан Молдағалиев ағамыздың жырында бейнеленген асыл сөзді қаракөз анамыздың өсиет-аманаты деп білгеніміз абзал болар. Ол расында да солай. Біздің бірқатар мәдениет-өнер қайраткерлеріміз Қазақстанда осы бағытта белсенді жұмыстар атқарды. Өткен жылдары елімізге Қазақстанның мәдениет саласының үлкен делегациясы келіп, мәдени іс-шара аясы ұлан-асыр тойға ұласты. Сіздердің «Таң Шолпан» әдеби журналдарыңыз бір жыл бойы қырғыз ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ оқырмандарына ұсынғанын да баса айтқым келеді. Біздің тарихымыз бір, мәдениетіміз бір, ұранымыз бір. Біздің Баласағұн атындағы Ұлттық университетіміз Қазақстан Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих институтымен тығыз байланыста. Мұндай мысалдар көп. Айтайын дегенім, ежелден бауырлас халықтардың мәдени ынтымақтастығын одан әрі дамыта беруіміз керек. Біз енді экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударғанымыз абзал болар еді.
– Президент болып сайланғаныңызда алғашқы болып сізді кім құттықтады?
– 2021 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жеткенімде, алғашқы болып, өз әріптестерім құттықтады. Дегенмен президенттердің арасында алғашқы болып, Өзбекстан Республикасының президенті құрметті Шавкат Миромонұлы Мирзиёев құттықтағанын ерекше атап өткім келеді.
Экс-президенттердің басын еліміздің ынтымағы үшін қостым
– Сіздің Қырғызстанның экс-президенттерінің басын қосқан жиыныңызды ұлт бірлігі мен ынтымағы үшін жасалған бейбітшілік шеруі деп атауға болады. Жалпы, бұрынғы президенттермен қарым-қатынасыңыз қалай? Оларды Қырғызстанға шақыру ойыңызда бар ма?
– Мен ол туралы бұрынғы мемлекет басшыларымен кездесуден соң өзімнің сындарлы пікірімді білдірген болатынмын. Тағы да қайталап айтамын, мен бұрынғы президенттердің басын елдің болашағы үшін, халқымыздың мәңгілік ынтымағы үшін біріктірдім. Бүгінгі жаһандану кезеңі ішкі тұрақтылық пен ұлттық келісімге ұмтылған елдердің ғана дамып, қуатты мемлекетке айналатынын көрсетіп отыр. Ұлы империялар құрып, Еуразия кеңістігін алып жатқан ежелгі қырғыз халқының болашақтағы жағдайы қандай болмақ? Біз өзімізді Орталық Азияның бір бұрышында тұрып қалған сияқты сезінеміз. Иә, өзімізді тәуелсіз ел деп жарияласақ та, дамуымыз неге кешеуілдеп қалды? Өзімізге осындай сұрақтарды қойсақ, ол бірінен соң бірі шыға беретін сияқты… Мен көңілге тыныштық бермеген осы игі істі ойластыра келе, оны жүзеге асыруға бел буып, экс-президенттердің басын бір қосқан болдым. Ата-бабаларымыздың дәстүр-салтына сай, олардың алдына қырғыз халқының ас-ауқатын тарттым. Әрине, бұл маған оңай болмады. Президенттер бірінен соң бірі сөз алып, ойларындағыны айтты, ащы сөздерге де барды. Мен, әрине, оларды түсінемін, бойларында ашу-ыза, реніштері де бар. Әйтсе де, олар өз кемшіліктерін мойындап, сабырға келді. Ең бастысы, олар бірін-бірі кешіре білді. Бұл – менің президент ретінде және азамат ретіндегі басты мақсатым да, арманым да еді. Мемлекет басшысы ретінде мен тарихи миссиямды орындағандай болдым. Менің барлық ой-қиялым да осыған сенім артты. Қалай десек те, олар өз қабілеттерінше қызмет атқарды, оны жоққа шығаруға болмайды.
Жалпы, халық көзімен қарасақ, олардың әрқайсысының саясатында белгілі бір қателіктер орын алып, оның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып, қантөгіс болды. Ақаевтың кезінде Ақсы оқиғасы, Бакиевтің кезінде сәуір оқиғасы, Уақытша өкімет, Атамбаевтың кезінде маусым трагедиясы, Жээнбековтің кезінде қазан оқиғасы болды. Бұл бір мемлекеттің басына аз сабақ болмаса керек. Ең қиыны сол, біз жарқыраған азаматтарымыздан айрылдық. Олар – Қырғыз елінің болашағы еді. Олардың үміттері жарты жолда үзілді. Осы оқиға кезінде Үміт атты жап-жас жігіттің қазасы халықты теңселтіп кетті. Бұл – қырғыз тарихында өкінішке қарай, қара әріппен жазылып қалды. Біз осылайша қырғыздың талай жастарынан – ұлдарынан айырылдық. Олардың туыстары мен жақындарының өзектерін өртеген жан қайғысын сезінемін. Бірақ бәріміз үшін қасиетті саналатын Қырғыз елінің мәңгілік болашағын ойласақ, бұдан былай, «Ақаевшылар», «Бакиевшілер», «Атамбаевшылар» және басқа да «шылар» дегендерді жойып, оның болашағын бәріміз бірдей ойлағанымыз дұрыс болар еді. Менің осы жолдағы ендігі бар мақсат-мұратым – барша қырғыз халқының басын біріктіру болды. Менің ендігі міндетім – оларды бір мемлекеттің туының астында және бір президенттің басшылығымен, жеті облысымыздың халқын ортақ іске біріктіріп, бір бағытта, бір деммен – ортақ мақсат жолында ұлттың рухын көтеруге жұмылдыру. Осыған орай, алдыма мынадай мақсат қойдым: Халықтың бірлігін сақтап, елді әділ басқару және аймақта бейбіт қатар өмір сүру. Ол үшін әдемі үйлесім, гармония керек. Ал гармония-үйлесімділік – аспан астындағы тас жол. Ол жүзеге асқанда аспан мен жер жақсы күйде болады және өзара келісіммен дамиды деп білемін. Бейбіт қатар өмір сүру – бірлікте келісіммен жұмыс істеуді, бейбіт бәсекелестікті, үйлесімді симбиозды, бейбіт өмірді, жалпыға бірдей бейбітшілік пен гармонияда болуды білдіреді. Демек, «жақсылық» пен «жамандық» туралы этиканың ескірген тұжырымдамасын өзгертуіміз керек. Менің алдымдағы мемлекет басшыларының әрқайсысына жеке мүддем де, қызғанышым да жоқ, сондай-ақ олардың алдында ақталуға міндетті де емеспін! Алайда мен мынаған ерекше мән беремін. Жалпы, жеке адамдар арасындағы проблемаларды саяси, этикалық тұрғыдан тереңдетіп талқылаудың дұрыс саяси аренаны құрып қана қоймай, қазіргі дәуірдің өзекті мұратын іске асырып, үйлесімді қоғам құру жолында пайдасы зор. Бұл – әлеуметтік субъектілер арасындағы жарасымдылықтың мызғымас бірлігінің негізі. Ал өз рөлдерін нақты білмейтін қоғамда гармониялық табыс болмайды.
Егемендігімізді, тәуелсіздігімізді нығайтып, дамуға барлық мүмкіндігі жететін Қырғыз елін дамытамыз десек, өткенімізді, ашу-ренішімізді суға ағызып, бірлікке ұмтылуымыз керек деп ойлаймын. Ол үшін, ескі көзқарасты өзгертуіміз қажет. Эгоизмнің, мінез-құлықтың пайда әпермейтінін, өзін-өзі жақсы көрудің де шектері бар екенін естен шығармағанымыз абзал. Демек, сенің іс-әрекетің басқалардың мүдделері мен құқықтарын бұзбауы тиіс.
– Ресей үкіметі Қырғызстанның көптен бергі қарызын кешіріп, үлкен рақымшылық көрсетті. Бұл мырзалықтың астарында қандайда бір саясат жатқан жоқ па?
– Бұл қадамы үшін Ресейге алғысымыз шексіз. Олар – біздің стратегиялық әріптесіміз. Ресей ұзақ уақыттар бойы біздің басты одақтасымызға айналған.
Қазақстанға сапарым өмірімде үлкен әсер қалдырды
– Шетелге жасаған сапарыңыздан есте қалған ерекше бір оқиға туралы айтып бере аласыз ба?
– Шабыт беретін, ойландыратын әңгімелер көп. Әлбетте, Қазақстанға жасаған іс-сапарымнан бір мысал келтіре кетейін. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мені бауырындай жылы қарсы алуы, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бас болып мұражайға ертіп апарғаны менің өмірімде үлкен әсер қалдырды. Ол өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып, тарихи және халықаралық оқиғалардан жиі мысалдар келтіріп, басынан кешкендерін ашық айтып бергені де есімде қалды.
– Президенттің кеңесшісі де, достары да көп болатыны айқын. Сырыңызды кіммен бөлісесіз?
– Рас, менің достарым көп. Мектепте оқып жүргендегі, әскерде жүргендегі, институтта бірге оқыған және бала кезімдегі достарым бар. Саясатқа араласқаннан бергі достарым да бір төбе. Саясат алаңындағы достарымның ішіндегі ең жақыны – Қамшыбек Ташиев. Басқару жүйесінен мол тәжірибесі бар осы қайраткер тұлғамен мемлекет, ұлт болашағы туралы өзара сыр бөлісіп тұрамын.
– Біз өмір сүріп отырған қоғамның басты кемшілігі мен дерті неде?
– Адамның білімі тереңдеп, әсіресе жоғары технологиялық мүмкіндіктердің пайда болуымен адамзат өркениетінің деңгейі өсіп, өрлеп келеді. Ол – адамдарға дүниені түсінуге және өзгертуге мүмкіндік беретін дүниетаным. Бұл – қазіргі заманда адамзат өркениеті дамуының тамаша үлгісі. Бірақ осы жолды таңдағандар аз. Қазіргі таңда адамдардың өмір сүруінің материалдық деңгейі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Алайда ақша мен материалдық құмарлықтың алға шыққан кезеңінде дәстүрлі ізгіліктер мен адамгершіліктен, иман тазалығынан қашықтап барамыз. Бүгінгі біз өмір сүріп жатқан дәуірдің сипаты мен дертіне қатысты философтар мен ойшылдар көптеген зерттеулер, парасатты ой-толғамдар жасаған. Солардың ішінде адамдар арасындағы иманның құлдырауы, халықтың өзара сенімнен айырылып, бірін-бірі алдау «өнері» дамып, оның қоғамда кең етек жаюы мені қатты алаңдатады. Біз дәстүрлі қасиеттерді дамытуға және дәстүрлі отбасы үйлесімдігіне мән беруіміз керек. Қоғамдағы гармоноия – әлеуметтік гармонияның негізі. Ол ең маңызды моральдық қағида, әсіресе қарама-қайшылықтың екі жағының үйлесімді бірлігі. Менің бар мақсатым – осы бірлікті, тұтастықты сақтай білуден тұрады.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Менде бос уақыт дегеніңіз аз, тіпті жоқ десем де болады. Бос уақытым болса, спортпен айналысуға арнаймын. Аптасына бір рет жасыл алаңда футбол ойнауға тырысамын. Оған қоса таңғы және кешкі уақытта суға түсемін.
– Садыр Нұрқожаұлы, барша Қырғыз халқын Тәуелсіздік күнімен қызу құттықтаймыз! Бүгінгі ашық әңгімеңізге рақмет айтамыз!
Әңгімелескен –
Ермек Жұмахметұлы