ФОРМА МЕН МАЗМҰН АРАСЫНДАҒЫ СӘЙКЕССІЗДІК
14.10.2016
2127
0

vnutrenniy_chelovek_1374466608Қазақтың отарсыздануы тақырыбында ұйымдастырған «Дөңгелек үстелімізге» психолог маман ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті, психология ғылымының кандидаты Жарас Сейітнұр мырза қатысқан еді. Маманның түйткілді тақырып төңірегіндегі тұшымды ойларын жеке мақала ретінде жариялағанды жөн санадық.


zharas-sejitnur-jpg01

 

 

Жарас СЕЙІТНҰР

 

Егер кеңес заманындағы тари­хи-ғылыми зерттеулерге немесе жа­­зылған тарихи оқулықтарға назар аударсақ, қазақтарда Қазан революциясына дейінгі өмір бір бөлек, одан кейінгі кезеңде мүлде басқа өмір басталғандай түсінікте қаласың. Бұл жөнінде тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Прези­ден­ті, Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбе­гінде жақсы айтып кетеді: «Кеңес кезіндегі оқулықтарда тағы бір миф болды – ол миф бойынша бүкіл халықтар, бейне бір түн түне­гінен құтқаратын социалис­тік революцияны күтіп қана ғұмыр кешкендей сыңайда көрсе­тіле­тін. Ол аз дегендей, Ресей империясының құрамында бұ­ра­та­на халықтардың болуы ауырлық келтіргенімен, сол халықтардың өздері үшін тарихи сәттілік бо­лыпты-мыс, себебі, олар капитализмнен аттап өтіп, социализммен қауышты деп әсіреленетін». Осындай түсінікпен ұлтымыздың қаншама буыны өмір сүріп келді. Сондай-ақ, отар болған елдің тарихы қалай баяндалатыны жайлы Үндістанның алғашқы премьер-министрі Джавахарлал Неру де тамаша жазыпты: «Тарихты әрда­йым дерлік жеңімпаздар мен жаулап алушылар жазады әрі ол олар­дың көзқарастарын көрсетеді немесе ең болмағанда жеңімпаз­дардың нұсқасына артықшылық беріледі және де ол үстемдік алады». Ал Қазақстанның тәуелсіздік алуы тарихты ұлттық мүдде тұр­ғы­­сынан зерттеуге мүмкіндік бер­­ді. Мемлекет тарапынан арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, бірқатар пайдалы жұмыстар атқарылды. Тарихи бас­тауларды іздеп, ұлттың да­муын­­дағы үзілген не жоғалған буын­дарды қайта қалпына келтір­дік. Мәңгүрттене бастаған санамыз оянып, қазақтардың сан ға­сырлық мықты рухани мұрасының бар еке­нін танып-біліп кейінгі ұрпақ қатты таңқалып жаттық. Тарихтың беттерінде қаншама ақтаңдақтар барлығына көзіміз жетті. Бір ғана қолдан жасалған аштық тақы­ры­бының өзі неге тұрады?! Қазақтың мәдени кодымен санаспай жүр­гізілген боль­шевиктік экспери­менттің салдары, яғни голощекиндік геноцидтің ауыр зардабын жас буынға ұғын­дыру­­дың маңызы зор болды. Тарихтан сабақ алмасақ, оны әр түрлі дәрежеде қайталауға мәжбүр боламыз. Әрине, әр ұрпақ тарихты өзінше жаңадан қайта ашып бағамдайды ғой. Бірақ ұлт тари­хының қасіретті беттері ешқашан ұмытылмауы тиіс. Өз халқына қарсы шыққанын еш түсінбей кет­кен, шаш ал десе бас алуға дайын тұратын шолақ бел­сен­ді­лерден Құдайым сақтасын! Жалпы, басшылық қызметтегі адамның бір бүйрегі өз халқына бұрып тұр­са, солақай шешімдер де аз болады, ешкім де жазықсыз зардап шекпейді. Американдық психология тарихшысы Р. Уотсон «Тарихқа көз жұмып қарау одан тәуелсіз болуды білдірмейді», – деген екен. Сондықтан тарихи жауапкер­ші­лікті терең сезінген жан зұлым­дық­қа, қиянатқа көп бара бер­мей­ді. Үлкен тарихи тұлғалар үшін халықтың қарғы­сына емес, алғы­сына бөленгенге жетер ештеңе жоқ!

Рас, кейде сыртқы  дағдарыстан гөрі адамның ішкі дүниесіндегі дағдарыстың салдары ауыр болып жатады. Психологтар үшін сана негізгі бір зерттеу пәні ғой. Санамен жұмыс істеу оңай емес. Елі­мізде ішкі саясат саласында­ғылар, идеология мәселесімен айналысып жүргендер көп шаруалар атқарып жатырмыз деп ойлайды. Ал шын мәнінде, ол жұмыстардың қаншалықты нысанаға дөп тиіп жатқандарын ескермейді. Қыз­мет­тік міндеттен туындайтын кезекті сценарий бойынша қойылған іс- шаралардың тереңге кетер әсері болмай, уақытша ғана ықпалы барын түсінбейді. Сауатты психологиялық сүйемелдеу, қолдау болмай үлкен нәтиже күту қателік. Бізде сананың отарсызда­нуы діттеген жеріне жетпей жатуы да содан. Діни терроризммен де негізінен күштеу тұрғысы­нан күресіп жатамыз.

Жалпы, тәуелсіздік алған отар болған елдердің тарихына қарасақ, олар «де-юре» тәуелсіздік алғаны­мен «де-факто» бодандық қа­мы­ты­нан шыға алмай жатады. Мә­селен, Африканың бірқатар мем­лекет­тері бұрынғы державалар тарапынан неоколониализмге ұшырадық деп оларды кінәлап, айып таққандары белгілі. Әдетте бұрынғы метрополияның ықпалы әлі де күшті екендігін жергілікті биліктің, үкіметтің өз халқының мүддесін емес, сыртқы күштердің еркін орындауынан байқаймыз. Тарихтан, әсіресе, халықаралық қатынастарда шетелдік держава­лардың жасырын нұсқауларын бұлжытпай орындаушы ролін ат­қар­ған қуыршақ режимдер болға­нына көптеген мысалдар келтіруге болады. Кейбір саясаттанушылар, аналитиктер бүгінгі таңда Беларусь Республикасын әскери әрі идеологиялық кіріптарлықта отырған сателлит мемлекет деп санайды. Зерттеушілердің пікірін­ше, отарсыздануға тек бір ғана жалғыз тарихи акт жариялау ар­қы­лы бірден қол жеткізе қою сирек кездесетін факт екен. Деколонизация бірнеше кезеңдерден тұратын процеске ұқсайды. Оны жылдамдататын факторлардың қа­тарына саяси элита мен оқыған зия­лы­лардың позициялары жатады.

Өз басым, сананы отарсыз­дан­дырудың бір көрінісі ретінде тә­у­ел­сіздіктің тал бесігіне айналған Алматының жақында 1000 жыл­дық мерейтойын атап өту оқиға­сын ерекше айтар едім. Оны ЮНЕСКО-ның мерейтойлық даталар тізіміне енгізуін біздің та­рихшы-ғалымдардың үлкен жеңісі деп санаймын. Сондай -ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жаңа оқу жылында салтанатты түрде ашылған «Мәңгілік ел» триумфалды қақпасының символдық мәні зор. Университет студенттері үшін ол белгілі бір дәрежеде ұғымдық ассоциация тудырады. Күні кеше ғана 1916 жылы Қазақ­с­танның Торғай өңірінде болған Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болған Кейкі батырдың бас сүйе­гінің елге қайтарылуы да сана айығуының бір белгісі. Еліміз тәуелсіздігіне биыл 25 жыл тола­йын деп отыр. Осыған байланыс­ты алда ұлт Рухын көтеретін әсер­лі шаралар өтеді деп үміттенемін.

Ұлт үшін тарихи сананы қа­лып­тас­тыру аса маңызды фактор. Элитаның ойлауында «антитарихи философия» болуы жақсы нәрсе емес. Жалпы, өз басым өт­кен заманның жетістіктерін мүлде жоққа шығаруға қарсымын. Ол ұлт дамуындағы тарихи сабақтас­тықтың үзілуіне, нигилизм мен солипсизмге әкеп соғады. Яғни тарихты тақыр жерден не өзінен бастағанды тәуір көретіндер болашақ мамандардың тарихи-ғылыми мәдениетін қалыптас­тыруға кері әсерін тигізеді. Заман көшімен ілесе жүру дегеніміз өт­кенді мансұқтау еместігін ұғын­дыру үшін не істеу керек? Ол үшін жоғары оқу орындарында тарих, философия, мәдениеттану сияқты пәндерге ерекше көңіл бөлу керек. Әсіресе, қазақ мәдениеті оқытыл­ғанын қалар едім. Технократтар-ақ керемет ақылды һәм іскер бол­сын, бірақ қазіргі постнеклас­сикалық ғылымда аксиологиялық нәрселерден бәрібір аттап кете алмайсың.

Бір мысал келтірейін. Этно­-п­сихологиялық тұрғыда қарастыр­сақ, қазақтілді қазақтар үшін мет­рополия тарапынан отарлау процесі болғаны дәлелдеуді керек етпейтін, өзінен-өзі түсінікті нәрсе. Ал басқа ұлт өкілдері үшін патшалық отарлау саясаты бол­ғанымен, советтік отарлау деген түсінікті қабылдай алмайды. Олар үшін білімі мен мәдениеті жоғары ұлттың артта қалған халықтарға көмегі ғана бар. Кезінде этно­-ә­леуметтік статусы жоғары болған «аға» ұлт үшін «іні» ұлт – қазақ­тардың мәдениетін, тілін мойындау әлі де оңай емес. Санадағы дағдарысты жеңу үлкен психоло­гиялық проблема. Енді бүгін қа­зақс­тандық болудың бір аспектісі – байырғы халықтың рухани әле­міне саналы қосылу тұтасумен байланысты. Қазақстан­дық­тар­дың санасында отандық тарихқа қатысты мағыналық өзгерістер орын алуы тиіс. Мем­ле­кет­тік тіл, қазақ мәдениеті, тәуелсіздік ұғым­дары бәрімізге ортақ. Психологтар зерттегендей, адам үшін мағынасы бар нәрселер ғана тұлғаның үлесін қамтамасыз етеді. Демек, жоғарыда аталған іргелі ұғымдар күллі қазақстандық­тардың «мағыналық құрылымның жалпы қорына» қосылуы тиіс. Тек сонда ғана олар өлі дүние болып қалмайды.

Мемлекеттік стратегия бо­йынша, Қазақстан 2050 жылға қа­рай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс. Оған 100 нақты қадам – Ұлт жос­парын орындау арқылы жетуді көздеп отырмыз. Қазақ ретінде Топ-30 елдің қатарына болуды әрине қалаймыз, бірақ мен үшін ана тілім – қазақ тілі жетекші 30 тілдің қатарына енеді ме, сол ма­ңыз­ды. Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның ресми тілдері болып табылатын ағылшын, араб тілі, испан тілі, қытай, орыс және француз тілдері өз орындарын бермейтіні айтпаса да түсінікті. Ал жаңа технологиямен ілесе дамыған жапон, кәріс тілдері, тұрмыстық техникадан бастап, тамаша автомобильдер шығаратын 82 миллион адамы бар немістер өз тілдерінің тағды­рына еш алаңдамайды. Ал тілдер тізі­мінде сөйлеушілер саны бойынша отызыншы орынды иеленіп отырған әзірбайжан тілінің өзі әлемнің жеті мемлекетінде қол­да­нылады. Қазақстанның мемле­кеттік тілі деп аталатын қазақ тілі бүгінде ол тізімде 58 орында екен. Кейінгі уақыттарда ғылым тілі болудан қалып бара жатқанын қазақ тілінің жағдайын көріп тұрып оның тағдырына қалай алаңдамасқа?! Кез келген ғалым, маман арнаулы терминнің әлемде кең тараған қолайлы тілдегі нұсқасын пайдаланғанды жөн көреді. Сабақ түсіндіргенде «кір­пікшелі кебісше» дегеннен көрі ағылшынша «парамеция» немесе орысша «инфузория-туфе­лька» деп айтқан оңай. Сонда қазақ тілін қалай дамытпақпыз? Ұялы телефонды жастардың бәрі «сот­ка» дейді. Жастар арасында русизм мен англицизм кең тарауда.

Ал ұлттық идеология мәселе­сіне келсек, ол жоғарыдағы кабинеттерде емес, төмендегі халықтың ұсыныстарын елеп-ескеріп барып жасалынуы тиіс. Әсіресе, осы елдің байырғы халқы, мемлекетке өзінің атын беріп отырған – қазақ­тардың арманы мен мүддесі тарапынан шығуы тиіс. Форма мен мазмұн арасында сәйкессіздік болмаса ғана диалектикалық тұтастық болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір