«ҚАЗАҚСТАН – ШЫҒЫС ПЕН БАТЫС АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР»
25.08.2023
347
0

Отандық өндірісті дамытудың және ел экономикасын өркендетудің бір жолы – логистика саласын әртараптандыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев ұдайы көлік-логистика саласының ел экономикасындағы басты рөлін, оны жетілдірудің маңыздылығын айтып келеді. Осы ретте еліміздегі логистиканың даму барысы, жай-күйін білмек ниетпен білікті маман, логистика саласының сарапшысы Эльмира Кушкимбаеваны әңгімеге тартқан едік.


– Эльмира Болатқызы, қарқынды дамып келе жатқан логистика саласының тарихы, концепциясы, эволюциясы жайлы не айтасыз?
– Логистика тарихы тым тереңде. Өзімізге келер болсақ, тарихтан, түрлі әдебиеттерден елімізде ұлы Жібек жолы – батыс пен шығысты жалғап жатқан керуендік жол бағыты болғанын жақсы білеміз. Сауда-саттық қатынасымен Қытайдан шыққан керуен Орталық Азия, Үндістан, Еуропа елдеріне қымбат жүктерді тасымалдап отырды. Логистика дегеніміз – осы.
Ал қазіргі жағдайға назар аударар болсақ, Қазақстан географиялық тұрғыдан алғанда өте ыңғайлы аймақта орналасқан. Еуропа мен Қытайды жалғап жатқан біздің мемлекетіміздің логистика саласындағы алар орны ерекше деп атап өткім келеді. Оның үстіне Еуразия континентіндегі логистиканың негізгі өзегі саналатын екі халықаралық «Достық» және «Қорғас» теміржол бекеттері біздің елдің еншісіне тиесілі. Демек, логистика, тасымалдау саласында еліміз геометриялық прогреспен дамып жатыр деп айта аламыз. Елімізде көптеген логистикалық компаниялар ашылып, көлік, теміржол, әуе жолы арқылы тасымалдау қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ тасымалдау көлемін де арттырып жатыр. Алдағы уақытта Қазақ­стан логистика саласындағы әлемдік алпауыттардың біріне айналады деген үмітіміз бар. Оған географиялық мүмкіндігіміз қолайлы жағдай туғызып отыр. Қытай тауарларын мұхит арқылы Еуропа елдеріне тасымалдағаннан, құрлық арқылы, яғни біздің мемлекетіміздің территориясымен жеткізу анағұрлым арзан әрі жылдамырақ болады. Мемлекет басшысы да бұл ретте көрші елдің басшылығымен келісіп, ауқымды жұмыстарды атқарып жатыр деуге болады.
– Қазақстанның аумағы кең-байтақ. Жердің кеңдігі логистиканың дамуына кері әсер етпей ме?
– Расымен, еліміздің территориясы өте үлкен. Бұл жағдай екі түрлі жолмен қарастырылады. Бірінші, тасымал саласында жеткізу нүктесі алыс болған сайын түрлі проблемалар туындайтыны анық. Аумақтың үлкендігі логистикада қомақты қаражатты талап етеді. Автожол, теміржол салу керек, инвестиция тарту қажет. Экономикалық шығын ұлғаяды. Демек, территориясы шағын басқа мемлекеттермен салыстырғанда кері әсері бар. Екіншіден, бұл жағдайдың артықшылығы да болатынын ұмытпайық. Логистиканың арқасында түкпір-түкпірдегі аудан, ауылдарға қатынас мәселесі жолға қойылады, қаншама жұмыс орындары ашылады, еліміз дамиды, халықтың жағдайы жақсарады.

– Демек, ел экономикасының дамуындағы логистиканың алар орны орасан ғой?
– Әрине. Естеріңізде болса, мемлекет басшысы былтырғы жылы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру жөнінде арнайы кеңес өткізіп, жиынға қатысқан Үкімет басшылығы мен салалық министрліктерге, ұлттық компаниялар басшыларына бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы жиында ел Президенті логистика саласының ел экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Расымен де, өңірлердің экономикалық-әлеуметтік байланысын жандандыру жолында көлік-транзиттік логистиканың алар орны ерекше. Дегенмен де әлемде орнаған геосаяси ахуалдың бұл салаға әсері үлкен болды. Қалыптасқан жағдай бізге жүк тасымалдаудың балама бағыттарын іздеуге, саланы әртараптандыруға жол ашты десек болады.
Логистика қымбат болса, экономикамыз құлдырайды. Бұл – заңдылық. Өйткені неғұрлым тасымал нүктесі алыс болған сайын кез келген тауардың өзіндік құны қымбаттайды. Оны халықтың қалтасы көтермейді. Демек, халықтың жағдайын жақсарту үшін логистика бағасы төмен немесе тұрақты болуы керек. Ол үшін инфрақұрылым жасалып, қатынас жолдарының сапасы сын көтерерліктей болуы тиіс. Бір сөзбен айтқандай, логистика – экономиканың жүрегі.

– Логистика саласының қандай кемшін тұстары бар?
– Әрине, кемшіліктер жоқ емес, бар. Оны реттеу үшін қаржы және уақыт керек. Бұл ретте мен ең әуелі инфрақұрылымды айтар едім. Бізге сапалы жол мен жаңа тасымалдау құралдары жетіспейді. Автобандар салынып жатыр. Бірақ барлық бағытта емес. Осындай кемшіліктер біздің логистика саласының аяғына тұсау болып отыр. Теміржол саласы да жаңғыртуды қажет етеді. Бізге алдағы уақытта екі қатарлы теміржол керек. Сонда іркіліс болмас еді. Пойыздар жолайрықтарда бір-бірін өткізумен уақыттан ұтылады. Тасымалдау саласына жүрдек пойыздар керек. Өйткені логистика заңдылығы – жылдамдық. Тауарды қысқа уақытта діттеген жерге жеткізу тиіс. Алматыдан шыққан тауар ұзағанда 3-4 сағатта Астанада болуы керек. Бұл салада Жапония, Қытай секілді алпауыт елдермен иық тірестіреміз десек, логистикаға барынша көңіл бөлуге тиіспіз. Өйткені Қазақстан – шығыс пен батыс арасындағы алтын көпір екенін естен шығармайық. Әлем дамып жатыр. Бұл үрдістен біз де шет қала алмаймыз. Осы қарқынға ілесіп, тұтынушы мен өндіруші арасындағы байланысты жаңа деңгейге, жаңа сапаға көтере алсақ, ұтарымыз көп болмақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір