Теология мен психология арасындағы диалог нәтижеге жетелейді
Психология мен дін – адамзат тіршілігінде қатар жүретін ұғымдар. Бірақ олар әртүрлі әдістерді қолданады және әртүрлі мақсаттарға қызмет етеді. Психология да, дін де адамдарға өмірде кездесетін күрделі жағдайларды жеңуге көмектеседі, бірақ екі дүниетанымның арасындағы айырмашылық үлкен.

Негізгі айырмашылық: психология – бұл адам және оның мінез-құлқы туралы ғылыми білім: психологиялық тұжырымдардың бәрі ғылыми тексерістен өтеді. Практикалық психология ғылыммен күрделі байланыста. Практикалық психология саласы ғылымды құрметтейтіндерді де, ғылымнан алшақ адамдарды да, әр түрлі көзқарастарды және бір-біріне мүлдем ұқсамайтын мамандық иелерінің де арасын біріктіреді, сондықтан психология саласында көптеген мифтер, ырымдар, дәстүрлі және дәстүрлі емес діни көзқарастар көрініс тауып жатады.
Ал дін – ғылыми көзқарасқа қарама-қайшы, ол өз ақиқаттарын дәлелдеуді талап етпейді. Дін адамға Құдайдан (сенушілердің санасында) берілген догмаларға негізделген. Діндар адамдар өздерін толық білімге, ақиқатқа иеміз деп мәлімдейді. Психология ғылымы, керісінше, дәлелдемелерді қажет етеді және барлық тараптарға қатысты сынға негізделген. Психологтар өздерінің білімдері шектеулі екенімен келіседі және өз жұмыстарында «шектеулі оқыту» стратегиясын қолданады.
Психологтар мен діни жетекшілердің қиыншылықта адамға қалай жәрдемдесуге болатыны және көмектесу қажеттігі туралы көзқарастары әр түрлі. Атап айтқанда, діни дүниетаным адамның күнәларды өз ішінен іздеуін талап етеді, тек күнәлардан арылу арқылы ғана адам түзеле алады дейді. Психология күнәһарлық сезімін невротикалық кінәнің көрінісі ретінде қарастыра отырып, одан арылуды орынды деп санайды. Клиенттермен жұмыс істегенде, психолог маман ретінде өз білімі мен парасатына сүйенеді, ал діни жетекшілер Құдайдың рақымына шақырады.
Ең бастысы, дін мен психологияның түпкі мақсаттары әртүрлі екені анық. Дін адамды Құдаймен үйлесімді өмір сүруге үйретеді, оның міндеті – адамды басқа әлемге көшуге дайындау, Құдаймен кездесуге дайындау. Психология жердегі өмірдің міндеттеріне қызығушылық танытады және адамдарды, ең алдымен, өздерімен және басқалармен гармонияда өмір сүруге жетелейді.
Діннің психологиялық аспектісі неде деген сауалға жауап іздесек, адамдарды қашаннан бері өздеріне түсініксіз нәрсе алаңдататынын айтуға болады. Біздің санамызға бұл ұнамайды, сондықтан ақпараттық соқырлық жағдайдан шығу жолдарын белсенді түрде іздей бастаймыз. Осы жағдайда дін, мысалы, сізге жастықтың астына қойған жерінен жоғалып кеткен тіс перінің олжасына айналды деп сенуді ұсынады.
Табиғаттан тыс тылсым дүниеге сену – көңіліңдегі алаңдаушылықты азайтуға, өз өміріңді бақылауда ұстауға, сезінуге және хаотикалық әлемге қандайда бір түсінік беруге көмектеседі. Ежелгі дәуірде, көптеген түсініксіз жағдайлар адамдарды ғайыптан көз жұмуға әкелетін болған. Сондықтан өмір сүру мен алға жылжу үшін оларға өздеріне беймәлім қорқынышпен күресіп, айналасында болып жатқан барлық оқиғалар туралы неге деген сұраққа жауап іздеу керек болды. Ол кездері, (тіпті қазір де) ғылым үнемі көмекке келе бермеді, сондықтан табиғи апаттардың, аурулардың, тіпті аспандағы жарықтардың жарқырауының себептері діни ұғым бойынша түрлі тылсым күштердің әрекеті деп түсіндірілді.
Мысалы, құрғақшылық болып, егін шықпады. Сіз табиғаттың сырын ұқпағандықтан, әрекетсіздікке ұрынып, отбасыңызды асырау қиынға соғады. Бірдеңе істеу керек: апаттың себебін тауып, бәрін түзетуге тырысасыз. Мүмкіндік ретінде құдайларға жүгініп, құрбандық шалу, тасаттық беру рәсімін орындайсыз. Содан бері де мыңдаған жылдар өтті, бірақ бүгінгі күннің өзінде адамдардың сенімі осындайда тылсым күштердің құдіретіне жүгінеді: беймәлім құбылыстардан үрейлену – уақыт еншісінен тыс.
Әрине, дін наным-сенімі бар адамның өміріне үлкен тірек бере отырып, жайлы өмір сүруіне ықпал етуі мүмкін. Алайда соқыр сенімнің психологияда «сиқырлы ойлау» (магическое мышление) феноменіне алып келу қаупі жоғары. Оның салдары – сеніп келген дүниең көңілден шықпаған жағдайда өмірге деген құштарлықты жоғалту; сенімді пайдаланып адамдармен манипуляция жасайтын ағымдарға тап болу; құдайға тым сенім артып, өзіңе жауапкершілік алудан қашып, бойкүйездікке ұрыну.
Қазіргі уақытта діннің көптеген салалары психология ғылымы тұрғысынан зерттелмеген. Дін мен руханият көптеген адамдардың өмірінде үлкен рөл атқарса да, олардың кейбір жағдайларда оң нәтижелерге, ал басқаларында теріс нәтижелерге әкелетіні белгісіз. Бұл дін мен руханилықтың адам өміріне қалай және қай бағытта әсер ететінін зерттеу қажеттігін білдіреді. Психология мен теология арасындағы үздіксіз диалог арқылы жемісті нәтижелерге қол жеткізуге болады деп сенемін.
Маржан ҚАЙРАНБАЕВА,
психолог