Мәдениет: МАЗМҰН МЕН МҮДДЕ
05.07.2022
391
0

Ұлтымызды ұйытқысындай ұлы мекен Ұлытаудың атымен аталған жаңа облыстың құрамындағы Жаңаарқа ауданы әу бастан біртуар батырлар мен айбоз ақындардың, майталман әншілер мен дәулескер күйшілердің кіндік қаны тамған құтты топырақ қой. Тамыры тереңде жатқан мәдени мұрамызды ұлттың мақтанышына айналған бірегей құбылыс ретінде дәріптейтін дүр дәстүріміз де көпке мәлім. Ұлытау облысының құрылғандығы жайлы жайдары жаңалықтың сүйіншілете жетіп, ауданымыздың рухани-мәдени өміріне оң өзгерістер әкелердей, үмітімізді үкілеп жүргеніміз де рас.
Биыл Қазақ Елі түгелдей Ақселеу Сланұлы Сейдімбек әкеміздің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтуде. Жыл басынан бері біз де бірнеше ізгі іс-шараны еңсердік. Жылдың аяғына дейін жоспарланған кештер мен кездесулер, конференциялар мен мүшәйралар аудан бойынша толассыз ұйымдастырыла береді. Қыркүйек айына белгіленген Республикалық үлкен ғылыми-тәжірибелік конференцияның да жоғары деңгейде өтетініне еш күмән жоқ. Ақаңның еңселі ескерткішінің ашылу салтанаты да дәл сол күнге белгіленген. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан рұқсат беретін барлық құжаты дайын тұрған ескерткішке алып тұлғаның туыстары демеуші болды. Бірер жыл бұрын орталық көшелердің біріне, былтыр өзі оқыған мектепке ұлы қаламгердің есімі берілген еді. Аудандық музейден де «Ақселеу Сейдімбек бұрышы» ашылды. Қазақстан Жазушылар одағы дайындап жатқан «Алаштың Ақселеуі» атты естеліктер кітабын шығаруға қатысты шаруалардан да сырт қалмасымыз анық. Әрине, Қарағандыдағы «Қасым Үйі» секілді руханият орталығын Жаңаарқадан аша алсақ, керемет болар еді. Мәселен, «Сәкен Үйі» немесе «Ақселеу Орталығы».
Аудан әкімі Юржан Асанұлы Бекқожиннің өзі де қолдап отырған осы ғажап жобаны жақын аралықта іске асыру үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыру керек. Биыл үлгермеген күннің өзінде, келешекте бұл мақсатымызға жетеріміз анық.
Жаңаарқа ауданының 12 ауылдық округі мен 2 кентінде жөндеуден өткен, жабдықталған мәдениет үйлері бар. Штаттық кестелерінің тым келтелігіне қарамастан, мәдениет саласының туын тіктеп, өте жоғары деңгейді ұстап тұрған әріптестеріме алғысым зор. Таяуда С.Ысқақов атындағы халық театры Ғ.Ештанаев ағамыздың «Менің Сәкенім» пьесасын сахналап, көрермендерінің ыстық ықыласына бөленіп жатқан жайы бар. Бұл шығармашылық ұжымға да жергілікті халық дән риза.
Ұлытау облысының құрылуына орай «ҰЛЫТАУ ҮНІ» этнофестивалі де жаңғырып, қазақы құндылықтарды насихаттаса, рухани-мәдени серпіліс жасаса деген тілегіміз бар. Заты жат заманауи «жаңашылдықтардан» зәрезап болған біздің қоғамға мазмұны мен мүддесінің ұлттық бояуы қанық мәдениет керек. Өнер мен әдебиетке қатысты байқаулардың қай-қайсы болса да (мүшәйра, айтыс, ән-күй мен жыр-терменің, қолөнердің сан түрлі байқаулары), жалпы өнер мен мәдениеттің барша нысандары осы ұстанымда болғаны абзал.

Медет Мұқажанов,
Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық
«Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі»
мемлекеттік мекемесінің басшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір