АҚЫН КЕШІ ТАРАЗДА ӨТТІ
Тараз қаласында қос ақын – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов пен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованың 70 жасқа толу мерейтойы өтті.
Ақын тойына зиялы қауым өкілдері, дос-жарандары, қаламдас іні-сіңлілері жиналып, тілектерін айтты. Мерейтой шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылып, тараздық артистер қос ақынның жастық шағын сахналық көрініспен өрбітіп, Қ.Асанов пен К.Ахметованың жырларын оқыды.
Ресми кешті ақын Қалқаман Сарин жүргізді. Кеш шымылдығын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерғанат Мәнжуов ашты. «Бұл шығармашылық кеш екі бірдей ақынға көрсеткен халықтың құрметі. Сіздерге деген елдің ықыласы айрықша. Сіздер жырларыңызбен талай адамды сәулелі өмірге жетеледіңіздер. Жылы шумақтарыңызбен Отанды, елді сүюдің үлгісін көрсетіп келесіздер. Бір шаңырақтағы қос ақын тек Тараз жұртшылығының ғана емес, барша қазақтың мақтанышысыздар», – деген Ерғанат Мәнжуов ақындарды құрметтеп, шапан жауып, камзол кигізіп қана қоймай, темір тұлпардың да кілтін ұстатты.
Ақын қарындасының тойына Астанадан арнайы келген ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ақынға деген ақжарма тілегін былай жеткізді: «Қатар өсіп жетілген қос ақынның бүгінгі жыр кеші құтты болсын! Біз қарындасымыз Күләшті ерекше жақсы көреміз. Кісілігі мен адалдығы, инабаттылығы мен нәзіктігі, пәктігі мен тазалығы үшін құрметтейміз. Қазақ жырын жоғары биікке жеткізген құдіретін ұнатамыз. Ағаға қарындастай жанашыр болмайды. Қызметте жүрген сәттерімде де қуана білді, қызметтен босап қалған шақтарымда да, қабырғасы қайысып қайғыра да білді. «Әруақтар түбінде бір қолдайды» деген өлеңі бар еді. Оған Әбиірбек Тінәлиев ән шығарды. Ол әнді сай-сүйегің сырқырамай тыңдау мүмкін емес. Күләш не жазса да, тайға таңба басқандай анық жазады. Қайырбекті де ерекше жақсы көреміз. Іні тұтып, қадірлеп келемін. Екеуің де екі елдің бағы болдыңдар. Біраз уақыт Иранда тұрдым. Сонда байқағаным, Күләштің өлеңдерінен Сағдидің, Хафиздың сарыны естіледі. Күләш – періште ақын. Бізде ақын қыздар жоқ емес, бар. Бұл өңірде таңдайына өлең ұя салған Ұлбике туған. Күләш Ахметова сондай жүйрік ақынның сіңлісі. Күләш поэзиясы – тұнып тұрған адамгершілік, кісілік, парасаттылық, инабаттылық. Күләштің бойынан әркез тазалықты көремін. Ол махаббатты жырға қосты. Ата-анасына, бабаларына, сүйген жарға, перзенттеріне, аға-інілеріне, әпке-сіңлілеріне деген махаббатын жырлады. Күләш Отан туралы, табиғат, туған жер, Астана туралы керемет жазады. Осындай жарқын поэзияның авторы Күләш сәулелі адам… Ақынның Отанды сүюге арналған өлеңдері өте көп. Күләштің жырларын оқудан жалықпас едім. Осындай таза, айтар ойын бүкпесіз ашық айтатын қыздардың бары – қазақтың бақыты. Қазақ жыры жасай берсін!».
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қазақтың екі бірдей ақынын құттықтап, арнайы құттықтау хатын жолдапты. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықовадан, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтен, Вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтен, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтан, Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтан кеш иелеріне деген арнайы құттықтау хаттар келді.
Қазақстан Жазушылар одағының атынан ақын Маралтай Райымбекұлы Күләш Ахметованы құттықтап, ақын апасына деген ақ тілегін айтып, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын табыстап, арнайы сый-сияпатпен марапаттады.
Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.