ЖАРАЛЫ ЖЫЛДАР ЖЫРШЫСЫ
14.10.2016
3677
1

bulkishevЗамана тақсіреті, ғасыр қасіреті, алапат соғыс өрті кемелдіктің, тереңдіктің, парасаттың үлгісіндей ұлтқа тұлға-тұтқа, нұсқа, өнерде шамшырақ, ойға, білімге қазына боларлық қызғалдақтай құлпырып, желкілдеп өсіп келе жатқан қияға қанат қағар, самұрықша самғар қырандарымызды жыртқыштықпен жалмап-жайпап, ұлардай шулатып, қынадай қырды-ау. Солардың ішіндегі от ауызды, орақ тілді, жалын жүректі жас барыс – суреткер-публицист Баубек Бұлқышев еді.

 

 

СЕРІК НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология  ғылымдарының докторы,
профессор

 

Оның 1942-1944 жылдарда от ішін­де, орыс, қазақ тілдерінде жаз­ған өршіл рухқа, отаншылдық, сүйіс­пеншілікке, лапылдаған тол­қын­ды сезімге, сегіз қырлы семсер сөзге суарылған «Заман біздікі!» («Социалистік Қазақстан», 1942 жыл, 25 тамыз), «Жауыздық пен ма­­­хаббат», яки «Думы над старой картой» («Комсомольская правда», 1943 г., 12  декабря), «Қымбатты ук­раин қызы» (ВЛКСМ Орталық мұ­рағатында сақталған), «Өмір сүр­гім келеді» («Комсомольская прав­да», 1942 года, 5 ноября), «Өмір мен өлім туралы» («Комсомольская прав­да», 1942 года, 1мая. №102); «Со­циалистік Қазақстан», 1942 жыл, 23 июнь), «Тыңда, Кавказ!» («Комсомольская правда», 1942 года, 23 августа), «Сапердің дзотты тап­сыру кезінде жаяу әскерге жол­даған хаты» («Бей врага», 1942 года, 23 августа), «Шығыс ұлына хат» («Совет жастары Ұлы Отан соғысы» атты көрменің архивінде сақталған) дейтін көркемдік сұлулық пен рухани тазалыққа, деректілік пен та­рихилыққа, кемел көсем сөздері (новеллалық сипаттарға да бай), ұлт прозасы мен журналистика тари­хындағы айрықша терең тамырлы құбылыс. Өйткені, Баубек Бұлқышевтің философиялық әрі көркемдік дүниетанымы, ұлт тағдырын мейлінше терең ойлап, жо­ғары санайтындығы, адамзатқа ортақ құндылықтарды бойтұмардай сақтайтындығы ой жүйесінен, таным дүниесінен айқын көрініс тапқан. Ұлы парызды ұғынған ол былайша саңқылдап-жарқылдап, «Мен – ұлы жиырмасыншы ғасыр­дың жасымын» деп тіл қатады:

  1. «Адам ұлы адамша өмір сүр­сін, адам дүниесі шын мағынасында адам дүниесі болсын».
  2. «Менің жастығым адам бала­сы­ның қызметіне берілді».
  3. «Мен дүниеде жиырма-ақ жыл жасамадым ба? Бірақ дәл қазір ере­сек адаммын деуге болады. Мен жиыр­мадамын, бірақ мендегі ой ақсақалды, байсалды талай белді артқа салған адамның ойындай» («Өмір мен өлім туралы»).

Міне, сұмдық қырғын, сұрапыл со­ғыстың ортасында оттай жайнап, намысын қайрап жүрген жас жай­нақ Баубек Бұлқышев ересен ерік-жігерімен парасат биігінде ой теңізін толқытып жүргені не деген құ­дірет десеңізші!

Баубек Бұлқышев көсем сөз­де­рінің өзегі – ел мен жер тағдыры, за­мана жайы, жастық өмір. Иә, оның дана кеудесі, сұңғыла зердесі, бі­лімдарлық өресі «Заман біздікі!» атты туындысында келісті өрнек­тел­ген.

Сыңғырлаған сап толғаудай са­наңа, қиялыңа әсер дарытатын «Заман біздікі!» деген туын­ды­сын­дағы: «Жаратылыстың бір мүшесі – тал-қайыңдарды қараңдаршы, олар да қайғылы. Соғыстың қа­сі­ре­­тін біраз шеккен. Көбінің ас­пан­мен таласып тұратын бастары жоқ. Жаудың снаряды жұлып кеткен. Дегенмен бұтақтары көктеп өсіп, екі қолын сабалап ойнайтын жас ба­лаша талпынып бас изейді. Қара жер­дің беті бұрынғы қалпынан өзгерген – бұжыр. Бұл неміс бом­ба­сының ізі, жаудың қорасан ау­руы­­ның соңынан болған әре­кет».

Соғыс суреті, жараның аузындай жер сиқы. Суреткер-публицист Баубек Бұлқышев заман атынан ой толғап, келешекті болжап, жандан­дырып сөйлегенде боркеміктік, күйзеліс танытпайды, қайта үміт отын тұтандырып, тәуекелшілдік та­нытады. Мәселен, «Алтын ғасыр­дың тұтас денесінде оқтың ізі. Ол ауыр соққыны бастан кешіруде. Бірақ алтын ғасырдың жастары тә­каппар, жау алдында арыстан жү­рек­ті, болат жүйкелі, көңілі кө­те­ріңкі әрі шешімді. Алтын дене­сіне таңба түсіруі бар – шірімейді, болат сынуы бар – майыспайды, біздің жастар өлері бар – жау алдында бас имейді…». Серпінді, екпінді ой. Ақылдың, тапқырлық­тың жемісі. Заманауи мәнге ие ма­ғыналы, мәнерлі сөз.

Баубек Бұлқышевтің суреткер­лік, жауынгерлік тұлғасы, патриот­тық ойлары «Тыңда, Кавказ!» эс­се­сінде «Мен – қазақпын», «Мен өзім Шығыс ұлымын» дей отырып, «шыр­қат, Кавказ, таудың ерлік маршын» деп екпіндетеді. Кавказ бен Эльбрустың алтын шыңдарын ойға тиек ете отырып, Гомер, Шота Рус­тавели, Пушкин, Лермонтов есімдерін тебіреніспен еске алады. Оның жазбаларының көркемдік сыр­лары, тарихилық қырлары – бі­лім­ділігі мен суреткерлігінде.

Ұрыс, өмір, көңіл суреттері бір-бі­рімен үйлесіп, үндестік тауып оты­рады. Бұл орайда «Сапердің дзотты тапсыру кезінде жаяу әс­керге жолдаған хаты», «Шығыс ұлы­на хат», «Өмір сүргім келеді» дей­тін шығармалары осы бір ойы­мызға толық айғақ. Көркемдік шарт­­тылықтар мұқият сақталған. Та­рихи шындық пен көркемдік шын­дық бірін-бірі толықтыра, қуат­тандыра түскен. Сөзімізге дә­лел ретінде: «…Шығыс ұлы! Туған елдің келешегін сақтауға біз мін­дет­тіміз. Ендеше қазақ қыздарының ғасырлар бойы «Елім-ай!» деп сар даланы күңірентіп салған зарлы әнін бүгінгі күні жаңа күймен ұрыс алдында біз шырқасақ, оның айып-шамы жоқ. «Елім-ай» – елін сүйген қыз жүрегінен шыққан ән. Елін сүйген ер жігіт қазіргідей заманда «Елім-ай» десе, ол – ант! Ол – серт! Ұрыс алдында жауынгердің жүре­гіне төтенше махаббат құймақ».

Сөйтіп, ержүрек оғыландардың қаһармандық қимылдарын «Елім-ай!» әні әсерлендіре, қанаттандыра түспек.

Жазушы Баубек Бұлқышевтің суреткерлік қолтаңбасы, сұлулыққа көзқарасы, шығармашылық энергиясы, көркемдік санасы, сөз қол­дану шеберлігі «Жауыздық пен ма­хаббат» атты әңгіме-новел­ла­сын­да жарқын түрде сипатталған. Со­ғыс өнерінің де қыр-сырын да же­тік білген. Өйткені, ол 1940-1941 жылдарда Мәскеуде 22-жеңіл ин­же­­нерлік батальонда, 1941-1942 жыл­дарда Батыс майданы 21-дер­бес Сапер ротасы саяси жетек­ші­сі­нің орынбасары, 1942 жылдың сәуір-тамыз айларында Батыс май­данының 303-армиясы инженерлік ба­тальонының ВЛКСМ бюро­сы­ның жауапты хатшысы. 1943-1944 жылдарда 894-атқыштар дивизия­сы­ның 810-атқыштар полкі саперлер взводының командирі еді. Сон­дық­тан да классикалық дең­гей­де жазылған «Жауыздық пен махаббат» шығармасында ескі картадағы топографиялық белгі­лер­ді тамылжыта баяндайды. Және де мұны «әскери күнделігім» дейді. Мұнда соғыс даласындағы оқиға­лар тізбегі нақты көрсетілген. Қи­сапсыз жәйттердің ішінде «Менің құрдасым» деген жазу – бүкіл шығарманың кілті, күретамыры. «Батырдың сауыты», сақтаушысы іспетті бір окоптың ішінде он сегіз сағат өткізіп, «бір тілекті жұрт­шы­лық­тың тағдыры үшін оқ атып» табысқан-ды, сөйтіп, тағдырлас дос тапқан-ды. «Оқ жауындай жауып», қос құрдас та жаралы күйге түседі. Соны жазушы Баубек Бұл­қышев былайша кестелейді: «Жас адамның қаны қып-қызыл бола ма, әлде, бізге солай көрінді ме, өрт­тей қып-қызыл. Кейде менің, кейде оның денесінен бинтке сыймай кезекпе-кезек тамшылаған жас қан, бір жерге көз алдымызда ақты да тұрды. Әділдіктің анасы болған қара жер, мен үшін жауға ұмтылған балаларымның қаны қарға-құзғынға жем болмасын дегендей, өзіне сіңіріп, ішіне тартып алып жатты. Уа, қара жер, сенен береген, сенен әділ кім бар! Тір­шілікте анадай қамқоршысың, тіршілікпен қоштасқан күнде де адамның сүйегі шашылып жатпасын деп өзіңнің жалпақ денеңмен жабасың…».

…Ол құрдасының алтын бала­лық шағы өткен, «үлкен өмірінің тізгінін қолына алып, ұзақ сапарға, өмір сапарына қадам басқан» туған топырағына келсе, не бір тірі жан, не бір бүтін үй қалмаған. Ол «есі ауған адамдай шыркөбелек айналып жүріп», құрдасы аңыз ғып, сыр ғып айтатын қарт теректің қасына келсе, ортасынан қақ айрылған, «жоғарғы жартысы сұлап жатыр, ол кеудесіз адамды еске түсіреді». Бұл – соғыс трагедиясын айна-қатесіз ұғындырады. Және: «Дүниедегі бір биік алтын жұлдыз – жастық махаббатты екеуі де бірдей қол созып, осы теректің түбінде сұлуды күтіп, кездестіретін. Бұл қария терек олар­дың махаббатының, олардың бақытының, олардың лапылдаған жастығының куәсі еді».

Осыны көрген, көңіліне көп сыр түйген әзіз дос өзі зағип, өзінің аяғы кем, қолында скрипкасы бар қартты жолықтырады. Ол құрда­сы­ның әкесі екен.

Қарттың қайғысына қара жер қайы­сады. Қорлықты дария көте­ре­ді, қайғыны қария көтереді емес пе?! Құдай оның мехнатын жан баласына бермеген. Сөйтсем құр­да­сының ғашығын жендеттер дар­ға асыпты. Қарт жас сұлудың қа­бі­ріне апарып, қайғылы музыкасын гөй-гөйлетті-ай. Бір уақытта қарт: «Дүние деген шет-қиыры жоқ жат­қан бір алып, оның құлашы кең, бауыры жазық. Сөйтсе де жалпақ дүниеге сыймайтын жан туады, соның бірі мына сенің замандасың – қабірде жатқан жас сұлу. Бұл жас жанның қысқа өмірі көп жыл өмір сүрген ұзақ өмірге бергісіз. Сендер­дің замандарың жауынгерлік заман… алдарыңда құлашын жайып сендерді іздеп келе жатқан бір ұлы сәулелі таң бар. Ол сендердің қан төгіп, қайыспай қарысқан күресте­рі­нің нәтижесі – Жеңіс Туы. Бұл таң үшін талай шаштар ағарар, та­лай кеуде қандалар, талай жас өмі­рін қияр. Келешек үшін бар қуа­ны­шын, күлкісін күреске жұмсаған сендердің істеріңді талай-талай ғасырлар сөз қылар. Сендердің ар­ман­дарың, сендердің ой-сезімдерің келешектің жүрегінде тоқталып, тілінде жыр болар» деген терең қат­парлы ой-толғамдарын скрип­ка­ның нәзік қылымен дүние шартарабына жеткізеді.

Жап-жас Баубектің жалынды көреген ойы, жарқын тілегі, тап-таза мейірбан жүрегі, сымға тарт­қан күмістей мағыналы маржан тілі, мейірленіп сөйлеуі – бейне бір ше­берліктің сабағындай.

Қария қабірден бейкүнә сұлу­дың сүйгеніне сәлемдемесін «құр­дасыңа бер» деп аманаттайды. Хат жан толқытарлық сезіммен, көңіл күйімен жазылған.

Жаралы жылдар жыршысы Бау­­бек Бұлқышевтің «Жауыздық пен махаббат» атты әңгімесінде «адам өз өмірінің суретшісі» деген ой айтқан. Демек, осы бір даналық­пен, өнерпаздықпен, құмарпаз­дық­пен жазылған новелла – әңгі­месі Баубек Бұлқышевтің жазу­шылық, азаматтық тұлғасын ай­қын­дайды.

Қас талант 1941-1942 жылдарда «Алматылықтар» атты роман-трилогия жазуға кіріскен-ді. Әс­кери өмірдің ащы-тұщысын татқан ол бұл шығармасын толық аяқтауға мүмкіндік болмаған. Өйткені, соғыс өрті аяқ-қолын байлаған, шырмауықша шырмаған. Оның Алматы шаһарына деген ынты­зар­лығы оттан да ыстық. Романның кі­ріспесі «қазақ поэзиясының Мар­шалы» Жамбыл мен «бұлбұлдай сайраған» Күләштің қаласы емес пе? «Жаңа поэзияның көзі емес пе, қуаныштың, бақыттың мекені емес пе», «Пай-пай, Алматы-ай!.. поэзияның қаласысың!» дейтін көркемдік пафосқа сипатқа ие лебіздермен басталады.

Романда Шәңгерей, Ғазиз, Ли­да, Гүл тәрізді балауса балғын жас­тар­дың өмірі, білімге ұмтылысы, еңбекке құлшынысы, адамгершілік болмысы, тағдыр жолы, кейбірінің әскери өмірбаяны табиғи тұрғыдан суреттеледі.

Дауылды жылдар дауылпазы Баубектің жоғары интеллек­туал­дық мәдениеті, сөз саптауы, ойлау ерекшеліктері жақсы аңғары­лады.

Б.Бұлқышевтің шығарма­шы­лық өмірбаянын шолғанда, оның қуатты қаламынан өлең-жырлар, поэмалар, аудармалар, әңгімелер, хаттар және А.С.Серафимов, А.Н.Герцен, А.Н.Островский, М.Е.Салтық-Щедрин, Анри Барбюс, Оноро де Бальзак, А.С.Пуш­кин, Абай жайында ой-толғамдар туындаған.

Ал орыс тілінде жазылған «Алтын сағат» әңгімесінің (көлемі 27 бет) тағдыры белгісіз.

Енді Б.Бұлқышевтің 1939 жылы 13 наурызда өз қолымен жазған өмір­баянындағы мына бір дерек­терді келтірелік: «1916 жылы Қара­ған­ды облысының Қарсақпай ауданындағы 9-шы ауылда тудым, әкем революцияға дейін де, одан соң да мал шаруашылығымен айналысты. 1931 жылдан колхоз мүшесі болды. Ата-анам өлген соң, мен Қарсақпайдағы ФЗУ-ға оқуға кірдім, оны 1934 жылы бітірдім, 1935 жылдың 1 сентябрінен 1938 жылдың 1 октябріне дейін Алматы­дағы есеп-экономика техникумын­да оқыдым. 1938 жылдың 1 октяб­рі­нен Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы жас жазушылар мен ақындардың курсында оқы­дым. 1938 жылдың 1 декабрінен «Ле­нин­шіл жас» газетінің редакциясында әдеби қызметкермін». (Қазақстан Республикасы Прези­денті архивінен).

Мұнан соң Қазақ Мемлекеттік баспасында іс басқарушы, «Ленин­шіл жас» газетінің Ақтөбе облы­сын­­дағы меншікті тілшісі, «Октя­б­рь балалары» газетінің мәдениет және балалар әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, 1940 жылдың наурызынан бастап әскери қызметте…

Б.Бұлқышев шығармаларының тілі, стилі, рухы, полифониялық си­паты ұлт әдебиетінің майталмандары Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Саттар Ерубаев, Қасым Аманжолов, Абдолла Жұма­ға­лиев жаратындыларымен рухани үндестік тапқандай.

«Сөз  адамның тағдырын ше­ше­­тін сигналы» деп түсінген оймен сөз зергерінің мына бір ақындық лебізінде оның ғибратты өмірінің, өнерінің соншалықты мағыналы екендігінен көрініс бергендей. Айталық:

Ер жеткенде есейіп,

Ер болмасқа немене!

Ерке өсіп, білімді

Кен болмасқа немене!

Өткір алмас болатқа

Тең болмасқа немене!

Сары алтындай салмақты

Сірә, саспас сабырлы

Кең болмасқа немене!  (1939).

 

***

Еркелетер ел болмай,

Ердің көркі келер ме!

Еркіндігі болмаса,

Елдің көркі келер ме!

 

***

Ақынымын елімнің,

Тілімнің жүйрік желі бар.

Еркесімін елімнің

Кеудемде жырдың кені бар.

Қанатты ой мен шалқар шабыт­тың иесі Б.Бұлқышев 1942 жылы жазған «Өмір сүргім келеді» атты дүниесінде: «Менің алтын жолым жиыр­масыншы ғасырдың биік қыр­қасынан асып, алға қарай, жоғары қарай тартып барады» дейтін ұлы тілегі ХХІ ғасырда шынайылығымен, дұрыстығымен айрықшаланады. Расында, ұлт руханияты кеңістігінде Баубек жұлдызы жарқырай бермек.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.05.2020 | 15:58

☝️☝️👌👌👍👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір