…ТІРЕГІМ БАР ДЕУШІ ЕДІМ
Әкем Жақсылық Түменбаев көзі тірісінде үлкен-кішімен бірдей араласып, жақсы сыйласқан еді. Сыйлас замандастарының арасынан жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовты жақын жолдас тұтты. Қос азаматтың жолдастығы екі отбасының да жақын араласуына ықпал еткен еді.
Екі үйдің балалары – екі-екі ұл, бір-бір қыз қатар өстік. Ағайынның, туғанның балаларынан кем болған жоқпыз. Екі үйдің адамдары бір-бірімізсіз қонақ күтпеуші ек. Тынымбай ағаның театрда сахналанған әрбір премьерасына бару, қойылымнан соң қонақ күту, әкелеріміздің әр жексенбі сайын телефонмен пікір алмасуы – көп жылдық дәстүрге айналған.
Ақын-жазушылардың басын қосатын дастархан есімде ерекше сақталды. Дәмегүл апамыздың қолынан шыққан тағамның дәмі тіл үйіретін. Тынымбай ағаның үйіне қонаққа бару мен үшін керемет мереке еді. Орбита ықшам ауданына 32-автобус пен «Рафик» 47-маршрут көлігі қатынайтын. Қонаққа баратын кезімізде автобус емес, маршрутқа мінеміз, ал қайтарда такси шақыртып қайтатынбыз. Екі отбасының басы қосылған кездегі әр әңгіме жадымда, жылдар бойы баяу ғана біздің бойымызға сіңген сыйластық қарым-қатынасты бізден кейінгі екі әулеттің балалары да жалғайды деп сенемін.
Екі жанұя бірігіп табиғат аясына жиі шығатын едік. Әсіресе, қазіргі Хамит Ерғали жағалауының бойымен жаяу барып, әл-Фараби көшесінің ар жағындағы алма бағында тынығуды жақсы көретінбіз.
Осыдан екі жыл бұрын анам Несібелі Қартбайқызы дүниеден өткен еді. Анамның көзі кетсе де, Дәмегүл апамдай тірегім бар деп іштей өзімді жұбататынмын. Бірақ ортаға екі жыл, бір апта уақыт салып, Дәмегүл апам да мәңгілікке кете барды. Анам дүниеден өткенде қандай күй кешсем, Дәмегүл апам кеткенде де дәл солай жан дүнием құлазып қалды. Аналарымызбен бірге балалық шағымыздың бүтін бір бөлігі мәңгілікке кеткендей. Бұл кісілерді енді қайтып көре алмайтынымды, дауыстарын естіп, мейірімі мен басымнан сипаған алақандарын сезіне алмайтынымды ойлағанда, бойымды бір дәрменсіздік пен сағыныш билейді. Маған «Саяшка» деп тек Дәмегүл апам ғана айтатын. Соңғы рет телефон арқылы сөйлескенімізде әңгімесін: «Саяшка, мен саған өмірдегі бар бақытты тілеймін», – деп аяқтаған еді. Жаман ойға бой алдырмайын десем де, «апырмай, даусын соңғы рет естіп тұрмын-ау» деген күдік қылаң берген…
Расында, сол жолы Дәмегүл апаммен соңғы рет сөйлескен екем. Енді, міне оның қайтқанына қырық күн болды.
Көңілге жалғыз жұбаныш – осындай асыл аналардың тәрбиесін көргенім. Оларға ұқсап бағуға, берген өнегесін келесі ұрпаққа жеткізуге шама-шарқымызша тырысамыз. Демек, бұл кісілердің өмірі мәңгілікке жалғасуда. Дәмегүл апа, жаныңыз жәннатта, топырағыңыз торқа болсын.
Гүлсая ТҮМЕНБАЕВА.