АҚЫН БОЛУ – ҚҰДАЙҒА ОРАЛУ
07.10.2016
3538
2

zajda-el-ondinovaАқын Зайда Елғондинованы көзіқарақты оқырманға таныстырып жатудың өзі артық. Әдебиет сапына он алты жасында-ақ келіп қосылып, бірден көзге түскен ақынмен бүгінгі сұхбат ақындық, сөз өнері, қоғам дерті төңірегінде өрбіді…


 

– Әдетте, ақын-жазушылардың көбі бала кезінен өлең жазған. Онысы және аудандық, облыстық басы­лымдарға жарияланған. Сіз өлеңді қай кезден жаздыңыз? «Ақынсың» деп ақ батасын берген кім еді?

– Мені алғаш Мұқағали Ма­қа­таев байқды. 1968 жылдар болатын. Ол кезде 9-10 класта оқимыз, 15-16 жастағы кезіміз. Алматыда «Поэзия фестивалі» өтіп, соған кел­дік. Өң­шең жас ақын-жазушы­лар, көздеріміз жәудіреп жүрміз. Кілең жігіттердің ішінде екі-ақ қызбыз. Бірі – орысша жазады, екіншісі – мен. Фестивальге Мұқағали кел­ді, ол кісі жақындап келіп, маған: «Әй, қыз, сенің көзіңде от бар екен, білсем, айтысатын қызсың ғой», – деді. Мен: «Иә, аға», – деп күлдім. «Ме­німен айтысасың ба?», – деді. Мен: «Жоқ, аға», – дедім. «Неге, менің мысым басып кете ме?», – деді күліп. «Иә, аға, қорқам», – дедім мен. Мұқағали аға сонда жақсы бір тілек айтып еді: «Сенің көзіңде от бар екен, менен тайсалмадың ғой, болашақ қазақ поэзиясының ең үл­кені сен болар­сың. Менің тілегімді ұмытпа», – деп кетіп қалды. Мен ол кезде баламын. Талай оқиғаны ұмытып қалдым. Арада қырық бір жыл өткен соң алпыс жылдық мерейтойымды жасадым. Қылыш Наурызбаев деген жазушы, кезінде Алматы облыстық комсомол коми­те­тінің хатшысы болып қызмет еткен еді. Сол кісі мерейтой­лық дас­тарханда сөз алып тұрып: «Қырық бір жылдан кейін Зайдаға Мұқағали ағаң­ның айтқан сөзін еске түсіргім келіп тұр. Өйткені, кешің жақсы өтіп жатыр. Сен сол Мұқа­ғали ағаң­ның тілегін орында­дың», – деді…

Кейін Хамит Ерғалиев сексенге келгенде менен сұхбат алды. Ол кез­де телеарнада жұмыс істеймін. Үйге келсем балалар жарыса сүйінші сұрайды: «Сізге Хамит Ерғалиев аға звондады. Бір апта күтем, міндетті түрде үйге хабарлассын», – дейді. Бір-екі күн не үшін іздеді екен деп жүрексініп жүрдім де, хабарластым. Хамит аға: «Айналайын, үйге кел. Әнуар апа – Ән апаң екеуміз сені күткелі бір апта болды. Айкүніңді ерте кел», – деді. Барсам, дастарханын жайып, өте бір жақсы көңіл-күймен қарсы алды. «Сен енді біз­дің рухани қызымызсың. Мен сенен сұхбат алайын деп едім», – деді Хамит аға. «Ой, аға, мені кешіріңіз, қайта мен сізден сұхбат алуым керек қой» деп, мен ыңғайсызданып едім: «Қарындасының ағасына, не болмаса келінінің қайын ағасына берген сұхбаты болсын», – деді. Сол сұхбат 1993 жылы болу керек, «Ха­лық кеңесіне» айқара бетке «Екі дү­ниенің елшісі» деген тақырыпта жарияланды. Бұл – Хамит ағаның ма­ған берген батасы, ағалық қам­қор­лығы еді.

Ал енді бастапқы сұрағыңа жа­уап берейін. Мен де өлеңді бала күнімнен жаза бастадым. Өлең болғанда, сатира, фельетон жаздым. Бесінші сыныпта оқып жүр­ген кезімнен ауылдағы келеңсіз жағ­дайларды сынадым.

Басекем-ау, басекем,

Айтқаны елдің рас екен.

Мініп алып Волгаға

Сайран салар ұдайы

Басқа жан оған қолбала,

Колхоздың өзі Құдайы, –

деген өлеңім аудандық газетке шық­ты. Үш күннен кейін біздің ауыл­дың директорынқызметінен алып тастады. Содан менің атағым күллі ауданды шарлап кетті.

Біздің балалық шағымызда со­ғыс көрген аналар, әжелер көп бол­ды. Көбі жастайынан жесір қалған. Олар махорка шегеді, бала үшін бір-бірімен ұрсысады. Тіпті, баланың арасына түскен аналар бір-бірімен бет жыртысуға дейін баратын. Содан мен тағы өлең жаздым.

Ортасында көшенің

Екі жеңгей кездесіп

Бірі айтса өсегін,

Бірі отыр сөз кесіп.

Қайқы тұмсық сары әйел

Сөйлеп отыр көпіріп

Жүз процент сөзінің

Тоқсан бесі өтірік.

Ол да аудандық газетке шықты. Содан ауылда ұрыс-керіс тоқтады.

Осылайша, өлеңдерім мектеп қабырғасында жүргенде аудандық басылымға жариялана бастады. Мектепте жүріп-ақ өлеңдерім үшін жақсы қаламақы алдым. Күніне екі жүз, үш жүздей хат келетін. Қыз-жігіттер «дос болайық» деп хат жазатын. Ерте танылдым.

Бала күнімнен айтысқа да қа­тыс­тым. Ол кезде көлік жоқ. Жорға атқа мінгізіп, құрметпен алып кететін. Атқа мініп өскен ер мінезді қыз болдым. Үйде үш қыз, бір ұл едік. Әке-шешем маған кішкентай кезімнен кекіл қойды. Он үш жасыма дейін ұл болып жүрдім.

Алматыдағы оқуды бітіріп, Кө­к­су аудандық «Еңбек туы» газе­тінде қызмет етіп жүргенде Сәкен Иманасов аға арнайы іздеп келіп, «Зайда, сен ер мінездісің», – деп батасын беріп, сол кездегі облыстық газетке «Ілиястың ізбасарлары» деп өлең­де­рімді жариялап, сәт-сапар тілеген еді. Иманжүсіп Иманқұлов, Айтмұ­хам­бет Баймұхамбетов сынды ағаларым да өлеңдеріме деген ай­рық­ша бағасын берген еді.Газет-жур­налдарға шыққан поэтикалық новеллаларымды оқып Әбіш ағай Кекілбаев кереметтей пікір жазды. Кітаптарыма редактор болған Есенбай Дүйсенбаев, Тұманбай Молда­ға­лиев, Бексұлтан Нұржеке сынды ағалар бізге ақ батасын да берді, әдебиет әлемінде де өгейсітпеді.

– Әдебиет пен өнер саласында мен деген кіл мықтылар мекен еткен Алматы сізді қалай қарсы алды?

– Алматыға келгенде еш жас­қан­ба­дым. Өзім елде болсам да, очерктерім, өлеңдерім республика­лық газеттерге жарияланып жүрген. Алматы мені жатырқамады. Әрі университетті де мен осы қалада оқыдым ғой. Сол уақытта сығандар­дың өмірін суреттейтін бір кино дүркіреп тұрған уақыт еді. Сол кинода әні де, сәні де жарасқан бас кейіпкер «Есения» деп аталатын. Жұмаш Кенебаев, Тұрсынай Оразбаева сынды әдебиетте өз орнын алған мықтылармен бір оқыдым. Солар мені еркелетіп «Есения» деп атайтын.

Сол Алматыма қайта оралғанда өз үйіме, өз ортама келгендей әсер­де болдым. Ол кездегі ақын-жазу­шы­­лар­дың ортасы керемет еді. Жазу­шылар одағына келсең, бо­йыңды қуаныш сезімі билейтін. Одақтың есігін жүрегіміз лүпілдеп ашатынбыз. Ол кездегі ақын-жазу­шылар мүлдем басқа еді. Әдебиетке деген көзқарастары, әдебиетке деген жауапкершіліктері өте зор болды.

Өтежан Нұрғалиев ағамен те­леар­нада бірге жұмыс істедім. Ол кісінің «Афина мектебі» деген хабары болды. Бейбіт Құсанбек деген тамаша журналист бірде күллі ақын-жазушыларды шақырып, телеви­дениеге түсірді. Өтежан аға екеуіміз қатар отырып қаптық. Ми­к­рофонды ақындар бірінен кейін біріне беріп жатыр. Өтежан ағаны елейтін ешкім жоқ. Айтақын Әб­діқа­лов: «Зайда қалып қойыпты ғой», – деп микрофонды маған берді. Мен Өтежан ағаға: «Алдымен сіз сөйлеңіз», – деп микрофонды ұсын­дым. Сол түсірілім біткен соң Өтежан аға жылы жымиып: «Теле­дидарға келсеңші, мына микрофонды күнде ұстап жүресің», – деді. Сөйтіп, теледидарға жұмысқа ауыс­тым. Ол кісі қызық адам еді. Тек өз дегенімен жүретін. Өтежан ағайдың жолдасы Күләш апай ағамызды телевидениеге жұмысқа әкелетін де, өзі ағаның жұмысы біткенше тал­дың түбінде, көлеңкеде күтіп тұра­тын. Жұмысы біткен Өтежан ағайды Күләш апай үйіне ертіп әкететін. Күләш апай айтады: «Біздің Өтежан қызық қой. Бір үлкен сандығы бар.Жақсылап төсек салып қойсам, төсекке емес, сандығының ішіне жатып ұйықтайды. Себебі, сандығы – кітаптарымен бір бөлмеде тұр. Ұйықтасам, кітаптарыммен бірге жатам дейді», – деп күлетін.

Біз тамаша өмір сүрдік. Қалам­а­қы­мыз бір басымызға жетіп-ар­ты­латын. Жазушылар одағына барсаң, үлкен ағалар, апалар алдыңнан күліп шығып, маңдайыңнан сипап, мейірімін төгетін.

– Заманында ерекше құрмет-қо­ше­метке бөленген ақын-жазу­шының өзін қоғамға керексіз сезініп қалған кезі болды ма?

– Біздің басшымыз Нұрлан Ора­залин бір уақытта: «Бір ғана бес жылдықта екі жүздей қаламгер қай­тыс болды» деп айтып қалғаны бар еді. Олардың барлығы қартай­ғаннан дүние салған жоқ. 1990 мен 2000 жылдар арасы өте қиын кезең болды. Алайда, сондай қиын кезде де ақын-жазушы өзін керексіз се­зін­беген еді. Өзін керексіз сезінбеу 2008-ге дейін ғана жалғасты. Соңғы жылдары ақын да, жазушы да, жалпы қаламгер қауым өзін керексіз сезінетін кезі көп.

– Неге?

– Өйткені, қоғам керексіз қыл­ды. Отыз жыл теледидарда қызмет еттім. Ол кезде жастар, балалар, драма және өнер деген жеке-жеке редакциялар болатын. Қазір теледидарда осы редакциялар қысқарып кетті. Нәтижесінде әншілер теледидардан түспейді. Қазір біз далада қалған сияқтымыз. Кино да мәнсіз. Телеарналар шикі фильм­дерді бірінен соң бірін береді.

– Ақын-жазушы ғана емес, Сөз қазаққа керек болмай қалған сияқты емес пе?

– Жоқ. Таяуда ғана Саида Бек­мұ­хамедқызы деген досым тойға шақырды. Ол жерге кілең орыс ті­лін­де сөйлейтіндердің баратынын білдім де, «сол жерге бармай-ақ қояйыншы» дедім. Бірақ «жүр де жүрмен» қоймай апарды. Шағын ғана той. Қонақтар өздерінше тілек айтып, әнін салып жатыр. Бір кезде сөз кезегі маған тиді. Қазақша сөйлеп, өлең оқыдым. Сонда байқа­ға­ным, тойдағы адамдарды үлкен бір шабыт билеп кетті. Демек, өлең­нің, сөздің құдіретін білетін, оған бас иетін халқымыз әлі де бар. Түсінгенім: халық бізге, біз оларға жете алмай отырмыз.

Құдай о баста адамды жарат­қанда адамдардың барлығы да көріпкел болыпты. Олар өздерінің, не жақындарының қашан ауыратынын, қашан қайтыс болатынын да біліп жүріпті. Сондықтан адамдар шын жүрегімен қуана алмайды екен, әркез уайым басып, көңілсіз жүретін көрінеді. Сол кезде Құдай санаулы адамдардың ғана болашақ­ты көре алатын көріпкелдік қасиетін өздеріне қалдырып, қалған көп­шілі­гінің көзін жапқан екен дейді. Қазір көзі байланған адамдар тым көп пе деп қаламыз. Теледидарда отырып алып, «ақын деген не?», «жеті жүз жазушы бізге керек пе?» деген сұрақ қояды. Сол қаламгер қауымның көкірек көзі ашық екенін, елдің ертеңін біліп, болжап, рухани жұтаңдықтың алдын алып отырғаны кімді қызықтырсын?!

Ұлт руханиятының құлдырауын әр ұлт бастан кешкен. Тіпті, осы кү­ні күллі әлем халқы тілін үйренгісі келіп ұмтылып жүрген ағылшын­да­рың да бір кезде тозудың аз-ақ алдында қалған ұлт болған. Шамамен, 1000 жылдардың айналасында ағылшын тілі мен ағылшын халқы жойылып кете жаздаған. Ағылшын халқының жойылып бара жатқанын айтқан ақын-жазушылардың сөзін елең қылмаған, қоғам оларды ке­рек­сіз еткен, ақырында қалам­гер­ле­­рін астанадан, елден қуған. Тілі­нің шұрайын білетіндер қалма­ған соң, халық өз тілінен жеріп, корольдер өлі латын тілінде, байлар француз тілінде сөйлеген. Кедейлер ғана тұрмыстық ағылшын тілін сақтап қалған. Біраз уақыттан соң ел есін жиып, тілін іздесе – шұрайлы тілін білетін жан қалмапты. Содан қаң­ғып кеткен ақын-жазушыларды жи­нап алып, ағылшын тілінің мәр­тебесін қайта көтерген екен. Мұн­дай жағдайды көп ел бастан кешкен.

Ақын-жазушылар қоғамдағы өз орнын таппай, тіл де, рух та қалпына келмейді деп ойлаймын. Адамдарды рухани байлықтан айыру үлкен катаклизмдерге ұрындырады. Қылы­шынан қан тамған Совет үкіметінің кезінде есікті жауып қойып қазақша сөйлеген – Жазушылар одағы ғой. Соны ұмыт­па­йық.

– Сөзіңізде Құдайды көп айтасыз. Біздің бұрынғы ұғымымызда ақын болу басқа сияқты еді. Сіз үшін Құдайды іздеу, Құдайға оралу ұғымы қандай?

– Ақын болу – Құдайға оралу ғой. Менің анам Құмарбану Байтас­қызы Жамал Омарова сынды әнші­лер­мен қатар оқыған. Алматыда тұр­ған. Қазақтың тілін өте жетік білемін деп айтпаймын. Менен де жетік білетіндер бар шығар. Бірақ сол анамның сіңіруімен қазақтың бай, құнарлы тілі бойыма дарыды. Анам әнші болған, соғыс басталған соң әкеме тұрмысқа шыққан. Менің әкем – Елғондыұлы Әміре-Қошақан үлкен ауылды басқарған, көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Наға­шы­ла­рым­ жағында көріпкелдік, бақсы­лық қасиет бар. Соңғы бақсыны өз көзіммен көрдім.

Ақындық та – қасиет. Адамды сөзбен емдейтін қасиет бар онда.

Бала күнімде көп-көп жақсы түстер көретінмін: аспанда ұшып, биіктерге самғап жүретінмін. Сонда анам түсімді жақсылыққа жорып: «Кейін ақын боласың, Алматыда тұрасың, Сәбит Мұқановтыңкеліні боласың», – дейтін. Әкем: «Зайда – жақсы математик, ақын болмасын, бұғалтыр болсын» деп таласатын.

Алматыға келдім. Алматылық болдым. Ақындық та маңдайыма бұйырған бақ екен. Сәбеңнің келіні болмасам да, әдебиеттің келіні атандым. Қазақтың мықты ақыны­на тұрмысқа шықтым.

Біздің үйде атамыз да, әкеміз де «Құдай бар», «Адамның ала жібін аттамаңдар» деп отыратын. Анам жас күнімнен бар сырыңды адамға емес, Аллаға айт деп үйретті. «Алла­ның құлағы тоқсан тоғыз күн ашық, бір күн ғана жабық. Не тілесең де қабыл етеді», – дейтін.

Мен көрген әкелер, аналар ғазиз жандар еді. Балаларының амандығы үшін өмір сүрді, балаларының жолында құрбан болуға даяр болды. Қазіргі аналардай керемет сауатты емес шығар. Бірақ хат танитын. Сол хат танитын сауатымен күллі көр­кем дүниені жатқа айтатын. Соғыс­тан жары қайтпаған, қайтса да мүгедек болып келген аналарды көп көрдім. Солардың өзі ерекше мейі­рімінен, мұсылмандығынан айрыл­маған еді. Қазіргі көп қазақ аналарын сол биіктен көргім келеді. Мен өзімнің қандай ана екенімді біл­меймін. Қал-қадерімше жақсы ана болуға тырысамын ғой. Ең бас­тысы, балаларым тамырын, тілін, дінін білсін, ұмытпасын деп тілек тілей­мін, әрекет етемін.

Қазір Алматының, жалпы, кез келген қаланың көшесінде кетіп бара жатсаң, сәбиін жетектеген қа­зақ анасы өз перзентімен өзге тілде сөйлесетінін байқайсың. Туған баласына өз тілін үйретпеу, ана тілінде сөйлете алмау – қазақ анасына тән мінез бе еді? Балаларының өзге тілде сөйлегенін былай қойып, той-томалақта әлгі қыз-келін­шек­терің тілін бұрап, өзге тілде әңгі­мелесіп отырады. Бүгінгі аналар ұрпағына ана тілін үйретпейді. Израильді құтқарып қалған – аналар мектебі. Оларда ұлт аналар арқылы қалыптасады.

Ал соңғы ғасыр біздің аналар­дың жан-дүниесін күйретіп кеткен сияқты. Мені осы қатты толған­дырады…

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.

 

ПІКІРЛЕР2
Мәлік Қайдаров 07.10.2016 | 19:11

Зайда апай керемет жан.Ақындығы тамаша.Ойлы ақын!

Мінуар Мәулен 10.10.2016 | 16:33

Зайда апайдың бұл сұхбатын оқып қатты толқыдым. Зайда апайдың жан-жақты әрі мұзбалақ ақын екенін бірден көруге болады. Ол кісінің интеллектісі өте жоғары, ақындығы әлем феномендерімен тең түседі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір