АҚЫНДЫҚ АСЫЛ АРМАНЫМ, ТӘТТІ АЗАБЫМ
07.10.2016
1985
0

hat-1Қазақ ақын халық. Өлеңді екі адамның бірі жазады. Мектеп қабырғасындағы шәкірттен бастап, сексен-тоқсан жасқа келген ақсақалға дейін ақ параққа жыр айшықтайды. Ал соның бәрін өлең деп бағалауға болар ма екен?.. Армансыз адам болмайды. Бәріміздің нағыз ақын болғымыз келеді. Қалай, қайтіп?

Осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын бар болғаны отыз жасында қазақ жырының аспанынан құйы­рықты жұлдыздай жарқ етіп өткен біртуар талантты ақын ағамыз Төлеген Айбергенов:

Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның…

Нақақтан күйіп баратса бейбіт күн үшін бір тұтқын,

Кес-кестеп барып өзіңді оғынатосу мылтықтың, – дегендей ақындық алабұртқан көңіл, қайшылыққа толы қайсар тағдыр менің де ес біліп, етек жап­қалы айнымас арманым, тәтті аза­бым болып келеді. Сонан да шығар, бір кездері:

Өмір, жүгіңе жараймыз,

Өлеңге уық қадаймыз.

Бел баласымыз заманның,

Қолбаласымыз қоғамның, – деп жазған едім.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде «бос белбеу, бота тірсек» шимай-шатпағымыз қабырға және аудандық газетте жарық көріп «Қаратауды қайырғандай, Алатауды айырғандай» болып жүрген өлеңге ынтық бозбала кездер-ай. Ауылдағылар бізді «ақын бала» атап, алақандарына салатын. Бірақ әлгі атынан ат үркетін, атан түйеге жүк болатын абырой бала­лық­тан әлі арыла қоймаған біз үшін әрі ұятты, әрі жауапкершілігі зор атақ томпақтау болатын. Әй­теуір сондай әңгіме айтылған жер­ден қысылып тайып тұратынбыз.

Арал қаласынан жүздеген ша­қырым шалғайдағы теңіз қой­науын­­дағы біздің ауылда өткен ғасырдың алпысыншы жылдары­ның бас шеніне дейін ақын Зейнолла Шүкіров тұрған. Менің тұңғыш көрген ақыным да сол болатын.

Аласа қақыра тамның төрінде жатқан, өздігінен тұра алмайтын, не жүре алмайтын Зейнолла көке­міз кейде біз тұратын Көнебөгенге екі орындық автокөлікпен қы­дырып келетін. Сондайда сыртынан көріп айран-асыр қалатынбыз. Қайратты қап-қара шашы тікіре­йіп, көзәйнегі күн сәулесімен ж­а­рқ-жұрқ етіп, қара сирақ біздерге ғайыптан келген адамдай көріне­тін. Кейін 5-6 сыныптан бастап Зейнолла ақынның:

«Шалқар теңіз шуылдайсың, неге алмайсың сен тыным,

Асыр салып көкке атылып ойнайды ерке толқының», – деп басталатын жырларын оқып, өлеңге деген құлшынысымыз одан сайын арта түсетін. Ақынның 1955 жылы жарық көрген «Менің дос­тарым» атты тұңғыш жина­ғындағы осы өлеңіне сол кездегі рес­публи­ка­мыздың Мәдениет министрі Ілияс Омаров «Қа­зақ әдебиеті» газетінің бетінде сүйсініп, пікір білдір­ген көрінеді. Оның үстіне ауылдан Алматыға оқуға барып келген ағаларымыз «Ойбай, Жа­зу­­шылар одағының алдынан Сыр­бай Мәуленовті, Тоқаш Бердияровты, Мұқағали Мақатаевты көрдік. Тіпті, осындай жақын жерден» деп тірі пайғамбарларды көргендей таңдайлары тықылдап, ақын-жазушы атаулының үстінен құс ұшырмай шыр-пыр болатын. Арасында «біздің ауылға елу сегі­зінші жылы келетін әлі ақын бар ғой, аты енді есіме түсті… Ғафу Қайырбеков!» дейтін еді.

Кейін орталықтағы интернатта оқып жүргенде Ғафу көкеміздің «Арал әуендері» атты алпысыншы жылдары жарық көрген жыр кіта­бын ауыл кітапханасынан алып жата-жастана оқып шықтым. Керемет! Ішінде біздің ауылдағы трес­те балық өңдеуші қыз-келіншектерді көздерінен тізіп, былайша сипаттапты:

Ақ балықты алды олар,

Иыққа асып именбей.

Күн астында кіл сұлу,

Күміс тасып жүргендей…

Біз осы күнгі Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі прозашы Қуаныш Жиенбай екеуміз осы көрініске куәгер қара сирақтар едік.

Әлі есімде. Жоғарыдағы «аузымен құс тістеген» атақты ақын Ғафу Қайырбековпен 1968 жылдың мамыр айында ауыл клубында жергілікті тұрғындардың жүздесуі өтті. Ғафаңның қылшылдаған қырық жастағы, жанындағы сол кездегі жас ақын Сағи Жиенбаев­тың отыз төрт жасар кезі. Сағиды да, Ғафуды да жүзбе-жүз бірінші рет көруіміз. Біздің әдебиетке деген құштарлығымыз осы тұстан бастап онан әрі күшейе түсті десем өтірік емес. Кездесуде оқыған Ғафудың «Орақ», Сағидың «Теңіз жырлары» атты өлеңдері бізге кереметтей әсер етті. Ұстазымыз Жалғас Құрманов ағайдың сүйрелеуімен соңында Қуаныш екеуміз сахнаға шықтық. Қол-аяғымыз дірілдеп, даусымыз құмығып бір-бір балауса өлеңімізді әзер оқып шықтық-ау. Қысыл­ғаннан қыздай қызарып, ұялғаннан ұнжырғамыз түсіп бара жатқан бізді Ғафаң қолпаштаған қайран сол бір шақтар-ай!

Иә, ол қазақ жырының табаны жерге тимей, бәсі де, бағы да аспандап тұрған дәуірі болатын. Қазір жұрт жыр оқымайды, әдебиеттен алшақтап бара жатыр деген сөзді жиірек естиміз. Несін оқысын, бір қайнауы ішіндегі шалажансар өлеңдерді жер-көкке сыйғызбай мақтап жатсақ. Қазіргі қазақ әде­биетіне деген көпшілік көзқарасын көрсең ішің жылайды. Қасым мен Төлеген қайта тіріліп келсе де мы­на қазақ таңдана қоймайтын тә­різ­ді.

Осы күндері мерзімді басылымдарда оқта-текте жыр жинақ­тарына белгілі бір авторлар пікір айтып жатады. Өлең жазып, ақын атанып жүрген ағайындар, өкпеле­меңіздер. Бір болмашы дүниені бояп-бояп кітап иесін қолдан клас­сик не жарық жұлдыз жасайды. Бұл не сонда? Өзімізді-өзіміз өтірік алдау ма бұл? Бүйтіп қазақ жырының көсегесін көгертпей-ақ қоялықшы. Қазір теледидарды, радионы ашып қалсаң қаптаған әншілерді көресің, тыңдайсың. Бәрі жұлдыз. Неге біз қазақ өлеңін өстіп теледидар, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шынайы насихаттамаймыз. Өлең байғұстың жазығы не?

Осыған байланысты біздің ауданда осыдан бірер жыл бұрын болған бір жайтты айтайын. Алматыдан басқа бір саланың өкілі, әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бірақ бірдеңелерді шимайлап жергілікті жеке газеттерге бастырып жүрген ағамыз келді. Атағы атан түйеге жүк болады. Сонан аудан әкімі бастап, әті­бір­лі ақса­қал­дар қостап жыр кешін өткізді. Жазушылар одағының мүшесі болсам да «ауылдағының аузы сасық» дегендей, бізді менсін­бейтін атқа мінер­лер әлгі кешке балға қонған арадай қисапсыз келді. Қазақтың «бір апамнан бір апам сорақы» деген сөзі осы болар. Тіпті, қайбір жылдары тірісі бар, өлісі бар, өлеңдері ауданнан аспа­ған біреулердің жинақтарының тұсаукесерін өткіз­ді. Мен осы кезге дейін жарық көрген төрт-бес жи­нақтың авторы атансам да елеу­сіз ел ішінде қалып келемін. Жа­зы­ғым не? Мұндай кездесулерге мек­теп мұғалімдері мен оқушы­ла­рын, аурухана қызметкерлерін «мұрнынан тізіп» айдап апаратынын қайтерсің. Міне, біздің өлеңге деген талғам-таразымыздың көрі­нісі.

Қазір «ақынмын» деп азуын ас­пан­дағы айға білеп, «жазушымын» деп жарты әлемді жалпағы­нан басып жүрген «жазармандар» көбейіп кетті. Әулеті туралы, өзі туралы мешкей қарын мемуар, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» де­гендей өлексе өлең жазатын өлер­­мендердің жасық ­дү­­ние­лерін көргенде ішің қазандай қайнайды. Жазу әркімнің еркіндегі іс. Бірақ қасиетті әдебиеттің қадірін ке­тірмейікші дегім келеді. Сонымен бірге, әлжуаз әдеби дүниелерге «жал­пақшешей» болудың да түк қажеті жоқтығын айта кеткім келеді.

Сонау 1968 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің бетінде өзі бар болғаны жиырма жастағы жас ақын Жарасқан Әбдірашев, 1974 жылы облыстық газетте «Қазақтың Островскийі» атанған, 2017 жылы 16 ақпанда туғанына 90 жыл толатын Зейнолла Шүкіров секілді көкелерім ме­нің балауса өлеңдеріме сәт-сапар тілегенін әлі ұмытпаймын. Тіпті, 1993 жылы «Жас Алаш» газетінің кезекті санына теңізі тартылып, ата кәсібі сарқылып бара жатқан бағзы Аралдың ақшаңдақ кө­ше­сінде баянсыз тірлік кешіп жүрген менің бір топ өлеңдерімді Аралға келген белгілі ақын, әрі құрдасым Аманхан Әлімнің алып кетіп бастырғаны бар.

Шүкір, аузымды құр шөппен сүрте бергенім болмас. Мен қазір облыс орталығында тұрамын. Мұнда бір ғана өлең үшін келдім десем біреулерге ерсі көрінер. Сонда да айтып жатқаным ғой. Әйтеуір әдеби ортасы бар көпшілік жер деп келдім. Бұл жерде бұрынғы өткен аға буын ақын-жазушылардың ізбасарлары – Әскербек Рахымбеков, Махмұтбай Әміреев, Айжарық Сәдібеков, Сайлаубай Жұбатыров, Бегімбай Ұзақбаев, Қатира Жәле­нова, Қаршыға Есімсейітова, Ша­һизада Әбдікәрімов, Дүйсенбек Аяш сияқты талантты қаламгерлер бар. Мен солардың қатарына қо­сыл­ғаныма шүкіршілік етемін.

Айтайын дегенім, бұрын ал­дың­ғы толқын ағалар жастардың жауқазын өлеңдеріне мерзімді басылым беттерінде ақ жол тілеп жа­татын. Қазір сол бір жақсы үр­дісті жоғалтып алғандаймыз. Базарлы нарық, баябан тірлік… Оның үстіне Жазушылар одағының үстіндегі қаңқу сөз қалам ұстаған қауымның ғана емес былайғы қа­лың оқырмандардың да қабырға­сын қайыстырып жүргені жасырын емес. Осыдан кейін қоғам алдында, оқырман алдында қаламгердің қандай беделі болмақ.

Жазушылар одағы бәріміздің ортақ үйіміз, киелі ордамыз. Бұ­рын­дары, кешегі кеңестік кезеңде кі­табы шықпаған аты беймәлім менің замандас қатарларым қа­сиетті бұл ғимаратқа кіріп-шық­қа­ны­ның өзін мақтаныш тұтатын. Осы сезімді өзім де талай бастан кеш­тім. Сенсеңдер әлі де солай. Мұ­ны бір жай ғана әуестік емес, әдебиетке, оны жасаушы талантты тұлғаларға деген құрмет, ізет деп түсінетінбіз. Қарапайым оқырман қалам ұстаған қауымды төбесіне хан көтеретін сол бір кезең әрдайым бізге, бізден кейінгілерге үлгі болса екен. Ол үшін атамыз қазақтың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген ұлы сөзіне имандай ұйып, бірлігімізге сызат түсірмейікші, ағайын!

Толыбай АБЫЛАЕВ.
Қызылорда қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ