Ақындық құдіреті

В.И. Третьяков Абай жандармерия басқармасында, 1971
Абай құдіреттілігінің құпиясын ақтаруға ұмтылған зерттеушілердің ақ қағаздың бетіне ой өрнектерін сала бастағанына да ғасырдан астам уақыт өтіп үлгеріпті. «Қазақтың бас ақынына» (А.Байтұрсынұлы) көрсетілер құрмет Абайдың әрбір сөзін талғап танудан басталары хақ.
Заманында жұрты сыйлап, құрметті қазақ атандырып, төбе би сайлаған Абайға бүгінгінің де құрметі риясыз, шексіз. Абайын ардақтайды. Абай ұлағатына басын иеді. Ұлы ақын өзінің ой-танымы арқылы адамдықтың биік идеал бейнесі ретінде халық жадынан мәңгілік тұғырлы орын алғандығының куәсі бұл. Абайдың ақын шәкірті, кемеңгер ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Сендерден белгi нең қалар?
Жемтiгiн жеген жем қалар.
Ақылы дария Абайдан
Таусылмас қоры кен қалар, –
деп Абайды үлгі етті, жоғын Абайдан іздеді.
Абай сөзі – адастырмас темірқазық, кең жолда жақсы мен жаманды өлшер мизан таразы. Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп адам бойындағы биік қасиеттерді сөз өнерінде дәріптеді. Қоғам уақыт тынысымен бірге жаңарады. Сол қоғамның сұранысына сай жаңа зерттеулер, соны идеялар пайда болады. Абайтану қазақ әдебиетінің арналы саласы ретінде замана белесімен бірге дамуда. Қалыптасқанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, тың зерттеулер, жаңаша пайымдаулар оқырманына ұсынылып келе жатыр. Олай болса, Абайды зерттеу де толастамақ емес.
Абайды тану – қашан да өзекті. Ақын мұраларының идеялық ерекшеліктері, ақынның қоғамдық қызметі, Абай туындыларының текстологиясы, Абай шығармашылығының рухани қайнар көздері тектес өзекті тақырыптар қазақ әдебиеттану ғылымында әлі де бір арнаға түскен жоқ. Әсіресе ақынның кітапханасы мәселесі – отандық әдебиеттануда мән берілмей, көңіл бөлінбей келе жатқан мәселе.
Абай мұрасына бүгінгі буын зор сергектікпен, керек десеңіз, перзенттік махаббатпен қараса игі. Абай – қасиетіміз, асылымыз. Абай – ұлттық ұранымыз. Абай – жаңа Қазақстанның бренді.
Абай қазақ өлеңінің жаңа дәуіріне жол салды. Әдебиеттің тұтас бір дәуірін жеке қаламгер есімімен байланыстыра қарастыру әлемдік әдебиет тарихында да көз қанып, құлақ үйренген құбылыстар қатарында емес. Алайда жер жүзін мекен еткен халықтар тарихында бір-біріне ұқсамайтын, тіпті ғылымда белгіленген заңдылықтар аясына сыя бермейтін жағдаяттардың бар екені де көпке аян.
Қазақ әдебиетінің Абай дәуірі!
Құлағымызға сіңісті бола қоймаған ұғым. Қалай десеңіз де, бұл — шындық. Жиырма бірінші ғасыр табалдырығын көңілдегі күдікпен әрі болашаққа деген үміт сезімімен аттағалы тұрғанда, бар дауысымызбен айқайлап айтар шындық.
«Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты – Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», – деген еді ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы.
Сол Ахаң нұсқап көрсеткен Абай асуы ақындарға алынбас қамалдай бәз-баяғы қалыпта әлі де асқақ, әлі де оқшау тұр.
Десек те, ұлы ақын поэзиясының нәр алған бастаулары жөнінде ой өрбіткенде Мұхтар Омарханұлы Әуезов ескерте кеткен мына бір жайға да құлақ түрелік: «Тегінде, Абайдың ақындығындай ақындық қуат Абайдан бұрынғы ақындарда да болуы мүмкін. Олардың бірталайы тіпті атсыз ақын боп та өткен болар. Сондай ақындардың ғана санасы мен таптық тұрғысында, мәдениеттік дәрежесінде қалса, Абай классик Абай болмас еді. Өзінен бұрын жүз ақын болса – жүз бірінші, мың ақын өткен болса – мың бірінші болар да қалар ма еді, әлде қайтер еді?!»
Ана сүтімен дарыған, табиғат сыйлаған ақындық Абайды бұл қатарда қалдырған жоқ. Уақыттың талабы, халықтың тағдыры ұлы ақынды басқаша сөйлетті:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау.
«Қазақта қара сөзге дес бермеген» сөз патшасындай ақын айта алар сын, үш ақынның қоршаған ортаны танудағы тар өрістілігі, саяздығы, қоғамдағы кертартпа сипаттарды дөп басып аша алмағандығы үшін сынап отыр деу – тарихи қиянат. Сөз саптау мен өлең қиыстыруға тағылған кінәрат еместігі де түсінікті. Өлеңнің адамзат рухына ықпалын тигізер эстетикалық қуаты мен халықтың ой самғауына ұласар салауатты ақыл салмағын басты назарда ұстаған ұлы Абай өзіне де, өзгеге де биік те қатал талап қояды.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы?! –
дегенде менмендік, даңғазалық, астамшылықтың жұқанасы да жоқ. «Сөз сарасын» «қиыннан қиыстырар ерді» жігерлендіру, қайрау әрі саф алтындай таза өлең сайысына, өнер сайысына шақыру, тіпті ғасырлар бойы ұрпақ санасында қалып қоятын өміршең өлең тудыру өнегесі айқын көрінеді.
Сол «қайран елім, қазағым» деп қансыраған ақын шығармашылығының танылуы да қилы-қилы кезеңді, тар жол, тайғақ кешуді бастан өткереді:
– жиырмасыншы жылдары абайтанушыларға «қара тақтаға жазылып қалып жүрмеңдер, шешендер» деп сес көрсетіледі;
– отызыншы жылдары пролетарлық, социалистік мәдениет теоретиктері Абайды әдебиет тарихынан шығару қажет деген барынша надан, әсіресе солақай тұжырым жасады;
– елуінші жылдардың соңы үлкен сойқанға ұласқан Абай және оның ақындық айналасы жөніндегі қолдан жасалған саяси дискуссия, соның жемісі іспетті С.Нұрышев сияқты көрсоқыр «абайтанушылардың» пайда болуы бәз бір сұрқай уақыттың сүреңсіз суретіндей еді;
– Тоқсаныншы жылдары Е.Курдаков сипаттас жерімізді жайлап, тұнығымызды лайлағысы келетіндердің жаласы ойландырмай, толғандырмай, селқос қалдыратын, қайтер дейсіңге саятын әдепкі дүние емес;
– ХХІ ғасыр табалдырығынан ұялмай, қызармай аттап З.Батаева сияқты ұяттан безген «қандасымыздың» Абай ақын болмаған деуі әр қазақтың жанына батады, намысын қорлайды.
Ендеше ұлы атамыздың асыл мұрасын жайбарақаттыққа салынбай, жүйелі зерттеу объектісіне айналдыру шарт. Қол қусырып қарап отыру тоғышарлыққа апарып соғады.
Мұхтар Әуезов Абайдың қайтыс болуына елу жыл толуына орай жазған мақаласында зерттеушілерге ой сала толғаған еді: «Абай мұрасын зерттеушілердің алдында тұрған маңызды тақырып – қазақтың демократиялық әдебиетінің бұдан былайғы дамуындағы Абай дәстүрін тексеру».
Бұл тұжырыммен Мұхтар Әуезов Абай ақындығының айналасы ұғымын кең мағынада қарастыруды ұсынғандығы анық. Ақын балалары, інілері мен ауылдастары төңірегінен Абай дәстүрін әрі асырмай, ауыл-үйдің аумағынан шығармауға тырысқан дәрменсіз дәлелдердің тығырыққа тіреліп, іргесі сөгіле бастайтын тұсы – дәл осы шақ.
Әсіресе әдеби процеске Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы есімдері қайта оралған қуанышты сәтте дүрмек арасында қара көрсетіп дүркірей шаппай, дәстүр жалғастығын саралай салмақтаған абзал. Абай үрдісіндегі эстетикалық сипат, көркемдік сапа, философиялық ой ендігі жерде қандай деңгейден көрінгендігін жоғарыда аталған бес арыс шығармашылығы анықтап, белгілеп беретіндігі сөзсіз.
Абай өмірдің өзінен ойып алғандай шыншыл поэзиясымен қазақ өлеңіндегі алтын ғасыр – ХХ ғасыр поэзиясының туын даярлап кетті. Сондықтан да Мағжан Жұмабаевтың:
Шын хакім, асыл сөзің — баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес, –
деп алғысын білдіруі заңды.
Абай қазақ әдебиетінің жеке бір дәуірі деген әншейін лепірме сөз үшін емес, ұлы ақынның поэзия көкжиегін барынша кеңейтуіне байланысты айтылса керек.
Ұлы Абай өнерге қатаң талап қоя отырып сөзді түзеді де, тыңдаушылар бұрын құлағы шалмаған тосын образдармен қазақ өлеңінің құдіретін танытты. Сөйтіп Абай өлеңдері арқылы қазақ поэзиясы жаңа сапалық қасиеттерге ие болды, ал ұлы ақынның өзі өлең өнерінің өлшеміне айналып, ақындық құдіреті пайғамбарлыққа баланып жүре берді.
Абай мұрасы – халқымыздың асыл қазынасы. Олай десек, айтылар ой да, жазылар кітап та, әр дәуір ұрпағы өзінше алар тағылымы да толастамайды, толастауға тиіс емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы – биік мұраттарға бастайтын, қазақстандықтарды біртұтас ұлттық идеяға жұмылдыратын бағдарламалық сипатты өнеге. Мемлекет басшысы: «Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?» деген сұрақ туындайды», – деп өзекті ой тастаған еді.
Расымен де, ұлы Абай әлемдік деңгейдегі тұлға десек те, оның шығармаларының бүкіл дүниежүзілік дәрежеде әлі де кеңінен таныла қоймауы бізді қатты ойлантады. Абай мұрасын дүниежүзілік өркениет ауқымында зерттеу – бүгінгі абайтану ілімінің басты қағидаты. Абайдың шетелдік оқырманы көбейсе, қазақтың танымалдығы да арта түсері хақ. Қазіргі таңда көптеген ел Абай шығармаларымен өз тілдерінде сусындауда. Абай туындылары ағылшын, неміс, француз, түрік, венгр, поляк, жапон, қытай, үнді тілдерінде және бірқатар араб мемлекеттерінде аударылды. Ал сол аудармалар қаншалықты Абай сөзін дұрыс жеткізуде? Абайды танымай, Абайға терең бойламай, оны өзге елге танытам деу – бос әурешілік.
Ұлы ақынды қалай танытып жүрміз, Абайдың ұлы тұлғаға айналуына қандай үлес қостық, оқырманы кім, Абайды оқушы түсіне алып жүр ме іспетті сұрақтарға жауапты әркім өзінен іздеуі керек. Абайдың әр сөзі қарапайым халыққа толық жетті, халық оны толық түсінді деп айта алмаймыз. Абайдың әр ұлағатын қарапайым халықтың жүрегіне жеткізуде әлі де қыруар жұмыстар жүзеге асыруды талап етеді. Әсіресе жас ұрпаққа, мектеп оқушыларына, керек десеңіз, балабақшада Абайды таныту – күрделі дүние. Абайдың ақындық құдіретіне бойлау оның асыл арманына үңілуге бағыттайды.
Абай арманы – барша қазақтың арманы. Қазақтың өткен тарихы, тағдыры, болашағы жөнінде Абай айтпаған сөз қалмаған. Сол ақылмандық трактаттарды қайтсек әрбір азамат өзінің күнделікті іс-әрекетінің бағдары, ішкі рухани әлемінің компасына айналдыра алады?
Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының: «Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай», – деген сөзі ғасырлар ағысына төтеп берген көрегенді ой. Халық пен хакім Абай арасының ыстық ықыласпен, махаббатпен жалғасарын бағамдап айтқан сәуегейлік дерсіз. Иә, расымен де, Абай – қазақтың бас ақыны, Абай – мәңгілік.
Абайдың ақындық құдіретін қопара қазу уақыт үлесінде.
Арап Еспенбетов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Шәкәрім университетінің профессоры