АЙТЫС – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ БРЕНДІ
07.10.2016
3340
0

_iyi0949-1Жыл сайын мұнайшылар күніне орай «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының қолдауымен Атырауда облыс ақындарының айтысы өтеді. Биыл да сол үрдістен таймаған ұйымдастырушылар ақындар айтысын Қазақстан тәуелсіздігінің және тәуелсіз ел қазынасына сүбелі үлес болып қосылған Теңіздің алғашқы мұнайының 25 жылдығына және Теңіз кен алаңын алғаш ашушы, Ленин және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сый­лықтарының лауреаты Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтың туғанына 100 жыл толуына арнады.

Биылғы айтыстың тақырыбы – «Ұлты­мыз­дың ұлы арманы». Тәуелсіздік, еге­мен­дік – бабалардан басталған ұлы арман, бүгін оның ақиқатқа айналғанын Қазақ­станның гүл­деніп, көркейгенінен көріп отырмыз. Сол тәуелсіздіктің арқасында шетел ин­вес­­торын тартудың тиімділігін дәлелдеген «Теңізшевройл» кәсіпорны дүниеге келді. Кә­сіпорын бүгінде Қазақ­стан эконо­ми­ка­сы­ның, әлемдік мұнай бизнесінің көш­бас­таушысына айналды.

Құрылғанына ширек ғасыр толмайтын уақыт ішінде ТШО ел экономикасына 112 мил­лиардтан астам АҚШ долларын құй­ды. Бүгінде жылдық бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрайтын «Игілік» атты ерік­ті әлеуметтік инфрақұрылым бағдар­ла­масы шын мәнінде елдің игілігіне айналды. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің және Теңіздің алғашқы мұнайының 25 жыл­­дығы атап өтілетін жылы Атырау қа­ла­сынан ұлттық гимназия мен бала­бақша құ­рылысы аяқталып, пайдалануға берілді.Атырау қаласында Жайық өзені бойынан Ретро саябақтың құрылысы қарқын алуда.

Алда – Теңіз кен орнының өндірістік қуат­тылығын арттырудың келесі сатысы – Ке­лешек кеңею жобасы мен Ұңғы ер­не­уін­дегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) жүзеге асыру міндеті тұр.

– Мен үшін ақындар айтысы – ұлттық өнердің бренді, – дейді «Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен бай­ланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Ар­тығалиев. – Айтысты өткізудегі мақсат – ұлттық өнеріміздің аясын кеңейту, талант иелерін іздеп табу, жас өренді ақын­дық өнерге баулу. Әр жылғы айтыста бір-екі жастың тұсауын кесіп, үлкен өнерге қа­наттандырсақ, бізге одан артық олжа жоқ. Жұмыс нәтижесіз емес. Мәселен, осы ай­тыста тұсауы кесілген қызылқоғалық Шалқарбай Ізбасаров биыл респуб­ликалық дең­гейдегі бірнеше айтысқа қа­тысып, ол­жалы қайтты. Серік Қойшығұлов та сол! Алда республикалық деңгейге көте­рілетін ақындар көптеп шығады деген сенім бар.

Иә, бұл күні облыс орталығындағы Н.Жантөрин атындағы филармонияға ағыл­ған халықта шек болмады. Суырып­сал­ма ақындыққа көпшіліктің шөлір­кегені анық сезіліп тұрды. Оған көрер­мен­нің же­ті сағат бойы бір орында тапжылмай отырып, айтыскерлерге қошемет-қолдау біл­діруі дәлел.

– Жасыратыны жоқ, бір кездері облыс­та ақындар айтысы тұралап қалды. Рес­пуб­­ликалық ақындар айтыстарына жер­­­­­лестеріміздің шықпағаны – көңілімізге кір­­­­бің түсіретін.Намыстанатынсың. Япыр-ау, айтыстың қара нары атанған Құ­­мар ата Жүсіптің ізін жалғайтындар шы­­нымен-ақ жоғалған ба деп налитын­сың. Ш­үкір, соңғы жылдары ол ойдан арыл­ғандаймыз. Облыста айтыс өнері жанданып келеді. Бұған Қазақстан Жазушылар одағының облыстық ұйымы мен «Теңіз­шевройл» кәсіпорны көп еңбек сіңіруде. Қазақстан экономикасының локомотивіне айналған кәсіпорын айтыс­ты демеуде де көшбасшы болды, – дейді белгілі айтыс­кер ақын, Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның мүшесі, әділқазылар алқа­сының тө­райымы Жәниба Қарасаева.

Өткен ғасырдың алпысыншы-сек­се­нін­ші жылдары облыстық, республикалық айтыстардан көрінген Сембай Бер­ді­мұратов, Жанаш Нұрмаханов, Қалидолла Ізе­кенов, Жәниба Қарасаевалардың ізін Мү­тиғолла Ғани, Әбдіхан Есенә­лиев, Са­лауат Исахаев, Шынарбек Қабиев,Саадат Нұғымановтар сәнімен басуда. Бүгінде бұл лекті тәуелсіз Қазақстанның жас буыны – жиырма мен отыздың арасындағы жас­тар алып келеді. Айтыс сахнасының ажарын аш­қан да солар. Қай-қайсысы да ой жүй­рік­тігімен, айтыс тақырыбын меңге­руге д­еген талпынысымен, сөзге ұсталы­ғымен ерек­шеленіп жатты.

Әкесі – башқұрт, анасы – қазақ Әнуарбек Са­дықов пен белгілі айтыскер Жәнібек Са­дыровтың жұбы көпті елең еткізді. Өзге ұлт екендігін бетіне басқан қарсы­ла­сы­на:

Қазақша сөйлегенім былай тұрсын,

Жаныма жыр жүйрігін жетеледім,

Қазақтың атынан деп күні кеше,

Риода көрмеп пе едің жат өнерін,

Бадырақ Галбадрахтан қай жерім кем,

Қазақтың сөзі емес пе сөйлегенім,

Зілтемір болмаса да Алаш үшін,

Зіл батпан елдің мұңын көтеремін», –

деп жауап берген Әнуарбектің әдемі ойын көп­шілік зор қошеметпен қабылдады.

Әлбетте, талант та тұқым қуады. Мә­се­лен, айтыс өнеріндегі ағайынды Өнербек пен Айзада Дәулекеноваларды, Амангелді мен Серікбол Панабердиевтерді айтыс сүйер қауым қашан да тағатсыздана күтеді. Бұл жолы да Өнербектің:

Тірлігімде төсіңе табан тіреп,

Тілеуіңді тілейтін ер боп қалам.

Түтініңе тұншығып өлсем-дағы,

Атырау, сенен асқан жер жоқ маған, – деуі, ал Серікболдың:

Бұқар боздап, Асандар азынаған,

Кездердің кермек дәмін татып едің.

Құлағың қуаныштан босамайтын,

Бұл кезең ең бақытты сәтің, елім, –

деп жырлауы Тәуелсіздік сыйлаған толағай та­быс­тардан сыр шерткендей болды.

Сахна төріне шыққан сегіз жұп та та­қы­рып ауқымына сай, Теңіз мұнайының ел экономикасындағы орнын, Теңіз ке­нішін алғаш ашушы, Ленин және Қазақ­стан Республикасы Мемлекеттік сый­лық­та­рының лауреаты Жолдасқали Дос­­мұ­хам­бетовтың ерен еңбегін жырға қосумен бол­ды.

Жәнібек Садыровтың:

«Қазақтың қара ал­тынға өкпесі жоқ,

Атағын алты қырдан әрі асырған».

Немесе:

«Тұсында 93-тің Шевронмен,

Қазақстан қатынасын нақтылаған», –

деуі ТШО-ның Қазақстан тарихындағы орнын айшықтай түсті.

Айтыстың ажары әдемі әзіл, сындарлы сынмен ашылатыны белгілі. Облысқа жаз­ба поэзиясымен танымал жас Нұрболат Нұ­ғыманов пен республикалық шоу-айтыстың жүлдегері Шалқарбай Ізба­са­ровтың сөз сайысы болды. Көптің көзайы­мына айналған Шалқарбайға:

«Нұржановпен шыққаның,

Әуелбекованы ұтқаның.

Бұ халыққа не керек,

Әншіні емес, мені жең,

Айтыскер болсаң керемет», –

деуі қазақ ән өнерінің өкілдерімен болған шоу-ай­тыс­та басымдылық танытқан Шал­қарбайға «айтыстың салмағын жеңіл­детпе» дегенді жеткізді.

Қазақстан тәуелсіздігінің жеңісті же­місі, Теңіз мұнайының ел экономикасына пай­дасы, алып Теңізді алғаш ашушы Жол­дасқали Досмұхамбетов туралы оралымды оймен өрнектелген айтыс та өз мәресіне жетті. Ішкі мәдениетінің жоғарылығымен, оралымды ойыменен, ұтқыр шумағымен көп жүрегіне жол тапқан аққыстаулық талантты ақын Серікбол Панабердиев Бас жүл­дені иеленді. Ал көрерменнің зор қо­ше­метін иеленген арқалы ақын Шалқарбай Ізбасаров І орынды, Айзада Дәулекенова мен Жәнібек Садыров ІІ орынды, Нұрбей­біт Нұғыманов, Ғалымбек Мұстафа, Серік Қойшығұловтар ІІІ орынды бөлісіп, «Теңіз­шевройл» әзірлеген бағалы сый­лық­тар мен дипломдарға ие болды. Айтысқа қатысып, бақ сынаған өзге айтыскерлердің бәріне арнайы сыйлық пен «Алғыс хат» тапсырылды.

Бір демде өткен жеті сағаттық айтыс­тан соң, туғанына 100 жыл толған Атырау­дың атақты мұнайшысы Ж.Досмұхам­бетов­тың ұрпақтары сахнаға көтерілді.

– Теңіздей алып кенішті ашып, оның ертеңін болжап кеткен әкеміз Жолдасқали Дос­мұхамбетов туралы, Теңіздің бүгінгі тыныс-тіршілігін жырлаған ақындардың әдемі айтысы бізді ерекше толқытты. Қа­зақстан мұнай өнеркәсібінде өлмес із қал­дырған әкеміздің рухы барша ақындарды желеп-жебеп жүрсін, – деді атақты мұнай­шының келіні Медел Сарқытқызы.

Ал қазақтың ұлттық өнері айтысты өт­кізуде ТШО-мен серіктес болып келе жат­қан Қазақстан Жазушылар одағы об­лыстық филиалының директоры Қой­шы­ғұл Жылқышиев:

– Сегіз жыл қатарынан айтыс өнерін дәріптеуден жаңылмай, облыста жас ай­тыскерлердің қанатын қатайтуға үлес қо­сып келе жатқан «Теңізшевройл» кә­сіпорны басшылығына айтар алғыс шек­сіз, – десе, облыстық мәдениет басқар­масының басшысы Әбіл Жоламанов:

– Қазақстан мұнай индустриясының ал­дыңғы шебінен көрінген «Теңіз­шев­ройлдың» ұлттық өнерді дәріптеуге атсалысуы – тек шетел инвесторының қатысы бар кәсіпорындарға ғана емес, отандық компанияларға да үлгі болар өнеге , – деді.

Ал «Теңізшевройл» атынан Бас жүлдені тапсырған кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімі бас ме­нед­жерінің орынбасары Дэвид МакИннис:

– Мен өзім Канада азаматымын. Қазақстан жеріндегі бес жылға жетпейтін уа­қыт­та мен қазақтардың ұлттық өнерді қа­лай дәріптейтініне куә болдым. Дом­бы­раның сүйемелдеуімен сөз жарыстыру – қандай керемет! Ақындардың сөзін толық түсінбесем де, домбыра сазынан ақын­дар­дың жүректен шыққан сөзін сезгендей бол­дым. Шын мәнінде, дүниежүзінің бір­де-бір халқында жоқ бұл өнер қандай құр­метке де лайық. Қазір мені айтыскерлерді тікелей түсіну үшін қазақ тілін меңгеруді жеделдету керек деген ой мазалап тұр…

Атырауға мерекелік көңіл-күй сый­лаған кезекті айтыстың шымылдығы жа­былды. Көпшілік тарқар емес, айтыскер ақын­дарды ортаға алып, суретке түсіп, сыр-сұбхатын жалғастыруда.

Светлана ҚАЙЫРҒАЛИЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір