ӘДЕБИЕТ пен ӨНЕРДІҢ ӘМБЕБАП ТҰЛҒАСЫ ЕДІ
05.02.2024
70
0

Жауынгер жанр – сатира сарбаздарының бірі ғана емес, бірегейі Мыңбай Рәш «Қазақ әдебиетінің» сықақ бетін әрлеуге келгенде алдына жан салмайтын әзілкеш қаламгердің бірі еді. Жазушылар Одағы жанындағы сатириктердің басын біріктіретін «Найзагер» қауымдастығының ақсақалы да Мыңбай ағамыз болатын. Ол сықақ әңгімелері мен фельетондары, эпиграмма мен пародиялары арқылы оқырмандарына кеңінен таныс бола жүріп, бірқанша өнерді бойына сіңірген әмбебап тұлға.
Жыраулық, жыршылық, пародияшылдық, актерлік қасиеттерді жас кезінен меңгерген Мықағаң шешендігімен шешіле жөнелгенде әдебиетіміз бен өнеріміздің өресі биік тұлғаларының дауыстарын айнытпай салатын. «Бір өзі – бір театр» атанған ағамыз Мұхтар Әуезов, Сәбит
Мұқанов, Асқар Тоқпанов, Ахмет Жұбанов, Сырбай Мәуленов, Тайыр Жароков сынды тұлғалардың бейнелерін көз алдымызға әкеле қоятын. Ғажап! Көргенде ішек-сілеміз қатып, талантына тәнті болатын едік.
Теледидардан «Мыңбайдың мый таспасын» әлденеше рет тамашалап, көңіліміз көншіді. Өткен жылы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының мәдениет бағдарламасы «Келбет» атты айдармен Мыңбай Рәштің өнерге деген ерекшелігін айғақтайтын бейнефильм көрсетті. Бұл таспа қаламгердің «Мыңбайдың мый таспасының» толықтырылып, жетілдірілген көрінісі деуге болардық рухани жан әлемі.Сықақшының 14 жасында жыр алыбы Жамбылды көргені, оның Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында (1943 жыл, қараша) өткен ақындар айтысына қатысқаны, ұстаздары Сәбит Мұқанов пен
Ғабит Мүсірепов мұражайында өнер көрсеткені бейнеленген. Автор жыр алыбының ақындар айтысын қалай ашқанын домбырасымен безілдете жырлайтын. Халық қаһармандары Бауыржан Момышұлы мен Нұрғиса Тілендиевке арнап шығарған «Батыр дастан», «Киелі домбыра» дастандарын жатқа соғатын.
Ал домбыраның құлағында ойнап, қырғыздың халық эпосы «Манасы» мен қазақтың «Алпамысын» төгілткенде көзі жайнап, өңі өзгеріп, алысқа шабатын жүйріктей көсілетін.
Жасырып жабары жоқ, бізде грузин Ираклий Андронников секілді жеке орындаушы шешендік шеберлері жоқ десе де болады. Кеңестік дәуірде Ираклий Андронниковке жеке орындаушылығы үшін ең жоғарғы – Лениндік сыйлық берілгені есімізде. Ал бізде өнердің бұл сирек саласына айрықша мән берілмей, немқұрайды қараушылық әдетке айналып кеткен.
Ана бір жылдары өзінің 80 жасқа толу мерейтойын атап өткенде М.Рәш Астанаға барып, президенттің мәдениет орталығында көрермендерін күлкіге бөлеген еді. Сол кездегі директоры болған мемлекет, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, сенатор Қуаныш Сұлтанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұхтар
Құл-Мұхаммед, Нұртай Сабильянов, басқа да астаналық әріптес қаламгерлер Мыңбай ағаның шебер орындау­шылығын көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, ризашылықтарын білдіргендерін де білеміз. Көрермендер автордың өз орындауындағы өнеріне қайран қалды. Өмірден бақилыққа озған тарлан тұлғаларды көз алдарына елестетті…
Сол кездесуден соң іле-шала «Егемен Қазақстан» газетінің тұтас бір бетіне жазушы Мәмет
Сүлейменнің Мыңбай Рәштің орындау­шылық шеберлігіне арналған суреттемесі басылды. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде «Бір өзі – бір театр» деген тақырыппен мақалалар жарияланды.
Бұл өнерді жалғастырушылар өте сирек ұшырасады. Өлеңді мәнерлеп оқуды «Тоқпағы» мықты Тоқпановтан үйренген шәкірті Мыңбай ағамыз дарындар дәстүрін күні бүгінге дейін жалғастырып келді.
Ескінің есті сөзін бойына сіңіріп, оқырман мен көрермендер алғысына ие болып жүрген Мыңбай ағамыз дүниеден өткелі де қырық күннің жүзі болып қалған екен.
Жыршы, сықақшы ағамыздың топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір