ХАЛЫҚ МҰҢЫ ҚАЛАМЫНДА БОЛҒАН ЕР
«Алаш көсемі» атанған Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай Алаш ардақтыларының өз ұлты мен халқының болашағы үшін аянбай еңбек еткені науқанды мерзімде ғана емес, күнделікті дәріптеуді қажет етеді. Алаш қозғалысының құрылғанына 100 жыл толу қарсаңында Алаш қайраткерлерінің өмірін зерттеу, оны насихаттау басты парызымыз деп білемін. Әлихан заманында өмір сүріп, үзеңгілес болған тұлғалардың бірі – жазушы, журналист Мұхаметжан Сералин.
Мұхаметжан Сералин ағартушы парызы – ұлттық сананы оятып, өнер-білімге, мәдениетке шақыру деп біледі. Мұндай мақсат көсемсөз арқылы жүзеге асуы керек деген қорытындыға келген ол қазақ тілінде журнал шығаруды арман етеді.
Мұхаметжан Сералиннің бұл арманы 1911 жылы ғана орындалады. Сол жылы қаңтар айында Троицк қаласында қазақтың тұңғыш журналының бірінші саны жарыққа шығады. Журналды шығарушы да, редактор да – Мұхаметжан Сералин. Журналға «Айқап» деп ат қояды. Журналдың бірінші санындағы мақаласында: «Журнал шығарудағы мақсат атақ шығару, білім сату емес, халыққа қызмет ету болды, журналымызға «Айқап» деп есім бердік. Біздің қазақтың «Айқап» демейтін қай ісі бар? «Қап» дегізген, қапияда өткен істеріміз көп болған соң, журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды», – деді.
«Айқап» журналы көтерген негізгі мәселелер: оқу-ағарту, өнер-білім, әйел теңдігі, жер мәселесі, қала салу, отырықшы ел болу. Журналда өнер-білім жаңалықтары жайында мақалалар, дәрігерлік, агротехникалық кеңестер үнемі жарияланып отырған. «Ау, жұрт ойланайық. Келешек заманымыз қалай болады? Заманға сай іс істейік. Заманның соңынан біз қумасақ, заман бізді күтпейді», – дейді 1911 жылы бір мақаласында. Журнал қазақ халқын заман ағымынан, өмір көшінен қалмауға, ілгері ұмтылуға, мәдениетке шақырады. «Айқапта» қазақ тілі мен әдебиеті мәселесі де ерекше қозғалады. Журнал қазақ тілінің тазалығы, әдебиет тілінің Абай салған сара жолмен дамуы жайында келелі мәселелер көтерді, әдеби сын, көркем проза, поэма жайы әңгіме болды. «Айқапта» тұңғыш драмалық шығарма жарияланды. Сақыпжамал Тілеубаева, Күләйім Өтегенова, Мәриам Сейдалинова, т.б. қазақтың ақын қыздарының өлеңдері тұңғыш рет «Айқапта» жарияланды.
Кейбір мәселелердегі қайшылықтарына қарамастан «Айқап» қазақ мәдениеті тарихында елеулі орын алатын жыл құсы сияқты, тұңғыш қазақ журналы, мәдениет жаршысы еді.
«Айқап» журналы 1911 жылдың қаңтар айынан 1915 жылдың тамыз айына дейін шығып тұрды. Журналдың 89 саны жарық көріп, қазақ арасына мол тараған. Журналдың ақырғы санында Мұхаметжан Сералин «Айқаптың» соғыс салдарынан туған қиыншылық, қымбатшылыққа байланысты енді шыға алмайтынын айта келіп: «…Әркім барына мәзір» деген ғой. Біз қолымыздан келген жұмысымызды жұмсаудан тартынбай қазақ жұртымызға аз да болса бір соқпақ жол болсын деп журнал шығардық. Мақсатымыз – дүние жиып байымақ, пайдаланбақ емес, тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді. Білгенімізді жаздық, айттық. Жазылған сөзімізде, ойлаған ойымызда жаңылыстарымыз көп болған шығар… Алайда, не жазсақ та таза жүрек, таза ниетпен жазып едік, соның үшін азаматтар бізді айыптамас деп үміт етеміз».
«Айқап» жабылған соң Мұхаметжан Сералин Троицкіде орыс тілінде шығатын «Степь» газетінде істейді. 1916 жылы өз еліне көшіп келеді. Ауылына келген соң өзінің «Айқапта» халықты отырықшы болуға шақырған өсиетін өзі бастап іске асырып, үлгі-өнеге көрсетпек болып, ағайындарының басын қосып поселка салады. Мектеп ашып, бала оқытады. Өз кітаптарынан кітапхана ұйымдастырып газет, журналдар жаздырып алғызып тұрады. Ағаш еккізіп, бақша салдырады, монша ашады.
Туғанына 145 жыл толуына орай қоғам қайраткері, Алаш партиясының белсендісі болған Мұхаметжан Сералинді еске алып, жас буынға таныстыруды қажет деп санадым.
Ләззат ӘЛЖАН,
Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы.