ЕСЕКТІҢ МҰҢЫ
01.10.2025
328
0

Көл жағасында жүрген есек жылқыға мұңын шақты:
–Ей, тұлпарым, мен сорлының басымнан бағым тайды. Мына сұр заман біздің түбімізге жететін болды. Не істерімді білмей, басым дал болып жүр, мына екі салпаң құлағымның салмағы да минөт сайын ауырлап барады. Иемнің маған деген көзқарасы бұрынғыдай емес, тағдырымызға көз жұмып қарайды. Біздің заман сонау КСРО кезінде өтіп кетіпті. Ауыл адамдары мені ауыр жұмыстарға тартатын: отын жүктейтін, флягпен су таситын, қариялар той-садақаға мініп, баратын, балалар бізді мініп көкпар тартып ойнайтын. Көрдің бе, не деген жұмыс?! За то тамағымыз тоқ болатын. Қатқан нанды, қауын-қарбыздың қабығын, анда-санда бұқадан жасырып жем беретін. Тойып жейтінбіз. Қазыққа байлап қоятын, қораға қамап қоятын. Өте қадірлі едік. Ер-тұрманымызды жылқының ер-тұрманына ұқсатып, әшекейлеп қоятын.Той-садақаға қариялар мініп келген есектерді балалар қазыққа байлап, қариялар келгенше қорып тұратын. Біз ерекше қадірлі едік. Ер-тұрманымызға балалар сылдырмақ тағып қоятын, бізді мініп қой бағатын. Енді, міне, ештеңеге қажет болмай қалдық. Қойды дронмен бағады. Қазір адамдар отынды пешке жақпайды, ауылдың бәріне табиғи газ келді.
– Неге мұңаясың, есек-ау! Орыстың сықақшы ақыны Крыловтың заманы емес. Білесің бе, Крыловтың «Есек пен бұлбұл» атты сықақ өлеңін?
– Білемін ғой, Крылов бізді топастардың қатарына қосты. Крыловтың есегі «бұлбұлға ән салуды әтештен үйрен» деп ақыл айтады емес пе? Негізінде біз топас емеспіз.
–Сен заманға қара. Заман өзгеріп жатыр, бірақ заманды өзгертіп жатқан адам ғой!
–Иә, білемін, заманды өзгертіп жатқан адам екенін. Уақыт өткен сайын адамдарға, адамзатқа қажет болмай қалам ба деп қорқамын.
– Неге? Уайымдай берме, сен бүкіл адамзатқа керексің.
Мұны есіткен есек жылап жіберді:
– Біз туралы жылы сөз айтатын жануарлар бар екен ғой. Ауылдық жерлерде, қалаларда бізді менсінбейді. Қазір базарда бұрын біз көтеретін жүкті электр батареясымен жүретін кішкене арба-машина көтеретін болған. Жолды, үйдің төңірегін ластайды деп бізді жолатпайды. Не істерімді білмей тұрмын. Мектепте жылқы туралы, сиыр туралы, есек туралы шығарма, эссе жаздыратын еді, ұстаздар. Енді біз туралы жазуға рұқсат бермейтін болыпты.
– Өй, сен де! Мектеп оқушыларының есек туралы шығарма, эссе жазғанын естімедім. Оқушылар қой мен ешкі, сиыр мен түйе туралы шығармалар жазатыны рас.
– «Ұлан» газетіне «Менің сүйікті есегім» атты мақала шықты. Иемнің баласы маған оқып берді. Қуанғанымнан жылап жібердім.
– Есек туралы шығарма жазған оқушыны бірінші естуім, – деп жылқы қарқылдап күліп жіберді.
– Біз өзіміз туралы жатсақ-тұрсақ ойланатын болып жүрміз. Болашағымыз бұлыңғыр болып тұр.
– Көппен көрген ұлы той деп жүре бер, есек-ау. Не істейсің?
– Иә, не істейміз? Біздің болашағымызды кім ойлайды?–деп жыламсырады есек.
– Патшамыз Арыстанға барып шағымданбайсың ба? Біз далада қалдық. Жүк артатын адамдардың бәрі электр қуатымен жүретін кішкене машиналарды жаппай сатып алып жатыр деп? Мүмкін, аңдар патшасы жүк таситын есектерге арналған мекеме ашып берер. Сонда жұмыс табылар, уайымдама.
Есек мұңайып жылқымен қоштасып, жүре беріп еді, алыстан есекке айқайлап келе жатқан Шоңқайбек атаның қотыр ешкісін көрді. Ол есек пен жылқыға жақындап келіп айқайлады:
– Әй, есек, бұл жерден тез кет! Алып кетеді!
– Кім алып кетеді?
Есек шошып кетті.
– Анау «КамАЗ» жүк машиналарын көрдің бе?–деді қотыр ешкі.
– Иә, көрдім, – деді есек.
– Көрсең, қаш! Сені колбаса шығаратын зауытқа алып кетеді. Біздің ауылдағы колбаса зауытына есек жинап жүр.
– Не дейді, ойбай, ойбай, не дейді ойбай!–деп шырылдады да қалды есек.
– Тез, қаш!
Есек құйрығын қысып алып, қаша жөнелді…

ҚАРА СИЫР МЕН ЦЕЛЛОФАН

Иесінен құтылған қара сиыр ауыл сыртындағы жайылымға келіп, жейтін шөп іздеп, еңкейе бергені сол еді, оң жақтағы мүйізіне бір целлофан келіп жабыса қалды.
– Әй, көк соққыр! Қараң батқыр, баратын жер таппай менің мүйізіме келіп тұрақтадың ба, оңбаған?!–деп қара сиыр аузының сілекейін шұбыртып, целлофанды мүйізінен түсірмек боп, басын шайқап-шайқап қойды. Сиырдың мүйізі кірген соң целлофан мықтап жабысқан екен. Мүйізге ілініп тұра берді.
– Сендер бүлдіргі болдыңдар, табиғаттың көркін бұзатын шайтан болдыңдар, түрлерің құрысын! Сендерден қаңбақ жақсы! Біз қаңбақты жемесек те иеміз қораның тесік жеріне тығып қояды, бізді суықтан қорғайды. Сендер неге жарайсыңдар?!
– Мен қораның тесігіне тығын болмасам да, қаңбақтың ағайынымын,–деді целлофан сықылықтай күліп.– Түр-түсіміз ұқсамағанмен жүрісіміз ұқсайды. Қаңбақ дөңгелейді, біз жалп-жалп қалпымызда ұшамыз. Мен де қаңбақ сияқты ұшарымды жел, қонарымды сай білетін мақұлықпын.
– Тәйт әрі! Сен мақұлық емессің! Сен көзге көрініп жүретін вируссың! Төрт түлік малға, суда жүзген балықтарға, көктемде жамырай шығатын қызғалдақтарға, құстарға шыққан індетсің! – деді қара сиыр ашуланып. – Өткен жылы екі айға толмаған бұзауым сені жеп қойып, екі сағат теңкиіп жатып, үшінші сағатта өлді. Биыл бір айға толмаған бұзауым жеп қойып, үш күн нәр татпай, төртінші күні тоңқалаң асты…
Қара сиыр көзіне жас алып, бір сәт жылап алды.
– Ой, пір-ай, тажал әкелетін індет болсам мені неге жейсіңдер?
Целлофанның дауысы қат­ты шықты.
– Сені тәтті екен деп жемейміз, сен жасыл өсімдіктердің арасында тығылып жатасың. Шөптердің арасында бірге кетіп қаласың, ішімізге.
Қара сиыр мен целлофанның дауыстары қат­тырақ шықты. Қара сиырмен енді болмаса жаға жыртысайын деп тұрған целлофанға ұшып келе жатқан түрлі-түсті целлофандар көмекке келді.
– Әй, қара сиыр! Целло­фанға қарсы сөйлеме! – деп ақырды жалп-жалп етіп ұшып келген сары целлофан, бір түп жантаққа келіп оратылып.–Бізді жеп қойсын деп келмейміз, қоқыс арасынан жел қуып шығады да, жайылымдарға, қала арасына, ауыл арасына қуады.
– Мықты болсаң целло­фан шығаратын зауытты өрте! – деді қызыл целлофан жыламсырап.– Біз бақытсызбыз. Екі аяқты адамдар дүкеннен, базардан азық-түлік, басқа да өздеріне зәру заттарды алғанда күлімдеп, маңдайымыздан сипап, сөмкелеріне салып алады да, үйіне барған соң қоқысқа тастай салады…
– Бізге неге айқайлайсыңдар?! – деді жер тепкілеп, сайдың ішін қуа­лап жетіп келген жасыл целлофан қара сиырға түксие қарап.– Қазір бес-алты целлофан аузы-мұрныңа жабылса өлесің де қаласың!..
Тісін сақылдатып көк түсті целлофан жетті, ашуға булығып, үсті-басының сау-тамтығы қалмаған. Киімдері жыртылған, шұрқ-шұрқ тесік, жыртық-жыртық.
– Бізді адамдар әр жерге тастайды, қоқыс қоятын жерге апармайды, авкөліктегілер де кетіп бара жатып, жұмыстарына бара жатып лақтырып, жолдарға, үйлердің алдына, артына шашып кетеді. Сонан соң бізді жел көтеріп ап, ауыл-аймаққа, жайылым жерлерге ұшырып алып кетеді. Барлық кінә адамдардан!..
Көк түсті целлофан ұшып келіп жол бойында өсіп тұрған жыңғылға жабысты.
Қара сиыр жан-жағына қарап мөңірей бастады. Осы кезде әуеде ұшып бара жатқан көгершін көк түсті целлофонды тұмсығымен іліп алды да, әуеге көтерілді. Біраз жер ұшып барды да целлофанды жерге тастай салды.
Кенет қатты дауыл соқты да қара сиырдың жанында топтасып тұрған целлофандарды ұшырып алып кетті. Бұл кезде көмекке қызыл сиыр жүгіріп келе жатқан.
– Қор болдық, – деді қызыл сиыр ентіге жетіп. – Адамдар бізге қарауды қойды, целлофандарды, баклашкаларды жан-жаққа лақтыра беретін болды. Бір жерге жинап қоймайды. Бізді аяйтын түрі жоқ. Бұрын бізді құрметтейтін. Бізді жұмбаққа қосып: «Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр» дейтін. Мұны естіп мәз болатынбыз. Өткен күндердің бірінде Елбасымыз: «Екі сиыр бағыңдар, сүтін ішіңдер, ауысқанын сатыңдар» деп өсиет айтқан. Сол кезде қуанып кетіп едім.
Қара сиыр жылап жіберді, қызыл сиыр қосыла еңіреді.
Кенет, ауылдың әкімі көрінді. Үстінде қара кастюм, қара шалбар, мойнында қара галстук, басында – қара қалпақ, аяғында – қара туфли, көзінде – қара көзәйнек. Оң қолымен көк матаға «Целлофанды жою – міндет!» деген жазуы бар транспарантты көтеріп келеді. Ізінде келе жатқан жиырма бес адам екі сиырды көрді де жыңғылға, шеңгелге, жантаққа оратылып тұрған целлофандарды жинай бастады.
Қара сиыр да, қызыл сиыр да «мө-ө-ө-ө-ө-ө…» – деп мөңіреді. Бұл ауыл әкіміне «рақмет» деп ризашылықтарын білдіргені еді…

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір