ТАЛАНТТЫ БОЛУ НЕМЕСЕ ҮМІТ ОТЫ
30.09.2016
4293
1

bag«Ақында адамзаттан дос болмайды, жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына» деген Мағжан сөзін ақын боп ғұмыр кешкен неше пенденің тағдыры дәлелдеді екен? Жаңа ғасырда Жәркен Бөдеш те  «Жалғыз» деп поэма жазыпты. Бұл – қарапайым жалғыздыққа ұмтылу емес, оңашалану еді. Бір кездері Саятқораға кеткен Шәкәрім  қажының әрекетіне ұқсас оқшаулану сияқты әсер береді. Уақыт өте келе ақындар бір тылсыммен байланысы бар, ғажайып құбылыс ретінде қолдан жасалған пафос-анықтамалармен өздерін ерекшелей бастады.


Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

Әу бастағы жүрек сөзі енді жас ақындардың жасанды қағи­да­сына айналды. Бұған Төле­ген­нің: «Ақын болу оңай дей­мі­сің, қарағым?» деген атақты өлеңі қосылған. Ақындар туралы Шығыс шайырларында да, Еу­ропа әдебиетінде де аз сөз ай­­­­тылмады. Тіпті, өлеңнің жазылу процесін бақылап, сол тура­лы да неше еңбектер жазыл­ды. Арнайы поэзияның міндеті туралы, жекелеген ақындардың шығармашылығына, өміріне арналған қаншама кітап жарық көрді. Солардың көбінде қолдан жасалған өмір мен шын тағдыр тура­лы ой көп айтылады. Бір кез­дері Мұқағалидың өмір салтын шала-шарпы білетіндер ақын болу – мас боп өлең жазу деп түсінді. Сол дәуірдің ақын­да­рына бұйырған өмірді неше толқын өзіне үлгі етті.  Алшаң­дай басып, арқырап өлең оқыға­нын естіген жас замандаста­рым­ның ішінде Маралтай бол­ғы­сы келе­тіндер де аз емес. Еліктеу, со­лық­тау қанша болады дегеніміз­бен, бұның бәрі сол ақындардың өздеріне ғана бұ­йыр­ған, өздеріне ғана жарасатын әдеттер еді. Тағ­дырмен кел­ген. Ал соны саналы түр­де қайталау жасанды көрі­не­тіні өтірік емес. Бұл – өзіңнен қа­шу, болмысты өлтіру. Ал өзі бо­ла алмаған, ішкі даусын жаң­ғы­рыққа адастырған адам ақын бола ма?! Алдыңғы толқынның небір адам сүйсінер қалыбы жоқ қылықтарын оңай жұқ­тыр­ға­ны­мен, солардың «келген жері­нен бастап кететіндей» қуатты сө­зінен, шығармашы­лық тәжі­ри­бесінен жақсылық үйрене алмай келе жатқандарын да жасыра алмаймыз.

Жас ақындардың өлеңдері бірінен-бірі аумайтын, бір қолдан шыққан әшекей сияқ­ты. Бір кездері ағылшын әдебиетінде Мильтоннан кейін бір қалыпты жазатын эпигондардың қаптағаны сияқты құбылыс (Абайдан кейін сол үлгіде ақыл айтқан ақындар да аз болмағанға ұқсайды). Бірақ Элиоттың айтуынша, Мильтонның өзі бір-қалыпты жазбаған. Жеке өлең ретінде жап-жақсы болғанымен, жалпы қарағанда ал­дың­ғы буын ақынының қолынан шық­қан­дай әсер берсе, ақын болудың керегі не? Өлеңің өзің болмағаннан кейін, көптің бірі болу да – азап.

Бәрін сезіп білетін бұлт ішінен,

Сыр ұғамын тамшылар күлкісінен.

Содан кейін сімірем дүние-ай деп,

Қымыздықтың саумалын үрпісінен.

Қаңбаққа да қосылам қалбалақтап,

Мойнын созып қарайды паң қарақат.

Күнге тосқан маңдайын әр жуадан

Жұпар ауа жұтамын жанға рақат.

Тошалаға таңданам жүзі керім,

Сабағымнан мен де бір үзілермін…

Сай ішінде жүрегі лүпілдеген,

Бүлдіргенді сүйемін қызыл ерін.

Жусанның да исіне шала маспын,

Мұңын ұғам мелшиген қара ағаштың,

Мен тіпті қасиетті Қара Өлеңмен

Көңілін де аулаймын Қара Тастың.

(Мерей Қартовтың өлеңі).

 

***

Моласынан шындықтың Ай сығалап,

Пенделікке сүйрейді ой – сұғанақ.

Көктем иісін сағынып шырылдайды

Кеудемде қарлығашым қайшықанат.

 

Қайтейін бебеулеген жарықтықты?!

Жақсылар біз ұғысар өліп бітті…

Қатын – долы, ер – ұсақ, бала – бақас,

Биім – жалтақ, бай – талтақ, халық – күпті…

(Бауыржан Игіліктің өлеңі).

Осы екі талантты ақын жігіттердің өлең­дерінде Тыныштықбек поэзиясының әсері қатты байқалады.  Жас ақынға бұл үл­кен кемшілік емес шығар. Бірақ осы қа­лып­та жаза беретін болса, өлеңге қандай жа­ңалық келеді? Жақсы жыр көп болға­ны­мен, жаңалығы болмаса…

 

***

О, Тәңірі,

Аңыраған Алаштың бар ма иесі?

Мазалай ма, жебірді Ар киесі?

Ібілістей ілімге қанық бұлар,

Жетпейтіні жүректің тәрбиесі!

Қатпары көп мида осы – бүгінді көп,

Көтермейді қу бастың жүгін жүрек.

Періштелер аңғалдау әу басынан,

Сұрқылтайлар әуелден білімдірек!

Ар-ұяттың ұмыт боп көбі есінен,

Жеп кетті ме жебірлер, о, кешірем!

Көп кетті ме, о, кешірем!

Ібілістей білімді біреулер жүр,

Құран оқып қазақтың төбесінен!

(Жанат Жаңқаштың өлеңі).

Бұл жас  ақын да Серік  Ақсұңқарұлының кейінгі толқындағы проекциясы сияқты. Рас, жақсы ақын. Бірақ жақсы көретін аға­ның білімін, тәжірибесін алу керек те, оның поэзиялық екпінін, тілдік ерекшелігін тура қайталаудың керегі жоқ. Кейде тіпті үлкен ақындардың жайдақ жырларын да үлгі кө­ріп кетеді. Ақын болам дейтін адамға соқыр се­німге жол жоқ. Жақсы көру мен көзсіз іле­су екі бөлек нәрсе. Осы сияқты, Гүлнәр Са­лық­байша, маңғыстаулық ақындардың Светқалиша жазатындарын байқап жүр­міз. Айбол Исламғалиев деген жас ақын­ның өлеңдерінен Ерлан Жүністің үні естіледі. Ақынның өз даусы болуы шарт. Сол өз даусынан Элиот айтқан ақынның үш даусы шығады. Жақсы сыйлас жігіттердің ақын болуына тілектестіктен осы сөзді айтып отырмыз. Бәрінен мы­сал келтірмесек те, жастар поэзиясын шолып жүрген адамға айдан анық нәрсе. Бұл бір біздің тапқан жаңалығымыз да емес, көпке мәлім сыр. Қырыққа келсе де Есен­ға­лиша жазып жүрген ақындардың барын ескерсек, бұл ақындарға соны жолға түсіп, құмда шайылар із емес, өз соқпақтарын қалдыруға мүмкіндік мол.

Әдебиетке жаңалық әкелді деген ақын­дардың көбі отыз жасына дейін жазды. Ақындық – жастыққа тән. Жасы жетпісті алқымдаса да, отыз жасынан кейін де ақын боп қалған қаламгерлер сирек. Кейінгі жаз­ған дүниелері көркемдік жағынан алғашқы шығармаларынан озық боп шықпай жат­қан­дарын біле жүріп, соны көре тұрып, бас­қаша жазуға ұмтылмау, ізденбеу қазақ поэзиясын бір сәтке іркіп тұрғандай. Потенциалы бар жас ақындардың белгілі бір сүйікті ағаларының жасап берген шең­бе­рі­нен айналшықтап шыға алмай қалғандарына не себеп деген сауалдың жауабын табу қиын. Жекелеген жастардың бұл мәселесі қордаланып келгенде, қазақ поэзиясының бас ауруына айналды.

Әдебиеттің дамуы мыңдаған кітаптар­дың шығуымен, өлең, әңгіме, повестердің молынан жазылуымен ғана өлшенбейді. Әдебиет тарихында қалуға жарайтын кітап­тар мен құбылыстар бағаланады. Төлеген, Мұқағали, Тұманбай, Қадыр замандарынан бері экономикалық, техникалық жақтан қанша дамыдық  десек те, солардың  тілін­дегі нәзіктік пен нақтылықтан айырылып қал­дық. Соларша жазу ескі деп есептесек те (ескі өлең болушы ма еді?!) жаңа ғасыр ақы­н­­дарының өлеңдерінде белгілі қағида­лар­ға қамалу бар. Көп жазу ештеңеге өлшем болмағанымен, аз жазып, саз шығып жүр­ген жас ақындарды байқамадық. Өздеріне дейін дүниенің бар құбылысы жырланып қойған сияқты болғаныменен, сол жырларға қарап, ненің қалыс қалғанын да аңғаруға болатындай.

Қазіргі қазақ поэзиясының да, прозасы­ның да басты кемшілігі – тілі. Баба тілінің құнарын жоғалту, ұмыту – жақсы шығарма жазуға кедергі. Әрине, тіл шығарманың бір компоненті ғана. Бірақ сол тілмен неше түрлі «сиқыр» жасау болады. Т.Шапайдың пікірінше, Семейдегі қазақтың бір сөзін Ақтаудағы қазақтың білмеуі диалекті бол­ғандығынан емес, қазақтың сөз ұмыта бас­та­ғанынан. Әу баста бүкіл қазақ баласының бірі түсінсе, бірі түсінбейтін сөздері бол­маған дейді. Сөз ұмытылғаннан кейін, әр аймақтың тілдік ерекшеліктері пайда бола бастаған. Жаны бар пікір сияқты. Және бұның әдебиетке тікелей қатысы бар. Атамекенге оралған қандас бауырларымыздың тілінде сақталған кей сөздерімізді өлең­де­рінен, әңгімелерінен кездестіріп қалсақ, бірден құлай кететініміз сондықтан шығар. Тіл білу – тіл безеу, бояуды баттастырып жағу емес. Кейде тілді білу мен дұрыс қол­дану­дың шекарасын ажырата алмаған­дық­тан да қызыл сөз – өлеңдер, әңгімелер жазылып жатады. Поэтикалық фраза табу үшін, көркемдік үшін тіл – құрал.

Біздің әдебиетіміз енді әлем әдебиетіне ықпал ететін үлкен күш бола алмайтыны сөзсіз. «Кішкентай халықтардың әдебиеті де өзі сияқты бақытсыз болады» деген сөзде белгілі дәрежеде шындық бар. Бірақ жекелеген қаламгерлер шығуы мүмкін. Орхан Памук, Халед Хоссейни сияқты қаламгерлер бір күндері қазақ топырғында да туар. Біздің әдебиетіміздің қайраннан шыға алмай жатуының бір себебі – біз тарихымызды жұртқа өзіміздің тануымызша жеткізіп көрсете алмадық. Тарих алдыға шықпай, әдебиеттің үлкен аренаға көтерілуі қиын. Жекелеген қалам­герлер сол тарих жасаған кішкентай модель ретінде қазақ мәдениетін, әдебиетін сыртқа алып шығады. Осынша уақыт бойы «Әлемге танылдық» деген сөздің өтірігін әдебиетіміз көрсетіп берді.

Әлі дамудың биік шыңына шыға алмай келе жатқан қазақ әдебиетінің танымал­дық­қа құштар өкілі болу адамға қаншалық­ты міндет жүктейді. Жас ақындарымыздың эстрадаға ұмтылулары қаншалықты дұрыс? Ақын мен оқырмандардың қарым-қатынасы ду қол шапалақпен ғана өлшене ме? Бұл сөзімізбен біз қазақ поэзиясының, прозасы­ның осыған дейін жеткен жетістік­тері мен жақсылықтарын жоққа шығар­май­мыз. Оның бәрі бізде бар. Бірақ бүгінгі жастар келешек ақын-жазушы ретінде бір үлкен жетістікке жетулері керек еді ғой. Қасым таныған Ғафу, Әбу таныған Жұмекен сияқты болашақта үлкен ақындарға айналулары үшін жастық шақта үлкен жеңіс керек емес пе? Қайсар Қауымбектің жиырма жасқа дейін жазған өлеңдері бүкіл басылымдарды шарлап шықты. Алғашқы «Күй», «Ана», «Махаббат», «Әулиешоқымен қош­тасу» сияқты сезімге бай, мөлдір өлеңдері қайда? Одан кейін төрт-бес өлең жазғаны болмаса, ақын досымыздың жанға рахат сыйлар жырларын оқымадық. «Қарала сырмақ» дейтін балғын шақтың риясыз, пәк қалпын көз алдыңа әкелетін сұлу жырынан кейін Жақсылық Қазымұратұлының бір тамаша туындысын неге әлі күтіп келеміз? Университет табылдырығын аттай сала, алматылық жас ақындардың ортасын гуілдеткен, небір мықтылардың өзін  «осыдан ақын шығады» дегізген Шерхан Та­лап­тың «Ақжайық  маған Қадырды  жоқтат­пады» деді деген сөзі жәй ғана тауып айтқандық па еді?

Жоқ! Бұлардың бәрінің болмысы – ақ­ын. Бірақ бір ғана болмыс сені әдебиетке әкелмейді. Ақын болу – тек өз уақытыңда дүрмектің ішінде жүру деп есептесек, бұлар – ақын, болмысымен қоса. Немесе «ақын болайықшы» деу арқылы кафе-барларда жүз грамдатуды емексітсе, онда да – «ақын». Ал енді «ақын болу оңай деймісің, қарағым» деген сөзге жауап беру үшін, дүниенің бар құбылысын жүректен өткізіп, ізденісті тоқтатпау керек. Ақындық ешкімге мұра­гер­лікпен берілмейді. Оны ханзада­лардың таққа таласып, жеңіп алатындары сияқты жанкештілікпен қорғап, сақтап қалулары керек.

Өз заманында ғана ақын болуы шын талант үшін жеткіліксіз. Әдебиеттің салқар көшіне ілесу үшін, өзіңе артылған жүкті белің қайыспай көтере алатын күш һәм көшке ілесе алар қайрат керек.  Бүкіл әдебиет көші мен өз заманыңның көші екі бөлек.  Уақыттан тыс. «Уақыттың ішіндегі уақыт», бәлкім, осы шығар.

Үлкен ақындардың бәрі үлкен тақы­рып­тарға барды. Қазір жастардың арасында поэма жазу сирек.  Әрине, табиғатында поэмаға жоқ болса, оны күштеп жазудың да керегі жоқ. Бірақ әдебиет даму үшін әр түрлі ізденістердің болғаны жақсы сияқты. Қазір көбі өлең жазады. Оның өзінде қиыстырып, майыстырып, тапқырлыққа бой ұру бар. Ұйқас – көркемдік емес. Өлеңнің соңғы жағында тауып айтам деп, тақпақтап кету, түсініксіз философия соғу – поэзия емес. Нұртас Тұрғанбекұлының жап-жақсы өлеңдері бар. Бірақ тауып айтам деп, қиыс­тырам деп, қолдан жасап, өлеңнің жанын жоғалтып алады.

Алматы ақын ұлдың сор, бағы ма?!

Мұңы ма, «жығам» дейтін орға мына?

Мен ауылды сағындым, көшесі де,

Ұқсайтын тағдырымның жолдарына.

Сол жолында құладым, сан адастым,

Бақытына осыны баламас кім?!

Көк шөбіне домалап өскен ұл ем,

Алматы, мені қайда ала қаштың?!

…Ауыл мен қыз тым ұқсас – жарқын елес,

Ақыл мен жүрегімде әр күн егес.

Сүйем сені, Алматы, кешір бірақ,

Ауылдан артық емес!

Жап-жақсы басталған өлеңнің аяғын әкеп, жұртқа ұнайтын жеңіл сөзбен, ұйқа­сының өзін қинап әкеп (әр тармақтың өзінде ой байланысы жоғын да ескеріңіз), тауып айту үлкен ізденістерден тежейтін жол. Тапқырлық керек, бірақ жайдақ тапқырлықпен, ұйқастырып тақпақтау өлең емес.

Өз көзқарасымды ешкімге таңбаймын. Әркімнің өз пікірі бар. Осы жас ақындардың бәрін жеке танып, жақсы білгендіктен айтылған сөз. Осылардың бәрі үлкен ақын боп өссе, шеңберден шығып, өздері жасап алған қасаң қағидаларын өзгертсе, бүгінгі тілмен айтқанда – бәрі де жақсы болады.

Адам көп мақталса, маған бәрі жарасымды деп ойлап қалатын болса керек. Аузына келгенін айту – сол мақтала берген­діктен. Және басқа біреуді сынасаң, сол сөзді өзіне еш қатысы жоқ екеніне күмәні болмай, сенің сөзіңді құптай береді. Ал өзіне қатысты бір-екі ауыз сөз айтсаң, бұлқан-талқан күйге түседі.

Мұрат Шаймаран алғаш газет бетіне «талантты ақын» деп өлеңдері шыққанда «талантты» деген сөздің өзіне толқып, неше түн ұйықтай алмағанын айтады. Және сол сөзге сенем! Осы жас ақындардың бәрі «классик» те емес, «гений» де емес, талантты деген сөз­ді ақтаса, қазақ әдебиетіне үлкен жақсы­лық!

 

ПІКІРЛЕР1
Бекзат 03.10.2016 | 12:10

Тариx жайлы керемет ой қозғады, келісем! Қазіргі жазба ақындарының көбісі айтыс ақындарының арнасына түсіп кететіні бар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір